ҚАҢТАР ТРАГЕДИЯСЫ: ТЕРРОРИСТЕР ҚАЙДАН КЕЛДІ? ҰҚК ҚАЙДА ҚАРАҒАН?

Саясат Сұхбат
832 Views

Қасіретті қаңтар… Бұл жағдайға қатысты Ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2 565 қылмыстықіс бар. Және 271 адам күзетпен ұсталып отыр. Мұны арнайы брифингте ҚР ІІМ Тергеудепартаментінің бастығы Санжар Әділов айтты.

Қаңтар оқиғасының ақ-қарасы анықталған жоқ, ақиқаты ашылмады. Оған тарихи баға берілетін күн әлі алыс. Десек те басы бейбіт басталғанмен соңы қанды қақтығысқа ұласып, кейін құқық қорғаушылардың қорлауына жалғасқан қаралы күндердің ақиқатын анықтаймыз деген адамдар, құдайға шүкір, бар. Соның бірі – «Ақиқат» қоғамдық комиссиясы. Белгілі құқық қорғаушылар мен қылмыстық іс жүргізу бойынша маманданған заңгерлерден тұратын бұл комиссия қасіретті қаңтар оқиғасының ақиқатын зерттеу үшін жұмыс істеп жатыр. «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің тілшісі осы комиссияның жетекшісі, белгілі құқық қорғаушы Айман Омаровамен атқарып жатқан жұмыстары жөнінде тілдескен еді.

– Заңдық тұрғыдан құқық қорғау органдары тергеліп жатқан істерді қоғамдық комиссияның қарауына беруге құқылы ма? Әдетте Ішкі істер министрлігі де, Бас прокуратура да мұндай ауқымды істер түгілі басқа іс материалдарын да»тергеу құпиясына» байланысты жария ете бермейді ғой.

– Қаңтардағы болған оқиғалар туралы мәліметті, сол бойынша барлық қылмыс­тық іс-материалдарды Ішкі істер органдары береміз деп айтқан болатын. Мен алғаш комиссия құрған кезде үндеу жасап, «маған материалдар толық керек» дедім. Әйтпесе, бұл құжаттарсыз комиссия ештеңе бітіре алмайды. Қазір осы үндеудің жауабын күтіп отырмыз. Бұл туралы Заңда ештеңе айтылмаған – қоғамдық комиссия туралы – оларға, яғни бізге іс құжаттарын беру керек пе, жоқ па деген мәселе жоқ. Неге? Себебі бізде – Қазақстанда орын алған ахуал өзгеше, ел тарихында бұрын-соңды мұндай оқиға болған емес. Бұл бірінші рет болып отырған жағдай.

Бұл мәселені нақтылап әрі пысықтап алу үшін біз ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қаринмен жолығып, идеямызды – бастамамызды толық түсіндіріп айттық, ол құптады. Сондықтан біз сұратқан істер көп ұзамай қолымызға тиеді деп үміттіміз. Мемлекеттік хатшыға мен іс-материалдарды алғаннан кейін адвокаттарға қысым көрсетілмеуі керек деген талап қойдым. Және де айта кететінім, мемлекеттен бұл жұмысымыз үшін ешқандай ақша алмаймыз. Өзіміздің құқық қорғаушылардың қоры бар, одан бөлек кәсіпкерлер мен қарапайым халықтан ерікті түрде жиналған қаржы адвокаттардың жолы мен шығынын көтеретін болады.

– Айман ханым, қазір қасыңызда қанша адвокат бар? Олардың біліктілігі жөнінде білгіміз келеді.

– Жиырмадан астам. «Ақиқат» комиссиясы мүшелерінің басым көпшілігі адвокаттар. Біз әдейі тек тәжірибелі, білікті, сенімді жандарды топтастырдық. Талабымыз бойынша, кемінде 10-15 жыл адвокатурада жұмыс істеген тәжірибелі мамандарға ғана басымдық бердік. Дегенмен қазір бізге қазақтілді адвокат керек, олардың көбі ана тілімізбен қоса орыс тілін де жетік біледі. Ал орыс тілді адвокаттардың көбі қазақ тілінде іс жүзгізе алмайды. Істің көбі қазақ тілінде жүруі тиіс. Сосын бізге саясатқа жақын, тек белгілі бір топтың мүддесін қорғайтын адвокаттар емес, ақиқатты анықтаймын, әділін айтамын деген отаншыл және халықшыл жандар маңызды.

Комиссия құрамындағы құқық қорғаушылардың барлығы тәжірибелі, қылмыстық істі қарайтын біліктілігі жоғары жандар. Бірақ олардың кім екенін қауіп­сіздік үшін жарияламаймыз.

– Жарайды. Ал комиссияның Алматыдан өзге өңірлерде өкілдіктері бар ма? Басқа облыстармен жұмыс істеп жатырсыздар ма?

– Әрине, бар. Комиссияда бірнеше облыстың өкілдері бар. Біз басқа өңірлерді елеусіз қалдырып, шетке ысырып қойғалы тұрған жоқпыз. Бұл мәселенің бәрі ескерілген. Дегенмен ең көп зардап шеккен де, ең көп қылмыстық іс тіркелген жер де Алматы. Сондықтан осы қалаға көбірек аялдап жатқан жайымыз бар.

– Қанша адамға араша түсе алдыңыз?

– Елуден асып кетті деп ойлаймын. Десек те соңғы шешім қорытындысын прокуратура береді, осыны ұмытпайық.

Осы жерде мен бір нәрсені ерекше атап өткім келеді. Біздің комиссияның мақсаты біреуді абақтыдан шығару, ақтау, не қорғау емес. «Ақиқат» тергеліп жатқан қылмыстық істерге араласпайды, Комиссияның негізі мақсаты Қазақстандағы болған осы жағдайды зерттеу. Қаңтар қасіретіне қандай нәрселер себептер болды, оған кімдер қатысты, осыны зерделейміз. «Ақиқаттың» бағыты – экстремизм, терроризм қайдан келді, осыған баса мән беріп, оқиғаның хронологиясын анықтауды мақсат тұтып отырмын.

– Үстінен қылмыстық іс қозғалып, уақытша ұстау абақтысына қамалғандардың барлығы терроризм бабы бойынша жауапқа тартылып жатыр ма? Олардың арасында қосақ арасында еріксіз, мәжбүрліктен топ ішінде жүрген, терроризмге түк те қатысы жоқ адамдар болуы мүмкін ғой?

– Жоқ. Терроризм емес. Істің негізі Ішкі істер министрлігіне қарасты тергеу тобында. Оны арнайы прокуратура бақылап отыр. Прокурорлар бірге топтасып тергеп отыр. Нақты терроризм бойынша қандай террорлық әрекеттер бар екенін мен сіздерге кейін нақты айтатын боламын. Қазірше бұл істерге қолымыз жетіп жатқан жоқ. Қазақстанға экстремизм қайдан келді, олар қай облыста көп, саны қанша, бейбіт шерудің бір сәтте лаңкестердің қолайлы мүмкіндігіне айналып шыға келуіне қандай жағдай себеп болды, осының бәрін егжей-тегжейлі білгіміз келеді. Тек әзірге іске араласуға мүмкіндік болмай жатыр. Осы себепті Қазақстанға терроризм қайдан келді деген сұраққа жауап беруге әлі ерте. Бірақ бұл қаңтар трагедиясында экстремистер болған жоқ деген сөз емес. Нақты жауап – бар! Тіпті, жеткілікті. Теракт болғаны да рас. Оны жоққа шығара алмаймыз.

– Айман ханым, ал зорлық көрген әйелдер туралы не айтасыз? Мұның алдында брифингте осындай қылмыс орын алғаны жөнінде сөз қозғап едіңіз? Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалды ма?

– Зорлық фактілері болғаны рас. Бірақ бұл оқиғаның ақиқаты ашылады деу қиын. Былай ғой – 5 қаңтарда автобустар жүрген жоқ, қоғамдық көліктер толығымен жұмысын тоқтатты. Сонда сұлулық салонының қызметкерлері жұмыстан қайтып келе жатқанда белгісіз біреулер зорлаған. Бірақ олар полицияға арызданған жоқ. Отбасылары, күйеулері болғандықтан жария еткісі келмеген. Сондықтан олар бұл жайлы айтқысы да, шағымданғысы да келмейді. Ал арыз-шағым болмаған, бәрібір оны таппайды, табады дегенге сенім де жоқ. Бұдан басқа да зорлық көрген қыз-келіншектер бар. Зардап шеккен әйелдер, жалпы, аз емес.

– Түсінікті. Жаңа іс материалдарына әлі қол жеткізбегеніңізді айттыңыз. Бұл кейбір мәселені бүркемелеу, жасыру үшін жасалып жатқан әрекет емес пе, қалай ойлайсыз? Егер істерді зерделеуге рұқсат бермесе не істейсіз?

– Істерді зерттейміз. Тіпті рұқсат бермесе де жалғастыра береміз, әрине, егер рұқсат берсе бізге оңайырақ болар еді. Егер министрлік рұқсат берсе, тергеу тобы жинақтаған материалдардан көп жайға қанық болатын едік. Бағытымыз экстремизмнің Қазақстанға келу уақыты, жолы мен таралған аумағын зерделеу дегенмен, бәріміз де құқық қорғаушылармыз. Сондықтан басқалай істерде қол қусырып қарап отыра бермейміз ғой. Қолымызда біраз видеолар бар. Бірақ ол жеткіліксіз секілді. Мынаны қараңыз, алаңға 18-19-дағы өрімдей жастар шыққан, сосын оларды қоршап алған. Темірмен ұрған, мал сияқты тепкілеу, кішкентай балаларды. Обал. Осындай жағдайлармен халық жылап хабарласқанда біздің бағыт емес деп қарап отыра алмаймыз. Көмектесіп жатырмыз. Атырау, Қызылорда жұртшылығы келіңіз деп шақырып жатыр.

– Осы азаптау фактісі бойынша шағымданушылар көп. Әлеуметтік желіде мұндай фото-видеоларды, шырылдап көмек сұраған жандарды, басқа амалы қалмағаннан тікелей Президент Тоқаевқа үндеу жасағандарды бүкіл Қазақстан көріп-біліп және естіп отыр. Мәжбүрлеп мойындату мәселесі де айтылып жатыр. Адвокат ретінде бұған қандай баға бересіз?

– Кейбір бейнежазбада құқық қорғау органдарының жұдырығы қатты тигені көрініп тұр. Иә, көрдік! Бірақ азаптау фактілерін сотқа жібермей жатыр. Неге? Бұл да даулы мәселе. Уақытша ұстау абақтысына қамалғандар, мейлі ол террорист болсын, ұрлықшы болсын, қарақшы болса да оны ұруға ешкімнің құқы жоқ. Ұрып-соғып дәлелдетудің, қорқытып алған дәлелдің ешқандай құны болмайды. Бұл зайырлы, демократиялық, дамыған елге тән нәрсе емес. Азаптау – бұл да заң бұзу, керек десеңіз, қылмыс! Қылмыстық кодекстің 146 бабы. Онда тергеушiнiң, анықтауды жүзеге асыратын адамның немесе өзге де лауазымды адамның мәлімет алу немесе мойындату үшін тән зардабын салуы, психикалық зардап шектіруі жағдайында бес жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көрсетілген.

Қандай жағдайда да бәрімізге белгілі, айқын бір нәрсе бар – бұл жерде қылмыскерлер қарапайым халықты пайдаланған, оққа байлаған. Дәлел ретінде мына бір оқиғаны айтайын: сол қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда күдікті адамдар өз бетімен шет жақтан өтіп бара жатқан бір топ студенттің жолын бөгеп, қару-жарақ тасытқызып қойған. Бас тартқан біреуін көз алдарында сөзге келместен атып тастаған соң қалғандары амалсыз өмірі, бас амандығы үшін айтқандарын істеуіне тура келеді. Дегенмен сәл уақыт өткенде бір бала амалдап қашып кетеді. Бірақ сол бойы әлі күнге дейін одан хабар-ошар жоқ. Әке-шешесі не өлі, не тірі екенін біле алмай, бірнеше күн зар илеп жүргенін көргенде жүрек ауырады. Ол жігіт кейін табылды. Қазір куәгер. Ал қалған үш студент қазір тергеу абақтысында. Олардың басындағы жағдайды мәжбүрлі түрдегі экстремизм дейді. Ирак пен Сирияда болған мұндай жағдай, жас балаларды ұстап алып, қару-жарақ асындырып қояды. Сен де біз сияқтысың енді дейді. Сен де сотталасың дейді. Қашсаң…

Сол студенттердің ата-анасы келді. Балаларымызды көрсетпей жатыр, кездесе алмай жатырмыз деді. Тергеу абақтысына бардым, балаларға жолықтым. Болған жайды сұрадым. Бізді сүйреледі, автоматпен ұрды, қорқытты, мәжбүрледі деп шырылдайды. Бізге қазақша сөйледі, бірақ бір-бірімен өзге тілде сөйлесті дейді. Бетінде маскалары бар екен. Телефонмен сөйлескенде масканың астыңғы жағынан аздап сақалы көрініпті. Үшеуі де қазақ бала. Саясаттан хабары жоқ. Жаның ашиды. Бұдан басқа қанша жазықсыз, мәжбүрліктен топ арасында жүргенін білмейміз ғой. Мұны мәжбүрлі түрдегі экстремизм деп атасақ болады. Бір жаманы, мәжбүрлі түрдегі экстремизмге қатысты бап жоқ, қиындық туғызып отырғаны да осы.

– Иә, екі ортада жазықсыз халық жапа шекті, қанша жазықсыз адам мәжбүрлі түрде террорист атанып отырғанын білмейміз. Қиын жағдай. Ал осы террористер қайдан келді, қашан келді? ҰҚК неге осыны аңдамады, алдын алмады?

– Менің айтып отырғаным да осы. Зерделейміз! Білетін боларсыздар, дүрбелеңнен кейін қозғалған қылмыстық істерден Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерін түгел шеттету керек деп президентке үндеу жолдадық. Өйткені басшылары «мемлекетке опасыздық жасады» деп күдікке ілінген комитетке сену қиын. Қатысқандардың арасында Қытай, Сауд Арабиясы, Өзбекстанда туылған адамдар да бар. Бірақ қаралы қаңтарға қатысқан шетелдіктердің, шетелде туған азаматтардың нақты саны әзірге белгісіз. Ал өңірлер бойынша көбінесе Түркістан мен Алматы облысы, Жамбыл, Қызылорда облысының тұрғындары. Басқа облыстардан да бар, бірақ олардың үлесі аз.

Зерттеген кезде кейбіреуі өз ұлтын қазақ деп жазғанымен, ұлты басқа сияқты. «Ұлтың кім?» деп анықтағанда, қазақ деп көрсетілген. Мен полицияға олардың ата-анасының ұлтына қарау керегін айттым.

«Ақиқаттың» негізгі мақсат-міндеті – қаңтар қасіреті арнайы ұйымдастырылған ба, оған кім кінәлі деген түрлі сұрақтарға да жауап іздеу. Қазір шетел заңгерлерімен де келіссөз жүргізіліп жатыр. «Ақиқат» қалайда ақиқатына жетеміз деген ұстанымдамыз.

– Онда талай ащы шындықтың беті ашылары анық. Комиссия жұмысын аяқтаған кезде «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің оқырмандарына «Ақиқаттың» ақиқатын айтасыз деп сенеміз.

Сұхбаттасқан:

Меруерт МАҚАЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *