МОЛДОВАДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Саясат
186 Views

Кейінгі күндері Молдованың жікшіл аймағы Приднестровьеде бірнеше жарылыс болып, Кремль енді осы елді нысанаға алды ма деген қауіп туды. Украинадағы қанды соғыс уақытында бұл қаншалық мүмкін?

Біріншіден, екінші майдан ашу Ресейге тиімсіз. Неге? Әрине, басып алу мүмкіндігі бар, себебі Молдовада дұрыс армия жоқ, болса да әлсіз. Себебі басып алғанмен де оны ұстап тұру керек, ал ол үшін кемі 50 мыңнан 100 мың аралығында әскер керек, ал Ресейде ондай мүмкіндік жоқ. Бүкіл күз, қыс бойы ірі қалаға жатпайтын Бахмутты басып ала алмай тұрып тұтас елді басып алу тек арман ғана. Украинадан кейін Молдовамен есептесеміз деген Лавровтың сөзі жәй бопса, қорқыту ғана.

Екіншіден, екінші майдан Украинаға да, Батысқа да тиімді. Себебі Ресейдің күші бөлінеді, екі майданға бірдей ұрыс жүргізе алмайды. Сондықтан да Украина да, Батыс та Молдова да азғантай ресурстармен, асықпай, әдейі қысым жүргізеді, Бұл жерде негізгі ойыншылар Путин емес, Батыс пен Украина. Мұны Санду да жақсы түсінеді, сондықтан да ол Путиннен қорықпай , әдейі, Еуроодақ елдерімен байланысқа түседі, НАТО-ның жекелеген елдерімен қарым-қатынас жасап Путиннің қытығына тиеді.

Мұндай жағдай Балқан елдерінде болыпты бұрынырақта. Путин жекелеген локальды жеңіске жеткендей болғанымен ақырында жеңіліп тынып отырған. Батыс көшбасшылары РФ-ны әртүрлі әдістермен арандатып, қателесуге мәжбүрлеп отырған. Ең соңында РФ-ның мүлдем Балқан түбегінен кетуіне әкеліп соқтырған. Молдовамен жағдай да осыған ұқсас. РФ қанша күшенсе де, соңғы қорытындыда Приднестровьені тастап өз жөніне кетуі тиіс. Ал жасанды ПХР таратылып, Молдовамен қосылып бір елге айналуы керек. Әттең, Грузияда ресейшіл басшылар отыр, әйтпесе Грузияны да ойынға қосып үшжақты майдан ашылғанда Ресей басы ауған жағына қаңғып кетер еді.

Жасыратын несі бар, украиндар Қазақстанды да осы ойындарына қосып, төртінші майдан болса деп армандайды. Сөйтсе өздеріне жеңіл болар еді. Ол түсінікті әрине, оларды түсінуге болады. Алайда біздің жағдайымызды Молдовамен де, Грузиямен де салыстыруға мүлдем болмайды. Әрине, біздің халқымыз да көп, экономикамыз да әлгі елдерден көш ілгері, бірақ географиямыз келіспеген. Оларды қорғайтын Батыс қол созым жерде тұр, ал біздің кіміміз бар? Көршілеріміз бірінен-бірі өткен, гиеналар сияқты. Басшыларымыз тым ресейшіл, халқымыздың басым бөлігі мақтабастар, өз ұлтын сүйгендерді жеп қойғысы келіп шақ жүргендер. Сондай жағдайда бізге ешкіммен жанжалдаспай жөнімізге жүргеннен тынышы жоқ. Ешкім бізді геосаяси ойындарына қоспаса екен деп тілейміз. Қазаққа кемі 30-40 жыл бейбіт өмір керек, бірақ бос жатпай көбеюіміз керек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *