ҚОШҚАР АТА КЕСЕНЕСІ

Туған жер
4 271 Views

Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысында Қошқар ата атымен аталатын бірнеше сағана бар. Олар: Шымкент қаласы, Бәйдібек, Қазығұрт, Созақ, Төлеби аудандары аумағында орналасқан. Қошқар атаға байланысты атаулар Қазақстанның өзге өңірлері мен Өзбекстан аумақтарында да кездеседі.

Біз сөз еткелі отырған Қошқар ата кесенесі Шымкент қаласы аумағында, Ордабасы алаңына жақын маңда, Қошқар ата өзенінің сол жағасында, бұлақ басынан есептегенде батысқа қарай бір шақырым шамасы жерде орналасқан. Кесене бір бөлмелі, төрт бұрышты, көлемі – 3,5х3,5 метр, биіктігі – күмбезімен есептегенде – 4,3 метр. Кесене күйдірілген қыштан тұрғызылған. Қабырғаларында терезе жоқ. Айналасы күйдірілген қышпен қоршалған. Бір күмбезді кесененің төбесі темір шатырмен жабылған.

Кесенені 1976 жылы Манап Өтебаев (марқұм) ағамыз өз қаржысына салдырған екен. Кесенені тұрғызған адам жайлы да бірер сөз айта кетсек, бұл кісі сол жылдары Шымкент гидромелиоративті-құрылыс техникумының директоры болатын. Атеистік қоғамда жүріп-ақ бес уақыт намазын қаза етпеген, жан-жағына мейірім шуағын шаша жүретін, қаншама жетім-жесірдің алғысына бөленген жаны жомарт, қайырымды, иманжүзді жандардың бірі еді. Биыл сол өзі басшылық жасаған колледжге Манап ағаның аты беріліп, жақсы, жаны жайсаң, қайырымды жандардың есімі ешуақытта халық жадынан өшпейтінінің дәлеліндей үлкен тірлік атқарылды.

Тарихта Қошқар ата Ислам дінін уағыздаушы, батыр, саудагер болған деген әртүрлі деректер кездеседі. Соның бірінде Қаратау өңірінде дүниеге келіп, ХІ ғасырда өмір сүрген делінеді. Жастайынан зеректігімен ерекшеленген оны ата-анасы жеті жасында Бұқараға жіберіп, діни сауатын ашады. Сонда оншақты жыл оқып келген. Өзінің шын аты – Қылыш болған деседі. Төртінші атасы Арқар деген асқан батыр адам болған екен. Дуалы ауыз біреу «Сен енді арқардай бола алмассың, қошқардай бол!» деп жанама ат қойған екен. «Шымқаланың іргесін ең алғаш көтерген – Қошқар ата екен» дейді аңыз. Діни сауатты, ілімді Қошқар ата осы өңірге қайта оралып, мешіт, медресе ашады. Ислам дінін, оның іргетасын қалаған Мұхаммед Пайғамбарды (с.ғ.с.) елге танытып, қалың бұқараның сауатын ашуға атсалысады. Алланың берген қасиетінің арқасында көптеген бұлақтардың көзін ашып, жер-жерді суландырып, айналаны жасыл баққа бөлейді. Кейіннен білгір, ғұлама, әулие және қара қылды қақ жарған әділ адам ретінде елге белгілі, беделді адамдардың бірі болыпты.

Қошқар ата өмірінің соңында Шымкентте ғұмыр кешкен деседі. Қазақстанда Қошқар ата жерленген деген оннан аса жер кездессе, оның бесеуі Оңтүстік Қазақстан облысының еншісінде. Қазіргі таңда оның жерленген жерін тап басып айту мүмкін болмай тұр. Өйткені әулиелігін, халыққа еткен еңбегін бағалаған қарапайым халық ол кісінің жүрген, тұрақтаған жерін ешкімге бастырмай қоршап қояды екен.

Екінші бір деректе Қошқар ата жеті ағайынды болған. Соның ішінде Ақ тон ата, Бекет ата, Баба ата секілді белгілі әулиелері болған деседі. Қошқар атаның өзі ұзын бойлы, ашаң жүзді кісі ретінде суреттеледі. Батыр, емші әрі тәуіп болыпты. Елін, жерін сыртқы жаулардан қорғауға белсене араласқан. Қол бастаған батырлардың бірі болған. Бір соғыста қатты жараланып, Шымкенттегі көне қорған үстіне сағанасын салдырады. Бірақ жарақатынан жазылып, қайта шайқасқа кіреді. Кейінгі бір шайқастарда ауыр жараланып, Бәйдібек ауданы аумағында қайтыс болып, бабаның денесі осы аудандағы Қошқар ата кесенесінде жерленген екен деседі.

Не десек те Қошқар ата есімі халық жадында әулиелігімен, елге жасаған жақсылығымен қалып қойғаны шындық. Баба атымен аталатын бұлақ қаланың қақ орта тұсында, теміржол вокзалы маңынан бастау алады. Жер астынан атқылап шыққан қайнар бұлақтың суы қаланың ортасымен жарып өтіп, Бадам өзеніне қосылады. Бұлақ басында балықтар топ-тобымен жүзіп жүреді. Адамдарға үйренгені соншалық үрке де қоймайды. Мөлдіреп аққан бұлақтың суы тұщы. Ал бұлақ суының шипалылығы бөлек әңгіме. Неше түрлі аурумен келгендер жандарына шипа тауып, ауруынан құлантаза айығып кетіп жатқанын көз көріп, құлақ естіп жатқан жай бар. Бұлақ басынан қысы-жазы адам аяғы сиремейді. Суын ішіп, суына шомылып ем алып жатады.

Бұлақ басы мен кесенесі зиярат етушілерден бір босаған емес. Әрдайым қарапайым халық өзінің құрметтейтін ұлы перзенттерін ешқашан естен шығармайтынының дәлеліндей ағылып келіп жатады.

Қошқар ата бұлағы мен кесенесі Оңтүстік өңіріндегі киелі, қасиетті деген жерлердің тізіміне енген. Кесенесінде шырақшысы бар. Келгендердің атынан баба рухына Құран бағыштап, зиярат етушілерге Ислам қағидалары мен баба жайлы аңыз, әңгімелерді таратып айтып отырады.

Бұрындары қараусыз қалған жер болса, қазіргі таңда мемлекеттің қолға алуымен өзен бойы, кесененің айналасы тазартылып, абат баққа айналдырылған. Жүрер жолдарға плита төселіп, қарапайым халық бір мезгіл серуендеп, таза ауамен демалатын, Шымқаланың шырайын аша түскен тамаша демалыс орындарының бірі болып отыр. Әлі де көркейту жұмыстары жалғасын табуда. Бұл аймақ келешекте қаламыздың келбетін бұдан да көркейте түсуіне сүбелі үлесін қосады деген ойдамыз.

 

ҚОШҚАР АТА ӘУЛИЕ БҰЛАҒЫ

Қошқар ата – әулие болғаны анық,

Пір тұтып келіп жатыр енді танып.

Басында жүргендер көп келіп-кетіп,

Тәу етіп, Құран оқып жатыр халық.

 

Қайнар бұлақ көзінде бір топ балық

Ойнайды су астында асыр салып.

Жүзіп жүр емін-еркін үрікпейді де

«Біз иесі – дегендей, алғын танып».

 

Бір түп ағаш түбінен шыққан қайнап

Бұлақ суы ағады сайды бойлап.

Мұздай, тұнық суы бар мөлдіреген

Көрген сәтте-ақ кетеді көзің жайнап.

 

Бұлақтың суы тұнық – айнадайын,

Ей, Алла, құдіретіңнен айналайын.

Сыйынып әулиеге суын ішсең,

Бойыңа күш қосады ішкен сайын.

Еділбай КӨШЕРБАЙ,

Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» МКҚК-ның ғылыми қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *