Аккредиттеу және рейтингтік тәуелсіз агенттігі Қазақстан Республикасындағы үздік 20 жоғары оқу орындары Бас рейтингінің тізімін жариялады. Мұндай жоғары нәтижеге біздің өңірімізден Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (үшінші орын), Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті (11-орын), Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан Гуманитарлық институты (17-орын), қоса-қабат Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университеті (20-орын) еніп отырғаны қандай ғанибет.
Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университеті 2001 жылы 3 тамызда Қазақ-өзбек инженерлі-гуманитарлық университеті ретінде құрылған. 2005 жылы Қазақстан Халықтар достығы университеті деп аталған. 2012 жылы Қазақстан Халықтар достығы университеті мен Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің бірігуі нәтижесінде Қазақстан инженерлі-педагогикалық университеті құрылған.
Қайырымдылық және демеушілік қызметіне бөлінген қаржы көлемі де жыл санап артып келеді. Атап айтқанда, облыс әкімінің жолдамасымен білім алатын тоғыз студентке 1280 миллион теңге, Достық Ассоциациясы президентінің жолдамасының иегері атанған төрт студентке 560 миллион теңге, аз қамтылған және жетім балалардың оқуына тағайындалған әлеуметтік көмек есебінен он студентке 1115 миллион теңге, акция арқылы студенттердің оқуына тағайындалған әлеуметтік жеңілдіктер есебінен 161 студентке 6824,5 миллион теңге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан жетім студенттердің екі реттік киіммен қамтуға үш студентке 90 миллион теңге, университет гранты негізінде білім алушыларды оқыту 22 студентке 2547 миллион теңге, үлгерімі үздік және жетім білім алушы жастарға тағайындалған шәкіртақы есебінен үш студентке 180 миллион теңге, демеушілік көмек көрсету арқылы берілген жеңілдіктер есебінен 1285 миллион теңге, Арыс қаласындағы отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленуші балаларға тағайындалған шәкіртақы есебінен 63 студентке 59 миллион теңге, жалпы алғанда, барлығы 277 студентке 12898 миллион теңгеге жеңілдік жасалған.
2017-2018 оқу жылының екінші жартыжылдығында сыртқы аудит «Русский регистр» (сапа менеджмент жүйесі Халықаралық стандарты ISO-9001: 2015) СМЖ талаптарына сай сертификатталды. Аккредиттеу және рейтингтік тәуелсіз агенттігінен университет 2017 жылдың мамыр айында үш жылға институционалды аккредиттеуден нәтижелі өтті. Ал 2017 жыл (мамыр), 2018 жыл (наурыз) екі кезеңде алты кластер бойынша 20 бакалавр, сегіз магистратура білім бағдарламасы мамандандырылған аккредиттеуден өтті. Бұл көрсеткіш жоғары оқу орындары арасынан үлкен жетістік болып саналады.
Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қажет етілуінің Ұлттық рейтингісінде мамандарды даярлау бағыттары және деңгейлеріне сәйкес ЖОО білім бағдарламасы бойынша Қазақстанның ТОР-20 үздік жоғары оқу орындары рейтингісінде SB011700 Қазақ тілі мен әдебиеті және SB071900 радиотехника, электроника және телекоммуникациялар мамандықтары сегізінші орынды, ал SB072900 құрылыс мамандығы 11-орынды иеленді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған жоғары оқу орнының білім беру қызметтері біліктілік талаптарына сай қызмет көрсетілуіне жүргізілген тексеру нәтижесі қанағаттанарлық деңгейде.
Университеттің профессор-оқытушылар құрамының елімізге сіңірген ( педагогикалық, әлеуметтік, экономикалық, саяси, тағы басқа) еңбектері басшылық тарапынан лайықты бағалануда. Мәселен, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Білім саласының Құрметті қызметкері, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерейтойлық медальдарының иегері, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері, Құрметті спорт қызметкері, Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалінің иегері, «Лучшие люди» атты республикалық қаһармандар энциклопедиясының Құрмет белгісінің иегері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Арыс қаласының Құрметті азаматы, сонымен қатар екі Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері, Сайрам ауданының Құрметті азаматы, үш жоғары оқу орнының үздік оқытушысы, сегіз Білім саласының Құрметті қызметкері, 13 облыстық «Qurmet-AB» қоғамдық бірлестігінің «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 25 жыл» медалінің иегері бар.
Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша университеттің жастар ісі жөніндегі маманы Бейбарыс Қалдыбек «Үздік жас» медалімен марапатталды. Қалдыбек Бейбарыс, Ғазиз Әбубәкіров, Нұрлыбек Жаппар, Ғалымжан Қалмұрзаев, Нұркелді Қаржаубай, Абылай Айтбай секілді талантты жастардан құралған «Зертас» жайдарман тобы Сайрам ауданы әкімі кубогының жеңімпазы (2015), Сайрам ауданы лигасы кіші кубогының жеңімпазы (2016), Отырар ауданы әкімі кубогының жеңімпазы (2016), республикалық ашық лигасының чемпионы (2017), республика премьер-лигасында жартылай финалға берілетін жолдаманы жеңіп алып отыр (2018). Студенттер спорт саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіскен. 2015 жылы студент жастардан жасақталған ұлдар командасы кіші футболдан Студенттердің Ұлтты лигасында еліміздегі жоғары оқу орындары арасында чемпион атанды. 2017 жылы қыздар командасы кіші футболдан еліміздегі ЖОО арасынан топ жарды.
«Бүгінгі студент – ертеңгі маман» екені даусыз. Университетке қабылданған студент жастардың сапалы білім алуына және олардың келешекте білікті маман иесі атануына барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда жұмыспен қамтылған түлектердің үлесі 77,2 пайызды құрайды. Студенттердің алған теориялық білімін іс жүзінде байланыстыру мақсатында облысымыздың аудан-қалаларындағы 162 білім ошақтарымен түзілген келісім-шарттар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Сонымен қатар 60 өндіріс орны, құқық қорғау органдары мен банктер де дәл осындай жүйемен қамтылған.
Отандық әріптес жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып ғылыми, әдістемелік шығармашылық жетістіктерге қол жеткізу мақсатында да келісімшарттар түзілген. Олардың қатарына Әбу Насыр әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау педагогикалық университеті, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті. Шымкенттегі Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті, «Мирас» университетімен тығыз байланыста жұмыс атқарылуда.
Ал шетелдік әріптес ЖОО-лардың арасынан Мәскеудегі Ресей Халықтар достығы университетімен, Мәскеу Синергия қаржы-өнеркәсіп университетімен, Ресей Жаратылыстану академиясымен, Ярославльдегі Халықаралық Психология ғылымдары академиясымен, Саранскідегі М. Е. Евсеев атындағы Мордва мемлекеттік педагогикалық институтымен, Омбыдағы Сібір бизнес және ақпараттық технологиялар институтымен, Өзбекстан астанасындағы Ташкент химия-технология институтымен, Пенджикенттегі Тәжік педагогикалық институтымен, Бішкектегі И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетімен, Н.Исанов атындағы Қырғыз мемлекеттік құрылыс, транспорт және сәулет университетімен, «Адам» университетімен, М. Рысқұлбеков атындағы Қырғыз экономикалық университетімен жүргізілген жүйелі жұмыстарды бөле-жара атауға болады.
Университет жанындағы «Болашақ» инновациялық ғылыми-зерттеу институтының құрамына «Абайтану» ғылыми орталығы, «Теориялық және қолданбалы» ғылыми-зерттеу орталығы, «Лингвоорталық» оқу орталықтары жұмыс істейді.
«Әділет-ақпарат».