ОЛИМПИАДА ТАЯУ, ӘЗІРЛІК БАЯУ

Спорт
1 329 Views

Қазақстанда спорт түрлерінен 109 республикалық федерация, соның ішінде Олимпиадалық спорт түрлерінен – 40, Ұлттық спорт түрлерінен – жеті, мүгедектер спорты түрлерінен – үш федерация және Олимпиадалық емес спорт түрлерінен – 59 федерация жұмыс істейді. Егемен еліміз саңлақтарының Токио Олимпиадасына әзірлігі көңіл көншітпей отыр. Жерлестеріміз соңғы Әлем чемпионаттарында бокстан – үшінші, ауыр атлетикадан – 12, күрес түрлерінен – 14 орынды иеленді. Тіпті, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен өткен дүниежүзілік додада бірде-бір чемпион шықпады.

2012 жылы Қазақстан намысын қорғаған бұрынғы Қытай қыздары – Зульфия Чиншанло мен Майя Манеза және ресейлік Светлана Подобедова ауыр атлетикадан алтын медаль әперген. Алайда 2016 жылы қайта тексеру нәтижесінде олар тыйым салынған препараттар пайдаланды деп айыпталып, Олимпиадалық медальдарын қайтаруға мәжбүр болған. Солардың бәрінен сабақ алмастан, енді міне, келесі жылы тағы да шетелдік легионерлерді, анығырағы африкалық жеңілатлеттерді Қазақстанның атынан Жапониядағы жауапты жарысқа қоспақ ниетте көрінеді. Былтыр Қазақстан азаматтығын алған африкалық Кения мемлекетінен келген төрт спортшы (үш қыз бен бір жігіт) бүгінде ұлттық құрамамыздың сапында қызу жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, бес және он шақырымдық жүгірісте жасөспірімдер арасындағы қара құрлық чемпионы атанған бойжеткен Каролин Кипкируи. Үш шақырымдық қашықтыққа кедергілерлермен жүгіруде жасөспірімдер арасындағы чемпион Норе Джируге. Дәл осы спорт түрінен жасөспірімдер арасында чемпион атанған тағы бір бұрымды қыз Дэйзи Джепкемей. Ел чемпионаттарында бірнеше дүркін жүлдегер атанған жігіт Шэдрак Кимутаи Коеч. Әрине, бұлардан басқа да біраз легионерлердің әлі де қатарға қосылуы әбден мүмкін.

2016 жылы Бразилияның астанасы – Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадаға қазақстандық 104 спортшы қатысып, үш алтын, бес күміс, тоғыз қола, барлығы 17 медаль еншілеп қайтқан. Жалпыкомандалық есепте 22-орынға орныққанын бәріңіз жақсы білесіздер.

2020 жылы 24 шілде мен 9 тамыз аралығында Жапонияның астанасы – Токиода кезекті ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Саңлақтар 33 спорт түрінен өзара сайысқа түсіп, 339 медальдар жиынтығын сарапқа салатын болады. Соның ішінде классикалық садақ ату, каратэ, спорттық құзға өрмелеу, бейсбол, скейтбординг, серфинг секілді жаңа спорт түрлері Олимпиада бағдарламасына алғаш рет енгізіліп отыр. Төртжылдықтың басты бәсекесіне төрткүл әлемнің 205 елінен 11 090 саңлақ қатысады деп күтілуде.

Келесі жылғы жазғы Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарында чемпион атанған қазақстандық саңлақ спортшыға және оның жаттықтырушысына – 250 мың АҚШ доллары (шамамен 100 миллион теңге) сыйақы ретінде беріледі. Күміс жүлде иегері мен оның жаттықтырушысына – 150 мың АҚШ доллары (60 миллиондай теңге), қола жүлдені қанжығалағандарға және оның жаттықтырушысына – 75 мың АҚШ доллары (30 миллион теңгедей) көлемінде қаржылай сыйақы төленеді. Төртінші орындағы спортшы мен оның жаттықтырушысына – 30 мың АҚШ доллары (шамамен 12 миллион теңге), бесінші орындағыға – он мың АҚШ доллары (төрт миллион теңгеден), алтыншы орындағыға – бес мың АҚШ доллары (екі миллион теңгедей) көлемінде сыйақы ұсынылатын болады.

Әзірге Ұлттық құрама командамыздың қоржынында 12 спорт түрінен 22 жолдама бар. Атап айтқанда, еркін күрес пен классикалық садақ атудан – төрт-төртеуден (Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, Санжар Мұсаев); бассейнде жүзуден (100 және 200 метрге брасс әдісімен жүзуден қос жолдама иеленген Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин), жеңіл атлетикадан (ұзындыққа секіруші Ольга Рыпакова, 20 шақырымға спорттық жүруден Азия чемпионатының күміс жүлдегері Георгий Шейко), грек-рим күресінен (Мейрамбек Айнағұлов, Асхат Ділмұхамедов), әйелдер күресінен (Валентина Исламова, Эльмира Сыздықова), бейнелі жүзуден (Екатерина және Александра Немичтер), – қос-қостан; ашық суға жүзуден, велоспорттан, спорттық құзға өрмелеуден (Ришат Хайбуллин), стенд атудан Сәрсенкүл Рысбек бір-бірден ғана лицензияға иелік етіп отыр. Салыстырмалы түрде айтқанда, Рио-де-Жанейро Олимпиадасына тоғыз айдай уақыт қалғанда Қазақстан құрамасында 45 жолдама болған. Қазіргі көрсеткішіміз одан дерлік екі есе төмен. Мақсат – 100 лицензияға иелік ету болғанымен, бұл меженің орындалуы қиындық тудырып отырған сыңайлы. Осы орайда болса керек, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Б. М. Сапарбаев спорт саласының басшылығына қатты сын айтып, олардың ар-намысын оятып, жігерін жанып, шабытын ширатқаны баршаға белгілі. «Ашынғаннан шығады ащы дауысым..» дегендей, Бердібек Мәшбекұлы мұны тектен-текке тілге тиек етіп отырған жоқ. Ендігі бар үміт – тек саңлақтарымыздың өзінде ғана.

Әбдісаттар ӘЛІП,

Спорт журналистері арасындағы республикалық

шығармашылық конкурстың лауреаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *