«ҚЫЛМЫССЫЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ»

Құқық
2 317 Views

Қоғамда мінез-құлқы әртүрлі, білім деңгейі әрқалай қаншама балалар бар.Өкінішке қарай, қазіргі күні де жасөспірімдердің қылмысқа баруы ауқымды мәселелердің бірі болып отыр. Жас жеткіншектер арасында суық қару қолдану,ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық жасау, маскүнемдік, тағы басқа заңға қайшыәрекеттер орын алуда. Қоғам кәмелеттік жасқа толмаған азаматтардың жасағанқылмыстарын ақылдарының толмағандарынан деп есептейді. Сондықтан да жасалыпжатқан қылмыстар құқық қорғау органдарына хабарланбай жататынын да кездестіріпжатамыз. Бұл да қоғамдағы екі ұшты мәселе. Бір жағынан балаға кешірім беру,оның дұрыс емес қылығын түсініп, түзелуге әкелсе, екінші жағынан бұл кешірімніңсоңы орны толмас өкінішке болуы да мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайға тап болғаназамат қоғам алдындағы жауапкершілікті ұмытпай, дұрыс әрекет ету керек.

Жасөспірімдердің арасында жиі кездесетін қылмыстардың бір түрі меншікке қатысты қылмыстар. Ал жағдай жәбірленушінің өліміне дейін жетсе, қылмыскер ҚРҚК 96 бабы бойынша іс қаралып, 6 жылдан – 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Денсаулыққа кері әсерін тигізетін наша заттарын пайдаланып, сақтағаны үшін ҚРҚК259 бабы бойынша 3 жылға дейін, ерекше жағдайларда 7 жылдан – 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Жиі кездесетін қылмыстардың бірі тонау – бұл басқа адамның мүлкіне қол сұғу, 3 жылдан – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Ал сала мамандарының айтуынша жасөспірімдердің қылмыс жасауына отбасындағы қолайсыз жағдай, сабаққа бармау, экономикалық жағдай, өздерінің құқықтарын дұрыс білмеу және осы сияқты тағы басқа факторлар әсер етеді. Бұлардың әрқайсысын егжей-тегжейлі талдап көрейік.

Кәмелетке толмаған қылмыскер көп жағдайда заңды толық білмейді.Бұл біріншіден жалпы халықтың құқықтық сауатсыздығы, екіншіден жасөспірімдердің өздері заңға немқұрайлы қарауы, заңды толық білмеуі. Бұл жастардың әділеттікке сенбеуіне әкелді.

Өмір деңгейінің төмендеуі жасөспірімге кері әсер етеді. Себебі жастар қоғамның – осал тұсы. Бұл осалдық жастардың ерекшеліктерінде (психикасының қатаймауы, құндылықтар жөніндегі ойдың қалыптаспауы) ал ересек адамдар оларға қарсы тұра алады. Заңды жолмен өздерінің талаптарын қанағаттандыра алмағандықтан жастар ақша жасау және өздеріне керек заттарды өз күшіне қарай алуға әрекеттенеді, бірақ көбінесе қылмыстық жолмен жасалады.

Бүгінгі жастар ортасындағы әлеуметтік топтар арасында қарама-қарсылық бар. Қазіргі Қазақстанда жастар өзара өте күшті бәсекелестікке түсуде. Әлеуметтік, экономикалық, мүліктік, саяси көзқарастары бір-біріне қарама-қайшы келеді. Яғни, бір топ жастар өзін қорғауда біреулерге арқа сүйесе (олардың ішінде билік органдары да бар), екінші топ ондай көмекке ие бола алмайды. Сондықтан олар қыспаққа түседі.

Колледжде білім алушы жастардың жайы. Көптеген оқушылар 9-сыныпты аяқтаған соң білімдерін колледждерде жалғастыратыны белгілі. Демек, ондағы оқушылар да кәмелетке толмағандардың қатарына жатады. Қазіргі кезде Қазақстанда кәмелетке толу жасы – 18 жас. Өкінішке қарай, қазіргі таңда жасөспірімдер тәртібіне қатысты назардан тыс қалып келе жатқандар – колледж студенттері болып тұр.

Фильмдер мен бейнеойындар әсері. АҚШ-тың Стендфорд университетінің ғалымы Альберт Бандураның жүргізген зерттеуіне үңілсек, агрессиялық әрекеттері бар кинофильм көрсетілгеннен кейін жасөспірімдердің 90 пайызға жуығы сол әрекеттерді қайталайтынын дәлелдеп берген. Демек, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың зауалы «көк жәшіктен» келіп жатқанын бір фактор деп қарастыруымыз керек.

Отбасыдағы дау-дамай. Жасөспірімдер арасындағы қылмыскерлердің 50 пайызынан астамы толық емес отбасыдан шыққандар. Отбасы бала үшін ең жақын, ыстық ұя болғандықтан ондағы мәселелер, жанжалдар бала психологиясына кері әсерін бермей қоймайды. А.С. Макаренко сөзімен айтқанда: “Тәлім-тәрбие, кең түрде алғанда әлеуметтік процесс”. Адамдар да, заттар да тәрбиеленеді. Дегенмен, адамдардың үлес салмағы басым. Солардың ішінде ата-аналар мен педагогтар бірінші орынға шығады деген екен. Олай болса, құқықтық тәрбиені нәтижелі ұйымдастыру үшін отбасы жағдайын жан-жақты танып білу қажет.

Біздің мемлекет кәмелетке толмағандарға: Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтау, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-ожданы мен қадір-қасиетін, республиканың мемлекеттік нышандарын құрметтеу, еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау, тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қам-қарекет жасау секілді бір қатар міндеттер жүктейді.

Мамандардың айтуынша, қылмыстардың көпшілігі түнгі мезгілде жасалады. Түн ортасында көше-көшені кезіп, қарақшылық жасап, адамдарды торуылдап жүретін жеткіншектің көп қатерге ұшырайтыны айтпаса да түсінікті. Жасөспірімдер арасындағы көңілге кірбің түсіретін қылмыстық оқиғаларды қайтсек азайтамыз?

Жалпы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қазіргі таңда әкімшілік, полиция басқармасының басшылық құрамы мен қызметкерлері, мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және құзырлы мекеме өкілдері жұмыс атқарады. Олардың бірігіп әрекет етуі қазіргі таңда қылмыс көрсеткішінің төмендеуіне де әкеліп отыр.

Жасөспірімдердің аяқастынан қыл­мыскерге айналуының осындай терең себептері бар екенін ескерген ҚР Ішкі істер министрлігі 2007 жылдан бастап орта білім беретін оқу орындарының жанынан оқушылардың тәртібін қадағалайтын мектеп инспекторлары тобын құрған болатын. Мысалы, Шымкент қаласындағы Әл-фараби ауданының жалпы аумағында 25 орта мектеп орналасса, олардың барлығына арнайы ювеналды мектеп инспекторлары бекітілген. Бұл мектеп инспекторлары қазіргі таңда қалалық немесе аудандық Ішкі істер басқармаларының әкімшілік полиция бөліміндегі ювеналды полиция бөлімшелеріне қарайды.

Ювеналды полицияның басты мақсаты – арнайы білім беру мекемесіндегі кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық жасауға әсер ететін себептер мен жағдайларды анықтауға, зерделеуге арналған іс-шараларды жүзеге асыру, құқық бұзушылық жасауға бейім кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамайтын ата-аналарды немесе заңды өкілдерін анықтап профилактикалық жұмыс жүргізу.

2019 жылды қорытындылаған Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы ішкі істер басқармасының жергілікті полиция бөлімінің басшысы Е.Жаппаров 2018 жылмен салыстырғанда былтыр қылмыс саны төмендегенін мәлімдеді. Әл-Фараби ауданы – Шымкент қаласының орталық ауданы болғандықтан бейнекамералар арқылы бақылау оң жолға қойылғанында тілге тиек етті аталмыш полиция бөлімнің басшысы.

Ал Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша өткен жиындардың бірінде бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейкесті мәселенің біріне айналып отыр. Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елеңдетіп отыр. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін айтып, ювеналды полиция қызметкерлерінің бекітілген мектептегі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, балалардың қауіпсіз ортада өмір сүруін басты назарда ұстау қажет керек екенін айтып, аталған жағдай өз бақылауында болатынын хабарлаған еді.

Бала құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету – дүниежүзілік қауымдастықтың басты мәселесі. Кәмелетке толмағандардың құқықтық мәртебесі Қазақстан таныған Халықаралық құқық ережелерінің негізінде қалыптасады. Конвенция Қазақстан Республикасында бала құқықтарын реттеудің құқықтық импульсі болды.

Біз кәмелетке толмаған жастар қылмысының алдын алу жолдарын зерттеп, зерделеудеміз. Осы орайда жеткіншектермен тығыз байланыста жұмыс атқаратын бөлімнің бірі – Шымкент қаласы білім басқармасының жыл басталғалы атқарып үлгерген шараларына шолу жасауды жөн көрдік.

«ҚЫЛМЫССЫЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ»

Шымкент қаласы білім басқармасының ұйымдастыруымен кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың, ерте жүктіліктің, аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында қаладағы барлық білім беру ұйымдарында «Қылмыссыз балалық шақ» тақырыбында айлық іс-шаралары өткізілді.

«ДАРЫН» ОРТАЛЫҒЫ

Шымкентте дарынды балаларға арналған «Дарын» орталығы ашылды. Бұл мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын Шымкент мектептерінің дарынды оқушыларын анықтауға, дамытуға және қолдауға ықпал етеді.

Шымкент қаласы білім басқармасының «Шымкент қаласының дарын орталығы» КММ- сі (бұдан әрі – мемлекеттік мекеме) білім беру функцияларын жүзеге асыру үшін ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес ұйым.

«Дарын» орталығын Арыс қаласының білім бөліміне бағынысы № 3 жалпы орта мектебін басқарған Раушан Джеренова аталған орталықтың басшысы міндетін атқарушы қызметіне кірісті. Сәттілік тілейміз!

«РИЗАШЫЛЫҚ – МЕЙІРІМДІЛІК БҰЛАҒЫ»

Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғимаратында 25-26 ақпан күндері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ҚР БҒМ-нің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша Алғыс айту күніне арналған «Ризашылық– мейірімділік бұлағы» жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасы аясында «Ұшқыр ой алаңы» республикалық дебат турнир өтті.

Жобаның мақсаты: балаларды толеранттылыққа тәрбиелеу және әртүрлі халықтардың мәдени дәстүрлерін зерделеу арқылы рухани-адамгершілігін дамыту; жалпы тарих, қазақтардың және барлық этностардың бір-біріне және қазақтарға алғысы, қайырымдылығы, достығы мен махаббатының негізінде көпұлтты Қазақстанның бірлігін сақтау және дамыту.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен Актөбе, Алматы, Ақмола, Атырау, Павлодар, СҚО, БҚО, ШҚО, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан 17 команда қатысып, әр командада алты оқушы, бір жетекшіден болды.

«ҰЛЫ ХАЛЫҚТЫҢ ҰЛЫ АБАЙЫ!»

Ұлы ойшыл, кемеңгер, философ, композитор, халқымыздың ұлы мақтанышы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай, Шымкент қаласы білім басқармасының N133 жалпы орта білім беретін мектебінде «Ұлы халықтың – ұлы Абайы!» атты тарихи драмалық қойылымы сахналанды. Тарихи танымы мол кешке Түркістан облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Ә.Бейсе, Шымкент қалалық білім беру мекемелері кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Жүзімбаев, Шымкент қалалық білім беру саласы қызметкерлері қауымдастығының төрайымы Н.Жүзбаева, қаламыздағы бір қатар мектеп басшылары мен орынбасарлары, ата-аналар және оқушылар қатысты.

Драмалық қойылымда Абайдың ел ортасындағы, шәкірттері ортасындағы жақсыны көре-тани білген, ғашықтықты бағалап, әр шәкіртіне нағыз ұстаз бола білген адами тыныс-тіршілігі, сонымен қатар зұлымдықпен алысқан соқтықпалы, соқпақты өмірі көрсетілді. Жаңа заманның, өркениеттің бастауы болған, қоғамдық сананың ілгерілеуіне қызмет еткен Абай болмысы мен ақын шығармашылығының композиторлық қыры да ашылды. Осы драмалық қойылыммен тұсауы кесілген «Шамшырақ» театры оқушыларының өнерін тамашалаған кеш қонақтары алғыстарын білдіріп, жоғары деңгейде өтілгенін бағалап, ақ батасын берді.

Әртүрлі ұйымдар сабақ­тан қолы бо­саған оқушыларға арналған спорт­тық кешендер, жарыстар, жас жеткіншектердің шы­ғармашылық қабілетін бағалайтын үйірмелер – жас балалар­дың жаман іске үйір болуына, тіпті мойын бұруына мұрша бермейді.

Бүгінгі таңда қоғам да, қоғамдық көзқарас та күннен-күнге өзгеру үстінде. Бұқаралық ақпарат және қарым-қатынас құралдарының жұмысындағы барлық шектеулерден алынып, ақпарат тарату еркіндігі кең таралған. Ол балалардың сана-сезімі мен рухына кері әсер етуде. Осының салдарынан қазір мектеп жасындағы балалардың шылым шегуі, ішімдік ішуі, есірткі қолдануы немесе әртүрлі қылмыстық іс-әрекетке баруы жиілеуде. Ата-бабамыздың салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрпы ажырап қалған, шетелдік компьютерлік ойындар мен қатыгездікке қойылған фильмдердің еркіндігіне кеткен жастарымызды қайтсек дұрыс жолға саламыз, ұлтымыздың болашағын ойлайтын санасы сергек, адамгершілігі мол жеке тұлғаны тәрбиелеу – тәрбие жұмысының негізгі мақсаты. Жас ұрпаққа тек білім берумен шектелу аз, оларды адамгершілік-рухани жағынан нағыз адам қалыптастыру керек.

Тұлғаны жан-жақты үйлесімді тәрбиелеу саласының бірі – құқықтық тәрбие. Ол қоғамның әрбір азаматының мемлекеттік заңдары аса жауапкершілікпен орындап отыруы талаптарымен тығыз байланысты. Әсіресе, оның елімізде жүріп жатқан жариялылық, құқықтық және зайырлы қоғам орнату процесімен байланысының маңызы ерекше. Ол үшін адамзаттың сан ғасырлар бойы жасап шығарған жалпы-адамзаттық негіздегі моральдық нормаларын қоғамның әрбір өскелең жастарының сана сезімімен, күнделікті мінез — құлықтарына қалыптастыру қажет. Бұл талапты іс жүзіне асыру, әсіресе елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту кезеңінде, ең бірінші кезекте құқықтық сананы тәрбиелеу мен мемлекеттік заңдарды жетілдіру процесінде жандандыру айрықша міндетті іс.

Қорытындылай келе кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар белең алып келеді. Онымен күресу үшін мемлекеттік органдармен байланысты нығайтып, жастар арасында патриоттық сезімін, мәдени құндылықтарды дамытып, тәрбиелеу керек. Тек сонда ғана жұмыс нәтижелі болмақ.

Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *