ПРЕЗИДЕНТҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ЖЫЛЫНЫҢ АШЫЛУ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ

Билік Саясат
950 Views

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевке және өзбек халқына жылы қарсы алып, қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.

– Бізді тіліміздің бірлігі, дініміз, ортақ тарихымыз бен біртұтас тағдырымыз біріктіреді. Халықтарымыз – Орталық Азиядағы ежелгі әрі ұлы өркениеттің мұрагері. Біз дәстүрімізді, бабаларымыздың құндылықтары мен мәдени-тарихи мұраларын сақтап қалдық. Сонымен қатар көптеген қиын сынақтарды бастан өткердік, – деді Мемлекет басшысы.

Ол Ұлы Абайдың қазақтарға бауырлас өзбек халқының еңбекқорлығын, қайырымды істері мен қарапайымдылығын үлгі етіп, үйренуге шақырғанын айтып, Өзбекстан басшылығына қазақ мәдениетін қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.

– Президент Шавкат Мирзиёевтің «Қазақтың Ұлы ақыны һәм ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен оқу мен насихаттау туралы» қаулысы аясында атқарылған ауқымды шаралар үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған қазақ-өзбек халықтарының достығы мен бірлігін сақтау қазіргі ұрпақтың ортақ парызы екенін атап өтіп, Өзбекстандағы Қазақстан жылын ашық деп жариялады.

Салтанатты рәсім Әлібек Дінішев, Айман Мұсаходжаева, Медет Шотабаев, Нұрлан Бекмұхамбетов, Димаш Құдайбергенов, Мария Мудряк сынды Қазақстан өнерінің қайраткерлері мен сахна шеберлері, шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды.

Өзбекстандық көрермендер назарына М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан үзінді, «Astana Ballet» театрының хореографиялық композициясы, «Салтанат» ҚР мемлекеттік би ансамблінің, К.Кужамьяров атындағы Мемлекеттік республикалық академиялық ұйғыр театрының және Мемлекеттік республикалық академиялық корей театрының орындауындағы қойылымдар ұсынылды.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *