ЕРЛІК БІЛЕКТЕ ЕМЕС, ЖҮРЕКТЕ

Өмір-өзен
809 Views

Қазақтың таным-түсінігінде текті деген өте қасиетті, қастерлі ұғым бар. Текті ұрпақтың ұлы — базбір шет жерде жүріп қызмет етсін, туған жеріне маңдай терін төксін бәрібір атадан тараған тектілігін ертелі-кеш танытады. Адамға текті сөзі бекер таңылмайды.

Тарихта Шөмекей руының ер Дөсек атты батыр, би-бағланы болғаны белгілі. Ел алдында кесек ой айтып, әділ шешім шығарып, жетім-жесірге болысқан, ел басына күн туғанда ат үстінде жауға қарсы шапқан. Текті ердің бүгінгі күнге дейін тараған ұл-қыздары Шымқалада ұрпақ өрбітіп, өсіп-өніп келеді. Міне, сол тектілердің тұяғы Пернебай Ырзақұлұлы туралы бүгін ой-толғамымызды жеткізуге бекіндік.

Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы,

Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін,

Өлімге басын қияды.

Жақсы, жаман деместен,

Жанына жұртын жияды.., — деген сөз төркіні Пернебай Ырзақұлұлына арнап айтылғандай. Пернекең ел үшін еңбек еткен тұлға. Нағыз ер елінде еңбекпен төселсе, біздің Пернебай ағамыз Тәжікстан, Өзбекстан, кейін Қазақстанда қазақ деген затына сай атын шығарып, абыройға кенелген азамат. Ата-бабасы Сыр бойын мекендеп, тірлік кешкенмен, сонау ел басына зобалаң туған шақтары Тәжікстанға үдере көшкен. Пернебай аға 1948 жылдың 15 қарашасында

Тәжікстан Республикасы Куляб облысы, Пархар ауданында дүниеге келеді. Арғы атасы кіші жүздің Шөмекейінен, оның ішінде ер Дөсектен тараған. Әкесі Ырзақұл өмір бойы намазын қаза қылмаған аузы дуалы қария болса, анасы – Гүлжая сегіз перзент тәрбиелеп өсірген батыр ана еді. Оттың басында тұңғыш перзенті Пернебай туғаннан жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалады. Себебі ержеткен уақытта, әкесі Ырзақұл жасы алпысты алқымдап, енді ізінен ерген жеті бауырын өсіріп, жетілдіру, қарындасын қияға, інілерін ұяға орнықтыру Пернебайдың мойнына өтеді. Пернекең жігерін жанып, елі үшін туған ер екенін көрсетуді мақсат етті. Күндердің күнінде ізіне ел ертетініне кәміл сенді.

Орта мектепті аяқтаған соң тәжік елінің астанасы Душанбеге құрылысшы-инженер мамандығы бойынша техникумға оқуға түседі. Бұл кәсібі келешекте зор нәтиже берерін білсе де, жас жігіт білімнің арнасын мұнымен тоқтатпады, әрі қарай ізденді. Араға көп уақыт салмай, Мәскеу қаласында білімін жетілдіруге кетті. Сол білімі өмірлік азық болып, еліміздің мұнай мен газ саласында еңбек етуге даңғыл жол ашты.

Алдымен еңбек жолын Гисар қаласындағы ПМК-17-ге бөлімінде маман, сосын бөлім басшысы болып тағайындалған Пернебайдың алғырлығы мен іскерлігін көпшілік мойындайтын. Ісі өнімді, жүрген жерін жандандырып жүретін тәжірибелі маман 1982 жылы Өзбекстан елінің Бұхара облысы Газли қаласында орналасқан СМУ-3-ке бас инженер болып ауысып келеді. Сол кезде отбасымен Тәжікстаннан осы жерге қоныс аударған-тын. Өзбек елінде жүріп те өзекеңдерді мойындатқан қазақ жігіті 1987 жылы Бұхараға Трест «Бұхарагазпромстрой»-ға бас инженер болып көтеріледі. Көп ұзамай Мәскеудің шешімімен Пернебай Өзбекстан елінің мұнай және газ министрлігіне қарасты Орталық Азия мұнай және газ құрылысы бірлестігінің мекемесінде лауазымды жұмысқа шақырылды. Дегенмен өз жері мен елінің қадірі қымбат болғандықтан, отаныма ораламын, атамекеніме қызмет етемін деген соң, ол жақтағылар білгір, жоғары кәсіби кадрды Қазақстанға лажсыз жіберді. Дереу Шымкент қаласында орналасқан СУ-2 мекемесіне басшы ретінде келді. Бұл 1989 жылы еді. Бұл жылдары Қазақстанда мұнай-газ министрлігі Өзбекстанға бағынатын, ал білікті мамандар елде тапшы болатын. Пернекең СУ-2 мекемесінің басшылық қызметінде біраз жыл еңбек етеді. Одан кейін, еліміз аңсаған асқақ Тәуелсіздікке қол жеткізіп, қайта құру жылдары басталады. Осы кезде ол жеке кәсіпке бет бұрады. Содан соң, Қазақстанның түкпір-түкпір газ, мұнай, су құбырларын өткізді. Оқу өндіріс комбинатын ашып, талай мұнай-газ дәнекерлеуші, монтаждаушы тағы басқа бірқатар мамандарды оқытады. 1993 жылы “Югнефтигазстрой” мекемесін ашады. Сол кезде сырттан келген мамандарды елге жинау мақсатында, тағдыр талқысымен бауырлас елге қоныс аударған қандастарымыздан 20 шаңырақты елге көшіріп әкеліп, үйлі жайлы еткенін ерекше атап өту қажет. Ол отбасылар бүгінге дейін Пернекеңнің тілегін тілеп, дұға етіп, алғысын айтып отырады. Пернебай ақсақал сонау 1971 жылы Гүлсінби Берденқызымен шаңырақ көтеріп, апамыз өмір бойы медбике болып қызмет ете жүріп, бес ұл-қызын екеуі бірдей тең отырып жетілдірді. Пернекеңнің жүріп өткен дара жолында аяулы жарының қосқан үлесі көп екені ақиқат…

1995 жылы мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде ұсынылып, қатысты. Халық қалаулысы болу бұйырмағанымен, бір адамға берілген ғұмырында нағыз елінің Ері ретінде өмір сүріп кетті. 2009 жылы күзде қасиетті Меккеге аттанып, Қажы ата атанды. Пернекеңнің өз қаржысынан қажылыққа жіберген кісілері мен өз алдына оқытып, үйлендірген жас отбасылардың санынан жаңыласың. Бар ғұмырын Қазақстанның өркендеуіне, ағайын-туыстың өсіп-өнуіне, ұл-қызы мен бауырларын аяққа тұрғызуға арнаған ол үш жұртының ғана емес, шамасы жеткенше бір дүйім елдің жағдайын жасап кеткені өшпес ақиқат.

Исламда құдық қазған, жол салған, құбыр өткізген кісілердің жөні бөлек екен. Себебі ондай азаматтардың сауабы ізінен үзілмей барып тұрады екен. Қам көңілдің қайғысына дауа болған жолда шаршап-шалдыққанға сая болған Пернекең дүниеге құл болып өткен жоқ. Керісінше Ақсұңқар болып нұрын, жемісін, жеңісін жан-жағына шашып өмір сүрді. Осы жақсылықтары болды ма, әлде әкесі Ырзақұлдың дұғасы ма, Алланың қалауымен 5 перзенті де бүгінде береке мен бақыттың бағында өсіп-өніп отыр. 17 немере 1 шөбере көріп дүниеден өтті.

Қуанышбек БОТАБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *