ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ КЛАССИГІ

Қоғам
2 183 Views

Ұлтымыздың тарлан тұлғасы, Алаштың абызы, біртуар қаламгер Әкім Таразидің 85 жасқа толған мерейтойы Астана төрінде дүркірете тойланды

Ақиқатты бүкпесіз, ашық айтудан айнымаған, сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер Әкім Таразидің 85 жасқа толған мерейтойына орай Қазақ Ұлттық өнер университетінде «ТАРАЗИ ТАҒЫЛЫМЫ» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан талантты жазушы Ә.Таразидың шығармашылық жолына арналған жиынға жалпақ жұрт тегіс жиналды. Болмысы ерен, бітімі бөлек, жалпақтауды, жалтақтауды білмейтін ерен тұлғаның есімін қалың оқырманы жақсы біледі. Тұғырлы тұлғаның түр сипатының өзі назар салған жанға ерік-жігер береді.

Әйгілі Әшірбек Сығайдың Әкім Тарази туралы былай деп айтқаны бар: «Ол көп пьеса жазды. Пьесаларының ішінде ерекше бағалайтын екі-үш пьесам бар. Олар «Асау Бөкей», «Жақсы кісі», «Күлмейтін комедия». Міне, осы 3 пьесасы – қазақ әдебиетіне, қазақ драматургия саласына қосылған классикалық үлгі. Бұлар – уақыт өтсе де өзінің өзекті мазмұнын жоғалтпайтын шығармалар». Нағыз дүлдүлдің бір басында абыройлы атақтары болса да, жеңіске жетіп желпінбейді – дандайсымайды, қиындық көрсе – мұқалмайтын қайсар жан. Ол ешкімге еліктеп, солықтамай-ақ өзіндік қолтаңбасы айқын сезілетін көркем шығармалар туғызды. Алғашқы шығармалар жинағы – «Ақбердінің ауласы», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Тәж», «Жаңбырлы түндер» романдары, Қазақ киносының алтын қорына қосылған кинотуындыларының қатарына: «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Қараш-қараш», «Мұстафа Шоқай». Қазақ театрларының сахнасындағы драматургиялық шығармалары: «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты», тағы басқалар. Жазушының бірқатар дүниелері орыс, қытай, поляк, болгар, ағылшын тілдеріне аударылды. Әкім Тарази Н.Я.Бичуриннің «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы», «Мыңқолдың төрт ханы» тарихи ғылыми-зерттеу еңбегін Ф.Рабленің «Гаргантюа және Пантагрюэль» романын алғаш төл тілімізде сөйлетті.

Жазушы, драматург, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Отан» ордендерінің иегері, Франц Кафка атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты ретіндегі ел үшін атқарған адал қызметі Алаштың арда азаматы екенін тағы бір дәлелдейді. Шаршы алаңда іс пен сөзден шалынбай, топтан озған қаламгер бүгіндері «Шабыт» университетінде дәріс беріп, шәкірттерін кино-теледраматургияның қыр-сырына үйретуде. Әкімнің әдеби түйсігі, кез келген дүниеден драматизм табуы, шығармаларындағы тұтастық пен ырғақ оқырман жүрегін қозғап, адамға деген сүйіспеншілік, махаббат, сенім мен бір арнаға тоғысып, Тарази таразысына сайды.

Жиында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының құттықтау хатын табыстау үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиевке сөз берілді. Президентіміздің құттықтауында мынадай жолдар бар:

«Құрметті, Әкім Үртайұлы! Беделді 85 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізде орны бар қаламгерсіз. Өмір шындығы шеберлікпен суреттелген түрлі жанрдағы шығармаларыңыз оқырманның лайықты бағасын алды. Философиялық терең дүниетанымға негізделген туындыларыңыз арқылы адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеп, әдебиетсүйер қауымның ыстық ықыласына бөлендіңіз. Бірқатар кітаптарыңыз әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Сол арқылы ұлттық әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге үлкен үлес қостыңыз. Драмалық шығармаларыңыз еліміздің театрларында сахналанып, өзіңіз жазған сценарийлер бойынша тамаша кинофильмдер түсірілді. Қазақ мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне сіңірген еңбегіңіз өз алдына бір төбе. Шығармашылық жетістіктеріңіз мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, жоғары марапаттарға ие болдыңыз. Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін! Әрдайым халқымыздың өзіңізге деген шынайы құрметі сезіліп, қошеметіне бөлене беріңіз».

Елбасы қаламгер шығармаларының ел жүрегінен ойып тұрып орнын тапқанына ризашылығын білдіріпті. Әдебиет әлемінде әділ бағасын алып, оқырман қауымның ойын жаңа арнаға бұрғызған Әкім Таразиге қазақы салтпен шапан жабылды. Бұл ерге берілген елдің сыйы еді.

Жиынды Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева құттықтау сөзімен ашты. Шараның ашылуы рәсіміне сондай-ақ кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов, ақын Ұлықбек Есдәулет, драматург Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы, аудармашы Меманқұл Исламқұлов (Өзбекстан), аудармашы сыншы Қазоқбай Юлдашов (Өзбекстан), әдебиеттанушы Первана Маммедова (Әзірбайжан), аудармашы Жәмиле Қынажы (Түркия), тағы басқы өнер майталмандары мен әдебиет саңлақтары қатысты.

Салтанатты шараға еліміздің зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысып, бірқатар қоғам қайраткерлері белгілі қаламгерге құттықтау-тілектерін жеткізді.

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің құттықтау хатын Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының бастығы Берік УӘЛИ оқып берді:

«Құрметті, Әкім Үртайұлы! Сізді адам ғұмырының айтулы бір белесі 85 жылдық мерейтойыңызбен құттықтаймын! Сіз жарты ғасыр бойы шығармашылық қарым-қайратыңыздан айнымай, ұлтжандылық пен тума талант биігінен көріне білдіңіз. Көркем әдебиет саласында ел құрметтеген тұлғалар қатарынан орын алып, зерделі жасқа жетіп отырсыз. Есіміңіз қазақ журналистикасы мен әдебиетінде алғаш танылған күннен бастап шығармаларыңыз Сізді төл мәдениетіміздегі тұлға ретінде танытты. Қадірменді Әкім аға, Сіз өмір жолыңыз бен қазақ әдебиеті мен төл мәдениетімізге қажырлы еңбегіңіздің үлесі деп білеміз. Осынау қуанышты күні Сізді мерейтойыңызбен тағы да құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыңызға амандық, мол бақыт тілеймін! Тойыңыз тойға ұлассын!»

 

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Әкім ағаны бала кезімізден білдік. Қаншама шығармалары бар. «Тасжарған», «Отқа салған ұясын» шығармаларының ерекшелігі – адамның жанын баурайтын лирика, ирония, сатира, сарказм деген дүние бар. Бұл кісінің кейіпкерлері де ерекше.

 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, мемлекет қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы:

– Әкім ағаның жазушы, драматург ретінде өмірге келген шығармаларын жақсы білеміз. Шын жүректен құттықтаймын, Әкім аға! 85-ке жеткен де бар, жетпеген де бар. Алланың осынысына да шүкіршілік етеміз. Жасай беріңіз. Қасыңызда ылғи жеңгеміз болсын.

 

Қаныбек ЖҰМАШЕВ, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

– Қазақтың аса қадірлі қалам шебері, көрнекті жазушы, драматург Әкім Үртайұлының шығармаларындағы даналық ой, ақыл сөз және тағы басқа өз орындарымен қолданылып, 1960-1990 жылдардағы қазақ прозасының ішкі мазмұнын, көркемдік ерекшеліктерін баяндап, толықтыра түскен әдебиеттанушы ғалымдарды айрықша атайды. Жақсылық, әділдік, шындық, мейірімділік, қарапайымдылық қасиеттері ағамыздың шығармаларында кең толғанған.

Айтулы ақын Серік Тұрғынбекұлы арнау өлең оқыды. Ауқымды шара тізгінін ұстаған қабырғалы қаламгер Төлен Әбдік әдеттегі қалыптасқан қағиданы бұзып, кешті мерейтой иесімен ашық-жарқын әңгімелесу түрінде өткізді. Суреткер қоғам, уақыт, әдебиет туралы сұрақтарға жауап берді. Әдебиетке бірге келген достары туралы жан тебірентерлік естеліктер айтты. Кеш соңы Әкім Таразидің жиналғандарға алғысын айтып, естелік суреттерге түсуімен аяқталды. Мерейтой аясында басқа да бірқатар мәдени-рухани шаралар өткізіліп, астаналықтар бір серпіліп қалды.

Балғын БАЛҚАРБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *