Құқық қорғау органдарының механизмінде прокуратураның орны құқық қорғау органдарының заңдылықты, құқықтық тəртіпті қызметін үйлестіру кезінде, сонымен қатар қылмыспен күресуді қамтамасыз ету кезінде анық көрініс табады. Осы уақытқа дейін қазіргі таңдағы заң əдебиеттерінде «құқық қорғау органдарының» түсінігі бойынша түрлі даулы жағдайлар туындаған. Мемлекет бойынша заңнамалық, не басқа да нормативті актілерде құқық қорғау жүйесінің түсінігіне, мазмұнына жəне құрылымына қатысты дұрыс анықтама берілмеген, бірақ көптеген заңдарда жəне басқа да нормативті-құқықтық актілерде бұл терминдер кең таралған. Прокуратура мемлекеттің жоғары қадағалау органы болғандықтан, заң үстемдігі, құқық тәртібі, азаматтардың құқығын қорғау мәселелеріне бағытталған. Мемлекет билігі органдары жүйесінде прокуратураның орны қашан да ерек. Прокуратура заңның дәлме-дәл және біркелкі қолданылуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратын орган ретінде қаланың құқық қорғау органдарын үйлестіруде, оның ішінде саяси тұрақтылыққа бағытталған өз рөлін атқарады. Ал мұндай маңызды құқық қорғау органының өкілдерінің жұмыстары қалай жүзеге асырылуда, 2019 жылы тірліктері тындырымды болды ма?
Осы тектес сауалдарға мәлімдеме беру үшін өткен жылды қорытындылау мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің ақпарат орталығында Шымкент прокуратурасындағы атқарылған жұмыс нәтижелерін талқылауға арналған баспасөз отырысы өтті.
Жиында 2019 жылы қалалық прокуратурамен әлеуметтік шиеленіс ошақтарының пайда болуының алдын алуға, азаматтардың конституциялық құқықтары мен мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауға басты назар аударылғаны айтылып, нәтижесінде, 737 жұмысқа қабілетті сотталғандардың 614-і ақылы жұмыспен қамтылғаны белгілі болды.
Баспасөз өкілдерінің қатысуымен өткен брифинг барысында сөз алған қала прокурорының бірінші орынбасары Манас Сабаншиев қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау саласына тоқталды. 2019 жылы қала аумағындағы криминогендік ахуал 16,1 пайызға төмендеген. Атап айтқанда, қасақана адам өлтіру 38,7, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 40,8, тонау 35,5, есірткінің заңсыз айналымы деректері 28,3 пайызға кемігендігі айтылды.
Қадағалау орган өкілдері мегаполис тұрғындарын жауыр еткен мәселені де айналып өтпеді. Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қатысты 43 іс өндірісте болған. Өкініштісі, арасында тәртіп сақшылары да кезігеді.
«Жетеуі – полиция қызметкерлері, қалғандары әр саладан. Білім және әкімшілік қызметкерлері де бар. Оның арасында 15 іс сотқа жолданды», – дейді Манас Сабаншиев.
«Біз кез келген заң бұзушылықтарға дер кезінде төтеп беруге тиіспіз. Ең тиімдісі оларға жол бермеу», – деді Манас Мәжітұлы. Ол, құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
Қала прокурорының орынбасары Берген Ержаппар мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыдағы сотқа қатысу саласы бойынша өткен мерзімде бірінші сатылы соттарда прокурорлардың қатысуымен барлығы 1885 іс қаралғанын нақтылады. Осы мерзім ішінде қалалық прокуратурамен кассациялық тәртіпте наразылық келтіру жөнінде 28 адамға қатысты 25 өтініш хаттар келтірілсе, оның 12 адамға қатыстысы Жоғарғы Сотпен қанағаттандырылған. Үкімдердің орындалуын қадағалау саласында сотталғанды жұмыспен қамту жағдайы 83,3 пайызды құраған. 2019 жылдың ішінде 231 тексеру мен талдау нәтижесінде 36 854 тұлғаның конституциялық құқықтары қорғалып, 825 тұлға түрлі жауаптылыққа тартылған. Мемлекетке 585 млн. теңге қаражат өндірілген. Бұл туралы қоғамдық мүдделерді қорғау саласына тоқталған қала прокурорының орынбасары Мұхамеджан Бахтияр мәлімдеді.
Ал 2019 жылдың 11 қарашасында Шымкентте жүргізуші куәлігі мен шетелдік көліктерге мемлекеттік нөмірлерді оңды-солды сатқан 25 полиция қызметкері мен 13 делдалға қатысты сот үкімі шыққаны есімізде. Солардың 23-і рақымшылыққа ілініп, сот залынан босатылған еді. Жемқорлық бабымен және ақталмайтын негізбен істі болғанына қарамастан, сот үкім шығарарда оларға полициядан басқа қызметті атқаруға мүмкіндік қалдырыпты.
«Сот шешімін шығарарда күдіктілердің сыбайлас жемқорлық әрекеттерін назарға алмаған. Босап шыққандар енді өзге лауазымдарға ұсынылып, жұмысын жалғастырмақ. Біз бұған жол бермеу мақсатында қазіргі уақытта аппеляциялық алқаға шағым түсірдік», – деді Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Берген Ержаппар.
Шаһарда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» пәтер ала алмай қалған 224 салымшы наразылық білдірген еді. Олардың аламыз деп отырған баспаналарын қала әкімдігі жастарға беріп жіберген еді. Осы мәселеге байланысты Шымкент қаласы прокуратурасы үшінші басқарма бастығының орынбасары Батыр Ергешов:
«Бұл түпкілікті жергілікті атқарушы органның тапсырысы бойынша соғылған тұрғын үйлер. Жастар жылына орай қолдау көрсету мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар тұрғын үй жастарға арендаға табысталды. Оны мемлекет соққан. Ал «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі» тек конкурс ұйымдастырды. Енді басқа үйлерге ұйымдастыратын болады. Тек аздаған уақыт күту қажет. Аталған мәселе төңірегінде қазір Үкіметтің қаулысы да шығып отыр», – деп конкурстан өткен салымшылардың ешбірінің үйсіз қалмайтынын нақтылады.
«Еркін ой» басылымының редакторы Балтабек Түйетай: «Кезінде қалада коммуникацияның үстіне салынып кеткен ғимараттар да болды. Осындай «қызыл сызықтарға» түсіп кеткен нысандар көп жылдар бойы дау тудырды. Мұның бәрі қазіргі таңда заң шеңберінде ретке келтірілді ме?», – деген сауал қойды.
«Әрине, заңмен реттелген, әлі де тексерілетін болады. Осыған сәйкес мысал келтіре кетейін. Қазіргі таңда қаламызда «Тұран» мөлтек ауданы соғылуда. Ал ондағы жерлер кезінде заңды түрде тұрғындар жекеменшігіне берілген. Мегаполиске сәйкес жолдар кеңейтілуі, өзге нысандар тұрғызылуы тиіс болып,жерлер «қызыл сызыққа» өтіп кетіп жатады. Мұндай сәтте мемлекет мүддесі үшін сатып алынады. Біз әрбір ғимаратты толыққанды техникалық талаптарға сай ма, заңды немесе заңсыз ба жан-жақты тексереміз. Тұрғындар қауіпсіздігі – басты назарымызда», – деп Батыр Ергешов төтесінен қойылған сұраққа бүкпесіз жауап қатты.
Шара соңында қадағалау органының жұмысын нақтылай келе, қала прокурорының бірінші орынбасары Манас Сабаншиев азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қоғамда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша бар күш-жігерді жұмсайтындарын жеткізді.
Айта кетейік, өткен жылы прокуратурамен жалпы сомасы 6,5 млрд. теңгеге салық төлеуден жалтару мақсатында 31 «бір күндік фирмалар» арқылы жалған шот-фактураларды жүзеге асырумен айналысқан қылмыстық топ құрықталған. Нәтижесінде прокуратура бастамасы негізінде басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері бойынша мемлекетке 88 млн. теңге шығынды өндіру қамтамасыз етілген. Қорытындылай келе, 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенін еске салып өткіміз келеді. Ендеше, қоғам қауіпсіздігін жан-жақты, қарқынды түрде қадағалау – прокурорлар еншісінде болмақ.
«Әділет — ақпарат».