ҚАЗІРГІ АБАЙТАНУ: АКАДЕМИК РАБИҒА СЫЗДЫҚТЫҢ ЛИНГВОӘДЕБИ ТЕОРИЯЛЫҚ ДИСКУРСЫ

Білім Руханият
150 Views

Абайтанушы академик Рабиға Сыздықованың «Абайдың сөз өрнегі» (1995) атты зерттеуінде классикалық көркем сөздің табиғаты заманауи аналитикалық деңгейде қамтылған. Зерттеуші келесі теориялық дискурста: «Абай тілін танудың қырлары, сөз – өлеңнің арқауы (образдың эстетикалық өрісі (зонасы); Етістік – көріктеу құралы), Сөз таңдау (Өлең және сөз; Текст түзу; Синонимдерді таңдау; Сөз – символ); Сөз құбылту (Абай фразеологиясы. Перифраздар. Фразеологизмдерді өзгертіп қолдану); Сөз үндестіру (Дыбыстар гармониясы; Алитерация мен ассонанс; Анафора мен эпифора; Түбірлес сөздер; ішкі ұйқастар); «Қара сөздердің» тілі қалай өрілген? Абай тілінің тағылымы» атты тарауларда әдеби лингвистикалық теориялық аналитиканы тұңғыш рет айқындалған. Ә. Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытұлы, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, З.Қабдоловтардың абайтанулық зерттеулерін негізге алған Р.Сыздықова батырлар жырларынан бастау алатын Абайға дейінгі асыл сөз табиғатын салыстыру үшін пайдаланған. Абай өлеңдері мен қара сөзіндегі сөздер тұңғыш рет әдеби-лингвистикалық теориялық талдауға арқау болған. Зерттеушінің келесі тұжырымдарының теориялық мәні ерекше болып табылады. «Абай мұрасы қолжазба түрінде таралып, сақталған кезде 38-сөз «Ғақлийат тасдиқат» деген атпен өзге «Сөздерден» бөлек көшіріліп келген. Мұның бір сыры болу керек. Бұл – Абай «Қара сөздерінің» ішіндегі көлемі жағынан ең үлкені, тақырыбы мен адресаттары (оқушылары) жағынан да өзге туындыларынан бөлектеу тұрғаны. Сірә, бұл шығармасын Абай қазақ балаларының мұсылманша сауатын ашатын орындарда (молдаларда, мектеп, медреселерде) ислам діні негіздерін дұрыс түсініп, білулеріне көмектесетін құрал ретінде ұсынғысы келген болар. Уәсила Абайқызының естелігі де, осы шығарманың мазмұны мен стилі де, бөлек көшірілуі де бізді осындай болжамға итермелейді. Мұнда автор дін тақырыптарына қатысты түсінік-танымдары және жалпы мораль жайындағы ой-толғамдарын сөз етеді, иманды уағыздайтын, бірақ оны теріс түсіндіретін дін адамдарын сынай отырып, хүкім шариғатын түсіндіреді. Демек, Абайдың бұл шығармасын теологиялық әдебиеттің қазақ тіліндегі алғашқы үлгілерінің бірі деуге болады.
Теология Құдай туралы ілім болса, бұл ілімді сөз ететін әдебиет түрлерін белгілі бір дінді ұстаған халықтардың өз ана тілдерінде жасап алу қажеттігі әрдайым сезіліп отырған. Өйткені ұстанып отырған діннің канондарын (заң ретінде ұсынылған ереже-қағидаларын) жақсы білген күнде ғана рухани өмірінің қажеттігін өтейтін кұрал етіп пайдалануға болатыны белгілі. Осы себептен XIX ғасырдың II жартысынан бастап таза қазақ тілінде ислам діні қағидаларын уағыздайтын, ол үшін сол ережелерді азды-көпті түсіндіретін әдебиет үлгілерін жасау әрекеті пайда болды. Бұл қажеттікті өмірдің өзі ұсынды.
Ыбырай Алтынсарин 1884 жылы Қазанда шыққан «Шари ‘ат ул-ислам» атты шағын еңбегін жазуда өзі аштырған азаматтық мектептерде міндетті түрде өтілетін дін сабағында оқушыларға (қазақ балаларына) ислам дінінің негізгі заңдарын ана тілдерінде түсіндіру мақсатын көздеген. Ыбырайдың өз сөзімен айтқанда, «кәләм шари’ат һәм үлкен ғылым кітаптар ғараб тілінде жазылулы» болғандықтан, оны көп «қара халық» түсінбейтіндіктен, бірақ «ғарабтан басқа тілмен намаз оқығандардың иман болуы да дұрыс» болғандықтан, «Шари’ат ул-исламды» жазғанын білеміз. Зерттеушілердің талдауына қарағанда, Ыбырай Алтынсарин осы кітапшасы арқылы қазақ тілінде теология саласында жазуға болатындығын танытқан, яғни «Шари ‘ат ул-исламның» арқауы – қазақ тілі, қазақ лексикасы мен грамматикасы екенін көрсетеді.
Ал Абайдың 38-сөзін жазудағы мақсаты мұндай нақты практикалық, болу-болмауы жөнінде өз пікірімізді жоғарыда айттық. Дегенмен қайткен күнде де «жүрегінің қуаты – перзенттеріне адам ұғлының, мінездері туралы» ойларын жазуды көздеп, ол әңгіменің негізіне «Алла тағаланы танымақты» алады, өйткені «Алланы танымақтық – дүниені тану, адам өзін тану, адамшылықты жетілдіру, Алланың бір сипаты – ғылым-білімді тану» деп бастаған автор әрі қарай «иманның хақиқатын» сөз етеді, Алла тағаланың сегіз сипатын атайды, ол сипаттарды айырып білу керек дейді, сол сегіз сипаттың екеуі – ғылым мен құдіретті түсіндіреді, оларды кеңінен сөз етеді. Одан әрі қарай ислам дінінің дұрыс түсіндірілуге тиісті канондарын «бұл заманның молдалары мен ишандары өздері дұрыс түсінбейтінін, өзгелерге дұрыс түсіндірмейтінін айтып, сондықтан олар «хаким атына дұспан» дей келіп, «Құдай тағаланың ниһаятсыз (шексіз, өлшеусіз) жолында жүруді өзіне шарт қылған адамның қандай қылғанда «таза мұсылман, толық адам» болатынын айтады» (179-180). «Ең алдымен, Ыбырай мен Абай қазақ тілінде теологиялық әдебиетті дүниеге келтірудің бастамасын көрсетті, ислам діні негіздерін, мазмұнын, қағидаларын қазақша айтуға, түсіндіруге әбден болатынын танытты. Міне, 38-сөз деп аталған орны ерекше шығарманың стильдік, тілдік сыр-сипаты осындай…
Әр шығарманың тақырыбы мен жанрына қарай сөз саптауы (стилі) бір-бірінен өзгеше болып келуге тиісті екендігін Абай бұл жерде де тап басқан. Сірә, ол Пушкиннің проза тіліне көзқарасы туралы айтқандарын оқыды ма, жоқ па («У нас употребляют прозу как стихотворство… для приятного проявления форм… Проза не может довольствоваться блестящими играми воображения и гармонии… Слово «прозаический» должно совмещать понятия «спокойный, умный, рассудительный» дегендерін), бірақ ол да, Пушкин сияқты, өлең сөз бен қара сөздің тілдік-көркемдік тұрғыдан айырмасы болатынын принцип етіп ұстаған. Әсіресе теологиялық трактаттар мен тарихи очерк сияқты «метафизикалық» шығармалардың тілін «өлеңдетпей» (поэтизацияламай), айшықты сөздермен ажарламай, әр сөзге нақты мағына беріп, анық, айқын етіп жазуды Абай да жақсы сезгенін оның біз талдаған соңғы екі шығармасы дәлел бола алады. Бұл тұста Абайдың тілдің функционалдық стильдерін, яғни әдебиеттің әрбір жанрына лайық қолданылу мәнерін аңғарған шеберлігін танимыз.
Шеберлік – көркемдік сияқты, Абайдың тіліндегі кестенің бізі, өткірдің жүзімен салынған сөз өрнектерінің бір нақышы. Міне, поэзиясы мен прозасында осындай шеберлік пен көркемдік көрсеткен ұлы Абайдың поэтикалық сөз кестесі, толғауы тоқсан қызыл тілінің өрнегі осындай» (183-184). Қазіргі абайтануға осындай аналитикалық талдауды енгізген академик Р.Сыздықованың бұл зерттеуі нақтылықтың үлгісі болып қала бермек.
«Абай тілінің тағылымы» атты соңғы тарауда ғалым Абай мен Шәкәрімнің стилін салыстыра талдаған. Зерттеуші келесі теориялық тұжырым жасаған. «Абайды ұлы деп танытып отырған белгі – оның поэтикалық дәстүрінің, рухани қазынасының, көркем тілінің жалғастық тапқандығынан, өзінен кейінгілерге үлгі-эталон болғандығынан көрінеді. Бұл жайында жиі айтылып, көп жазылып келеді. Дегенмен бұл концепцияны жоғарғы талдауларымыз бен түйіндерімізге жанастыра дәлелдей түспекпіз. Осы мақсатпен ұлы Абайдың ізбасары – Шәкәрім Құдайбердіұлының тіл өрнегіне үңілсек. Шәкәрім – Абайдың азаматтық ар-ұжданы мен ақындық талантын тамаша танып, өте жоғары бағалаған, бағалай отырып үлгі тұтқан адам. Ол өлеңдерінде Абай есімін бір емес, бірнеше рет атайды. «Жастарға» деген өлеңінде Абайды ұстаз тұтуға шақырады. Ол «мыңмен жалғыз алысқан», «өзі ермей, ерік бермей қор еткен жұртын» айтқан, «сөзді ұғарлық бозбаланы көре алмай, үзілмес үмітпенен бос қуарған» Абайды да жақсы таниды…
Абайды Шәкәрім барлық тұрғыдан ұстаз тұтады:
Сөзбен де, өлеңмен де сабақ беріп,
Алсын деп керектісін өзі теріп, –
деп, өзінің алдына ұстазынан өзіне керектіні алу мақсатын қойғанын білдіреді. Сөз өнеріндегі керегін теріп алады. Алады да, жаратқандарын ұстазынша халқына ұсынады…
Шәкәрімнің көркемдік өрнегін, яғни поэтикалық тілін Абайдың сөз кестесімен ұштастырмай әңгімелеу мүмкін емес, өйткені Шәкәрім – Абайдың поэтикалық мектебінің өкілі, жалғастырушысы. Демек, Шәкәрім тілін сөз етпес бұрын Абайдың тілдік поэтикасын жан-жақты талдап, танып алу қажет болды. Ұлы ақынның поэтикалық өресін лингвостилистикалық тұрғыдан жүйелі түрде арнайы зерттеген монографиялық еңбектер болмай келді. Әрине, Абайдың тілі деген тақырып мүлде сөз болмады деуге болмайды, бірақ бұл тақырыптағы ізденістер Абайдың қазақ әдеби тілінің даму барысында алған орны, атқарған қызметі, ақын өлеңдеріндегі көріктеу құралдарының көрінісі, бұл орайда оның қосқан жаңалықтары мен өзгерістері деген сияқты мәселелерге арналды. Осы қазына мен жаңалықтардың тілдік негізін (механизмін) танытуды кешеуілдетіп келе жатқан жайымыз болды. Лингвистикалық стилистика (тілдік стилистика, лингвостилистика) дегеніміз әртүрлі эмоционалдық, экспрессивтік қосымша мағыналарды білдірудегі тілдік құбылыстарды зерттейтін ғылым саласы болса, осы сала бойынша Абай тілі кеңінен әңгіме өзегіне айналмай келгені мәлім.
Әрине, бұл ізденістеріміз – Шәкәрімдей зор суреткердің тілін тұтастай алып, жан-жақты талдау емес, өйткені әрі ақын, әрі прозаик жазушы, әрі публицист, әрі тарихшы, философ ғалым Шәкәрім мұрасының стильдік-жанрлық өрісінің кең екендігі, оның тілдік-көркемдік тәсілдерді саналы түрде қолданып, өзіндік ізденістерге барғандығы, қаламына тән ерекшеліктердің молдығы мен әр алуандығы – осылардың баршасы бұл тақырыпты өз алдына бөлек арнайы зерттеуді қажет етеді.
Біз бұл жерде Абай мен Шәкәрім поэзиясының көркем тіліндегі іліктестіктің бірнеше сәтін ғана талдамақпыз. Шәкәрім де, ұлы ұстазы сияқты, ең алдымен, қазақтың күшті дамыған байырғы поэтикалық мектебінен, поэтикалық тілінен нәр алған, сол тілдің бай мұрасын: образдар дүниесін, сол образдарды беретін сөздер мен фразеологизмдерді орынды әрі молынан пайдаланған. Ұстазы Абай:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Сөздері бары жамау, көбі құрау, –
деп сынаса да, шәкірті Шәкәрім:
Сыпыра жырау, Шортанбай,
Үмбетай мен Марабай –
Алды-артына қарамай,
Соққанда жырды суылдап
Жел жетпейтін құландар, –
деп, оларды қазақ поэзиясының ең ірі өкілдері ретінде таниды. Бұл жерде шәкірті ұстазымен сыпайы түрде пікір сайысына барып тұр-ау дейміз. Абай Бұқар, Дулат, Шортанбайларды сынағанда, сірә, олардың шығармашылығынан біркелкі тұтастықты, төменнен жоғары көтерілетін жүйелілікті көре алмай, «сөздері жамау, құрау» десе, шәкірті бұл «кедір-бұдырдың» сырын өзінше дәлелдейді, бұрынғы ақын-жыраулардың өлең-жырларына:
Сырына баға берсеңіз,
Таңғаларлық ісі бар,
Көңілді тартар күші бар,
Асықпай тыңдап шыдаңдар, –
дейді. Осы арқылы өзіне дейінгі қазақ поэзиясының көркемдік әлемін мойындайды. Мойындайды да қабылдайды. Шәкәрім тіліндегі қасықтай қар, тобықтай тоң, көз тойып, көңіл толу, мінсіз бақ, сансыз дәулет, жүзі бар айдай, мінезі майдай, дариядай мол ақыл, сұр жыландай сусылдау, ноқталы басқа бір өлім, көз алартып, күресін адырайту сияқты образдар мен оларды беріп тұрған сөз кестелері – қазақтың көркем тіліне бұрыннан кәнігі дүниелер. Бұлар – Шәкәрімнің айтпақ ойларының, поэтикалық идеясының тірегі, негізі. Мысалы, ақынның «Өлімнің хақ екенін көрсең де» деп басталатын шағын өлеңіндегі сөз өрнегі түгелімен бұрыннан қалыптасқан образдар дүниесімен келген:
Өлімнің хақ екенін көрсең де,
Өлместей омыраулап шатасың.
Дозақтың барын біліп жүрсең де,
Күнәға әлің келсе батасың…
Алланың адал ризығын жесең де,
Арамды әдейі іздеп татасың…
Алланың ақ өлімі келгенде,
Амалсыз қара тастай қатасың…
Сырт қарағанда өлең тілінде жарқыраған әшекей сөздер де, көзге ұратын тосын қолданыстар да жоқ, бірақ ақынның айтпағы – «біле тұрып, күнәға батпа, дұрыс емесін білген соң, бұрыстыққа барма» деген идеяны оқырманына оның құлағы қаныққан, тілі жаттыққан сөз бояуларымен әсерлі етіп, әдемі жеткізген.
Шәкәрімнің ерекшелігі неде? Оған былай делінген: «Алайда бұдан Шәкәрім тілінде ешбір жаңалық жоқ, ізденіс жоқ деген тұжырым шықпайды. Қерісінше, кәнігі фонда Шәкәрімнің Абайша тапқан соны дүниесі көріне түседі. Абай тілінің өзіне дейінгі қазақ көркем сөзі поэтикасынан ерекшеленетін бірнеше тұстары барын айттық. Солардың бірі – Абайдың өз қолтаңбасының (шығармашылық контексінің) айқын көрінуі болса, бұл ерекшелікті танытатын белгілердің бірі – поэзия тілінде соны сөз-образдардың молынан орын алуы. Соны образдар жасауда Абай жандандырған тәсілдердің бірі – мағына жағынан бір-біріне жанаспайтын сөздерді тіркестіру екенін көрсеттік, осы амал Шәкәрімде де кеңінен қолданылған. Мысалы:
Улы жүрек, долы тіл сөйлеп отыр,
Ыза қысып, тісімді байлаулымын –
деген өлең жолдарындағы улы жүрек, долы тіл, тіс байлау деген тіркестер мағыналары жуыспайтын сөздерден жасалған: улы болатын тамақ, ішімдік, дәрі сияқты нақты заттар, ал жүрек сөзіне тіркескенде, улы компоненті мағынасын ауыстырып, «әділетсіздік көрген, ызаға толы» деген ұғымға ие болып тұр, долы тіл де сондай: долы болатын нақты адам болса керек (долы қатын деген сияқты), ал адамның өзі емес, тілін долы деп бейнелегенде және тілімді байлаулымын дегенінде тағы да жанаспайтын сөздердің тіркесуінен жаңа ұшқын – тың экспрессия пайда болып тұр. Тағы бір өлеңінде Шәкәрім:
Қайсыбірі қайғы айтып,
Үміттің үйін құлатты, –
дейді. Үй – нақты зат атауы, үміт – дерексіз есім. Деректі, дерексіз есім атаулары тіркеспеуге тиісті, ақын осы «заңсыз тіркес» арқылы жаңа ассоциация туғызып тұр, оның үстіне осы үйді құлатып, бұл тың образды одан сайын күшейткен. Бұрынғы «үміт үзілу» деген образды үміттің үйін құлатты деп жаңаша ұсынуы – Абай үлгісі».
«Шәкәрімнен, Абай сияқты, образдар дүниесін теңеу, шендестіру арқылы беруде де жасалу моделі бұрынғы болғанымен, күтпеген соны қолданыстарды табамыз. Мысалы, Шәкәрімде өлең – әскер (Әскерім – өлеңім мен сөздерім), ән – өлшеуіш, ашу – келіншек, ынсап кәрі адам, өлең – күміс, қағазы – жолдасы, қаламы – сырласы, сөз сөйлеу – ер қосу (Ер қосқанға ұқсайды сөз сөйлемек) тәрізді мысалдар ақынның образдар дүниесіне тың үлгілер енгізіп тұр… Образдың эстетикалық өрісін кеңейтуде Абай тосын эпитеттерді қолдануды жүйелі тәсілге айналдырса, Шәкәрім мұны да іліп әкетеді. Жоғарыда аталған ноқтасыз ой, бояулы дін, улы жүрек, долы тіл дегендері сияқты, жүрек, тіл, көңіл, ой сөздерінің эпитеттерін сан құбылтып отырады. Мысалы, толқынды көңіл, өлген көңіл, жаралы жүрек, от жүрек, аптыққан жүрек, жарық жүрек, таза жүрек, ақ, жүрек, жылы жүрек т. т.
Жоғарыда айттық, Абай шығармашылығының негізгі объектісі – адам, оның ішкі жан дүниесі. Сондықтан ол жүрек, көңіл, ой деген сөздерді адамның символы етіп алып, оларға «жан бітіріп», көп өлеңін соларға қарата айтады. Шәкәрімде де бұл атаулар – автордың жан сарайының көрсеткіштері. Сондықтан бұлар қаратпа сөз болып келеді. Мысалы: Шошыма, ойым, шошыма… Қажыма, ойым, қажыма… Шарлайсың, ойым, шарлайсың, Алыстан мені барлайсың… Қой, жүрегім, қайғырма…». Зерттеуші өзіне дейінгі әдеби талдауларды да негізге алған. «Бұрынғы қазақ өлең-жырларымен салыстырғанда, Шәкәрім поэзиясында көзге түсетін ең үлкен ерекшелік өлең архитектоникасы мен өлеңнің ырғақтық-әуендік бітімінде көрінеді: Абай мен Шәкәрім поэзиясының арасындағы үлкен іліктестік те осында, дәлірек айтсақ, өлең құрауда қазақ көркем сөз тәжірибесінде бұрын-соңды болып көрмеген, Абай ұсынған жаңа тәсілдерді (тәртіптерді) Шәкәрімнің де саналы, сауатты түрде қабыл алуында.
Абай қазақ өлеңінің сыртқы құрылымына мүлде тың жаңалықтар әкелді, бұл ретте қазақ поэзиясын жоғары сатыдағы жазба әдебиет қатарына қосты. Ұлы жаңашылдың бұл еңбегін үстіміздегі ғасырдың басында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы тұңғыш рет танып, атаған болатын. Одан кейін Абайдың ақындық шеберлігін арнайы зерттеген Қажым Жұмалиев пен қазақ өлеңі құрылысын ғылыми негізде талдаған Зәки Ахметов Абай өлеңдерінің архитектоникасын кеңінен сөз етті». Абай мен Шәкәрім сөздерінің лингвотабиғатын осындай теориялық деңгейде талдау күні бүгін тек осы зерттеуде іске асқанын мойындауымыз қажет. Сондықтан көлемді сілтемелерді келтіруді жөн деп санадық.
«Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген өлеңін біз Абайдың «Сегіз аяғы» сияқты қазақ өлеңі техникасына тыңнан қосылған жаңалық дер едік. Оның жаңалығы кейбір шумақтарының тіпті Абайда жоқ «бес аяқ» болып кұрылуында ғана емес, немесе бір тармақтың екі-ақ буынды болып келетіндігінде де емес, ең алдымен, бұл жаңалық өлеңнің бұрын кездеспеген интонациясында (әуенінде) және Абайдан бұрынғы қазақ өлеңінде қолданылмаған, үлгісін Абай салған өлең, тасымалы дегеннің орын алуында және сөйлем түзілісінің проза синтаксисіне жақын келуінде, сондай-ақ инверсияның (сөздердің орын алмасып жұмсалуының) стильдік мақсатта қолданылуында. Бұл көрсетілген белгілердің барлығы да – күшті жетілген жазба поэзияны сипаттайтын құбылыстар. Мысалы:
Бұл ән
Бұрынғы әннен өзгерек.
Бұған
Ұйқасты өлең, сөз керек
Өзіне орайлы.
Бұл шумақ тұтасымен тасымалдан тұрады: әрі қара сөзбен құрылған сөйлемге жақын келеді: Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек, өйткені бұған өзіне орайлы ұйқасты өлең, сөз керек деген сөйлемнің бір тармақта келуге тиісті сөздері тармақтан тармаққа тасымалданып (көшіріліп) берілген».
Тек Шәкәрімге тән ерекшелік туралы: «Шәкәрім қазақ поэзиясына ырғағы тіпті Абайда кездеспейтін өлең түрлерін енгізгенін атау керек. Оның 23 жасында жазған, өзі әнін шығарған, демек, осыған орай ырғағын, жаңа ритмикасын тапқан «Жиырма үш жасымда Бұл өлең жазылған» деп басталатын туындысы бұл пікірімізді дәлелдейді. Тармақ саны жағынан бұл өлеңнің құрылымы жаңа емес, ол – алты тармақты өлең, ал «алты аяқтарды» Абайдың ұсынғаны мәлім. ІІІәкәрім өлеңінің сонылығы ырғағында, атап айтқанда, алғашқы төрт тармағы алты буынды аб-аб ұйқасымен келген де, соңғы екі тармағының алғашқысы 11 буынды, екіншісі 12 буынды вб ұйқасымен құрылған. Мұнда жаңа ырғақ жасап тұрған алдыңғы тармақтар емес, олар Абайдың: «Көзімнің қарасы, Көңілімнің санасы» деп басталатын өлеңімен ырғақтас, ал соңғы екі тармағының бірін 11 буынды, екіншісін 12 буынды етіп ұсыну – мүлде тың құрылым, оның үстіне бұл жердегі 11 буынды тармақтың бунақтары 4 + 3 + 4, ал келесі тармақтың бунақтары 6 + 3+3 болып келгенінде. Бұл екі тармақ өзара ұйқаспайды (бұл ұйқаспаушылық осы екі тармақтың буын санын әртүрлі етіп ұсынуға мүмкіндік беріп тұр). Соңғы 6-тармақ 2, 4-тармақтармен ұйқас құрайды, яғни өлең шумақтарының ұйқас формуласы – аб аб вб. Соңғы екі тармақ көбінесе құрмалас сөйлем болып келіп, прозалық ырғаққа жуықтайды: Жетіқарақшы айналып сені іздеп жүр, бәрі сені ойлап мас болып сандалып… Қысқасы, бұл кітапта Шәкәрімнің өлең архитектоникасын толық талдап шығуды міндетімізге алған жоқпыз, бұл – арнайы терең зерттеудің объектісі демекпіз. Ал біздің бұл жердегі көздегеніміз – қазақ өлеңі құрылымына Шәкәрімнің де өзгеріс енгізгенін көрсету және бұл әрекеттің үлгісін Абайдан алғанын айту болды».
Абайға еріксіз еліктеу туралы: «Бұл үлгі-өнегені тек Шәкәрім емес, Абайдан кейінгі қазақ поэзиясы жақсы қабылдағанын және құр еліктеу түрінде емес, Абайша мазмұн мен түрді, яғни поэтикалық идея мен оның тілдік көрінісін сәйкес келтіру мақсатында қолданғанын байқаймыз. Мысалы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Жансүгіров сияқты ақындар жан толғанысын поэзия тілімен айтуға келгенде сегіз аяққа жүгінеді. Абай «Сегіз аяғында» философиялық, азаматтық, суреткерлік ой-толғамдарын білдірсе, Ахмет Байтұрсынұлы үстіміздегі ғасырдың басында елдік, ұлттық тәуелсіздігінен айрылып, отар жұрттық күн кешіп отырған, ғылым-білімнен де құр қалған халқына:
Қазағым, елім,
Қайқайып белің
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның
Аш көзіңді оянып.
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың?! –
деп, қазақ қоғамының ұлттық намысын оятпақ болады. Бұл идея Ахмет Байтұрсынұлының бүкіл ақындық, ағартушылық қызметінің лейтмотиві болса, оны білдірудегі ең бір ұтымды деп тапқаны – осы ойын айтатын өлеңін сегіз аяқтың үлгісімен жазу. Мұнда ақын ұстаз тұтқан Абайдың үлгісімен алғашқы екі жұпты алты тармақта айтылмақ идеяның тезисін (баяндауды) береді де, соңғы екі тармақта сол тезистен шығатын түйінді, яғни антитезисті ұсынады».
Қайым Мұхамедхан бастап берген Абайдың ақындық мектебіне қатысты концепт осылай нақты аналитика арқылы дамытылған. А. Байтұрсынұлының асыл сөзін Абай дискурсына қатысты тура осылай салыстырып талдау үлгісін де тұңғыш рет іске асырған – академик Р.Сыздықова. Бұл үрдісті зерттеуші Сұлтанмахмұттан да тауып, теориялық талдау арқылы дәлелдеп берген: «Солардың бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыров. Ол да – Абайды, оның ақындығын пір тұтқан жан. 1913 жылы «Айқап» журналында жариялаған «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» деген мақаласында сол кезеңде, үстіміздегі ғасырдың алғашқы 10-15 жылдығына, қазақ тілінде деп жарық көріп жатқан поэзия дүниесінің алдымен тақырыбы мен мазмұнын, сонан соң идеясы («рухы») мен түрін («тілін») қатты сынап, «марқұм Абай өлеңдері басқаларға қарағанда пайғамбардың жүрегінен құйылған Құрандай, соқыр кісі сыбдырынан танырлық аққұла ашық тұрады» дейді де, оның өткірдің жүзі, кестенің бізі өрнегін сендей сала алмас… саудырсыз сары қамқа… сөзімде жаз бар шыбынсыз деген қолданыстарын мысалға келтіреді.
Сұлтанмахмұттың бұл сияқты семантикасы жағынан бір-біріне жуыспайтын сөздерді Абай үлгісімен қиюластырып жасаған жаңа образдары тұрмыстың құрығы (Тұрмыстың ұзын құрығы Бұрды да түсіп мойынды), надандықты тебу (Тебем деп тірі болсам надандықты, Серт етіп өзіме өзім еткем егес), надандық теңізі (Надандық теңізі тартылар), шындықтың ауылы (Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға), үміттің көгі, тағдырдың тасқыны, тағдырдың кермесі (Тағдырдың кездестім ғой кермесіне) сияқты соны тіркестерімен келеді. Перифраздарды Абайдай молынан келтірген ешбір ақын жоқ, бірақ сөз құдіретін тани білген Сұлтанмахмұт сияқты тума талант оны да сезіп, аз да болса Абай үлгісімен жаңа өспірім жас шілік (жас ұрпақ, замана жастары), Шоңның, Торайғырдың көк жапырақтары, (ұрпағы) сияқты тұспалды фразеологизмдерді (перифраздарды) ұсынады.
Сұлтанмахмұттың ақындық таланты поэзиядағы сөз-символ дегендерді де тапқызған. Ол жапырақ сөзін жеке адамның символы ретінде келтіреді: балғын жас адам (сірә, қыз) «бұтақтары салбырап… көз тартарлық балбырап, лебіне де аз желдің ұялып бұққан қалтырап… тұратын гүлдеген, біткен жапырақ болса, одан кейінгі жас – «жұмақты кіріп көргендей, сайран етіп жүргендей халге түсіретін жапырақ болып сыбдырлайды, сол жастардың (қыздардың) ішінде бақытсыздары бар екенін «солған, сарғайған, дірілдеп жерге қараған жапыраққа көзім түсті» деп астарлайды. Қысқасы, «Жапырақтар» деп өзі атаған бұл өлеңі түгел символмен берілген. Сарыарқаның жаңбыры дегені де – символ, ол – 1917 жылғы, патшаны құлатып, бостандық әкелген Ақпан төңкерісі, бұл символды ақынның өзі-ақ ашып береді: «Бұл мысалдың мәнісін ұға алсаң сен, Келген заман – бостандық жаңбырмен тең», – дейді. Біздің байқауымызша, бұл фактілердің барлығы, бір жағынан, мұсылманша, орысша оқып, көзі ашылған, көп нәрседен, оның ішінде жалпы поэзия сырынан білген-түйгені бар ізденгіш суреткердің өз таланты болса, екінші жағынан, Абай өнегесі деп табамыз».
Р.Сыздықованың келесі теориялық тұжырымдары әдебиет теориясына да қатысты: «1) Поэтикалық көп (үлкен) ойды – «идеяны» аз сөзбен берудің үлгісін салды, ол үшін бұрынғы ақын-жыраулар тіліндегі көп сөзді шаблондардан, қызыл сөзді риторикадан, дидактикалық параллельдерден бас тартты. Құдайберген Жұбанов көрсеткендей, халық жырлары мен ақын-жырауларда елін сағынғандықтың идеясын айту үшін арғымақтың үйірін, сұңқардың ұясын, қараша қаздың көлін қайсысы қалай сағынатынын айтып алып барып, «ниет қылдым еліме» деген өлең жолын келтіретін тәсілге Абай бармайды, айтпақ ойын дәл әрі жинақы етіп беру үшін әсерлі, тың сөз-образдарға иек артады, мұндай образдары молынан жасайды».
Мазмұн мен түрдің – поэтикалық идея мен оны білдіретін тілдік механизмнің сай түсуіне күш салу – Абай қолтаңбасының көзге түсер белгілерінің бірі. Бұл сәйкестікте көркем шығарма тілінің «текст түзу» деген шарты Абайда тұңғыш рет айқын көрінеді. Ақын текст түзу үшін әр алуан уәжбен сөз таңдайды… Абай қаламына белгілі бір суретті оқырманның көз алдына бадырайтып көрсету тән. Мұны орысшалап айтқанда, кино өнеріндегі «крупным планом» деп аталатын тәсілмен салыстыруға болады. Бұл тәсілде кинода айырып көрсетілмек бір нәрсе (деталь, айталық, адамның бет-жүзі) экранды толық алып, барынша үлкейтіліп түсіріледі. Бұл амал поэзияда да орын алады. Орыс поэтикасында мұны тұнғыш енгізген А.С.Пушкин болса (Онегинге хат жазып отырған Татьянаның әсемдеп шиырып қойған шашын – локондарын суреттегені – кейіпкердің жан толқынын танытатын бет әлпетін үлкейтіп, «бадырайтып» көрсеткені), қазақ поэтикалық тілінде де сөз экранын толық алып жатқан суреттерді тұңғыш рет Абай ұсынды деуге әбден болады. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңіндегі бүркіттің аспанға қайқаң етіп ұшып шығуы, түлкіге түскен суреті, құсына мәз болып, насыбайын атып тұрған аңшының бейнесі – бәрі де «үлкейтіліп» бүге-шігесімен көрсетілген».
Сөз – өлең тілінің арқауы. «Поэтикалық өрнек сөзден өріледі. Абайдың алдындағы Шөже ақын «қызыл тілден өрдім өрім» деп әдемілеп айтқан-ды. Бұл өрнекті салатын өткірдің жүзіндей, кестенің бізіндей қызыл тіл болса, оның сол жүзі мен бізі – сөз, сөз тіркесі, сөздердің бір-бірін сүйеуі, бір-бірімен «ұжымдасуы», бірін бірі «итеруі» түрінде көрінеді… Абайдың поэтикалық тілінде көзге түсетін ең үлкен құбылыстың бірі фразеология саласында болды. Мұнда да Абай қазақтың көркем тіліне жаңа үлгілер ұсынды. Фразеологизмдер дегеніміз тұнып тұрған образ, ал өлең сөз – поэтикалық образдар әлемі. Сондықтан бұл қазына Абайға дейінгі қазақ көркем сөзінде де мол болатын». Бұдан да үлкен «төңкерісті» Абай қазақ өлеңінің архитектоникасында (құрылымында) жасады: мүлде тың өлшемдер мен ырғақтар әкелді, бұрын жоқ шумақ түрлерін ұсынды, шумақ пен шоғырдың құрылымын құбылтты: атақты «Сегіз аяқтан» бастап, алты тармақты шумақтан тұратын өлең – «алты аяқтардың» неше түрін, жеті, тоғыз, он төрт «аяқты» өлең құрылымын дүниеге келтірді. Бұл құрылымдар қазақ өлеңінің синтаксисіне, интонациясына жаңалықтар әкелді: қазақ өлеңі жазба поэзия статусына көтерілді; жазба поэзияға тән «өлең тасымалы», ауызекі сөйлеу интонациясы дегендерді көрсетті…
Пушкиннің поэзиясы туралы П.И.Чайковский: «Пушкиннің өлеңдеріне музыка жазып әуреленудің қажеті жоқ, оның өзі музыка», – деген екен, сол сияқты Абай өлеңдері де тұнып тұрған үн гармониясы: ол қазақ өлеңінің үнін, дыбыстық әуенін (фоникасын) құбылтып, оның құлаққа жағымды музыкалылығын күшейтті, ол үшін бұрыннан бар ассонанс, аллитерация, анафора, эпифора сияқты дыбыстық үйлесімдермен бірге, түбірлес сөздерді қатар келтіру, ішкі ұйқастарды жиірек қолдану сияқты шеберліктің де үлгісін көрсетті. Қазақ тілінің поэтикасына Абай әкелген жаңалықтар мен ол жасаған өзгерістер жалғасын тапты. Абайдың тіл өрнегі бас-аяғы жоқ тұйықталған, қайталанбас феномендік құбылыс болып қалған жоқ, қазақтың мәдени көгінде тарихи бастама болып көрініп, әрі қарай ұласқан ұлттық мәнді табыс болып шықты. Оны Шәкәрімнен бастап, бүгінгі ең жас қазақ ақынның поэтикалық дүниесі дәлелдейді».
Тарихи жыр мен жыраулардың толғауынан басталған асыл сөздің лингвоқұрылымы мен этикалық жүгін академик Р.Сыздықова соқырға таяқ ұстатқандай осы зерттеуі арқылы анықтап берген! Бұл – абайтану ғана емес, қазақ тіліндегі асыл сөздің теориясына қатысты заманауи ғылыми аналитика! Р.Сыздықованың бұл теориялық зерттеуі қазіргі әдебиет теориясындағы жанр, нарратология мен асыл сөздің ішкі имманенттік табиғатын нақтылап берген аналитикалық дискурстың үлгісі болып қала бермек. Асыл сөздің дыбыстан тұратын ырғағын, әуені мен оның ішкі табиғатын тура осылай көріп, оны түсіндіріп талдай білу тек әдеби лингвистикалық теорияның еншісінде екенін академик Р.Сыздықова бізге аманат етіп кетті. Сондықтан ғалымның бұл зерттеуі Ахмет Байтұрсынұлы бастап берген асыл сөз теориясының классикалық белесі болып қала бермек.

Айгүл ІСІМАҚОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *