МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ТЕКСЕРУ НӘТИЖЕСІ БОЙЫНША АНЫҚТАЛҒАН ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚТАР

Қоғам Құқық
373 Views

Шымкент қаласыныңмәдениет саласындағы мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің атқарған қызметтерінің тиімділігіне жүргізілген аудиторлық іс-шара нәтижесімен, бірқатар кәсіпорындарда, мысалы «Шымкент-Цирк» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорында мекеме басшыларының жеткілікті деңгейде қадағалаудың болмауын анықтады. Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау барысында олардан толық тиісті мәліметтер алынбау салдарынан бір қызметкер бір кезеңде, бірнеше басқа да кәсіпорында толық жұмыс күніне қабылданып, жалақыны толық көлемде алып отырған фактілері орын алған. Атап айтқанда, «Шымкент-Циркте» қосымша жұмыс істейтін 7 қызметкерге басқа бюджеттік мекемелерде негізгі жұмыс орны бола тұра күнделікті 8 сағат есебінен еңбекақы төленген. Яғни белгіленген күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан асып кету фактілері, жалпы 2018-2021 жыл аралығында 20 798,4 мың теңге негізсіз жалақы, үстемақылар, сыйақылар артық төленгені анықталды.

Демек, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 68-бабының 3-тармағына сәйкес «Негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы осы Кодекстің 71-бабының 4-тармағында белгіленген (8 сағат) күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан 4 сағаттан артық аспауға тиіс» деген талабы сақталмаған.

Аудиторлық іс-шара барысында «Шымкент-Цирктің» бірқатар қызметкерлерінің негізгі жұмыс істейтін ұйымдарынан нақты деректер алынып, олардың 2018-2021 жылдар аралығында негізгі жұмыс орындарында 1 және 1,5 ставка бойынша жұмыс жасай тұра, қосымша 0,5-тен және 2 ставкаға дейін «Шымкент-Циркте» жұмыс атқарғаны анықталды.

Мысал ретінде анықталған бұзушылықтарды толығырақ тарқатсақ:

— «Шымкент-Циркке» 1 ставкаға табель бойынша күніне 8 сағаттық жұмысқа заңгер болып азамат Б. 2011 жылы қабылданған, сонымен қатар, аталған азамат 3 жылдан бері басқа да 2 кәсіпорындарда: КГУ «Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығы» мен «Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқындағы №4 қалалық емхана» МКК-да бір мезгілде күнделікті табель бойынша 8 сағаттан заңгер болып толық көлемде айлық алып отырған.

— 1 штат бірлігіне «Оңтүстік-Цирк» МКҚК бағдарламалық қамтамасыз ету жөніндегі маман қызметін қоса атқаруға азамат О. қабылданып, 8 сағаттан жұмыс жасай отырып, бір кезде, бір күнде Түркістан қаласындағы Ауыл шаруашылық басқармасында да табель 8 сағаттан толтырылып, толық программист жұмысын атқарып отырған. Яғни 2 ставкадағы жұмыстарды бір уақытта атқарған.

— «Облыстық опера және балет театры» МКҚК 1 штаттық бірлікте, «Оңтүстік Қазақстан саз колледжі» МКҚК үйірмелі және соқпалы аспаптар және симфониялық оркестріне, эстрада оркестріне иллюстратор ретінде 1 ставкада, «Оңтүстік-Цирк» МКҚК 1 штат бірлігімен оркестр әртісі қызметін қоса атқаруға азамат О. қабылданып, аудитпен қамтылған мерзімінде 3 мекемеде толық 3 штаттық бірлікте жұмыс атқарғаны туралы жұмыс табельдерінде 8 сағаттан қойылып отырған.

— 4 қызметкер (Т.Т.М.М.) «Оңтүстік Қазақстан саз колледжі» МКҚК 1,5 ставкаға негізгі жұмысқа қабылданып, «Облыстық опера және балет театры» МКҚК оркестр әртісі ретінде қоса атқаруға 0,5 немесе 1 штаттық бірлікте, «Оңтүстік-Цирк» МКҚК 0,5 штат бірлігімен оркестр музыкант қызметіне қоса атқарушы болып жұмыс атқарған. Яғни, осы аталған қызметшілер аудитпен қамтылған мерзімінде 3 бюджеттік мекемеде 3 штаттық бірлікте жұмыс атқарған (жұмыс табельдерінде 8 сағат қойылып отырған).

Жоғарыда аталған 7 азаматтық қызметші бойынша Еңбек кодексінің 77-бабының 2-тармағына сілтеме жасай отырып, қоса атқаратын еңбек шартын жұмыс беруші дұрыс жасамаған, өйткені қоса атқарғаны үшін негізгі жұмыстан бос уақытта жалақы нақты жұмыс істеген уақыты үшін қаралған. Алайда, аталған заңнама талаптары сақталмаған, негізсіз үстемақылар, сыйақылар артық төленуіне жол берілгені анықталды.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында жұмыссыз ретінде еңбек биржасында тіркелген білікті мамандар бола тұра, жоғарыда атап көрсетілген мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің жекелеген басшылары жұмысты қоса атқаруға қызметкерлердің негізгі жұмысымен қатар бірнеше мекемелермен шарт жасасқан. Күнделікті жұмыс 1-ден 5 сағатқа дейін деп көрсеткен, алайда бюджеттік мекемелерде толық жұмыс күні ретінде төленіп отырған. Яғни, бір адам бір мезгілде түрлі бюджеттік мекемелерде 2-3 ставкада жұмыс істеп, нақты жұмыс істеген сағатына емес, толық ставканың жалақысын алып отырған. Мұндай жағдай Шымкент қаласы бойынша жұмыссыздық деңгейінің өсуіне өз әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті.

Жоғарыда аталған деректер басқа да бюджеттік мекеме басшылары тарапынан қайталануын болдырмау және бюджет қаржысын тиімді пайдалану мақсатында Шымкент қаласының әкімдігіне ақпарат ретінде жолданған болатын. Алайда, жоғарыда аталған кәсіпорын Тексеру комиссиясының тұжырымы негізсіз, берілген Нұсқамасының күші жойылсын деп Шымкент қаласының экономикалық сотқа талап арыз берген. Негізсіз төленген жалақы, үстемақылар, сыйақылар сот процесстерінде толық жан-жақты қаралып, сот шешімімен Тексеру комиссияның Нұсқамасы өз күшінде қалғанын атап өтеміз. Ал «Оңтүстік-Цирк» МКҚК іс-әрекеттері заңсыз деп танылды. Бүгінгі таңда жоғарыдағы фактілер бойынша негізсіз төленген қаржыларды бюджетке қайтару жұмыстары жүргізілуде.

Н. А. НӘЛІБАЕВ,

Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *