ҚОЙШЫҒАРА САЛҒАРАҰЛЫ ЖӘНЕ ҰЛТ ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ
(Қаламгер ғалымның 85 жасқа толуына арналған ғылыми конференцияда жасалған баяндама)
Белгілі бір тақырыпты тереңдей зерттеуге түрлі нәрсе себеп болады. Бұған кейде адам, кейде заман, кейде қоғам ықпал етеді. Немесе қандай да бір шығарманың әсерінен ауқымды ізденістер басталып кетуі мүмкін. Көне тарих пен түркітанудың тамырына барынша бойлап, елеулі еңбек етіп келе жатқан Қойшығара Салғараұлының елдік шежіремізді жазуына да қозғау салған себептер баршылық.
Алдымен өзі біраз жыл қызмет істеген «Егемен Қазақстан» газетінде көп жәйтке қанықты. Құрсаулы жүйенің қыр-сырына үңілді. Идеологиялық өктемдіктің өзегінен сәулелі саңылау іздеді. Тиым салынғанына қарамастан кейбір зиялылардың қолында жүрген әдебиеттерді оқыды. Алаш арыстарының еңбектерімен танысты. Ағартушылық сана ұғымына ден қойды. Төл тарихымызды зерделеуге, ұлтымыздың тегін танытуға ұмтылды.
Жетпісінші жылдардың аяғында Владимир Чивилихиннің «Память» деген роман-эссесі жарық көрді. Алғашқы кітабы «Роман-газетада» жарияланды. Журналдағы нұсқасына Ресейдің мемлекеттік сыйлығы, кітап болып басылғаннан кейін КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді. Орыстың ұлы халық екенін дәріптеуге арналған шығарма Қойшекеңе де ой салды. Неге осындай дүниені жазбасқа деген шешімге келді. Содан жатпай-тұрмай материал жинауға кірісті. Ұлттық кітапхана мен ғылыми кітапхананың тұрақты қонағына айналды. Соның нәтижесінде «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» сияқты кітаптарын оқырманға ұсынды. Бұл шығармалар жақсы оқылды. Тіпті кейін Қытайға барып, айлап-жылдап жатып зерттеген еңбектерінен гөрі соларға көбірек назар аударылды.
Қытай демекші, кәсібі журналист, әлеуетті әдебиеттанушы Қойшығара Салғараұлының пешенесіне бірде-бір тарихшының немесе шығыстанушының, тіпті керек десеңіз, қытайтанушының, яғни салиқалы синологтың уысына түспеген бақ бұйырды. Ол екі жылға жуық Қытайда болып, сол елдің маңызды мұрағаттарынан мол мәлімет жинады.
Бұл сапар мемлекеттік деңгейде жүзеге асқандықтан Қойшекеңнің жемісті жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалды. Жобаны Қазақстанның Қытайдағы елшісі Қуаныш Сұлтановтың өзі қадағалап отырды. Мұқият қадағалады. Мұқият жабдықталған үй берді. Мұқият жөнделген көлік берді. Тіпті Мұқият есімді аудармашыға дейін бекітіп берді. Өзі бірге ертіп жүріп, алпауыт архивтерді аралатып көрсетті. Қай жерде қандай дерек жатқанын айқындап алды. Бұл туралы Қойшығара Салғараұлының өзі: «Қытайдың мұрағаттары – өз алдына бір ғажайып әлем. Тура ертегідей, бір сандықтың ішінде бір сандық, ақ сандықтың ішінде көк сандық. Түймені басып қалсаң, алдыңнан дәліз айқара ашылады. Дәліздің екі жағында картотека тізіліп тұр. Түпнұсқа бір бөлек, аудармасы бір бөлек, көшірмесі бір бөлек, бәрі бір конвертке жинақталған. Байырғы байлауы шешілмеген қағаздардың өзі жеткілікті. Тіпті қазақ хандығына арналған бөлім де бар. Осындай мүмкіндікке қол жеткізуім қазақ тарихы жөніндегі жазған кітаптарымның ел ішінде кең таралғанының арқасы деп білемін», – деп жазды.
Оны айтасың, елші Қуаныш Сұлтанов архив мәселесімен айналысатын беделді қытайлықтарды жинап, арнайы қонақасы ұйымдастырып, оларға қазақ зерттеушісін жақынырақ таныстырды. Бұл кездесу олардың ашыла ақтарылуына, шешіле шүйіркелесуіне себеп болды. Сонымен қатар, Қуаныш аға Қойшекеңе ғалым ретінде емес, қаламгер ретінде көбірек көсілу керектігі жөнінде келелі кеңес айтты. Қойшағаң да бұл ескертпені естен шығармай, құймақұлақ қытайларға ежелден көрші екі елдің сыйластығы мен қимастығы туралы романдар циклін жазу үшін жай ғана материалдар жинауға келгенін айтқанда, олар қуана қауқылдасып қалды.
Әрине, Қойшығара Салғараұлы бұл елге дайындықсыз келе салған жоқ-ты. Ол мен деген орыс синологтарының біраз еңбегін қарап шықты. Соның бәрінен өзіндік ой түйді. Барған соң үш бағытта жұмыс жүргізді. Біріншіден, ілгеріде аударылған, ел тарихына қатысты дүниелерге қайта ден қойды. Екіншіден, қытай ғалымдарының көшпенділер жөніндегі айтқан пікірлері мен жазған мақалаларын жүйеледі. Үшіншіден, бұрын ғылыми айналымға түспеген, белгісіз деректерді іздеп табуға ұмтылды. Қысқасы, кейін қазақ жеріне оншақты кітаптың материалы Қойшекеңмен бірге ере келді. Қытай ғалымдарының көшпелілер жөніндегі ғылыми-зерттеу мақалалары және бұрын айналымға түспеген «Жүз отыз алты құжат» деген жаңа деректер топтамасы біздің халықтың да игілігіне айналды.
Жалпы, бұл дүниелердің маңызы қандай еді? Қазақ қомағында қалыптасқан тарихи танымды өзгертуге қаншалықты септігі тиді? Әрине, маңыздылығында дау жоқ. Елімізге Бичуриннің аудармасына түспеген тың материалдар келді. Қойшығара Салғараұлы мұны Бичурин көрмеді немесе білмеді дей алмайды. Тек түрлі себептерге, атап айтсақ, кей халықтардың бір заманда ұлағатты ұлт, жұрағатты жұрт болғанын айтып, талайғы тарихын танытудың тиімсіздігіне бола алынып тасталған болар деп жобалайды. Әйтпесе, Бичурин қытай жылнамасындағы көшпелілер тарихына қатысты мәліметтердің қиқымына дейін қағыс қалдырмаған зерттеуші еді.
Қойшекең қытай тіліндегі құжаттың да ксерокөшірмесін қоса ала келді. Соның бәрін кітапқа жариялады. Мұның пайдасы сол, қытай тілін білетін азаматтар енді архивке бармай-ақ, кітаптағы көшірмені қарап, аудармамен салыстырып оқуға мүмкіндік алды. Салғараұлы жеткізген салмақты дүниелер ұлттық танымымызды кеңейтті, бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі түсініктерді жаңаша көзқараспен зерделеуге қозғау салды. Бұған кәсіби тарихшы мамандардың да қызығушылығы оянбады деп айта алмаймыз.
Қазақтың тіліне, қыпшақтың діліне жетік Қойшекең егер қытай тілін білгенде мұнан да көп мәлімет әкелуі мүмкін бе еді? Әрине, мүмкін. Тіпті бүкіл қытайдың архивін арқалап келуі де кәдік. Бірақ бұл жерде бірқатар мәселені мықтап ескеру керек. Біріншіден, ол көрші елге қытайшаны еркіндеу үйренетін жастан асып кеткен кезде барды. Тамыры қатыңқырап кеткен адамға тіл үйрену оңайға соқпайды. Екіншіден, ол соған қарамастан қол қусырып қарап отырмады. Қал-қадерінше қытай тіліне машықтанып, әліппесімен танысты. Әр иероглифтің түрлі мағынасына ден қойды. Бірақ оны зердеңе тоқығаныңмен жергілікті жұртқа ұғындыру қиынның қиыны екен. Көштен қалмайын деп, жанығып-жанталасып, күнделікті қарым-қатынасқа қажетті екі-үш жүздей сөзді жаттауын жаттады. Тіпті сол үйренген сөздік қорымен қаптаған қытайлардың біріне тіл қатып та көрді. Әлгі бетіне бажырайып бір қарап, жөніне кеткен соң, түк түсінбегенін аңғарды. Сөйтіп, бұл елде Қойшекеңнің қытайшасы Қарағұсованың қазақшасынан аспай қалды. Сонда да ол бәрібір оңайлықпен беріскен жоқ. Қайта-қайта тілін сындырып, қытайдың «Тянь хуаң ди лау» деген бір мақалын жаттап алды. Тура мағынасы – «Аспан қуаң болса, жер қартаяды». Яғни, тозады. «Тянь» деген – аспан, ал «хуаң» деген – қуаң. Дыбысталуы да, мағынасы да біздің «қуаң» сөзімен бірдей. Ди – жер, лау – кәрі. Соны айтып, бұл тілде тіпті мақал да білемін дегенді аңғартып еді, жаңағы қытайдың миына ешнәрсе кіріп-шықпады. Сонымен, Қойшекеңнің полиглот ретіндегі пилоттық жобасы осы жерден біржола аяқталды. Бұдан былай аудармашының көмегіне үміт артты. Екіншіден, қытайша меңгермесе де, аударылған дүниені талдап-таразылауға, салмақтап-салыстыруға бейім болды. Тіл білмегендіктен сөздің бояуын, астарын, мағыналық реңкін тап баса алмаған жерлері болуы мүмкін. Бірақ бәрібір көп мәселе талдауға байланысты екені рас. Ол тек деректерді тауып қана қойған жоқ, сол деректерді зерттеген ғалымдармен де кездесіп, кеңінен пікір алысты. Үшіншіден, жалпы, осы сапарынан кейін бұрынғы кітаптарындағы кейбір концептуальды деген ойларын өзгертіп қайтты.
Ол қандай ойлар еді? Мұны да өзі тәптіштеп тәпсірлейді. «Мысалы, бүкіл әлем тарихшылары біздің эрамыздан бұрынғы жиырма бірінші ғасырдан бастап осы дәуіріміздің бесінші ғасырына дейін ежелгі қытайдың теріскейі мен теріскей батысын мекендеп келген байырғы көшпелілердің бәрін бір халық, яғни сиуңнудің арғы аталары деп біледі. Шындығында, олардың бәрі түркі тілдестер болғанымен, өз алдына бөлек-бөлек жұрт екен. Сиуңну халқы жалпы Қытайға біздің эрамызға дейінгі төртінші ғасырдың аяғы мен үшінші ғасырдың басында барған. Бұл бірде-бір ғалымның еңбегінде айтылмаған». Қойшығара Салғараұлы түпнұсқа дереккөздерін салыстыра қарау барысында және қытайдың маман ғалымдарымен пікір алмасу арқылы осыған көз жеткізді. Бұл деректі Рашид Ад-диннің еңбегі де растайды. Бұрын ол мұны аңғарған жоқ-ты.
Қойшағаңның тұжырымы бойында, біріншіден, барлық зерттеушілер ғұн халқын Қытайдың ежелгі көршісі деп қана біледі. Ал жаңа деректер ғұнның батыстан шығысқа ауып барған халық екенін айғақтайды. Екіншіден, дүние жүзінің тарихшылары сиуңнуларды түріктер дейді, дұңхуларды моңғол дейді. Бұл да қате дейді Қойшекең. Оның ойынша, сиуңну дегеніміз – моңғолдар, дұңху дегеніміз – татарлар. Кешегі түрік қағанаты құлағаннан кейін шығыстағы бүкіл биліктің бәрі сол татарлардың қолында болды. Қалыптасқан қағидалар шеңберінен шығып, түпнұсқа дереккөздеріндегі мағлұматтарды көшпелі өмір салты тудырған заңдылықтарға сай пайымдап жасалған осындай жаңа тұжырымдар жарыққа шықты.
Қойшығара Салғараұлының кандидаттық диссертациясы әдебиеттен қорғалған. Ғылыми құжатқа қатталған сірескен салалық бөлініске келсек, Қойшекең – тарлан тарихшы да, тегеурінді түркітанушы да емес, тек қана әйдік әдебиеттанушы, айбынды абайтанушы. Әдебиет және өнер институтының абайтану бөлімінде қызмет істеген майталман маман. Сөйте тұра, тарихқа барды. Тарихшы болғысы келгеннен емес. Тарихтың насихатшысы болғысы келгеннен. Тарихтың қалтарыс-бұлтарыстарын түсіндіргісі келгеннен. Түпнұсқаны қарау арқылы тарихи деректердің дұрыс-бұрыстығын анықтауды жөн көргеннен. Ол – бұл мақсатына жеткен ғалым.
Оның білуінше, үш шындық бар. Біріншісі, сол ұлт өкілінің өзінің түйсігі арқылы айқындалатын шындық. Түпнұсқаны оқып отырғанда саған түйсігің біраз нәрсені аңғартады. Қалай болғанда да ата-бабаң осыған келер жолдан өткені рас. Екіншісі, түпнұсқа деректің өзі мәлім етер тарихи шындық. Үшіншісі, оқиғаның өзінің дамуынан туатын шындық. Кейде бұл оқиғаның бұлай өрістеуі мүмкін емес деп топшылайтын кезің болады. Ол «Көмбе» деген кітабында қыпшақтарды беске бөлді. Көк қыпшақ, қара қыпшақ, құба қыпшақ, қызыл қыпшақ, сары қыпшақ. Қара қыпшақ пен құба қыпшақты тілге тиек еткен Ресей ғалымдары бар. Қалғандары жөнінде әңгіме болмады. Ал енді Қытайға барып, дерек қараған кезінде бәрі алдынан сайрап шыға келді. Бесеуі де бар. Болжамының дұрыстығына, түйсігінің алдамағанына көз жеткізді. Тек «көк» деген сөз «ұлы» деген сөзбен алмасқан. Шығыс жақты «ұлы» дейтін көрінеді ғой. Бәрібір мағынасы алыстамайды. Сөйтіп, Қойшекең Қытайдан күдікті азайтып, қыпшақты көбейтіп қайтты.
Қойшекең екеуміздің ілгерідегі бір сұхбатымызда айтылғандай, оның «Қытайға барып келген соң жариялаған еңбектеріне қарағанда ол жаққа сапар шекпей тұрғанда жарық көрген «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» сияқты кітаптары көбірек оқылды. Кейінгілерге оқырман онша беттеңкіремей жатты. Мұның себебі ғалым былайша түсіндіреді: Біріншіден, алдыңғылары тарихи тақырыпқа арналғанымен әдеби тұрғыдан жазылды. Оқуға жеңіл, жұртқа түсінікті. Екіншіден, біреуі отыз мың, екіншісі елу мың данамен шықты. Тиражы да, оқырманы да көп болды. Кейінгі кітаптар мың данамен, мықтағанда екі мың данамен жарық көрді. Алғашқы кітаптары оқырманға өте ұғымды тілмен, одан соңғылары жартылай ғылыми тілмен, кейінгілері таза ғылыми тілмен жазылды. Оқырманды бірте-бірте дайындау мақсатын ұстанған сыңайлы». Сол себепті ілгерідегі дүниелеріне ықылас көбірек болуы мүмкін.
Салғараұлының саралауынша, «жалпы, ел тәуелсіздік алғаннан кейін жұрт жаппай тарихты зерттеуге ден қойды. Тарихты зерттеуге кіріскендерді бірнеше топқа бөлуге болады. Біреулері баяғы ескі көзқараспен, көне түсінікпен қиялап тартып келеді. Екіншілері тарихтың көрпесін өзіне қарай тартады. Тарихи танымынан гөрі жершілдік сезімі атойлап тұрады. Үшіншілері шетел зерттеушілерінің ой-пікірлерін дұғадай көреді. Төртіншілері архив деректеріне сүйеніп, ой-тұжырым жасайды». Қойшығара Салғараұлы осы соңғы топқа құрметпен қарайды және өзі де сол топқа жатады.
Сонымен, Қойшығара Салғараұлы кім өзі? Кәсіби тарихшы ма? Әлде тарихты тереңдеп әрі көркем тілмен жазатын жазушы ма? Оны алдымен өзінен сұрап көрейік. Қайсысына көңілі көбірек құлайды екен? Біздің осы тақілеттес сауалымызға ол бір кезде былайша жауап берген-ді: «Маған тарихшы мәртебесін иеленуден гөрі оқырманның ықыласына бөленген артығырақ. Сол кәсіби тарихшы оқыған пәнді мен де оқыдым. Соларға дәріс берген ұстаздар маған да дәріс берді. Өз бетімше ізденіп оқығаным да аз емес сияқты. Оның үстіне олардың кейбірінің аяғы жетпеген жерге мен бардым. Аспанға қарап жазғаным жоқ. Ылғи «болды» деген етістікпен аяқталатын, қатып қалған мәтінмен жазғандар ғана кәсіби тарихшы болып, көркем, жұрт қызығып оқитын, салыстырма теңеумен бедерлейтін, ел есінде қалатын сөз жазған адам әуесқой саналса, онда мен әуесқойға жатамын. Ал қазақтың түп тарихын шама келгенше тереңдей қазып, бұрын айналымға түспеген дерек ұсынып, тарихи шындыққа апарар тыңнан жол салған адам кәсіпқой делінсе, онда мен сол топқа тиесілімін. Тарихшылықты «доктор» деген жазуы бар қатырма қағаз емес, атқарылған еңбек, ашылған жаңалықтар тізбегі анықтаса керек».
Дұрыс айтасыз, Қойшаға! Бәрібір сіз әзірге абайтануды алты қырдың астына қалдырып, көсемсөз бен көркемсөзге сәл-пәл дамыл алдырып, оның есесіне ұлт тарихын ұдайы аялап, түркітануды тұрақты саялап келесіз. Енді өзіңізді бұл саладан бөле-жара қарауға ешкімнің де қақысы жоқ! Сөзіңіздің сырын, көзіңіздің нұрын бермей, бойыңыздан қуат, ойыңыздан шуақ кетпей, сексен беске секіріп шыққаныңыз құтты болсын, аға! Енді жүзге дейін жеткен биігіңіздің желкесінен түспеңіз!
(Тарих пен түркітанудың тарланына ғана емес, бильярд өнерінің арланына айналған Қойшекеңнің тастаяқтан тоят тапқан сәтін тап басқан – ширақтығына жан жетпейтін майталман фототілші Шүкір Шахай).
Бауыржан ОМАРҰЛЫ.
ҚР ҰҒА академигі, филология
ғылымдарының докторы, профессор