Шымкенттегі №79 жалпы орта білім беретін мектебінде (директоры – Жанна Аралбайқызы Құлбекова, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары – Айнур Маделиевна Алимбаева) бүгінде 1700 оқушы тәлім-тәрбие алады. Таяуда бұл білім ордасындағы 1 «Е» сыныбында «Қош бол, сүйікті «Әліппем!» атты таңертеңгілік өтті. Мақсат – оқушылардың «Әліппеден» алған білімін ортаға салып, оларды «Ана тілі» оқулығымен таныстыру және өзін-өзі басқаруға үйрету болатын. Түрлі-түсті шарлармен, слайдтармен, нақыл сөздермен безендірілген бөлмеге ата-аналар мен ұстаздардан құралған қадірменді қонақтар көп жиналды.
Бұған дейін балабақшада тәрбиеші болып қызмет істеп, біраз жетістіктерге жеткен, биыл ғана мектепке ауысып, сынып жетекшісі атанған Жазира Оспанова:
– Құрметті ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі «Қош бол, сүйікті «Әліппем!» деп аталған мерекемізге қош келдіңіздер! Осыдан төрт ай бұрын ғана мектеп табалдырығын қысыла да қызыға аттаған, бірі отбасының тұңғышы, бірі кенжесі, ата-әжесінің сүйіктісі де еркесі болып жүрген бүлдіршіндеріміз өздерінің қолына ең алғаш ұстаған оқулығы болған «Әліппемен» қоштасқалы отыр.Ендеше, балғын балақайларымыздың білім өлкесіне қарай жасаған алғашқы қадамы құтты болсын! Сонымен, «Қош бол, сүйікті «Әліппем!» атты ертеңгілігіміздің кейіпкерлерін – 1 «Е» сынып оқушыларына қол соғып, қошемет көрсетейік.
Балалар, сендерге бір сұрақ қояйын:
– Іші толған әріпке,
Білімдегі жарық не? – дегенде:
Оқушылар бірауыздан:
– Бұл сүйікті «Әліппе!» – деп жауап қайырды.
Мұғалім:
– Олай болса, бәрімізге ең қымбат «Әліппені» ортаға шақырамыз, – деді.
Әліппе (ортаға «Әліппе» әнін айтып кіреді):
– Армысыңдар, жас достар,
Армысыңдар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар
«Әліппең» келді ортаға.
Жақсы білім – көрімдік
Болсын бізге, халайық.
Не үйреніп, не білдік,
Қане, ортаға салайық!
Ортаға шыққан оқушылар кезекпен өздеріне берілген өлеңдерін жатқа айта бастайды.
Аяна:
– Таныстырған әріппен,
Қош бол, менің сүйікті «Әліппем!»
Сенің арқаң оқи, жаза білгенім,
Сауатты адам санатына енгенім.
Ерсін:
– Көз салып қараңызшы бойымызға,
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Қош келдіңіз, ұстаздар, ата-аналар,
«Әліппемен» қоштасу тойымызға.
Асылым:
– «Әліппемен» қош айтысып қаламыз,
Енді қолға «Ана тілін» аламыз.
Ата-ана, қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне, балаңыз!
Дания:
– Көлге ойнаған бұлақтың
Қайнар көзін көріп пе ең?
Том-том қалың кітаптың
Басы болар «Әліппең».
Сұлтан:
– Жақсы кітап «Әліппе»,
Үйрететін әріпке.
Ойыншықпен қоштастым,
«Әліппемен» достастым.
Шынасыл:
– Ең алғаш қолға алғанда «Әліппені»,
Қызығып қарай бердім әріптерді.
Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді,
Ұстазым оның кілтін алып берді.
Жанерке:
– Осылай алға аттадым,
Әріптерді жаттадым.
Жаттаған сайын әріпті,
Сөз құрап жаза бастадым.
Айдана:
– Оқитын әрі жазатын,
Білімге қол созатын.
Оқушы болдық сауатты,
Білімнің кенін қазатын.
Айару:
– Қош бол, құтты Әліппем»,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.
Сезім:
– Оқулықпен достастық,
«Әліппенмен» қоштастық.
Өсті ой мен бойымыз,
Құтты болсын тойымыз!
Қолдарына «Әліппе» кітабын ұстаған оқушылар «Әліппе», енді бір сәт қыздар тобы «Қуыршақ Барби», ал ұл балалар «Қамшы» билерін билейді. Оқушылар хормен «Үйретеді», «Оқуда озат боламыз» әндерін орындайды. Аяна «Ұстазым» әнін шырқайды.
«Әліппе»:
– Әр сөзімді жаттаған
Балалар үшін мақтанам.
Рақмет айтып, шаттанам,
Риза болып аттанам.
Ұстаз Жазира Оспанова өзі жетекшілік ететін 1 «Е» сынып оқушыларының бәріне «Әліппені» оқып бітіргені жөнінде Диплом табыс етті.
Ата-аналар атынан Айдананың атасы, журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі Әбдісаттар Әліп пен математика пәнінің мұғалімі Гүлжан Кертайқызы Сүлеева сөз сөйлеп, мектеп, сынып ұжымдары мен балғын балақайларға толағай табыс тіледі.
Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақтан университеті Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы, ОҚУ коллледжінің оқытушысы, филолог, педагогика ғылымының магистрі.
Шымкент қаласы.