ҚОЛӨНЕР – ШЫДАМДЫЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Қоғам
843 Views

Қазақ өнерінің,оның ішінде қолөнердің түрі көп. Ұлттық құндылығымыз заман ағысына сай жаңарып,жаңғырып келеді. Бір өкініштісі, қазіргі таңда оюлы текемет басып, кесте тігіп,құрақ құрап, қазақи нақышымызды дәріптеп жүрген жандарды кездестіру қиын. Аруқыздардың қызығушылығы болғанмен, өнерге жақын, бәрін бабымен үйрететінқолөнершілердің саны өте сирек. Алайда, шәкірт тәрбиелеп, құндылықтарымызды дәріптегісі келетін жандар да жоқ емес. Солардың бірі әрі бірегейі МөлдірСергараева. Он саусағынан өнер тамған кейіпкеріміз бала күнінен көркеммәдениеттің негізін қалап, сәндік-қолданбалы өнермен айналысып келеді. Ептілігімен еңбекқорлығының арқасында мемлекеттік грант ұтып алып, ісін ұршықша иіріпкетті.

Мөлдір Жамбыл облысы, Қаратау ауданындағы өнерлілер отбасында дүниеге келген. Анасы тігін жасау ісімен айналысса, ал әкесі ұстахана шебері. Көркем сурет колледжі мен тоқыма институтын бітірген кейіпкеріміз Қостанай қаласында еңбек пәнінен сабақ беріп, бірнеше жыл бойы ұстаздық қызмет атқарады. Өз ісін бастап, кәсіпкер атануды көздеген Мөлдір көп ұзамай, өмірлік махаббатын жолықтырып, ақ босаға аттап, Ленгір қаласының келіні атанды. Ол ана болуды өмірлік парызы санап, 3 перзентін жарық дүниеге әкелді. Алайда декреттік демалыстарында құр отырмай, қолөнер заттарын жасап, шаһар тұрғындарына сатқан көрінеді. Кейіпкеріміздің өмірлік жолдасы да өнерге жақын болғандықтан, жарының бар назы мен еркелігін көтеріп, үнемі қолдау білдіреді екен.

– Мектеп қабырғасында жүрген сәтте ұстаздарым қолөнерге ебім мен қызығушылығым бар екенін байқап, осы салада өзімді дамытып көруді ұсынды. Ал мен заңгер атанып, әділдік жолын қуамын деп шешіп қойған болатынмын. Бірақ, анам өз ақылын айтып жүріп райымнан қайтарды. Айлар зымырап, жылдар жылжыған соң, дұрыс таңдау жасағаныма көзім жетті. Кішкентайымнан пысықтау, іске бейім болып өскен соң болар, уақытымды босқа кетіріп, тоқырап қалу қиынға соқты. Демалысымды пайдаға жаратқым келіп, 2020 жылы «Бастау бизнес» бағдарламасына құжаттарымды өткіздім. Расында да, мемлекеттің беріп жатқан шексіз мүмкіндіктеріне шынайы ризашылығымды жеткізгім келеді.Әйел заты табыссыз болса, күйзеліске тез түсіп кетеді.Өз кәсібімді бастау арқылы талантымды шыңдап, халқыма пайдамды тигізіп жатырмын, – дейді Мөлдір.

Ол елде орын алып жатқан пандемияға қарамастан, кәсіптің толық оқу курсынан өтіп, тігін машинасын сатып алды. Жобасын қорғап шықпас бұрын күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, ұлттық нақыштағы фермуарлы сөмкелерді дайындайды. Ерекше идеясымен демеушілердің көзіне бірден түсіп, 583000 теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтады.

– Қолөнерге қанша машықтансам да, әсем бедерленген дүниелерді жасап шығу үшін тер төгуге тура келді. Талай мәрте қаражатым желге ұшып, сәтсіздікке ұшырадым. Уайымға салынып, жеңіске жеткенше тоқтаған жоқпын. Наурыз айында бизнес жоспарым үздік деп танылып, қаржы бөлінді. Қуанышты оқиға өміріме жаңа леп сыйлап, көңілімді көкке жеткізгендей болды. Содан бері екі жылға жуық уақыт өтті. Халықаралық және республикалық деңгейде ұйымдастырылған көрмелерге белсене қатысып, көптің көзіне түстім. Бұйымдарымның сапасы жоғары болғандықтан, тапсырыс берушілер де дән риза. Жуырда АҚШ пен Қазақстан арасындағы халықаралық байланысты дамытуға бағытталған Nomad жобасына қатысып, шетел азаматтарына даярлаған сөмкелерімді 10000 теңгеге саттым. Бір өкініштісі, келушілердің көп бөлігі сапа мен мата ажырата алмайды. Сол көрмеде басқа да қолөнершілер өз өнімдерін арзан бағаға сатып жатты. Тұтынушылар маған келіп, сөмкенің бағасын сөз етіп кетті. Мен сапаны салыстырып, бәрін түсіндіруге тырыстым. Оның үстіне сөмкеге қажетті бұйымдарды басқа қаладан тапсырыс арқылы алдырамын. Киізді де қолдан түтемін. Әрине, заттарымды мақтап, еңбегіме жеміс тілейтіндер де бар.

Мөлдір қазақи құндылықтарды дәріптеп жүрген өнерпаз.Қай жерге барса да, ұлттық киімін, қолдан тігілген орамалы мен сөмкесін тастамайды. Ол қыз-келіншектердің ерекше үлгідегі отандық өнімдерді емес, шарықтап тұрған брендтік киімдерді сатып алатынына наразы. Тек соңғы күндері клиенттер Түркістан пен Шымкент қалаларынан ағылып келіп жатқанын айтады.

– Қолөнер – рухани жан серігің, ертеңгі азығың, жарқын болашаққа жол сілтейтін жарығың. Кез-келген қыз баласы қолына ине ұстап, жыртық жамауды білуі керек деп ойлаймын. Таныстарымның арасында киімнің кішкене жыртығын тапсырысқа тіккізетін жандар да бар. Алдағы жоспарым – қолөнерді үйренуге құлшынысы бар қыз-келіншектерге қолдан келгенше көмек беру. Бірақ, бұл арманымды жүзеге асыру үшін арнайы орталық ашып, оны кеңейту қажет. Тиімді қызмет пен қолжетімді баға қойылса, нәзік жандылар орталыққа ағылып келуші еді, – дейді кейіпкер.

Мөлдір бойындағы таланты мен таудай талабының арқасында белгілі қолөнер шеберлерімен кездесіп, олардан тәлім алып, қалалық байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерді. Бүгінде тек сөмкелерді тігіп қана қоймай, түрлі тастар мен көздің жауын алар моншақтардан ұлттық үлгідегі тақиялар мен кеудешелер дайындайды. Өнімдерінің бағасы қолжетімді әрі сапасы өте жоғары болғандықтан, күніне 4-5 тұтынушы келеді. Алдағы уақытта киім дизайнын толық меңгеруді қалайтын кейіпкеріміз жеке орталығын ашуды армандайды.

– Қолөнер адамды шыдамдылық пен шығармашылыққа тәрбиелейді. Бұл саланың көзін тауып, дамылсыз еңбек етсең, табысқа кенелуге болады. Әрі ұлттық мұраны ұлықтап, қастерлі қазынамызды насихаттауда қолөнердің орны айрықша.Өкінішке орай, осындай орталықтардың саны өте аз. Егер біріге бұл жұмысты қолға алсақ, құндылығымызды қайта жаңғыртар едік, – деп ой қосты ол.

Мөлдір күнделікті күйбең тіршілікке қарамастан, жастық шағының алтын уақытын қолөнерге арнап, тырбанып еңбектеніп жатыр. Егер әрбір кәсіп иесі осылай өз мамандығына адалдық танытар болса, қазақтың жоғы түгенделіп, асығы алшысынан түсер еді. Ендеше, сіз де мемлекеттің ұсынған мүмкіндіктерін пайдаланып, кәсібіңізді ашуды бүгіннен бастаңыз!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *