ЖАСТАРДЫ ОТАНСҮЙГІШТІК РУХТА ТӘРБИЕЛЕУ – БАСТЫ ПАРЫЗЫМЫЗ

Жастар Қоғам
1 059 Views

Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге отыз жылға жуықтады. Елтаңба, Ту, Әнұран секілді Мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Егемен Қазақстанды төрткүл әлем танып, мойындай түсуде. Осы орайда жас ұрпақтың бойында Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыруға бағытталған бірқатар ізгілікті де игілікті жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы қадағалаусыздықтың, қылмыстың және өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алу жөнінде де жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осындай өткір де өзекті мәселелер жайлы позитивті тұрғыдағы ой-пікірлерді жариялауды мақсат-мұрат етіп отырмыз. Бұл жұмыс жыл бойына жалғасын таппақ. Біздің алғашқы ат басын тіреген жеріміз – Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болды. Мұнда мекеме басшысы Бауыржан Қамбарбекұлы МОЛДАБЕКОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

– Бауыржан Қамбарбекұлы, әңгімені орталықтың өткен жылы атқарған жұмыстарының қорытындысынан бастасаңыз екен.

– 2019 жылғы мәлімет бойынша қала халқының саны 1 009 086 адамға жеткен. Соның ішінде жастар саны – 264 281 адам, яғни 26,2 пайызды құрайды. Мектептерде – 199 577 оқушы, арнаулы орта оқу орындарында – 37 713, жоғары оқу орындарында – 105 282 студент білім алуда. 2010 жылы құрылған біздің орталықтың басты мақсат-міндеті – жастарды ұлтжандылық, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу болып табылады. Осы орайда қалалық Әділет департаментінде тіркелген жастардың 52 ұйымымен тығыз байланыста жұмыс істеудеміз.

Осы орайда «Салауатты өмір салтын сақтау» орталығы, «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы» мекемелерімен құрылған меморандум аясында гинеколог және психолог мамандарының қатысуымен 10 кездесу, «дөңгелек үстел» мәжілісі ұйымдастырылды. Басқосулар барысында түрлі бейне-роликтер көрсетіліп, рухани тәрбиені насихаттау, арнайы ақпараттық парақшалар таратып, гинеколог, уролог, психолог мамандарының анонимді қабылдау жұмыстары жүргізілді.

2020 жылғы кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің бір айлық көрсеткіші бойынша 15 жас – біреу, 16 жас– төртеу, 17 жас – 16, жалпы – 21 жас тіркелген.

Аутрич, NEET жастармен жұмыс бөлімі қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізеді. Кәмелетке толмаған жастар арасында 2018 жылы – 232, ал 2019 жылы – 179 қылмыстық іс тіркелген. Атап айтсақ, Абай ауданында – 48 (2018 жылы – 57), Әл-Фараби ауданында – 60 (75), Еңбекші ауданында – 44 (46), Қаратау ауданында–27 (54) қылмыстық іс тіркелген. Бұл – 2018 жылмен салыстырғанда 53 қылмысқа кеміп отыр деген сөз.

Осы орайда, Аутрич, NEET жастармен жұмыс бөлімі жастар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлерімен бірлесе отырып қала аумағындағы оқу орындарында 22 кездесу өткізді. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер мен жастар арасында заңды өкілдерінсіз түңгі уақытта жүруі бойынша 17 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес кәмелеттік жасқа толмаған жастардың түңгі 23.00-ден кейін заңды өкілдерінсіз көшеде немесе ойын-сауық орталықтарында жүруі бойынша тексеру жұмысы жүзеге асырылды. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуі, ата-аналардың қарауынсыз қалу, тәлім-тәрбие мәселелерін барынша қолға алу қажет. Сонымен қатар рейдтік іс-шара барысында кәмелетке толмаған 350-ге жуық жасөспірімдерге хаттама толтырып, ата-аналарына ескерту жасалды.

Шараның мақсаты – жастар арасында қылмыс көрсеткіштерін азайту, сонымен қатар полиция қызметкерлеріне қолдау көрсету, жастардың уақытын тиімді пайдалану көзделген болатын.Қазіргі таңда әр ай сайын кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру, әр аптада жоғары, орта арнаулы оқу орындарында және жалпы білім беру мекемелерінде қылмыс пен құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында кездесулер ұйымдастыру жоспарланған.

Бөлім мамандары қала аумағындағы төрт аудан бойынша әлеуметтік карта жасақтап, ортақ чат құрған. Мақсат – әр шағынаудан бойынша тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар саны, орын алған құқықбұзушылықтар, маскүнемдер мен жұмыссыздар, жабық топтардың нақты ақпараттарын жинақтау, келеңсіз жағдайлардың алдын алу, оқиға болғанда хабарлама қалдыру, жастар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың және күрделі мәселелерді жылдам жеткізу керек. Қайнарбұлақ, Жұлдыз, Сегізінші, Самал, Спорт, Қайтпас-1 шағынаудандары, Студенттік қалашығы және Қошқарата аумағында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда қалада 69 учаскелік пункт бар. Атап айтқанда, Абай ауданында – 17, Әл-Фараби ауданында – 17, Еңбекші ауданында – 20, Қаратау ауданында – 15 пунктке бөлініп, осыған байланысты әр учаскеге жеке-жеке чат құрылған.

Бүгінде орталыққа қарасты 10 үйірме жұмыс жасауда. Атап айтар болсақ, «Stand UP» әзіл үйірмесі; «Sulu Models» модельдік агенттігі; Кітап алмасу клубы; Актерлік шеберлік; «Бала асырап алушылар» мектебі тренинг сабақтары; Ағылшын тілі; Заманауи би; Хореография (Шығыс, эстрадалық); «Ынтымақ» ансамблі. 14-29 жас аралығындағы жастарға арналған үйірмелерге ағымдағы жылы 20 мыңға жуық жас қамтылған. Қоғаммен байланыс және ақпараттық талдау бөлімі талантты жастарды қолдау шараларымен шұғылданады. Олардың арасында қалалық жастар мәслихатының төрағасы Асхат Нұрлыбаев, хатшысы Жазира Рахымжан, блогер, қалалық жастар мәслихатының депутаты Зарина Нұржанова, «Алтын қайшы» дизайнерлер байқауының жеңімпазы Гаухар Төлбасы, «Шымкент-цирктің» әртісі, акробат, әуе гимнастшысы Мәдина Қалилаева, бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы Сұлтан Зауырбек, «Сен айта бер» StandUp қозғалысының жетекшісі Раиль Тухватуллин, Шымкент қаласындағы ерікті (волонтер) жастардың жетекшісі Қуандық Жанысбаев, «Жайдарман» Көңілді Тапқырлар Клубының мүшесі Нұрым Досбол, «Көксәйек» балалар интернатының түлегі Салих Хамитович, тағы басқалар бар.

– Мұның бәрі жақсы ғой. Ал енді егемен еліміздің Мемлекеттік рәміздерін жастар арасында қалай дәріптеп жүргендеріңізді білуге бола ма?

– Қала жастары 4 маусым – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздер күніне орай жыл сайын арнайы іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Шымкентте ерекше флеш-моб өтті. «Мемлекеттік рәміздер» алаңынан бастау алған шараға 120 студент қалысты. Қаладағы күре жолдардың бірімен жүріп бара жатып жастар тек жаяу жүргіншілерге ғана емес, қоғамдық көліктегі жолаушыларға да жалаушалар мен егемен еліміздің мемлекеттік рәміздері жайлы ақпараттық буклеттер таратты. Шара барысында жастар Шымкенттің Орталық саябағына келіп, аға ұрпаққа қосылып еліміздің Мемлекеттік әнұранын шырқады.

Тұңғыш Президент күніне орай Шымкент қаласында «Менің Туым, менің Отаным!» патриоттық акциясы ұйымдастырылды. Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігімізді айғақтайтын басты нышан. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы ғимаратында өткен патриоттық акциясына жоғары оқу орындарының студенттері, қаланың белсенді жастары қатысып, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – баршаға ортақ парыз екені жөнінде сөз етті. Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының бастауымен қолға алынған салтанатты шарада отаншылдыққа шақыратын әндер шырқалып, көк тудың мән-маңызын түсіндіретін келелі ойлар айтылды.

Мемлекеттік рәміздер күні қаланың барлық аудандарындағы аймақтарда лайықты атап өтілді. Шымкенттегі «Ордабасы» алаңына жиналған көпшілік патриоттық рухты көтеретін шараны флеш-мобпен бастады. 200-дей жас буын өкілдері би биледі. Бұдан соң сап түзеген сарбаздар ұзындығы 16, ені сегіз метр болатын туды баспалдақпен жоғары көтерді. Рәміздер алаңындағы биіктігі елу метрлік тұғырда ең үлкен ту желбіреп, мерекелік шара Тәуелсіздік саябағында жалғасты. Тәуелсіз елдің басты нышандарын ұлықтауға арналған жиынды тамашалауға келгендердің қатары көп болды.

– Сөз соңында орталықтың биылғы іс-шаралар жоспары жайлы айтып өтсеңіз.

– Аутрич, NEET жас отбасылармен жұмыс бөлімі әдеттегідей қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын атқара беретін болады. 2020 жыл басынан бері «NEET жастарды әлеуметтендіру» жобасы аясында жасөспірімдер мен кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 50 рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Түсіндірме жұмыстары жалғасын табатын болады. Шалғай орналасқан шағынаудандарда жастарға шахмат, кіші футбол ойындарынан 50 турнир, қаладағы ірі және ұсақ сауда орындары (базарлар), көлік жуу орындары, тағы басқа «ыстық» нүктелерде NEET санатына жататын жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында 50 акция жұмысы ұйымдастырылуда.

Психологиялық көмек және күйзелістің алдын алу бөлімі салауатты өмір салтын қалыптастыру жолында жұмыс істейді. Қазіргі таңға дейін денсаулық сақтау мекемелерімен бірлесе жастар мен жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу мақсатында 10 семинар-тренинг, жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында бес кездесу ұйымдастырылды. Психолог мамандарының жеке қабылдауына 12 жас келіп қатысты. Алдағы уақытта қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындары, жалпы білім беру мекемелерінде жоғарыда аталған тақырыптар бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар жастар мен жасөспірімдер арасында топта және топпен тиімді жұмыс жүргізу, өз-өзіне сенімділік қабілеттерін арттыру, психодиагностика бағыттарында саябақтарда түрлі жаттығулар мен акциялар ұйымдастыру жоспарлануда.

Жастарды қолдау және жастар ұйымымен жұмыс бөлімі мәдени, патриоттық сананы қалыптастыруға атсалысатын болады. ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілетін Шымкент қаласының 2200 жылдық мерейтойы, Шымкенттің – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы мәртебесін иеленуіне байланысты, сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларына арналған іс-шараларға белсене атсалысатын боламыз. Арнайы жоспарға сәйкес «Поэзия мінбері» іс-шарасы ұйымдастырылатын болады. Іс-шараның мақсаты – мәдениет және ақындық өнерге жақын жастарға қолдау көрсету. Ақын-жазушыларымыздың шығармаларын оқу арқылы ұлыларды еске алу. Ұрпақтар сабақтастығы аясында еліміздің дамуына елеулі үлес қосып, ерен еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, танымал азаматтармен кездесулер ұйымдастыру жоспарланған. Мақсат – өскелең ұрпаққа аға буын өкілдерінің жеткен жетістіктерімен тәжірибелерімен алмасып, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану болып табылады. Айрықша атап өтерлік жайттардың бірі 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш!» тақырыбында арнайы акция ұйымдастырылатын болады. Шымкент қаласының тұрғындарына 500 жалауша тарату іс-шарасының мақсаты – жастардың бойындағы патриоттық сезімді ояту болып табылады.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан

Әбдісаттар ӘЛІП.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *