ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТІК КОДЕКСТЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР

Құқық
1 731 Views

2017 жылы 21 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «Құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Жаңа заңның жаңалықтары, атап айтқанда тергеу судьясының өкілеттілігінің аясы кеңеюіне, азаматтардың қылмыстық процесте қорғалу деңгейін арттыруға және оның жазалау сипатын төмендетуге, адвокаттардың процессуалдық мүмкіндіктерін кеңейту арқылы қылмыстық процестің жарыспалылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, сотқа дейінгі қылмыстық процесті жүргізу бойынша сот бақылауын күшейту, қылмыстық істерді тергеу тәртібін жеңілдету арқылы қылмыстық процестің үнемді болуын қамтамасыз ету, тергеу, прокуратура және сот органдарының өкілеттерін нақты бөлу арқылы олардың қайталануын болдырмау көзделген.

Жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу мерзімдерін ұзарту, оған қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізілгені туралы адамды хабарландыру, сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына оған қатысты жасырын тергеу әрекеттерінің жүргізілгені туралы адамды хабарландырмауға келісім беру.

Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу туралы қаулы ол шығарылғаннан кейін көрсетілген тергеу әрекетінің негізділігін растайтын материалдармен бірге 24 сағаттың ішінде тергеу судьясына ұсынылады. Бұл шараны санкциялау тергеу судьясы тарапынан 12 сағат ішінде жүргізіледі, қосымша материалдар алдыру қажет болған жағдайда 24 сағатта қарауға жол беріледі. Жасырын тергеу әрекеттеріне ұсынылған ақпараттың анықтығына күмән болған кезде, тергеу судьясы қаулыны санкциялап, 24 сағат ішінде оның заңдылығын процестік прокурордың тексеруіне бастама жасауға құқылы. Сәйкесінше процестік прокурор 5 тәулік ішінде тексеру жүргізіп, оның нәтижесін тергеу судьясына хабарлайды. Шара бойынша заңсыздықтар анықталған жағдайда, прокурор тергеу судьясына өтінішхат енгізуге міндетті. Жасырын тергеу әрекеттерін тергеу судьясы прокурордың өтінішхаты бойынша тоқтатуы мүмкін.

Бұйрықпен іс жүргізу тәртібі қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша осы фактілерді жасаған адам анықталған (күдікті), өз кінәсінің бар екеніне дау келтірмеген, өз әрекеттерінің саралануымен және залал мөлшерімен келіскен, құқық бұзушылық санкциясында негізгі жазалаудың түрлерінің бірі ретінде айыппұл көзделген, күдікті өтініш жасаған, ал жәбірленуші, сондай-ақ азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкер (іске қатысқан жағдайда) дәлелдемелерді зерттемей істі бұйрықпен іс жүргізу тәртібімен қарауға келісімін берген жағдайда бұйрықпен іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.

Бұйрықпен іс жүргізу қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейін өз әрекеттерінің іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін түйсіну мүмкіндігінен айырған психикасының бұзылумен ауырған адамға, кәмелетке толмаған немесе физикалық, психикалық артта қалу салдарынан өз құқығын қорғауды жүзеге асыра алмайтын адамға, қылмыстық қудалаудан артықшылықтары мен иммунитеті бар адамға, міндетті түрде қосымша жазалау түрінде мүлікті тәркілеу, арнаулы, әскери немесе құрметті атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныптан және мемлекеттік наградалардан айыру, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, республика шегінен тыс жерлерге шығару қолданылуы мүмкін адамға қатысты қолданылмайды.

Бұйрықпен іс жүргізу, олардың ішінде біреуі болса да негізгі жазалау түрінде айыппұл көзделмейтін, сондай-ақ үкімдер жиынтығы кезінде осы ҚР Қылмыстық кодексі 60-бабының қағидалары қолдануды талап ететін қылмыстар жиынтығына қатысты қолданылмайды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы баптың екінші бөлігінде көзделген негіздердің жиынтығын белгілеген кезден бастап бес тәулік ішінде бұйрықпен іс жүргізу туралы қаулы шығарумен тергеп-тексеруді аяқтайды.

Бұйрықпен іс жүргізу тәртібімен тергелген қылмыстық іс қылмыстық қудалау органынан келіп түскеннен кейін прокурор қылмыстық істі 24 сағаттан кешіктірмей зерделеп, ал күзетпен ұсталатын істер бойынша сегіз сағаттан кешіктірмей зерделеп, келіскен жағдайда бұйрықпен іс жүргізу тәртібімен келіскен жағдайда қаулыны бекітіп, істі сотқа жібереді.

Бұйрықпен іс жүргізу тәртібімен сотқа келіп түскен істерді судья үш тәулік мерзімде сот отырысын өткізбей жеке-дара қарайды. Сот, бұйрықпен іс жүргізуді қолданудың негіздері болмаса, қылмыстық теріс қылықтармен келіп түскен істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына, ал аса ауыр емес қылмыстар бойынша келіп түскен істі прокурорға қайтарады.

Сондай-ақ ҚПК-тің 35 және 36-бап-тарында көзделген негіздер болмаса, қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарады. Бұдан бөлек, сот айып-пұлдан басқаша қылмыстық жазалау тағайындау туралы тұжырымға келетін болса, қылмыстық теріс қылықтармен келіп түскен істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына, аса ауыр емес қылмыстар бойынша істерді прокурорға қайтарады.

Соттың қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына немесе прокурорға қайтару жөніндегі қаулысына шағым жасауға не өтінішхат беруге жатпайды.

Сотталған айыптау үкімінің көшірмесін алған күннен бастап жеті тәулік ішінде бұйрықпен іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімін шығарған сотқа, айыппұл көлемін қоспағанда үкіммен келіспейтіні туралы өтінішхат жібере алады, сәйкесінше судья өзі шығарған үкімнің күшін жойып, істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына қаулымен жолдайды.

Үкімнің күшін жою туралы қаулы шағым жасауға не өтінішхат беруге жатпайды. Қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға және айыптау үкіміне сот актілерінің көшірмелерін алған кезден бастап 7 тәулік ішінде жәбірленуші шағым, ал прокурор өтінішхат келтіреді. Сотталған тағайындалған айыппұл көлемімен келіспеген жағдайда ғана айыптау үкіміне өтінішхат келтіре алады.

Бәйдібек ДҮЙСЕБЕКОВ,

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *