Қазақтар мен өзбектер – көне замандардан бері жайлауы мен қыстауы қатар қоныстанған көршілес, туысқан халықтар. Жайшылықта базарымыз, қайғы-қасіретте мазарымыз да бір болған. Бірін-бірі өзара бөліп-жармайтын бір халық іспеттеспіз. Сол себепті де болса керек, Алпамыс, Әмір Темір, Бабыр, тіпті күні кешегі Сабыр Рахимовты қос халық та өздерінің төл перзенті деп санайтыны.
Қазақта: «Бармасаң, келмесең, жат боларсың…» деген даналық сөз бар. Өкінішке орай, Тәуелсіздіктің алғашқы ширек ғасырында қос ел арасындағы байланыстар біршама бәсеңсіп қалғаны жасырын емес.
Соңғы екі жылдың айналасында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық, сауда, мәдени, гуманитарлық байланыстар күн санап жақсарып, дамып келеді. Қос ел Президенттері – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Шавкат Мироманович Мирзиеёв жиі-жиі бас қосып, қос тарапқа да тиімді көптеген екіжақты келісімшарттарға қол қоюлары бұған нақты дәлел бола алады. Жаңадан әуе, теміржол, автожол бағыттарының ашылуы көршілес әрі туысқан халықтардың достық қарым-қатынастарын бұрынғыдан да нығайта түсті. Соның нәтижесінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындары үшін көптеген қолайлылықтар жасалды. Екі ел арасындағы шекарадан өту, кедендік құжаттарды рәсімдеу шаралары біршама жеңілдей түсті. Осылайша алысын жақындатқан, ауырын жеңілдеткені үшін қос тараптың халқы өздерінің дән ризашылық сезімін білдіруде.
Бұған қоса-қабат 2018 жылдың Қазақстандағы Өзбекстан, ал 2019 жылды Өзбекстандағы Қазақстан жылы деп жариялануы да көршілес, бауырлас, туысқан қос халықты одан әрі жақындатып, татуластыра түсті. Сауда-саттық, экономикалық әріптестік, тауар алмасу, тағы басқалар, тағысын тағылар, тағы сол сияқтылар оңтайлы шешімін табуда. Өзара тауар айналымын қазіргі 3,5 миллиард доллардан таяудағы жылдары 5 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр. Сан түрлі әдеби, мәдени, спорттық, туристік, тағы басқа бағыттарда көптеген ізгілікті де игілікті іс-шаралар жүзеге асырылуда,
Қос елдің арасында құқық қорғау, қауіпсіздікті сақтау, экстремизм мен терроризммен күресу секілді бағыттарда да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында да бірлесе жұмыс істеу міндеті тұр.
Таяуда Шымкентте шекаралық ынтымақтастық бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Өзбекстан Республикасының Бас прокуратурасы өкілдерінің екіжақты жұмыс барысындағы кездесуі өтті. Оған Қазақстан тарапынан Бас Прокурордың бірінші орынбасары Ғ.Д.Нұрдәулетов, Түркістан облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Бас көлік прокуроры және Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыстарының прокурорлары қатысты.
Көрші елдің делегациясын Өзбекстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Э.Т.Юлдашев бастап келді. Делегация құрамында Ташкент, Сырдария, Жызақ, Науаи облыстарының прокурорлары бар.
Кездесу барысында заңсыз еңбекке тарту, қылмыстық қудалау шеңберіндегі халықаралық тапсырмаларды орындау, Өзбекстан Республикасының сотталған азаматтарын беру, сонымен қатар шекарадағы өткізу-бақылау бекеттерінен автокөліктік айналым жасау мәселелері талқыланды.
Жиынға қатысушылар шекаралық қарым-қатынас, Қазақстан мен Өзбекстан прокуратураларының өзара әрекеттесуі, екіжақты келісімді одан әрі қарай жетілдіру ведомствоаралық ынтымақтастықтың нығаюына алып келетінін атап өтті.
Арнайы тіркелімге тұрмай-ақ заңсыз еңбекке тартылғандардың қарасы көп. Бұрын қылмыс жасап, бір елден екінші елге өтіп кетіп, бас сауғалап жүргендер де кезігеді. Қылмыстық қудалау шеңберіндегі Халықаралық тапсырмаларды орындау мақсатында Өзбекстан Республикасының бұрын сотталған азаматтарын беру мәселесін сөз етті. Шекарадағы өткізу-бақылау бекеттерінен автокөліктік айналым жасау мәселесін де талқылады. Бірлесе жұмыс істеу арқылы екі жаққа да тиімді көптеген жұмыстарды жүзеге асыру көзделген.
Жиын соңында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы және Өзбекстан Республикасының Бас прокуратурасы өкілдері заңсыз еңбекке тартудың алдын алу мен сотталғандарды беру және қылмыстық құқықтық саладағы Халықаралық тапсырмаларды орындауға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойды.
«Ұйымдасқан ұтады» демекші, өзара бірлесе іс-қимыл жасау арқылы көптеген игі жетістікке жетісуге болатыны анық. Сол себепті қос тараптың өкілдері дәл осындай ауызбіршіліктің нәтижесінде асқаралы асулар мен берекелі биіктерді бағындыра береді деген үміттеміз.
Ә. ҚАҢТАРБЕК.