АҚ ТУЛЫ СІРГЕЛІ ЖАБАЙ БАТЫР

Таным
2 892 Views

(Соңы. Басы өткен санда).

Н. Әубәкіров пен С. Бексейітов деген авторлар «Әйтеке би Байбекұлы – әділ сөздің алдаспаны» деген еңбектерінде «Әйтеке қасына Сіргелі батыры Қазыбекұлы Жабайды, Байбақты батыры Шоланды ілестіріп Әлі сұлтанға барады…» – деп Сіргелі Жабай бабамыз туралы айтып өтеді. Тарихи деректерге сүйенсек, Әйтеке билікті мақал-нақылмен мәнерлеп айтатын, дауды әділ шешіп кесек-кесек сөйлейтін өте әділетті, білгір би болған. Сондықтан да ол аға би атанып, Кіші жүз елін ұзақ жылдар басқарған. Тәуке ханның Төле би, Қазыбек би сияқты кеңесші бас билерінің бірі, «Жеті жарғы» заңын жасасқан атақты тұлға. Әйтеке дана би ғана емес, ұлттық мақтанышымыз, қазақтың жүз жылда біртуар арысы, артына өшпес із қалдырған адал перзенті. Өз халқына, ел-жұртына адал еңбек еткен, оның іргелі ел болуын жатпай-тұрмай ойлаған мұндай тұлғалар арғы-бергі тарихымызда өте аз. Әйтеке сонысымен де ұлы адам. Оның есімі қазақ даласының көгінде желбіреп тұрған аспан түсті туымыздай, әр қазаққа қымбат, әр адамға қасиетті есім. Сондай-ақ, Әйтеке бидің ғұмырнамасын кеңінен зерттеп кеткен тарихшы-жазушы Мұқадес Есләмғалиұлы да «Әйтеке би» тарихи-философиялық кітабында Сіргелі Жабай атамыз туралы да айтып өтеді. Онда Әйтеке би мен Мүсірәлі қожа әңгімесінде:

«… – Сен Сіргелі Қазыбектің Жабайын танушы ма ең?

– Тоқсаба (жасақ басы деген мағынада) Жабай ма? Өткен жылы Мәртөбеде алыстан көргенім бар. Тілдеспеген адамым.

– Мынау – кәміл сол. Атқа отырысы – соныкі.

– Тоқсаба ғана емес, өзінің арқасы мен көріпкелдігі бар деген не сөз?

– Жұрт солай десе, құр жаяу болмағаны да. Ал қалың жау ішінен өз жасағын талай аман алып шыққанын аңыз етіп айтып жүргендерді өз құлағыммен естігем… (Мұқадес Есләмғалиұлы. «Әйтеке би». Алматы. «Жазушы» баспасы, 2007 жыл, 40-бет).


Сіргелі Жабай батырды зерттеген тұңғыш зерттеуші,ұлағатты ұстаз Ерген Айтбаев пен академик Қалдыбек Сәбденұлы.

Бұл жерде автордың Жабай атаның Сіргелі руынан шыққаны, батырлығы, тоқсабалығы мен көріпкелдігі туралы ақпаратты пайымдауы дұрыс болғанымен, Әйтеке би мен Жабай атаның өмір сүру кезеңдері сәйкес келмей тұр. Сіргелі Жабай батыр ол тұлғадан жарты ғасырдай кейін өмір сүргені белгілі болып отыр.

Тарихымызда Керей Жабай Қарабиұлы деген батырдың болғаны анық. Ол (1680-1748) аралығында ғұмыр кешкен ірі тұлғалы батыр екен. Керей Жабай Қарабиұлының туылғанына 338 жылдығына орай Алматыда 2018 жылы 15 қаңтарда үлкен жиын, ғылыми конференция өткізілді. Батырдың өмір сүрген дәуірі мен батырлық ерліктері өз дәуіріндегі тарихи оқиғалармен дәлелденіп, нақты зерттеулер келтірілген.

Демек, жоғарыдағы екі автордың еңбектеріндегі Жабай батыр туралы айтылғандар Жабай Қарабиұлына, Сіргелі Жабай батырына қатысы жоқ болуы ықтимал. Бұл мәселелер келешекте кеңінен зерттелсе екен дейміз. Әйтеке бидің жанында құрдасы болып жүрген қайсы Жабай немесе Жабай батырдың қасындағы қайсы Әйтеке би деген сұрақтар шешімін тауып, тереңдетіп қарастырылса құба-құп болар еді.

Жоңғар-қазақ, қытай-қазақ соғыстары дамылдап, елде мамыражай заман орнаған соң қазақ ханы Абылай ескі үзеңгілесі Сіргелі Жабайдың қолына мөр беріп, ел басқартады. Сол заттар және кісесі күні кешегіге дейін атаның жұрағаты шымкенттік Ерген Махатбайұлының үйіндегі сандықта сақталып келгенін әулиенің ұрпақтары біледі. Ал, Азизбек (Әзізбек) Қалшабековтың үйінде Сіргелі Жабай бабаның мөрі сақталған. Кейінірек датқалық лауазымға өзінің көзі кеткен соң ұлы Дәулетияр ие болғанын да көзіқарақты жандар айтып та, жазып та жүр.

Кемеңгер Төле би жарық дүниеден өткен соң билік Қойгелдінің қолына көшеді. Бұл уақыт қоқандықтардың қазаққа қоқаңдап, тісін батыра бастаған тұс еді. Ат жалын тартып мінген Сіргелі Жабай ел-жұртын дұшпаннан қорғау үшін күш-жігерін аямады. Қойгелдімен бірге жауымен талай алысты. Екіжүзді саясат ұстанған Ресей билігінің құйтырқы әрекеттерінің нәтижесінде қоқандықтар оңтүстік өңірін жаулап алды. Дегенмен олар Сіргелі Жабай атаның қарамағындағы елге азуын тым көп батыра алмады. Киесінен тайсалды.

Кие демекші, Сіргелі Жабай атаның ауызы дуалы екен. Не айтса да аса сақтықпен, ойланып барып айтатын көрінеді. Егер ол кісі біреуге реніш білдірсе, киесіне ұшырайды екен. Ол жасы келіп қартайған шақта ел билігі Дәулетияр деген баласына, әскер басшылығы Мамадияр деген ұлына беріледі. Әскер басшылығындағы ұлы әрі өте дәулетті көрінеді. Байлыққа мастанған оның әйелі боз биенің саумалына шомылып, кесапаттық мінез танытыпты. Әулие атаның құлағы мұны шалып, келініне наразылығын білдіріпті. Бірақ, байлыққа мастанған келіні әдетін қоймапты. Сонда Сіргелі Жабай ата кесепат келініне ашу үстінде: «Тұқымың құрысын, тұқымың құрғыр» деп кейістік білдіреді. Содан кейін оның дүниеге келген балалары шетінен шетінеп, өзі одан кейін құрсақ көтермей қалыпты.

Әулие ата өзінің екінші әйелінен Байсопы деген ұл көріпті. Уақыт өтіп, ол ержетіпті. Сіргелі Жабай ата қартайыңқыраған кезінде сол баласына қыз айттырып, құда түсіп қояды. Бірақ, түрлі себептермен келін түсіру ұзаққа созылып кетеді. Ол кездегі салт-дәстүр бойынша үйленетін ұлға әке-шешесі алдымен отау үй дайындайды екен. Үйдің керегесін көктеуге жұмсалатын таспа түйенің мойын терісінен дайындалатын көрінеді. Әйтеуір, сол жылы көктем ұзап, сойылатын түйе қоңдана қоймапты. Шаруаға қыры жоқтау болса да төсек жылылығын аңсаған Байсопы әкесіне: «Түйені қашан соямыз?» деп киліге берсе керек. Әулеттің жағдайын байыптай алмаған ұлына Жабай ата ренжіп: «Ә, қырсыз неме, бүйткенше жүгермек кетсең болмай ма?!», – деп кейістік танытыпты. Күйеуінің сырына кәнігі әйелі мұны сезіп қойып, шыр-пыры шығып: «Әулием, айтқаныңызды қайтып алыңыз», – деп жалыныпты. Сонда ол әйеліне: «Айтылған сөз – атылған оқ, абайсызда аузымнан шығып кетті, мен мәз болып жүр дейсің бе? Енді оны Алла алдынан жарылқасын, ол күш менің еркімнен тыс қой, кемпір», – деп жанарына жас алыпты дейді. Арадан көп күн өтпей Шолпан жұлдыз туған кезде Байсопы аяқ астынан үзіліпті.

Сіргелі Жабай әулиенің қартайған шағында алдына бір кембағал кісі келіп: «Жалғыз түйем бар еді, соның өзі қоскіндік болып ауырып қалды. Емдеп жіберіңізші», – деп өтініпті. Сонда ол алдына келген адамға байыптап қарап: «Балам-ай, ботаң қоскіндік емес, маңдайың қоскіндік екен ғой», – деп маңдайынан шапалақпен тартып жіберіпті. Оның мына қылығына тіксініп қалған кембағалға әулие ата: «Үйіңе бара бер, балам, бойыңнан қырсығың кетті», – депті. Сол адамның содан кейін тұрмысы түзеліп, «түйелі бай» атаныпты деседі.

Сіргелі Жабай атаның көзі тірісінде тумалары мен туыстары, ағайын-бауырлары оның бетіне келмейді екен. Әулиенің киесінен сескенсе керек. Ол өзінің бақилық боларын үш күн бұрын болжап, әулеттерін алдына жиып, олармен қоштасыпты. Содан соң: «Сендар мына менің балаларымдай болып кеткен Қыдырбай, Асыр, Қызылды бөле-жарып қарамаңдар, көз алартушы болмаңдар. Осы шартымды бұзсаңдар, сендерді менің кием ұрады» депті. Аты аталғандар түрлі жағдаймен атаға келіп паналаған басқа елдің адамдары екен. Кейін олардың ұрпақтары: «Біз Жабай атаның төртінші әйеліненбіз» деп әулиеден тарайтын әулетке сіңісіп кетіпті.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Сіргелі Жабай әулие өзінің бақилық боларын алдын ала болжап біліпті. Сөйтіп, ағайын-туыс, жақын тумаларын жинап, өзінің үш күннен кейін мәңгілік мекеніне барып, жаны жай табатынын айтыпты. Кіндігінен тараған балалары әкелерін арулап шығарып салудың қамына кірісіп кетіпті.

Мысалы, Ерген Махатбайұлының кітабында былай деп өріледі: «Ол кісі көктемде Сыр бойындағы қыстауынан көктемдегі жайлауына көшіп келеді. Қазіргі кесене тұрған жерге келгенде Ата көшті тоқтатып: «Үш күнге рұқсат сұрап едім. Онша ұзай алмадық, енді үй тігіңдер. Осы жерде Алланың аманатын тапсырамын. Дүниеден өткен соң Биесимасқа, Жанкел ақынның жанына қойыңдар, не болмаса дәл осы мен дүниеден өткен жерге қойыңдар. Бірақ ишандар, ел басшылары Ташкенттегі ишандар мазары Көкшеге қоятын болса, онда рухым Ташкентте болмайды, келешекте іздегендер осы туған жерден іздесін. Ең болмағанда ылаңдаған мал мен бедеу әйелдерге пайдам тиер», – деген екен. Жабай ата жантәсілім етер алдында кенже ұлы Шоңғарды шақыртып аузына түкірген екен. Үш-төрт жасар бала түкірікті құсып тастапты. Сонда атаның бәйбішесі құсықты жалап-жұқтап қойған екен. Әулие кісі баласы түкірікті (бәйбішесі жалап-жұқтап қойғанын білмей): «Жұтты ма, жұтты ма?» – деп сұрай берген екен. Сонда сол жерде отырғандар: «Құсықты бәйбіше бала құсып тастаған соң жалап-жұқтап қойды», – дегенде Ата: «Ойпырмай, өзім бермесем де билікті тартып алыпты ғой, билік жеті атаға дейін баратын болды ғой. Шоңғарым ақсақ болып қалдың ғой, арам жақпайтын болды. Таза жүрсең несібеңе өзім қарыздармын. Ертең Айша, Шоңғардың лайға батып жатқан лағын айдап шығарған адамды да қолдармын», – деген екен.

Бәйбіше балаларына:

– Кез келген дау-дамайға барғанда қорланбай Шоңғардан бата алып барыңдар, олай етпеген күнде жолдарың бола қоймайды, – деген екен.

Шоңғар атамыз билікпен ісі жоқ, тура сөйлейтін, өзі тірі кезінде әулие атанды. Ол кісінің кереметтерін көрген біраз кісілер ауыздарының суы құрып әңгімелейді. Жабай ата Шоңғарға «Сенде әулиелік қалды. Адал жүрсең несібеңе өзім қарыздармын» деген екен. Шеңгелді стансасынан Оңтүстік батыста жеті шақырым жерде Шоңғар ата басына ескерткіш қойылған. Жабай атаға бара алмағандар Шоңғар атаға барып зиярат етеді.

Шоңғар атаның баласы Ысмайыл, Айтбайлар түрлі ауруларды дұға оқып жазатын болған. Бұлардың тақиясын беріп жіберсе, мартулап жатқан әйелдер аман-есен босанады екен.

Махатбай Айтбайұлы, Сарқұл Ысмайылұлы, кейін Төребек иттенген балаларды дұға оқып, оларға түкіріп жүрді. Сарқұл атамыздың оқуы әруақытта ем болатын. Атама көрші тұратын қожалар: – Сіз құлхуат сүресін 10 рет қайталап оқып жібересіз. Сіздікі қалай ем болады? – дегенде атамыз: – «Ем ететін Алланың құдіреті, бабамыз Жабайдың қолдауы», – деп жауап береді екен.

Кейін көршілерінің бұған көздері жетеді.

Бәйбішеден таралған ұрпақ жеті атаға дейін ел билеу ісіне араласып келеді. Дәулетиярдың ұрпақтары бек, болыс, датқа, ояз болды. Атап айтқанда, Бекмұрат – Бек, Қоқан ханының Мыңбасы, Бекмұраттың баласы Қалшабек болыс, Қалшабектің баласы Махамбет – болыс, Махамбеттің баласы Аппазбек – Шеңгелді Кеңесінің 15-20 жылдай төрағасы, Балхия Пазылов – аудандық сот төрағасы, облыстық соттың мүшесі(Е.М. Айтбаев. «Жабай тоқсаба әулие». Алматы. 2012 жыл, 38-39 беттер). Кезінде Сүлеймен – болыс, Әбдіқадір ояздың лауазымды адамы болған. Бұл да әулие жанның қасиетін айғақтай түссе керек.

Біз Жабай атаның көзі тірісінде адамдарға жасаған қызметінің ел аузындағы бірен-саранын айттық. Енді оның бақилық болған соң адамдарға тигізген шарапатына көпшіліктің назарын аударайық.

Қасиетті баба қайтыс болғанда оның ел билеген, әскер басқарған қолбасылығын, атақ-даңқын қастерлеген қалың жұрт Ташкенттегі үлкен зираттардың біріне апарып қоюды жөн көріпті. Сөйтіп Әлімтау даласында дүниеден өткен әулие бабаның мәйіті көз жұмған жерінде жуылып, сол арадан бір күншілік жердегі шаһарға апарып жерлеуге алып кетіпті. Мәйітшілер жолда Сарыжылға өзенінің бойына түнейді. Олар таңертең ертерек тұрып қараса мәйіт қойылған жерге бір тамшы қан тамып қалыпты дейді. Мәйітшілер сол жерге белгі қойып кетеді. Келер жылы сол араға соққан адамдар бір түп ақ шеңгелдің өсіп тұрғанын көреді. Сонымен бабадан Әлімтау даласында екі белгі қалады. Біреуі оның мәйіті жуылған жер, екіншісі оны жерлеуге алып бара жатқанда түнеген орнында бір тамшы қаны тамған жер. Бұрынырақ ел осы екі жерге де сыйынып, зиярат жасайтын болған. Бұл тұстан өткен жолаушылар әулиелі орынға тоқтап, Құран оқып аттанған. Дегенмен уақыт өте келе бір түп шеңгел өскен орындағы белгі жойылып кетіп, ол жердің анық қай орын екенін анық білетін кісілердің көзі қалмаған. Сондықтан бүгінде қасиетті бабаға сыйынатын жұрт оның денесі жуылған «Жабай белгісіне» барып тәу етеді.

Тылсым құдірет қонған бұл жерден әлі күнге жыл маусымының барлық мезгілінде де адам аяғы үзілмейді. Көбіне сәрсенбі, бейсенбі күндері зиярат етуге келіп, мал сойып, қан ағызып, құрбандық береді. Көптің айтуына қарағанда, «Жабай белгісінің» басына түнеп, тәу еткен адамға әулие баба аян беріп, керемет құдіретімен оларға шапағат нұрын тигізіп жатады. Мұндай ғажайып ғаламаттарды басынан өткерген замандастарымыздың сол бір сиқырлы қасиетті таңқаларлық жыр етіп айтқанын өзіміз де есітіп, біліп жүрміз.

Қасиетті бабаның нұры қалған сол орынға бүгінгі ұрпақ зәулім ғимарат салып, Самарқанның көк тасымен сән салтанатын сәулеттендірді. Қазіргі кезде мұнда келушілер қатары молайған. Шындығында атеизм асқынып, тіпті аспандап тұрған кеңес дәуірінде де Жабай атаның жуғысына келіп тәу етіп жүргендерді көргендердің біразының көзі тірі. Біз де солардың біріміз. «Жабай әулие» атанған жерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан, Қырғызстаннан, Түрікменстаннан, Алтай өңірінен, Моңғолстаннан, Ресейдегі мұсылман жұртынан адамдар келіп тәу етіп жататын. Сол кездің куәгерінің бірі Еркебай Бүрлібаев есімді ел ағасы өзінің арғы атасы, әулие Сіргелі Жабай туралы зерттеуінде былай деп жазады. «Жабайдың белгісіне түнеп, оның рухын көрдік дегендер, әуелі Ташкент (жерленген жері) жақтан ақ шаң көрініп, одан ақ боз атты бабаның бейнесі елестегені жөнінде айтқанын талай естідік. Ал, бұрынғы Әлімтау кеңшарының молдасы Маман қарияның айтуынша мұнда денсаулықтары нашар, кемтарлар, перзент тілеушілер көбірек келеді екен. Кейде партия, кеңес органдарында жұмыс істейтін қызметкерлердің де қарапайым киініп, жасырын келіп, құран оқытып жатқанын да байқағанбыз. Жалпы айтқанда Сіргелі Жабай атаға деген көпшіліктің сенімі, пейілі ерекше болды. Солай болып қала береді де».

Сіргелі Жабай атаның киесіне астамсып кеткен кейбіреулердің ұрынып қалғаны жөнінде де нақты деректер бар. Бабаның ұрпағының бірі Әбдіқадыр деген азамат ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Ташкент уезі оязының қоластында қызмет етіпті. Көңілі көкте жүрген кездері жанына екі казак нөкерін ертіп бабасының басына зиярат етуге келеді. Кеш батып, қараңғылық түскен соң, елсіз айдаладағы Сіргелі Жабайдың белгісінің басында ерігіп, елегізи бастайды. Қызметтің буына мас Әбдіқадыр жасауылдардың бірінің мылтығын қолына алып, тылсым қараңғылықты қақыратып оқ атқан көрінеді. Содан біраз уақыт өткен соң ұйқы қысып сол жерге жантая кетсе керек. Сонда Сіргелі Жабай ата оған елес беріп, түсіне еніпті. «Балам, қараңғылықтан қорқатын болсаң менің жатқан жеріме несіне тәу етіп келдің?» деп оның қолына сынық қылыш ұстатып кетіпті. Шошынып қалған ол көп ұзамай, Ташкент губернаторының құзырында қызметі көтерілген күні кенеттен дүние салыпты. Сол жағдайды оның әйелі Ілес ана қартайған шағында ұрпақтарына айтып отырады екен. «Әбдіқадыр Жабай атаның аруағына шет болды ғой. Одан қалған ұрпаққа әулиенің ниеті түзу болса екен» деп отыратын көрінеді.

Бертінгі кеңестік дәуірдің кезінде Сіргелі Жабай атаның тікелей ұрпағы Рахманберді деген азамат орысша сауатты болып, ел басқару ісіне араласыпты. Сонау отызыншы жылдары ел басына нәубет келіп, елді ашаршылық жайлай бастағанда оның әйелі кесапаттық жасап, малдың ішек-қарнын суға ағызып жіберіпті. Ал, Рахманбердінің өзі мақтангершілікпен ақшаға махорка орап шеккен кездері болыпты. Содан түсіне Сіргелі Жабай ата еніп, қатулы қабақ танытса керек. Ол сол күні таңертең орнынан тұра алмай сал болып қалыпты. Шайқап өмір сүрген әйелі мүгедек болып қалған оны тастап, қолда бар байлықты иемденіп, басқа адамға тұрмысқа шығып кетеді. Тәубасына келген ол күні-түні аруаққа жалынып, арғы бабасына сыйынумен болады. Бірде оған Сіргелі Жабай ата аян беріп: «Әй, балам-ай, жылап қоймадың ғой, мейлі қолыңды жая қой», деп бата жасаған көрінеді. Содан ол ауруынан құлан-таза жазылып, бертінге дейін өмір сүріпті. Басқа әйелге үйленіп, одан перзент көріпті. Оның үрім-бұтағы әлі күнге дейін ағайын арасында өмір сүріп жатыр.

– Бұл Сіргелі Жабай батырды неге ерекше тоқсаба деп атаған, тоқсаба деген қандай лауазым? Бұл жөнінде тарих ғылымының докторы Ахмет Тоқтабай былай леп анықтама береді: « …Қоқан тарихының белгілі маманы Т.К. Бисембиев: тоқсоба сөзінің мәнін «Өзінің туы бар әскери бөлімнің басшысы, дәрежесі жағынан пансатқа басшысына жақын, теңдес». Тоқсоба – орта ғасырлардан бермен қарай келе жатқан қыпшақ хандығында қалыптасқан лауазым атақ. Ең алғаш тоқсоба сөзі орыстың  ХІ ғасырда жазылған «Бағзы замандар жылнамасында (Повесть временных лет) «половцы – токсобичи» – туралы айтылады, орыс ғалымдары мұны қыпшақтың бір тайпасы десе, түркітанушылар атақ, лауазым деп пайымдайды. Ферғанада 1700 жылы Қоқан хандығын құрған қыпшақтар көне ата-бабалар дәстүрін жаңғырта отырып, тоқсоба ұғымын әскери дәрежеге, әскери атаққа айналдырған. Қазан төңкерісіне дейінгі Орта Азия хандықтарын зерттеген орыс ғылымдарының кейбірі Қоқан хандығын – қыпшақ мемлекеті (государство кипчаков) деп дұрыс жазады. ХІХ ғ. Ферғана қыпшақтарының ықпалында болған елдердің басшыларына датха, тоқсоба, жүзбасы, елубасы дәрежелерін беру қалыптасқан…».

Аруақты, қасиетті жандардың өздеріне ғана көрінетін пірі, киесі болады. Сіргелі Жабай батырдың пірі – қос жолбарыс пен ақ түйе. Бұл киелер Жабай батырға қалай келді, қай кездері көрінеді? Бұлар жайлы көнекөз қариялар, шежірешілер, ұрпақтары күні бүгінге дейін аңыз етіп айтып отырады. Жазушылар Момбек Әбдәкімұлы, Нұрғали Ораз, Шойбек Орынбай және басқа да ғалым-қаламгерлер Сіргелі Жабай бабаның пірлері жайлы жан-жақты зерттеп, жазып жүр.

Мен Құртқа тәуіп атындағы ғылыми академия президентінің бірінші орынбасарымын. Біздің өңірде Құртқа тәуіп Сұлтанқожаұлы (1770-1906) атты 136 жас жасаған атақты емші, тәуіп өмір сүрген.

Мен сол тәуіп жайлы зерттеп, 2 кітап шығардым. Көптеген мақалалар жарияладым. Алматыда Құртқа тәуіп атындағы Халық емшілері қауымдастығы құрылды. Кейін оның жанынан ғылыми академия ашылып, ғылыми жұмыстар өріс алды. Бұл Құртқа тәуіп ғылыми академиясы әлемнің көптеген елдерінде Америка, Еуропа, Қытай т.б. жерлерде ғылыми конференция, симпозиум, конгресс өткізіп, қазақ еліндегі емшілік, кие-қасиет, тәуіпшілік, көріпкелдік секілді тылсым күштер барлығын әлемге мойындатты. Қазір әлем ғалымдары халық емшілеріне қолдау, қорғау білдірді. Құртқа тәуіп академиясы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) тіркеліп, өрісін кеңейтті. Бұл істе медицина профессоры, академик Шәкен Шынтаев, атақты хирург М. Көкеев сынды ағаларымыздың еңбегі өлшеусіз.

Міне, бізді Сіргелі Жабай баба ерлігі мен қатар ел ішінде аңыз болып кеткен көріпкел көрегендігі таңқалдырды. Ерекше жаратылысы жайлы естіп, біліп, арнайы зерттеуді қолға алған едік.

Сіргелі Жабай батырға Абылайхан жеңіс туы – ақ туды салтанатпен беріп, сеніп тапсырған. Жабай қоластындағы қолының, сарбаздарының ық жағындағы қалқаны, жау жағындағы панасы бола білді. Талай-талай елі, жері үшін жорықтарға қатысып, үлкен қолбасшы, нағыз ту ұстаушы сардар екендігін танытты. Елдің есінде «Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр» деген атпен есімі қалды.

«Ен-таңбасы болмаса, Малды қайдан танырсың, Ақ туы егер болмаса, Батырды қайдан танырсың?» деп әз Төле би айтқандай Жабай бабаның ақ туды ұстағанын ұрпаққа аманат болып, мұндаға дейін сақталған.

Сіргелі Жабай батырдың қолбасшылығы, батырлығы, ержүректілігі жайлы аңыз әңгімелер қаншама?!

«Атың тайғақ болса – ақтекенің мүйізімен тағала,

Заманың тайғақ болса – бір жақсыны панала», – демекші өз заманында Жабай баба бүкіл Сіргелінің пана тұтар данасы атанды. Сондай-ақ, оның жанына жан-жақтан әртүрлі жағдайлармен келген басқа атаның балалары күні бүгінге дейін еншісі бөлінбей, атаның ұрпағы болып кеткен.

Сіргелі Жабай батырдың көріпкел қасиетімен бірге көсемдігі, шешендігі, турасын айтатын кемеңгерлігі жайлы да ел арасында әңгіме көп-ақ. «Адам – ақылымен бай, жер – дақылымен бай» демекші елі мен жері үшін ат белінен түспей, жауға да дауға да қатысып, батырлығымен аты шығып, қолбасшы болып, Абылайханнан Ақ туды алған Сіргелі Жабай баба жасы ұлғайғанда даналығымен елді тәнті етті. Бүкіл елінің ақыл сұрар абыз ақсақалы атанды. Айтқаны келген әулие, болашақты болжаған көріпкел, көреген атанды.

Ай – ортақ, күн – ортақ, жақсы адам – ортақ дегендей Сіргелі Жабай батырдың сан қырлылығы жайлы жазылар жайлар, зерттеу дүниелер әлі де жалғаса берері сөзсіз.

Сонау жетпіс-сексенінші жылдары Сіргелі Жабай бабаның қасиетіне табынған, оның әулиелік қасиетінен шипа көрдім деген өз еркілерімен ұйымдасып, зияратқа келушілерге арналған қоржын тамды кеңейтіп, киелі атаның кіндік қаны тамған жерге күмбез орнатып, игі шараларды жүзеге асырды. Бүгінде елдік танытып, бәрі де өз орнына қойылып жатқан уақытта Сіргелі Жабай атаның рухы мен тарихына заман талабымен қарағанымыз жөн.


Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

Қоғамдық ғылымдар Академияларының академигі, профессор, жазушы, Бәйдібек баба республикалық қорының президенті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *