ҚАЛДАЯҚОВҚА КӨРСЕТПЕГЕН ҚҰРМЕТТІ КІМГЕ КӨРСЕТЕМІЗ?!

Қоғам
935 Views

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К.ТОҚАЕВ мырзаға

АШЫҚ ХАТ

ҚАЛДАЯҚОВҚА КӨРСЕТПЕГЕН ҚҰРМЕТТІ КІМГЕ КӨРСЕТЕМІЗ?!

Сіздің атыңызға Ашық хат жазуымыздың себебі мына төмендегіше:

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің 2020 жылғы қаңтар айындағы пленумында өткен жылы атқарылған жұмыстарға қорытынды жасалып, алдағы міндеттер көкжиегі белгілеген болатын. Басқосуда қазыналы қариялар тарапынан өзге де аса маңызды мәселелермен бірқатарда ескіден келе жатқан Еңбекші ауданының атауын өзгерту туралы да сөз болды. Сөйтіп, ауданға Шәмші Қалдаяқов деген атау беру жөніндегі ұсыныс бірауыздан қабылданды.

Аудан, қала, облыс атауларына адам аттарын қою өмірлік тәжірибеде бар нәрсе. Мәселен, Ақмола облысындағы бұрынғы Еңбекшілдер ауданы бүгінде Біржан сал ауданы деп аталғанынан біз де хабардармыз. Сәтбаев қаласы, Жамбыл облысы да солардың санатында. Адамзаттың бірнеше ұрпағы әндерін жаттап өскен көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовқа көрсетпеген құрметті кімге көрсетеміз?! 1986 жылы 17-18 желтоқсанда Алматыдағы Орталық алаңға шыққан Азаттықты аңсаған жастардың Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқағанын қалай ұмытамыз?! Оның Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұраны авторларының бірі екенінің өзі не тұрады?!

Көреген көшбасшы, сарабдал саясаткер, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың да бұл әнге деген сүйіспеншілігі жоғары тұғын. Алайда, еліміз Тәуелсіздік алған тұста ән мәтініндегі кейбір сөздерді қазіргі өскелең заман талабына сай өзгерту қажеттігі туындады. Сөйтіп, ол бір кездері ақын Жұмекен Нәжімеденов жазған «Менің Қазақстаным» өлеңіне Нұрсұлтан Әбішұлы ішінара өзгертулер мен толықтырулар енгізді. Соның арқасында композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді. Бес күннен кейін бұл әнұран Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасын ұлықтау рәсімінде алғаш рет орындалды.

Шәмші Қалдаяқов – 300-ден астам ән жазған қазақтың аса көрнекті композиторы. Оның әндерінің басым көпшілігі халық жүрегінде, жадында жатталып қалған. «Ана туралы жыр», «Ақмаңдайлым», «Арыс жағасында», тағы басқа таңғажайып әндерін білмейтін, жатқа айтпайтын, шырқамайтын жан жоқ. Ғасырлардан-ғасырларға жаңғырып келе жатқан әсем әуезді әндер келешекте де мәңгілікке жырлана беретініне бек сенімдіміз.

Мұның үстіне Кеңес, Қызыл ту, Қызыл жұлдыз, Қызыл әскер, Еңбекші, Еңбекшілдер деген атаулар келмеске кеткен Кеңес Одағы кезінде қойылғандықтан қазіргі таңда өзінің мән-мағынасын жоғалтқан, көнерген архаизм сөздерге айналып бара жатқандықтан бүгінде қолданыстан шығып қалған мұндай атаулардан ертерек арылғанымыз жөн. Ұлы композиторды ұлықтаудың, оның есімін мәңгілікке қалдырудың бірден-бір жолы мектептер мен көшелерге ескерткіш орнатумен қатар ауданға атын беріп жатсақ, қандай ғанибет. Құдайға шүкір, Шымкентте ұлы композиторды ұлықтауға бағытталған біршама шаруа атқарылған. Есімін иеленген көшедегі бір кездері ол тұрған үйге ескерткіш мемориалдық тақта мен ескерткіш орнатылған. Шәмші гүлзарында да ұлы композитордың еңселі ескерткіші бар. Сонымен қатар филармония да ұлы композитордың есімімен аталады. Шымкентте Шәмші әндеріне арналған ретро-фестивальдар жыл сайын өткізіліп тұрады. Ал енді қазіргі өскелең заман талабына сай Шымкенттегі Еңбекші ауданының атауы өзгеріп, Шәмші Қалдаяқов ауданы деп аталып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Біздің газетіміздің жанашыр оқырмандарының бұл арман-тілегі орындалып жатса, ұлы композитордың асқақ рухы біздің бәрімізді қолдап, қуаттаған болар еді.

Егер қазақтың ұлы композиторының атын ауданға беруде қаржылық қиындықтар туындайтын болса, қазақ халқы, өнерсүйер қауым өкілдері, кәсіпкер азаматтар өз қаражаттарымен қолдап, көмектесуге дайын екенін редакциямызға жеткізіп отыр. Әрине, мұның бәрі биылғы қос-қабат мерекелер жылы жүзеге асып жатса, қанекей! ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілетін Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихи мерейтойы мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы атанып отырған шырайлы шаһарымызға ағылып келетін қадірменді қонақтардың: «Қазақ деген керемет халық екен. Өздерінің асыл ұлдарын, тамаша өнер иелерін қатты құрметтеп, қадірлеуді осылардан үйренейік!» – демесіне кім кепіл?!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Біз Сізді Қазақстанның Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шынайы сенімді серігі, ол жүзеге асырған егемен еліміздің ішкі, сыртқы саясатын белсенді түрде жүзеге асырып отырған аса ірі саяси қайраткер ретінде сыйлап, үлгі-өнеге тұтамыз. Қазақстан халқына арнаған өзіңіздің алғашқы Жолдауыңыз бен Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мақалаңыз қалың көпшіліктің көкейінен шыққан дүние іспеттес. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларындағы тілге тиек етілген жағдаяттарды тереңдете түсіп, Қазақстанды, қазақ халқын төрткүл әлемге танытуға деген талпыныс деп қабылдаймыз.

Мемлекет басшысы ретінде Сізден осындай түйткілді мәселеге оң көзқарас танытып, үшінші мегаполистегі кеңестік кезеңнен қалған Еңбекші деп аталған ауданның атауын Шәмші Қалдаяқов ауданы деп өзгертуге ықпал етуіңізді сұранамыз. Абай, Әл-Фараби аудандары бар Шымқалада Шәмші Қалдаяқов ауданы ашылып жатса, қазақ халқы кемеңгерлерінің толыққанды галереясы жасалған болар еді.

Өзіңізге деген ыстық ықыласпен, республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті редакциясының ұжымы.

Шымкент қаласы.

6 наурыз 2020 жыл.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *