ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНУГЕ АРНАЛҒАН ҚОСЫМША

Білім Қоғам
236 Views

Бүгінгі таңда қазақ тілін елімізде қолдануды кеңінен жолға қою ерекше маңызды болып отыр. Оған талпыныс білдірушілер де аз емес. Өкінішке орай бұл істі жаңаша ойластырып, инновациялық технологияларды қолдану кенжелеп жатқан еді. Жақында Еуразия ұлттық университетінің докторанты Асылтас Қалтенова шетелдіктерге қазақ тілін үйренуге көмектесетін «Sana» қосымшасын әзірлеуге шұғыл кірісті.

Бұл бірегей қосымша қазақ тіліндегі күнделікті қолдануға арналған диалогтармен оларға грамматикалық толықтыруларды ұсынады. Жоба Еуразия ұлттық университетінің «Jana Asu» гранты есебінен қаржыландырылады. Ғалымдар қосымшаны келесі жылы қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.

– Қазақстанда қазақша сөйлеуді үйренгісі келетін шетелдіктер көп. Бірақ, өкінішке қарай, біздің нарықта жоғары сапалы веб-ресурстар мен қосымшалар аз. Қолданыстағы бағдарламалар қазақ тілінің грамматикасы мен лексикасын ғана түсіндіреді, ал практикалық сөздер, сөз тіркестері, диалогтар жоқ. Сондықтан мен осындай олқылықтың орнын толықтырғым келді. Менің мақсатым – қазақ тілін халықаралық деңгейге шығару және мұндай қосымшалар ана тілімізді шетелдік қонақтар арасында дәріптеуге септігін тигізеді деп санаймын, – дейді Асылтас Қалтенова.

Қазір ІТ-мамандар мен ғалымдар мобильді қосымшаның прототипін және кешенді диалогтарды әзірлеуге кірісті. Бағдарламада грамматикалық және лексикалық түсініктемелерден тұратын аудио нұсқаулықтар қарастырылған. Мобильді қосымша Android және iOS пайдаланушылары үшін қолжетімді болмақ.

Ерекше атап көрсетерлік жайт, ғылыми-зерттеу университетіне айналған ЕҰУ жас ғалымдарды қаржыландыру мақсатында «Jana Asu» жобасын жүзеге асырып келеді. Соның арқасында көптеген жас ғалымдар тың жаңалықтар ашып, өмірге енгізуге мүмкіндік алуда.

М.ТОҚТАҒАЗИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *