АҒАЙЫН, СОЛТҮСТІККЕ КӨШ ТҮЗЕ!

Саясат Қоғам
367 Views

Бүгінде Жаңа Қазақстан тіркесі трендке айналып, Үкімет елді өркендетудің тың өрісін іздеуде. Дұрыс, өркениет көшінде өз орнымызды таппай Тәуелсіздікті сақтау қиын. Бұл – анық. Ал, Тәуелсіздікті тұғырлы етудің жолы қандай?

Әрине, халықтың әлеуметтік әлеуетін арттыру жолында шағын және орта бизнесті дамыту, салық көздерін арттыру және т.б кешенді жұмыстар бар. Одан да маңыздысы өңірлердің біркелкі дамуын қамтамасыз ету керек-ақ. Демографтардың мәліметінше, 2050 жылға қарай солтүстік өңірлеріндегі халық саны миллион адамға қысқарып, керісінше оңтүстікте 5,2 миллионға өсуі мүмкін. Бұл дегеніміз, солтүстіктегі шұрайлы жерлерге сыртқы көз сұқтана қарап, иелік етуге талпынатыны анық.

Украина-Ресей арасындағы әскери қақтығыстың салдарынан солтүстіктегі көрші елдің тұрғындары көптеп қоныс аударуда. Дерек көздерінде, 2022 жылдың 24 ақпан мен 11 сәуір аралығында көрші елден 130 мың азамат келіпті. Бұл дегеніңіз, соңғы екі жылдың наурыз айында жеке сәйкестендіру нөмірін алған ресейліктердің саны 14 есе өскенін көрсетеді. Енді не істеу керек?

Көш мәселесін реттеу керек. Иә, ішкі миграцияға мемлекеттік деңгейде мән беру маңызды.

Көш. Бұл сөз халқымыз үшін қасиетті ұғым, қастерлі сөз. Қадым замандардан алаш жұрты Ұлы Дала елінде көшіп-қонып, елдігін сақтады. Тәуелсіздіктің таңы атқалы жаһан қазақтары атажұртқа бет түседі.

ХХ ғасырдың 60-80 жылдары алғашқы көш Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия және Қытайдан атақонысты аңсап келген қандастар қосылды. Сосын Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Түркия, Иран, Ауғанстан, Ресей және жоғарыда аталған елдерден көш қозғалып, елге ел қосылып, құт-берекеміз арта түсті…

Ақмола елдіктің орталығы ретінде таңдалып, көш жаңғыра түсті. Осылайша, ішкі миграцияның арқасында Нұр-Сұлтан қаласы қазақы қалыпқа енді. Алайда солтүстік пен шығыстағы облыстарды игеру мәселесі күн тәртібінен әлі түскен жоқ.

Көштің ішінде ондаған жылдар мен де болдым. Білім іздеп Павлодар даласына аяқ тиді. Жоғары мектепке түскен жылдары (2003-2007 жылы) қазақ тілінде тілдесетін дүкеншіні іздеп, қаланы шарлайтынымыз бар-тұғын. Уақыт өте сатушылар қазақ тілін қолдана бастады. Оған Өзбекстан мен Моңғолиядан келген қандастардың үлес салмағы артуы себеп болғаны ақиқат. Ал, қызметке араласқан жылдары рухты жастардың саны артып, кез-келген қоғамдық орындарда қазақ тілінің үстемдігі орнай бастады.

Бірақ, ондағы славян ұлт өкілдерінің өмірге көзқарасы бөлек. Олар болашағын қоғамдық және гуманитарлық саламен байланыстырмайды. Төрт жыл университет қабырғасында уақыт жоғалтқанды да құптамайды. Колледждерде техникалық білім алып, зауыттарда жұмыс істеп, табысты болудың жолын табады. Сосын қос-қостан жылжымайтын мүлік (пәтер және т.б) алып, оны қазақтарға жалға береді…

Үкімет «Серпін» бағдарламасы арқылы оңтүстіктегі жастардың техникалық білім игеріп, зауыт-фабрикаларға мамандар дайындап жатқанының сыры осында. Алайда талай серпіндік жастар жоғары білім алғаннан кейін оңтүстікке қайтып, жұмыссыздар санын көбейтіп жүргені жасырын емес.

Шекаралық аудандарды дамыту – мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан өте маңызды. Бұл турасында Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров:

– Қазір әлемде геосаяси жағдай сан құбылып тұр. Осындай өтпелі кезеңде елдің тұтастығын сақтауда шекаралық аудандардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру өте маңызды. Ол үшін тұрғындардың шағын және орта бизнеспен шұғылдануына және ауылшаруашылығымен айналысуда жеңілдік беру керек.

Әлеуметтік сала қызметкерлері – мұғалім, дәрігер, мәдениет саласы қызметкерлеріне «шекаралық аймақ үстемақысын» төлеуді қарастырып, әлеуметтік инфрақұрылым – ауыларалық және ауылішілік жолдарды жөндеу, ұялы байланыс пен интернетке қолжетімтілікті қалыптастыруды шешу маңызды. Бастысы, мектептердің материалдық-техникалық базасын заманауи талаптарға сай етіп, мұғалімдердің біліктілігін арттырып, медициналық амбулатория мен бекеттердің жұмысын жүйелеу өмірлік маңызға ие шаруа.

Ал, мұның бәрін жүзеге асыруда «Шекаралық аудандарды дамыту» туралы арнайы заң қабылдау керек, – деп ойын білдірді.

ІШКІ МИГРАЦИЯНЫ РЕТТЕУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

Енді ішкі миграция мәселесі қайдан шықты? Соған тоқталсақ. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай халық саны 20,3 млн. адамды құрамақ. Оның 60 пайызға жуығы оңтүстік облыстар – Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысы және Астана мен Алматы қаласына шоғырланады. Осы кезеңде Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысында халық саны кеми түседі.

Мұны екі халық санағының арасында аймақтардың табиғи өсімінен-ақ байқауға болады. Мәселен, Павлодар облысында 85,6 пайыз, Ақмола облысында 78,6 пайызға төмендеген. Тек Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысында халықтың дәстүрлі өсу тенденциясы сақталып отыр.

Бір анығы, Қазақстанның оңтүстік аймақтарында бала туу көрсеткіші жоғары. Солтүстік Қазақстанда жылына 7000 бала өмірге келсе, оңтүстікте бір перинаталдық орталықтың өзінде 8000 сәби туады екен. Оңтүстік пен солтүстіктің арасындағы бала туу көрсеткіші 10 еседен көп.

Қазір халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерде екі қолға бір күрек табу мәселесі өте өзекті. Мәселен, Түркістан облысында 1 шаршы шақырым жерде халық тығыздығы 20,7 адам болса, Қостанай облысында 1 шаршы шақырым жерге 4,5 адамнан келеді.

Оңтүстікте жұмыссыз адам саны артса, керісінше, солтүстік аймақтардың өндіріс орындары мен шаруа қожалықтарында жұмыс күші тапшы. Елдегі тепе-теңдікті реттеудің бірден-бір жолы – солтүстік облыстарға қоныс аудару. Бұл бағытта Павлодар, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облысы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жұмысқа шақырып та жатыр.

Бірақ көшті көрікті дей алмаймыз. Оның себебі көп.

Біріншіден, солтүстіктегі аудан басшылары берілген жоспар-жобаны орындаса болғаны. Өйткені көшіп келушілер саны аудан әкімдерінің рейтингісіне әсер етеді.

Екіншіден, оңтүстіктегі аудан басшылары кімдер көшіп кетуде, олар қоныс аударған жеріне сіңісіп кетті ме, одан шаруасы жоқ. Содан бір жыл өтпей-ақ қайтадан оңтүстігіне көшіп кеткені қаншама? 2021 жылы Павлодар облысының Успен ауданы мен Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы руханият, мәдениет саласында ынтымақтаса жұмыс істеді. Екі ауданның мәдениет қызметкері шығармашылық іс-сапарда болып, тәжірибе алмасты.

Сонда жаңақорғандықтар солтүстіктегі шекаралық аймаққа барып, таңғалып қайтқан-ды. Сондағысы: «Успен ауданында бар-жоғы 11718 ғана халық тұрады екен-ә! Онда бәрі бір-бірін танитын шығар» деп күлді (Қытайдың қазаққа қарата айтқан анекдотындай). Расында, бұл күлетін нәрсе емес. Успен ауданының елді мекендерін аралағанымызда тұрғындармен тілдестік. Сонда байқағанымыз, ауылда қалғаны егде кісілер. Жастардың басым көпшілігі Ресей Федерациясының Новосибирск, Барнауыл, Омбы және т.б қалада білім алатынын, әрі олар келешегін Қазақстанмен байланыстырмайтынын білдік.

Павлодар облысының Ресеймен шектесетін өзге аудандарында халқы осы шамалас, мәселесі ортақ. Мәселен, 2022 жылдың наурыз айындағы статистикалық мәлімет бойынша Павлодар облысының Железин ауданында – 14705, Ертіс ауданында – 15344, Қашыр ауданында – 19157 адам тұрады.

Оңтүстіктегі аудандардың өлшемімен өлшегенде халық саны тым аз.

Солтүстік, солтүстік-батыс және шығыстағы шекаралық аудандардың халқының санын саралайтын болсақ, Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында – 14705, Уәлиханов ауданында – 15561, Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында – 19406, Денисов ауданында – 17146, Ақтөбе облысының Қобда ауданында – 18311, Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында – 22319 адам тұрады.

Енді қызықты қараңыз, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы халық саны – 302893 адам. Бұл Қазақстан аудандарының арасында халық саны бойынша ең жоғары көрсеткіш. Ауданның жер көлемі – 8,3 мың шаршы шақырым. Халықтың тығыздығы – 1 шаршы шақырымға 36 адам. Салыстырып көрейік, Қостанай облысында 196 мың шаршы шақырымға 4,5, Солтүстік Қазақстан облысында 98 мың шаршы шақырымға 5,7, Павлодар облысында 124,8 мың шаршы шақырымға 6 адамнан келеді.

Жамбыл облысы Байзақ ауданының жалпы жер көлемі 4,5 мың шаршы шақырым болса, халық саны – 111243. Түркістан облысы Сарағаш ауданының жалпы жер көлемі 7,6 мың шаршы шақырым, халық саны – 324299. Бізге 2022 жылдың наурыз айындағы статистикалық көрсеткіштері осыны көрсетеді.

Яғни оңтүстіктегі бір ғана Еңбекшіқазақ ауданы солтүстіктегі Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысының шекаралық Успен, Қашыр, Железин, Ертіс, Шарбақты, Мамлют, Ақжар, Уәлиханов, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Қарабалық, Жетіқара, Ұзынкөл, Денисов, Федоров, Меңдіқара ауданының халқынан көп. Міне, біздегі демографиялық тепе-теңдікті осыдан-ақ бағамдай беруге болады.

Жыл өткен сайын шекаралық аудандарды дамытып, ішкі имиграцияны оңтайлы шешу мәселесі алдымыздан шыға береді. Өйткені, бұл – мемлекеттік тұтастық пен тұрақтылықтың тұғыры.

Сөз жоқ, бүгінде көшін солтүстікке түзейтін азаматтарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Көшудің жол шығынын өтейді, баспанамен қамтамасыз етеді, жұмысқа орналастырады және т.б айту керек.

Алайда бұл жеткілікті ме? Осы турасында біраз зерттеп, зерделедік.

Ең бірінші, солтүстікке көшкен әрбір адам әлеуметтік жағдайын дұрыстау үшін баратыны ақиқат. Ал, ондағы жеңілдіктер қалыпты өмір сүріп кетуге жеткілікті ме? Жоқ. Неге десеңіз, бір реттік көмек көшіп барған жылы беріледі. Одан кейін ол сол жаққа бейімделіп, өмір сүріп кетуі тиіс.

Оңтүстікте қыс бір-екі ай ғана болса, солтүстікте алты айға дейін созылады. Демек, жылы аймақта қыста шығын аз болса, солтүстікте шығын екі-үш есе көп болады. Оның үстіне, суық аймаққа барғаннан кейін буын аурулары жиі мазалайтынын байқауға болады.

Міне, осы бағытта мемлекет тарапынан арнайы әлеуметтік пакеттер ұсынылуы керек деп ойлаймыз. Сосын солтүстікке көшетін адамдарды ағайын-туысымен немесе достарымен қоныс аударуына жағдай жасаған абзал. Өйткені екі жақтың менталитеті екі түрлі. Осыны да ескерген дұрыс.

Жалпы, шығыс, солтүстік, солтүстік-батыстағы шекаралық аудандарға көш түзеп, демографиялық тепе-теңдікті сақтауымыз тиіс. Онсыз елдің барлық өңірі біркелкі дамуы мүмкін емес.

Бұл ойымызды қоғам белсендісі Бурахан Дақанов қуаттап:

– Биыл Қазақстанда 3 миллионға тарта оқушы білім алуда. Соның 504000 астамы Түркістан облысында болса, Солтүстік Қазақстанда 75000 оқушы ғана. Ұлттардың ара-қатынасын, басқа да мәселелерді сараптай отырып, бір ғана сөз айтуға болады – Солтүстікті Құдай ғана сақтап тұр.

Көш мәселесіне дем беру мақсатында «TÁUEKEL» қоғамдық ұйымын құрдық. Біздің бағдар айқын, ол – мемлекеттік бағдарлама аясында оңтүстіктегі азаматтарды жұмыс күші аз аймақтарға көшіру, шекаралық елді мекендерді дамыту кешенін әзірлеу және іске асыру, солтүстікке көшіп келушілерге жан-жақты жағдай жасап, ортаға тез бейімделіп кетуге үлес қосу, – деді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

P.S. Қысқасы, шекаралық аймақтарда халық санын арттыруда сыртқы және ішкі иммиграцияны күшейту аса маңызды іс. Айналып келгенде, бұл – мемлекеттің қауіпсіздігі үшін қажет. Міне, Жаңа Қазақстанды шекаралық аймақтарды дамытуға мемлекеттік деңгейде мән беру керек дегеніміздің басты себебі осы…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *