«ҚЫРАННЫҢ» ОРНЫН «ТҰРАН» БАСА МА?!

Спорт
1 308 Views

Футболдан бірінші лига командалары арасындағы кезекті ел чемпионаты мәрегежетті. Оған қатысқан Түркістан облысының клубтары тәуір өнер көрсетті деп айтаалмаймыз. 14 команданың арасынан Мақтаарал ауданының осы аттас клубы 41 ұпайменалтыншы, 33 ұпаймен «Оңтүстік академиясы» тоғызыншы, 27 ұпаймен «Қыран» оныншыорындарға орнықты. Соңғысы қаржылық жағдайға байланысты 27 қазан күні Семейдежергілікті «Алтаймен» өтуге тиісті кездесуге бара алмай қалуына байланысты оларға 0:3 есебімен техникалық жеңіліс жазылды.

Түркістан облысында «Қыран» футбол клубы (президенті – Айбек Исабаев) мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының (басшысы – Полат Наурызбайұлы Қырықбаев) арасындағы дау-дамайдың оңайлықпен тыншитын түрі жоқ. Шенеуніктер клубты мемлекет қаржысын талан-таражға салып отыр деп айыптаса, ал «қырандықтар» облыстың спорт саласының басшылығын қаржылық дағдарысқа өздері кінәлі деп есептейді.

«Қыран» футбол клубы Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында тоғызыншы жыл өнер көрсетуде. Олар облыстық команда болып есептелгенімен, Шымкентте орныққан. Қысқа мерзім ішінде біраз жетістікке қол жеткізген. 2014 жылы Премьер-лигаға жолдама беретін өтпелі кездесуде «Таразға» пенальтилер сериясында ғана жол беріп қойған. Былтыр қос кездесуден тұратын қосымша ойындарда оларды Павлодардың «Ертісі» тоқтатқан.

2017 жылы «Қыран» футбол клубы жекеменшікке өткен. Электрондық сауда-саттық кезінде 80 миллион теңгеге сатылған. Бұл – бастапқы бағадан дерлік екі есе көп деген сөз. Клуб он жыл мерзімге Айбек Исабаевтың сенімгерлік басқаруына өткенімен, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының құрылымында қалып, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын болған. Бұрын клубтың бюджеті 376 миллион теңгені құраған. Былтыр бұл сома белгісіз себептермен дерлік 100 миллион теңгеге дейін қысқартылып кеткен. Алайда, клубтың шығыны көбейген. Өйткені, бірінші лигадағы командалар саны тоғыздан 14-ке дейін өскен. Тиісінше, ойындар саны, өз алаңындағы кездесулерді ұйымдастыру, сырт алаңға шығу үшін билет сатып алудан бастап, қонақ үйге жайғасу, тамақтану, тағы басқалар үшін төленетін қаржының мөлшері артқан. Мұның үстіне өткен жылы құрылған «Қыран-М» жастар командасы екінші лигада өнер көрсете бастағандықтан, оларға да қаржы қажеттігі айтпаса да түсінікті жайт. Нәтижесінде, 2019 жылғы 1 қаңтарда клуб әлеуметтік қорлар мен салық органдарына 50 миллион теңге, бұған қоса-қабат өздерінің қызметкерлеріне дерлік 100 миллиондай теңге қарыз болып қалған. Чемпионат басталған сәуір айынан түрлі инстанцияларға хат жазғанымен, одан ешқандай нәтиже шықпаған көрінеді. Енді олар өздерінің мұң-мұқтажын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың назарына жеткізбек ниетте жүр.

Түркістан облысының әкімдігі жеті айдан бері жалақы алмаған «Қыран» футбол клубына қатысты мәселеге алаңдаулышық танытуда. Айта кетейік, «Қыран» футбол клубы үш жыл бұрын он жыл мерзімге Айбек Исабаев есімді азаматтың сенімгерлік басқаруына өткен. Осыған дейін қаржы тапшылығына тап болғандарын айтып, көмек сұраған ұжым жетекшілерін Түркістан облысы әкімінің орынбасары мен жауапты басқарма жетекшілері қабылдаған болатын. «Қыран» футбол клубының жағдайымен жіті танысқан әкімдік өкілдері ең алдымен футболшылардың жалақы мәселесін шешуді назарға алуды баса айтқан. Футбол клубының мәселесіне қатысты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, қаржы басқармасы, стратегия және экономикалық даму басқармасының басшылығы баспасөз мәслихатын өткізді. Түркістан облысы қаржы басқармасының мәліметінше, сенім артылған жақ келісімшарттың талаптарын орындамағаны анықталған. Тиісті талдау жұмыстарының негізінде мәлім болғаны, Айбек Исабаев облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының келісімінсіз қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, директорын бірнеше рет ауыстырған. Биылғы бюджеттен бөлінген 281 миллион қаражат былтырғы қарызға, дәлірек айтқанда 2018 жылы «Қыран» командасы жанынан заңсыз ашылған екінші лига командасының ойындарына мақсатсыз жұмсалған. Анықталған бірнеше заңсыздықтың нәтижесінде қаржы басқармасы мемлекет тарапынан қаржыландырылатын «Қыран» футбол клубының жетекшілеріне келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін ескерту жолдады. Келісімшарт бұзылған сәттен бастап, 10 күннің ішінде мүлік мемлекетке қайтарылуы тиіс. Егер де сенімгерлік басқарушы бұл талаптарға келіспейтін болса, қаржы басқармасы сотқа беруге құқылы екені ескертілген.

Бұл мәселе жөнінде Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Наурызбайұлы ҚЫРЫҚБАЕВ:

– «Қыран» – жекеменшік клуб болғандықтан, оның облысымызға ешқандай қатысы жоқ. Клуб президенті Айбек Исабаев бізбен келіспестен, қызметкерлердің айлық жалақысын көбейткен. Директорларын бірнеше рет алмастырған. Мұның үстіне екінші лигада өнер көрсететін «Қыран-М» жастар командасын заңсыз құрып алған. Осылайша бюджет қаржысын талан-таражға салып отыр. Келісімшарт талаптарын бұзғандықтан, олардың барлық дүние-мүлкі мемлекетке қайтарылуы тиіс…

Біз керек болса, облыс намысын қорғайтын «Тұран» деп аталатын жаңа команда құрғалы отырмыз, – деген уәж айтуда.

Ал мұнымен келіспеген «Қыран» футбол клубының директоры Сарбиназ АЛДАБЕРГЕНОВА:

– «Қыран» – жекеменшік емес, он жылға сенімді басқаруға берілген футбол клубы. Егер клубтың облысқа ешқандай қатысы жоқ болса, неліктен жылдың басында жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылған? Облыс әкімдігінің қаржы басқармасы тарапынан 2018 жылы жүргізілген тексерулер барысында титімдей де кемшілік анықталмаған. Демек, бұл – біздің заңды жұмыс істеп отырғанымыздың дәлелі болса керек. Клуб Шымкентте орныққан. Облыста оның не футбол алаңы, не спорттық базасы жоқ. Айлық жалақыны көтеру мәселесіне келсек, оның мөлшері 50-70 мың теңгеге ғана артқан. Мәселен, бас бапкер бұрын 650 мың теңге алса, енді ол 700 мың теңгеге өскен. Екінші команданы құру себебіміз – болашақтың жоспары. Бұрын клубтағы 45 футболшының тең жартысы бірінші лигада, ал қалғаны әуесқойлар арасындағы қала біріншілігінде өнер көрсететін. Бәріне айлық жалақы төленетін. Енді екінші командамыз еліміздегі өзге қалалардың клубтарымен сынға түсіп жүр. Біздің болашақ ізбасарларымыз 32 кездесуде 50 ұпай жинап, 17 команданың арасында жетінші орынды иеленді. Облыстық спорт саласының басшылығы екінші командаға кемінде бесінші орын алу керек деген межені орындамады деген сылтау айтуда. Енді бірде оны заңсыз құрып алғансыңдар деп бізді айыптап отыр, – дейді.

Қысқасы, дау-дамайдың оңайлықпен тыншымастан, тағы біраз уақытқа созылып, тіпті сотқа дейін жететін түрі бар көрінеді. Түптің түбінде «Қыранның» орнына «Тұран» құрыла ма?! Бұл жағы бізге беймәлім. Әзірге әліптің артын бағудан басқа амал таппай отырмыз.

P.S. «Қыран-М» клубының бас бапкері Фархадбек Ирисметов екінші лиганың үздік бапкері атанып отыр. Сонда бұл нені аңғартады? Егер команда заңсыз құрылған болса, Қазақстан футбол федерациясы бұндай марапат берер ме еді?!

Әбдісаттар ӘЛІП,

Спорт журналистері арасындағы республикалық

шығармашылық конкурстың лауреаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *