ТӘРБИЕ ТӨЛБЕСІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Қоғам Құқық
775 Views

Кәмелетке толмағандар арасында орын алатын құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жазылған материалдар легін жалғап, Шымкент қаласының Мәншүк Мәметова атындағы №35 жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Марат Шаттықұлы БЕРДЕН мырзамен сұхбаттасқан болатынбыз. 17 жылдық тәжірибесі бар ұстаз мектеп жастарының өзекті мәселесі, қылмыс жағдайларының едәуір төмендегенін, оқушылардың 90 пайызы үйірмелермен қамтылғанын және жастардың өзге де өзекті мәселесін сөз етті.

– Мектепте оқушылар арасындағы қылмыс көрсеткіші қандай?

– Қазіргі таңда біздің мектепте ондай балалар саны азайған. Қылмыстың төмендеуінде аудандық прокуратура және ішкі істер органдары тарапынан ұдайы жүргізіліп жатқан рейдтік іс-шаралар, сонымен қатар мектебімізде жүйелі түрде ұйымдастырылатын басқосулар мен тәрбиелік мәні бар лекциялардың қосқан үлесі зор. Мектеп мұғалімдері әрдайым жасөспірімдерде белсенді азаматтық және өмірлік ұстаным, қазақстандық отансүйгіштік қабілеттерді қалыптастыруға әрекет жасайды. Жыл сайын жаңа оқу жылының басында мектепте салауатты өмір салтын насихаттау мен енгізу, темекі шегудің, ішімдік ішудің, нашақорлықтың, басқа да жиіркенішті тірліктердің алдын алу бойынша іс-шаралар талқыланады. Бұл бағытта сынып жетекшілері, мектептің медициналық қызметкері белсенді жұмыс атқарады. Барлық сыныптарда қорқу, үрейленудің және өзіне қол жұмсауға бейім болудың алдын алу бойынша тестілер, оқушылармен жеке әңгімелесулер өткізеді.

Оқу жылы бойынша мектеп әкімшілігі мен ұстаздары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды, кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта үйлерінде болуын қамтамасыз ету мақсатында түрлі акциялар ұйымдастырады. Аралау нәтижесінде тексеру актілері жасалып, отбасыларына ұсыныстар беріледі. Мұндай акцияларды өткізу үшін ата-аналар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері шақырылады. Осындай жүйелі жасалған жұмыс қазіргі таңда оң нәтижесін беріп, жеткіншектеріміздің арасындағы құқықбұзушылықты тыйып отыр.

– Құқықбұзушылыққа бейім балалармен тәрбиелеу жұмыстары қалай жүргізіледі?

– Мектептегі киын және құқық бұзуға бейім оқушылар мектеп директоры, инспекторы, психолог, сынып жетекшісі, сонымен қатар менің тарапымнан да тікелей бақылауға алынады. Осындай жағдай тіркелген сәттен біз баламен оның психологиясына зақым келмейтіндей және болашақта қылмысының кесірінен қоғамнан оқшауланып қалмайтындай, сыныптастары тарапынан қысым көрмейтіндей жағдайлардың барлығын ескеріп, тәрбиелік жұмыстарды бастаймыз. Ең алдымен ата-анасымен байланысқа түсеміз. Одан әрі психолог тарапынан тәрбиелеу жұмыстары жүргізіледі. Баланың неге мұндай жағдайға тап болғанын анықтап, оның мәселесін шешуге әрекет жасаймыз. Сонымен қатар мектеп оқушыларының арасында психолог тарапынан әртүрлі сауалнамалар жүргізіледі. Бұл өз кезегінде баланың психикалық жай-күйін түсінуге, оның қылмысқа бейімділігін анықтауға көмектеседі. Осы сауалнамалардың нәтижесінде белгілі бір қиын кезеңнен өтіп жүрген балаларды бақылауға алып, жоғарыда айтқандай өте сақтықта, ол балаға ешқандай моральді қысым түспейтіндей жұмыс жүргізе бастаймыз.

Негізінен, барлық тәрбиелеудің негізін отбасы қалайды. Бұл – болашақ азаматты қалыптастыруда басты әлеуметтік институт. Сондықтан отбасындағы ата-ананың дұрыс қарым-қатынасы және отбасы мен мектептің өзара тығыз байланысы жастарды тәрбиелеуде маңызды орын алады. Мектептің әкімшілігі мен ұстаздары ата-аналар көмегіне сүйеніп, оқу-тәрбие үрдісінің мәселелерін шешуде арнайы сыныптық сағаттар өткізіп отырады.

– Осы кезге дейін оқушылар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша қандай профилактикалық жұмыстар атқарылды? Мемлекеттік мекемелер тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау туралы не айтасыз?

– Жасөспірімдер мен балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шараларына байланысты соңғы кездесу ағымдағы жылдың ақпан айында өткізілді. Негізгі аудиториямыз 7-10 сынып аралығындағы 150 оқушы болды. Кездесудің мақсаты Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы прокуратурасының аға прокуроры, кіші әділет кеңесшісі Е.Т. Сейітбековпен профилактикалық мақсатта басқосу болды. Оның жасаған баяндамасында аудан көлеміндегі кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың әлі де қауырт екеніне алаңдаулы екенін жеткізді. Осы мәселелердің қоғамда әлі де белең алып, онымен күрес жұмыстарын жүргізу әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті.

Ақпан айында атқарылған келесі іс-шара «Нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күресу», «Құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында Мектеп директоры Жайна Амантайқызы Қарабаева, Шымкент қаласы «Жоғары спорт шеберлігі мектебінің» тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж. Асқар және менің қатысуыммен өткен кездесу болды. Бұл жиында оқушыларға Нашақорлық пен есірткі бизнесінің ахуалы, зияны және құқықтық сауаттылық бойынша баяндамалар оқылды. Сонымен қатар 2019 жылы да осы тақырып аясында басқа да бірқатар кездесулер өткен.Осылардың барлығы мемлекеттік мекемелермен қатар біздің мектептің атқарып отырған сүбелі жұмыстары. Халқымызда «Жалғыздың үні шықпас» деген. Біз жалғыз өзіміз немесе басқа мекемелер өз бетінше жұмыс жүргізсе, ешқандай нәтиже болмас еді. Сондықтан бұл мәселеде барлығымыз бірігіп, жұмыла жұмыс істеуіміз маңызды.

– Мектепте балалар бос уақытын тиімді пайдалану үшін қандай шаралар жасалған?

– Жалпы біздің мектепте 2019 оқушы бар, олардың 90 пайызы әртүрлі үйірмелермен қамтылған. Үйірмелер спорт және өнер бойынша екі бағытта жұмыс істейді.

Ал білім-ғылымға ерекше талпынысы бар оқушыларға: «Эврика», «Қызықты математика», «Қазақ тілін үйренейік», «Көркем жазу» сынды қосымша сағаттар қарастырылған.

Өнер бағыты бойынша: «Қолөнер», «Ұлы дала әндері», «Жас қаламгер», «Поэзия баспалдағы», «Ұлы дала би түрлері», «Ертегілер еліне саяхат», «Маржан сөз», «Ұлттық би түрлері» сынды үйірмелер бар. Спорт бойынша: «Футбол», «Волейбол», «Шахмат», «Тоғызқұмалақ», «Күрес түрлері», «Қашықтыққа жүгіру», Қашықтыққа секіру» сынды спорттық ойындардың барлығы қамтылған. Сонымен қатар біздің мектеп жалпы орта мектеп болғандықтан бұл үйірмелердің бәрі дерлік қос тілде – орыс және қазақ тілдерінде жүргізіледі. Бұл да балалар үшін жасалған қолайлы жағдайлардың бірі деп санаймыз. Қазіргі таңда оқушыларымыз осы бағыттар бойынша қалалық, республикалық жарыстардан жүлделі орындарды еншілеп, қала мектептерінің арасында алдынғы орыннан көрінудеміз.

– Балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін тағы не істей аламыз, қандай ұсыныстарыңыз бар?

– Жоғарыда айтқанымдай, ең алдымен бала отбасында тәрбиеленеді. Осы ретте мектеп ұжымымен отбасы мүшелері тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Себебі ол бала тек сол ата-ананың баласы емес, ол болашақ қоғамның азаматы, елдің баласы. Бұл барлық ересектердің жауапкершілігіне кіреді. Сондықтан ата-аналар да, ұстаздар да бала психологиясының әлсіздігін ескеріп, онымен түбегейлі жұмыс істеу тиіс.

Екіншіден, балаларға кері әсер етіп отырған – теледидар мен гаджеттер деп нық сеніммен айта аламын. Себебі таңертеңнен кешке дейін бала телефонының ішіне кіріп кетеді. Онда не қарап жатыр, кіммен сөйлесіп отырғаны белгісіз. Ал қазір теледидарда болсын, гаджеттегі медиада болсын, кері қылықты батырлардың насихаты мықты жүріп жатыр. Әртүрлі заң бұзудан қорықпайтын, қоғам ережелеріне бағынбайтын «батыр кейіпкерлер» балаларды дұрыс емес жолға тартып жатады. Сондай медиа өнімдерде ересектерді жау етіп көрсетеді, содан біздің балалар жаман қылықтарға үйренеді. Сабақ оқыса тым оқымысты, ата-анасын тыңдаса әлсіз, қорқақ деген сынды таптаурындар қалыптасады.

Балалар қоғамдағы ең әлсіз топқа жатады, оларда әлі медиаиммунитет қалыптаспаған. Сондықтан бұл мәселе ең алдымен ата-ана тарапынан, сосын мектеп және билік тарапынан бақылауға алынуы тиіс. Біздің ниетіміз жауапты мамандар балаларымыз тұтынып отырған фильмдер мен бейнероликтерді, бейнеойындарды сұрыптап отырса екен дейміз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *