Ұлт ұстаздарынан қалған ұлағатты сөздерге көз тіксек: кішкентай адамға деген үлкен құрмет мектеп табалдырығын аттаған күннен басталуы керек екен. Иә, айтса айтқандай алғашқы күннен бастап алған әсері оның барлық кейінгі өміріне сара жол салып, өшпестей із қалдыратын көрінеді.
Білім теңізін кешіп, үлкен ізденіспен, қиялдың қанатына мініп, білуге деген құштарлығы мен қызығушылығын ояту, ынта-ықыласын жүйелеу, талап пен талғам таразысын дұрыс қалыптастыру мектеп мұғалімдерінің басты міндеті болып қала береді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бір де бір бала оқылмай қалмауын қадағалау, мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарын жақсарту және салауатты өмір салтын қалыптастыру міндетін алға қойып отыру заңды. Бұл ел келешегіне деген алаңдаушылықтан, түптеп келгенде мемлекет пен ұлт болашағына деген қамқорлықтан туып отыр десек, ал ертең кештік етуі мүмкін. Сондықтан әрбір мәселені дер кезінде шешіп қойған абзал дертті дер кезінде жазып, аурудың алдын алған жөн, аға ұрпақ артындағы ізбасарларына айрықша көңіл бөлуі қажет. Әрбір ата-ана баласына, ұстаз-шәкіртіне, аға-ініге, әпкесі-сіңлісіне, әрбір азамат қиындықта ақылшы бола білсе, жас мемлекетіміздің тез оңалатыны сөзсіз.
Мектептегі саналы тәрбие мен сапалы білім берудің сан қырлы жолдары бар. Ашылмаған сырлары одан да көп. Әрине, оның бәрінің негізі бір түйінге келіп түседі. Жас ұрпақтың сауатын ашып қана қоймай, білімі мен білігін, қабілеті мен қорымын, таланты мен талғамын ұштау керек, оны одан әрі қарай дамытудың ең кейінгі жолдарын қарастыру болып табылады. Осы тұрғыдан алып қарағанда мектепте өткізілетін пән апталықтарының маңызы ерекше, мәні зор екені тәжірибе жүзінде оң баға алып келеді. Ендеше пән апталықтарының өткізілуі мен ұйымдастырылуына зер салып көрейік.
Пән апталықтары бүкіл оқу жылы бойынша жоспарланып, белгілі тәртіппен рет-ретімен орналастырылады. Әрбір пәнге екі апта уақыт бөлінгені жөн. Бірінші апта дайындық кезеңінен құралса, ел келесі аптада іс-шаралар ұйымдастырылып жүзеге асады. Дәстүрлі емес ашық сабақ, жарыс, сайыс, КТК т.б. сабақтардың ең таңдаулы үлгілері көрсетіліп, басқа пән мұғалімдерінің қатысуымен өткізіледі. Әрине пән апталықтарына дайындық жұмыстары мен оны өткізу кезеңдерінде мектептегі процестерге кері ықпал болмауын қадағалаған жөн. Өткізілетін пән апталығын ұйымдастыру кезеңінде оқушыларды басқа пәндерден оқшаулап, бөліп-жарып, сабақ кестесіндегі пәндерді ығыстырып, жалпы оқу процесінің ритмі бұзылмауы тиіс. Бұл оқушылардың сабақ үлгерімі мен ұстаздардың жұмыс стилін бір қалыпта ұстау деген сөз.
Пән апталықтарын ұйымдастыру мен өткізудің маңызы өте зор. Біріншіден: мұғалімдердің шеберлігі шыңдалады, жауапкершілігі артады, жаңа ізденістерге бой ұрады, өзін-өзі қадағалайды, еңбек жемісін өзгеге көрсетуге мүмкіндік туады, іс-тәжірибе жинақтайды, көрнекі құралдардың саны арта түседі, сабақтың түрлерін өткізуге дағдыланады.
Екіншіден: оқушылардың пәнге деген құштарлығы мен қызығушылығы артады, оларды жаңа талпыныстарға баулиды, өз беттерінше ізденіп оқып үйренуге жетелейді, ынта-ықыласын арттырады, білуге, өнеге алуға тәрбиелейді. Қорыта айтқанда, пән апталықтары оқушы үшін сапалы білім алудың негізін қаласа, ұстаз үшін үлкен сынақ болады, әрі өз еңбектерінің жемісін көруге және шығармашылықпен жұмыс істеуге итермелейді. Демек, оқу жылы бойынша ұйымдастырып тұратын пән апталықтарына оқушы да, ұстаз да көп-көп нәрсе үйренеді. Олардың рухани байлығы арта түседі.
Шакризада ШАЛАБАЕВА,
№80 мектеп-лицей.