ҚАЛАМГЕРДІ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ

Өмір-өзен
100 Views

Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында журналист, жазушы, Қазақстанның Құрметті журналисі Қайырғали Мүсілімұлы Медетті еске алуға арналған рухани кеш өтті. Оны республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай қысқаша сөз сөйлеп ашып, одан әрі жүргізіп отырды. Алдымен қаламгердің «Өмірімнің өзегі» атты эсселер, мақалалар және зерттеулер, «Шалқалап туған ай» деп аталған әңгімелер мен хикаят кітаптарының тұсауы кесілді.

Ақын, аудармашы, «Құрмет» орденінің, Константин Симонов атындағы Халықаралық сыйлық пен Алтын медалінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нармахан Бегалыұлы, жазушы, тарихшы, шежіреші, Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық өкілдігінің өкілі Момбек Әбдәкімұлы, жазушы, драматургтер – Захардин Қыстаубаев, Шойбек Орынбай, жазушы Сарманбай Исақ, курстастары атынан – Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Рымбек Смағұлов, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Қанапия Омарханов, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Түркістан облысындағы Төлеби ауданының Құрметті азаматы Серікқали Жексенбаев, сыныптастары атынан – Гауһар Әбдімәліков, шәкірттері атынан – «Өзге пікір» газетінің Бас редакторы Шадияр Молдабек, баспагер Жарқынбек Төлтебаев, құдағилары, құдашасы, ағасы Мәдіғали Медет, зайыбы Оразгүл Туғанбекова сөз сөйледі. Айтыскер ақын Мейіржан Жақып өзінің арнауын орындады. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университетінің бір топ студенті Қайырғали Медеттің өлеңдерін жарыса оқыды.
Сөз орайы келгенде Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің 2015 жылғы түлегі Бабыр Қайырғалиұлы Медет «Қайырғали Медет – редактор, журналист» тақырыбында диплом жұмысын қорғағанын тілге тиек ете кетейік. Бұдан бөлек бірқатар баспасөз беттерінде де Қайырғали Медет жайлы жазылған. Атап айтқанда, республикалық «Ana tili» Ұлт газетінің 2025 жылғы 13 ақпандағы №7 (1785) санында осы басылымның білім, ғылым, мәдениет бөлімінің редакторы Ақбота Мұсабекқызының «Ақиқатты жоғары қойған қаламгер еді» атты мақаласы жарық көрген. Сонымен қатар Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2025 жылғы 14 ақпандағы №13 (21675) санында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың «Шындық, еркіндік, рух жаршысы еді…» деп аталған мақаласы жарияланған.

Ә.КЕЛЕСҰЛЫ.
Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *