ФАЙЗУЛЛА ҒАЛЫМЖАНОВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ
Халқымыздың өткен тарихына көз жіберсек ұлттық мемлекетті қалыптастыруда Алаш зиялыларының орны ерекше. Олар еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіптарихта өшпес із қалдырды. Кеңестік қуғын-сүргіннің құрбаны болған, жазықсыз жазаланған тұғырлы тұлғаларды танып білу, олардың ауыр тағдырлары мен қоғамдыққызметін қайта қарап, зерделеу және халық арасында насихаттау бүгінгі ұрпақтың борышы.
Ағартушылық, мәдени салалардағы еңбектері мен көзқарастары үшін қуғын-сүргінге ұшыраған қоғам қайраткерлерінің құжаттары архив қорларынан табылып, қайта зерделенуде. Солардың бірі — Алаш ардақтысы, Ғалымжанов Файзулла Ғалымжанұлы.
Ғалымжанов Файзулла 1891 жылы Ақмола губерниясы, Көкшетау уезі, Ақсары болысында (қазіргі Еңбекшілдер ауданы, Қоғам ауылы, Бурабай маңында) ауқатты отбасында дүниеге келген. 1906 жылы ауыл мектебіне барды.
Файзулла Ғалымжанұлы ауыл мектебін бітіріп, Троицк қаласындағы екі жылдықорыс-қырғыз мектебіне түседі. Троицкіде оқыған жылдары Файзулланың ата-анасы қайтыс болады. Мектепте оқудың толық курсын аяқтайды.
1912 жылы Файзулла ағартушы Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған Орынбор орыс-қырғыз төрт жылдық мұғалімдер мектебіне түседі. Бұл мектепте 1895 жылы АхметБайтұрсынов оқыған.
Орынбордағы оқу жылдары – Ф.Ғалымжановтың саяси тұрғыдан белсенді даму кезеңі болды. Мұнда білімді, ұлтжанды қазақ жастарының арасында жас Файзулланың дүниетанымы қалыптасты. Оған әсер еткен Ресейдегі 1905 жылғы төңкерістің ықпалы және Алаш қозғалысының қалыптасуындағы қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі болды.
1913 жылы Орынбор қаласында А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов және М.Дулатовпен бірге Ф.Ғалымжанов «Қазақ» газетін шығара бастады. Газеттің алғашқы санында басылымның басты мақсаты айқындалған болатын. Онда: «Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін бар күш-қуатымыз бен қажырлығымызды таныта отырып, ағартушылық пен ортақ мәдениетке ұмтылуымыз керек, ол үшін ең алдымен, бәрінен де туған тіліміздегі әдебиетті дамытуымыз қажет» — деп санады.
Газетте өзекті тақырыптардағы мақалалардан бөлек А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов және басқа да авторлардың өлеңдері, әңгімелері, повестері, аңыз-әңгімелері жарияланады. Бұл газет расында да бүкіл қазақ даласына, Орта Азияға, Ресей мен Түркияға тез танымал болды. Жастар авторлардың шығармаларымен танысып, үйірмелерге біріге бастады.
Әсіресе, Орынборда Нәзір Төреқұлов басқарған «Еркін дала» үйірмесі танымал болды. Газет жанынан Мәскеу, Санкт-Петербург, Варшава, Ыстамбұл, Париж, Берлин университеттерінде оқитын қазақ студенттеріне көмек көрсету қоры құрылды.
Міне, осы жылдары Ахмет Байтұрсынов ана тілінен бөлек орыс және татар тілдерін жетік меңгерген ұстаздық мектептің оқушысы Ғалымжанов Файзуллаға назар аударып, алғашында газет жұмысына курьер ретінде тартылса, кейін корректор және баспахана директорының көмекшісі, баспа редакторы қызметтерін атқарған.
Бірінші дүниежүзілік соғыс қазақ жастарының саяси дамуына жаңа леп берді. Орынбор зиялылары мемлекетті қолдау қозғалысының бастамашысы болды. Қызыл крест қоғамының қорына көмектер жинала бастады, қайырымдылық қойылымдары өткізілді, майданға қосымша аттар мен киіз үйлер жөнелтілді, жиналған ақшаға емханалар ашылды. «Қазақ» газеті биліктің зорлық-зомбылық әрекеттеріне жол бермеу үшін халықты тыл жұмыстарына жұмылдыруға қарсы шықпауға шақырды. Қазақтар орналасқан аймақтардағы әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша қажырлы жұмыс жүргізді. Осы кезеңде Файзулла Ғалымжанов Минскіде қызмет етті.
1917 жылы мамырда Минскіден оралған соң Ф.Ғалымжанұлы Орынбордың қоғамдық-саяси жұмысына белсене кіріседі. Ол Торғай облыстық атқару комитеті жұмысшы, шаруа, қырғыз және солдат депутаттары Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалады.
Осы кезеңде Қытайдан оралған Жетісулық босқындардың ауыр халі туралы елдің оңтүстігінен үрейлі хабар тарай бастайды. Осыған орай 1917 жылдың 14 желтоқсанында «Бірлік туы» газетінің №17 санында Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Ахмет Бірімжанов, Жанұзақ Жәнібеков, Елдос Ғұмаров, Файзулла Ғалымжанов, Ғұмар Мәмбетов, Бірмұхамет Сейсекенов, Есен Тұрмұхамедов, Хамит Жандосбаев, Шәкіржан Шәріпов, яғни 12 адам қол қойған «Жетісудағы босқын қазақ-қырғыздарына ақшалай көмек көрсетуге шақырған қазақ зиялыларының» хаты жарияланады. Хатта: «Босқын қазақ-қырғыздардың жәрдемге қандай мұқтаж екендігі өзгеден бұрын зиялыларға белгілі. Жалпы жұрт қолдан келгенін аямас, жұртқа басшылық ету үшін, кім босқын қазақ-қырғыздарға жәрдемдесуді күшейту үшін мақұл көрсеңіздер мынадай жол айтқымыз келеді. Мал бағып, тіршілік еткен қара шаруадан басқа оқыған зиялылар аз емес, бұлардың бәрі айлап белгілі жалақы алады. Мысалы, қазіргі толып жатқан үлкенді-кішілі комитет, яки управа зиялылары, комиссарлар, милиция бастықтары, чиновниктер, учительдер, мұғалімдер, қажылар, моллалар, газетшілер, инструкторлар, приказчиктер, конторшылар, судиялар, адвокаттар (және) т.б.
Мұны бүкіл қазақ зиялылары болып, айына алатын жалақыларының 5 процентін шығын сомына 5 тиыннан босқын қырғыз-қазақтар пайдасына беріп отыратын болсақ, көп ақша жиналар деп ойлаймыз. «Берушіге бесеу көп» деген мақал болса да, 5 тиын аз болмаса керек. Осы хатқа қол қойғандар ноябрь айынан бастап, жалақымыздың 5 процентін «Қазақ» басқармасына тапсырып отырамыз» деп жазған. Осылайша Жетісулық босқындарға материалдық көмек көрсету бойынша «Қазақ» газеті қаржы жинай бастайды.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Ф.Ғалымжанов Торғай облыстық Кеңестерінің І съезінде облыстық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады.
1918 жылдың маусым айында атаман Дутовтың Орынборға шабуылы кезінде Торғай облыстық атқару комитеті Орынбордан көшірілді. Бұл ретте Әлихан Бөкейханов пен Облыстық атқару комитетінің қызметкерлерінен Файзулла Ғалымжанов бастаған бірнеше адам қалада қалды.
Файзулла Ғалымжанов 1918 жылдың аяғында жаңадан құрылған екінші қырғыз атты әскер полкінің қазынашысы болып қызметке кірді, бірақ 2 айдан кейін Қостанайда уездік земство кеңесіне жұмысқа ауысады. 1919 жылдың көктемінде Троицк станциясында елге бара жатқан тұста генерал Зұлқарнайын Дашков айыпсыз, сотсыз, тергеусіз тұтқынға алып, түрмеде 89 күн отырады.
1920 жылы жазда Кеңестердің бірінші уездік съезінде Ғалымжанов Файзулла Көкшетау уездік атқару комитетіне мүше болып сайланды. Сол жылы Бүкілқазақ Кеңестерінің І съезіне Көкшетау округінен делегат болып жіберіліп, КазЦИК (орталық сайлау комитеті) мүшесі болып сайланады. Содан Орынбордағы ұстаздық-педагогикалық қызметін қайта жалғастырады.
Осы кезде Халық ағарту ісіндегі басты қиындықтар оқулықтар мен мұғалімдердің жетіспеушілігі еді. Халыққа білім-беру мәселесі қазақ зиялыларының басты назарында болды.
1918 жылдан бастап ашылған педагогикалық курстар (Павлодар, Семей, Ақмола және Ташкент қалаларында) училище болып жұмыстарын жалғастырады. 1920 жылдың қазан айынан бастап Ташкенттегі училище Қазақ ағарту институты (Казинпрос) болып аталады.
1920 жылы 2 желтоқсанда Орынборда Қазақ орталық атқару комитетінің төрағасы С.Меңдешевтің жетекшілігімен болған жиналыста жаңадан құрылған Қазақ АССР Мемлекеттік баспасына қазақтарды ана тіліндегі оқулықтармен, әдебиеттермен қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Редакциялық алқа құрамына А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, С.Сәдуақасов, Х.Болғанбаев, Ж.Аймауытов енді.
Редакцияның алғашқы басылымдарына Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағын, Ахмет Байтұрсынұлының мысал әңгімелерін шығаруға ұсыныс жасалды.
Біраз ұйымдастыру жұмыстарынан кейін редакция қазақ мектебіндегі кітап тапшылығын жоюдың жоспарын жасауға кірісті. Редакциялық алқаны Ахмет Байтұрсынов басқарды. Халық Ағарту Комиссариаты мен Мемлекеттік баспаның редакциясы 1921 жылғы 31 қаңтарда біріккен мәжіліс өткізіп, №2 хаттамасы бойынша бұл жиынға Елдес Омаров, Хайреддин Болғанбаев, Смағұл Сәдуақасов, Файзулла Ғалымжанов, Би-Ахмед Сәрсенов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Әлихан Бөкейханов, Сабыр Айтхожин және т.б. қатысты. Мәжілісте физика пәні бойынша оқулық жасау Файзулла Ғалымжановқа, география – Әлихан Бөкейхановқа, педагогика – Мағжан Жұмабаевқа т.б. тапсырылды.
Осылайша халық ағарту ісіндегі табыстар ұлттық интеллигенцияның қажырлы еңбегінің нәтижесінде қол жеткізілді.
1922 жылы Файзулла Ғалымжанов Ташкент қаласындағы «Казинпросқа» жұмысқа орналасады.
Ташкентте шоғырланған зиялылардың арасында еңбек ету Ф.Ғалымжановтың өміріне біршама тыныштық орнатты. Ташкентке келгеннен соң бір жылдан кейін Құралай есімді он жеті жасар жергілікті қазақ қызына үйленеді. Көп ұзамай бірінен соң бірі екі перзент – Едіге мен Сара дүниеге келеді.
Жас отбасына туыстары қонаққа келіп, бірге тұрып, үй шаруашылығына көмектесті. Туыстары курстарда немесе Қазинпроста оқып білім алды. Солардың қатарында Құралайдың туған әпкесі – Шарапат, немере сіңлісі Жамал (болашақтағы халық әртісі Омарова) бар еді.
Файзулланың отбасында Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин сынды зиялылар қонақта болып, жақсы араласып тұрған.
Файзулла Ғалымжанов ұстаздық қызметпен қатар аударма ісімен де айналысты. Техникалық пәндер бойынша оқулықтар жазып, саяси әдебиеттерді қазақ тіліне аударды. Мысалы, 1924 жылы Ташкент қаласындағы Түркістан мемлекеттік баспасынан профессор А.Гейгидің ағылшын тілінде жазылған «Геология» еңбегін М.А.Антоновичтің орыс тіліндегі аудармасынан қазақ тіліне аударып, жариялады. 1937 жылы Алматы қаласынан БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің партиялық баспасынан «И.Сталиннің «Ленинизм мәселелері» еңбегін аудару үшін қазақша-орысша және орысша-қазақша терминологиялық сөздігін» құрастырып, шығарды.
Мұрағаттық құжаттарда Ф.Ғалымжановтың қазақ ауыз әдебиетін орыс тіліне аударумен айналысқанын, кейін драматургтермен, театр қайраткерлерімен бірлесіп жұмыс істегенін, либретто мен басқа да материалдарды орыс тілінен қазақ тіліне және керісінше аударғандығы белгілі. 1925 жылы Мәскеудегі Әдебиет институты жанындағы аудармашылардың қысқа курсын оқиды.
1926 жылы Түркістан Мемлекеттік университеті өндірістік практиканы өткізу үшін Сарыағаштағы Қапланбекте мал дәрігерлік техникумы ұйымдастырды, осы жаққа мұғалім етіп Файзулла Ғалымжанов жіберілді.
Ф.Ғалымжановтың отбасы Қапланбекте тағы екі баламен толықты: 1931 жылы туған Гүлзада және 1933 жылы туған Ескендір.
Жаңадан құрылған білім ордасы қиыншылықтарға қарамастан оқу процесін жолға қойып, студенттердің білім алуына жағдай жасады.
Қазақстанды 1925-1933 жылдары басқарған Ф.И.Голощекиннің сұрқия саясаты қазақ зиялыларына, соның ішінде Ф.Ғалымжановтың да тағдырына әсер етті.
1934 жылы Халық Ағарту комиссариатының шақыруымен Файзулла Ғалымжанов Алматыға келіп, Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі кафедрасына доцент болып жұмысқа орналасады, яғни педагогтік қызметпен айналысады. 1919 жылы Ф.Ғалымжанов «қандай жұмысты ұнатасыз?» деген сауалнамаға жауап бергенде – «мұғалім-педагог» деп көрсеткен екен.
Алматыда Ф.Ғалымжановтың отбасына тағы екі перзент 1935 жылы Болат және 1937 жылы Роза дүниеге келеді.
1937 жыл – қазақ зиялыларының басына қаратүнек төнген қатерлі жылдар еді. 1937 жылдың 8 желтоқсанында ұлт ұстазы, көрнекті қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынов атылған күннің ертесіне, яғни 1937 жылдың 9 желтоқсанына қараған түні НКВД (Ішкі Істер Халық Комиссариаты) өкілдері Алматы қаласы, Пролетарская көшесі 12 үйдегі мекен-жайына келіп, Ф.Ғалымжановты тұтқындап әкетеді. НКВД жендеттері Ф.Ғалымжановты тұтқындауға келген кезде отбасыдағы алты баланың кенжесі Роза он айлық нәресте болатын, Болат – 2 жаста, Ескендір – 4 жаста, Гүлзада – 6 жаста, Сара – 11 жаста, Едіге – 13 жаста еді.
Ф.Ғалымжанов 1918-1919 жылдары «Алаш Орданың жазалаушы отрядына қатысты» және «Ташкент пен Алматы қалаларындағы оқу орындарында ұлтшылдық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді» деп айыпталды. Содан келесі күні, яғни 1937 жылдың 10 желтоқсанында Алматы облысы Ішкі Істер Халық Комиссариаты Басқармасының үштік отырысында Файзулла Ғалымжанұлы Ғалымжановты РКФСР Қылмыстық Кодексінің 58 статьясының 10 тармағы бойынша еңбекпен түзету лагеріне 10 жылға бас бостандығынан айырады.
1938 жылдың 28 қаңтарында Ф.Ғалымжанов Рыбинск станциясынан Ішкі Істер Халық Комиссариаты Волголагқа жіберілгендігі және 20 ақпанда Алматы қаласынан Ресейдегі Ярославль облысының Шекснинск ауданына қарасты Волголаг лагеріне келгендігі жөнінде мұрағаттық құжаттар бар. Содан Шекснинск, Мологск аудандарында жазасын өтеп, Углич гидроузелі құрылысына қатысады.
Ф.Ғалымжановтың жары, алты баланың анасы Құралай қудалаудан және балаларының жетім қалуынан сақтану үшін Алматы қаласынан көп қиыншылықтармен Ташкент қаласына жетіп, туыстарын паналайды.
Ташкентке келген соң ғана Файзулла Ғалымжановтың «үштіктің» шешімі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылып, РСФСР Ярославл облысындағы Углич қаласында өтеп жүргенін біледі.
1942 жылдың мамыр айында соңғы хат келеді. Он сегіз жастағы үлкен ұлы Едіге нағашы әпкесі Шарапаттың көзінше хатты іштей оқиды да, еріксіз жылап, хатты жыртып тастайды. Едіге дәл осы кезде соғысқа шақырылған еді. Ол хатта не жазылғаны белгісіз, ауыр хабарды арқалаған Едіге соғысқа аттанып, Сталинград түбіндегі шайқаста қаза болады. Кейінірек отбасының пайымдауы бойынша ол хатта әкесінің қайтыс болғандығы жөнінде хабардың келгенін және басқалардың қайғырмас үшін суық хабарды өзімен арқалаған Едігенің әрекеті деп түсінеді.
Файзулла Ғалымжанов 1942 жылы 14 наурызда түрменің №2 орталық ауруханасына ауыр халмен түседі.
Ресей Федерациясы Ішкі Істер Басқармасы министрлігінің Ярославл облысы бойынша 2016 жылдың 31 мамырында берілген архивтік анықтамада Ф.Ғ.Ғалымжанов 1942 жылдың 19 сәуірінде авитаминоз салдарынан жүрек талмасынан көз жұмды деп көрсетеді.
Архивтік құжаттар 1958 жылғы 26 ақпандағы Алматы облыстық соттың берген анықтамасында Файзулла Ғалымжанұлы Ғалымжановтың 1937 жылдың 10 желтоқсанындағы УНКВД үштігінің шешімін дәлелсіз деп ұйғарып, 1957 жылы 27 шілдеде ақталғандығы жайлы хабарлайды.
Файзулланың туған ағасы Ғалиулла Ғалымжановта 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы Алматы маңында атылған.
Сталиндік репрессияның қанды шеңгеліне түсіп, қуғын-сүргін көрген ұлт зиялысы, педагог, алаш ардақтысы – Файзулла Ғалымжановтың игі істері мен ғылыми мұраларын зерттеу және оны насихаттау ұрпақтар алдында парыз деп есептейміз.
Б. Қ. ИСАБЕК,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор м.а., Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор
Г. Ж. ОРЫНБАСАРОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті «Әлем тарихыжәне дінтану» кафедрасының меңгерушісі