Биыл «Қазақ поэзиясының ханшайымы» атанған ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың дүниеге келгеніне 80 жыл толғалы отыр. Осыған орай Шымкенттегі қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Қанатты жырдың қарлығашы» атты мүшәйра өткізілді. Оған жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерімен бірге мектеп оқушылары да қатысты. Мүшәйрада бағын сынап көрген 22 үміткер өздерін таныстыру, ақын өлеңімен қоса-қабат арнау өлеңдерін оқыды. Өнер сайысына ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қабылбек Төретайұлы, ақын, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі Әбдісаттар Әліп, Шымкент қалалық ОККЖ-нің директоры Гүлсім Әлкебайқызы Шатырбекова мен оның орынбасары Гүлнар Қамбарбекқызы Ендібаева қазылық етті.
Фариза! Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақынардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз, – деп мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, бүгінде ақын Фариза Оңғарсынованың шығармаларын іздеп жүріп оқитын жастардың қатары көбеюде.
Мүшәйраның қорытындысы бойынша ақынның «Мұқағали Мақатаев туралы жыры» мен өзінің арнау өлеңін мәнерлеп оқыған Шымкент политехникалық колледжінің ІІ курс студенті Аманғали Керімбеков бірінші орынды (картина) иеленді. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің І курс студенті Арайлым Дәнеш пен ақынның «Өлген ойлар» өлеңін оқыған Шымкент университетінің І курс студенті Арайлым Есболай екінші орынды (қабырға сағаты) еншіледі. Ақынның «Жетімхана» өлеңін оқыған Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет және дизайн колледждің ІІІ курс студенті Аяжан Махамбет, Шымкент көпсалалы колледжінің студенті Ақжарқын Ергеш, ақынның «Мен Сізді ұнатамын» өлеңін оқыған Шымкент қалалық оқу-өндірістік комбинатына қарасты Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығы «Жас қаламгер» клубының мүшесі Гүлжан Тәженованың үлесіне үшінші орын (кіші қабырға сағаты) тиді. №62 жалпы орта мектебінің оқушысы Бибінұр Бимұратова «Көрермендер көзайымы» жүлдесін иеленді.
Жыр сайысы жайлы өзінің ойын ортаға салған ақын Қабылбек Төретайұлы:
– Ақын Фариза Оңғарсынова Қазақстан жастар сыйлығын иеленген кезде күншуақты Оңтүстікке арнайы шақырып, облысымыздың бірқатар аудан-қалаларын аралатқанбыз. Ол туралы өлең де жазғанмын. Жалпы, ақын болу үшін көп оқу мен іздену қажет. Адамның бойында бір пайыз талант болса, қалған 99 пайызы еңбектен тұрады. Сол себепті қаламгер болам деген жастардың жалықпағаны жөн.
Енді мүшәйра жайлы айтатын болсақ, оған қатысушылардың бәрінің деңгейі бірдей деп айта алмаймыз. Мәселен, жыр жарысына қатысушылардың тең жартысына жуығы өлеңдерін қағазға қарап оқыды. Әрі кетсе оншақты шумақ өлеңді ерінбей жаттап алуға болады ғой. Тіпті, қағазға қарап та кібіртіктенгендері кезікті. Арасында дауыстары бәсеңі де болды. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің IV курс студенті Мағжан Тайыр байқаудың үш бөлімінде де қолына қағаз ұстап шықты. Кешегі «Мен жастарға сенемін!» деп жырлайтын от-жалынды Жұмабаевтың аттасы үшін бұл іс-әрекет тым ұят болды. Абай атындағы №12 жалпы орта мектебінің тоғызыншы сынып оқушысы Әйгерім Шағайдулла бейнебір құдалықта отырғандай, өзінің жеті атасын түгендеп кетті. Сонда жауапты сынға дайындықсыз келгендердің осындай тірлігін қалай бағалауға болады деген сауал туындайды? Әрине, мұндай кемшіліктер алдағы өнер байқауларында қайталанбаса екен деп үміттенеміз, – деді.
Нәзира СЕЙІТЖАНОВА,
Абай атындағы қалалық орталық кітапхананың кітапханашысы.
Шымкент қаласы.