Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің ұжымы өз қатарындағы ойы ұшқыр, қаламы жүрдек, қарым-қабілеті ізін басып, жолын қуған талай жас буын журналистерге үлгі болған ардагер журналист, асыл аға Ілияс Әшімұлы ҚАРАҒОЗИННЕН көз жазып қалды. Марқұм үстіміздегі жылдың 30 наурыз күні ұзақ науқастан кейін қайтыс болды.
Бүкіл саналы өмірінің мәнді де маңызды кезеңдерін журналистік қызметке арнаған ол 1940 жылы 18 шілдеде Ерейментау ауданындағы Шәкей ауылында қарапайым шаруа отбасында туған. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп, оны ойдағыдай аяқтап шықты.
Ілияс Қарағозиннің журналистикадағы жолы 1968 жылы Ерейментау аудандық «Прогресс» газетіндегі әдеби қызметкерліктен басталды. Бұдан кейін облыстық «Коммунизм нұры» газетінің осы аудандағы тілшісі, көп кешікпей облыстық газет редакциясына біржолата жұмысқа қабылданды. Басылымның кеңес құрылысы, партия тұрмысы бөлімдерінің меңгерушісі, шолушы қызметтерін атқарды.
Зейнеткерлікке шығар алдында үш-төрт жылдай таза қаламгерлік жұмыспен айналысуды мақсат тұтып, жауапты хатшылық қызметінен өз еркімен босап, бұрыннан жазғандары және кейіннен қаламына арқау болған көптеген очерк, суреттеме, деректі әңгімелерінің, өлеңдері мен поэмаларының басын қосып, өзінің қаламгерлік жолының жарқын айғағындай шығармалар жинағын 2010 жылы «Елорда» баспасынан жарыққа шығарып, артына өшпес мұра етіп қалдырды.
Қарымды қаламгер, абзал аға, журналистика ардагерінің ел мен халқы алдындағы еткен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 25 жылдығы», «Тың игергені үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Тыңға – 50 жыл», «Еңбек ардагері», басқалай бірнеше мерекелік медальдарымен марапатталды. КСРО және Қазақстан Журналистер одақтарының мүшесі, Елордасы Алматыдан Астанаға ауысар кезде жаңа құрылыстарды салу жөніндегі конкурсқа қатысып, ең үздік журналист атағына ие болды.
Ілияс Әшімұлы Қарағозин тек журналистік қызметпен ғана шұғылданып қоймай, қоғамдық жұмыстардың да үнемі бел ортасынан көрініп жүрді.
Бүгінгі Елордамыздағы қазақ мектептері мен балалар бақшаларын ашуға тікелей атсалысты. Өзі құрған «Бөгенбай батыр» қайырымдылық қорына ұзақ жылдар басшылық жасады.
Зайыбы Балжан Сыздыққызымен төрт ұл, бір қызды өмірге әкеліп, олардан өсіп-өнген ұрпақтарымен тамырын тереңге, жапырағын кеңге жайған марқұм Ілияс Әшімұлы Қарағозин өзінің ұзақ ғұмырында асыл қасиеттерімен, адалдықтың ақ жібін аттамаған ғаділдігімен, елге жаққан қарапайым, кішіпейіл, көпшіл мінезімен, халықтың сыйына бөленген қаламгерлік қызметімен танылған оның жарқын бейнесі қатарлас жүрген журналист әріптестерінің, оны білетін барша азаматтардың есінде ұзақ сақталады.
Қош бол, қадірлі қаламгер аға, «Арқа ажары» газеті абыздарының асыл тұяғы! Жатқан жеріңіз жайлы, нұрыңыз пейіште шалқысын, иманыңыз жолдас, жаныңыз жәннатқа жайғассын!
«Әділет. Рухани жаңғыру» және «Арқа ажары» газеттерінің ұжымы.