Қырғауылдың жалпы дене тұрқы тауыққа ұқсас келеді. Тек бір айырмашылығы тауыққа қарағанда құйрық жүндерінің әлдеқайда ұзын келетіндігі. Құстардың ішінде ең әдемілерінің бірі де осы қырғауыл. Ол оңтүстікте кездесетін құс. Алайда, оны Жер шарының басқа да өңірлерінде еденіне құм төселген, аналығы жұмыртқа салу үшін шөп салынған күркешесі бар ашық торлы қораларда жыл бойы өсіруге болады. Мұндай жағдайдың бәрін үй маңындағы учаскеде жасап алу қолдан келеді екен.
Ордабасылық келіншек құстың ерекше әрі сұлу түрі — қырғауылды қолда өсіріп жатыр. Гүлдананың құстарға деген сүйіспеншілігі кәсіп ашуына себеп болыпты. «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, ерекше жобасын қорғап шыққан. Биыл көктемде мемлекеттен қайтарымсыз несие алып көптеген ойында жүрген ісін бастап кетіпті. Балапандар арнайы инкубаторда жұмыртқа жарып шығады. Олардың біразын іскер келіншек алдын сатып та үлгеріпті.
Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы бағдарламашы. Келіншектің бұл бастамасына отбасы түгел қолдау білдірген. Еңбекқор келіншек кәсібіне кіріспес бұрын ғаламтордан, түрлі дерек көздерінен қырғауыл құйрықты құстың ерекшелігін, қыр-сырын, оны күтіп баптау әдістерін толық зерттеп шыққанын айтады. Сосын мемлекеттік «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, сертификат алған. Биыл жыл басында арнайы комиссия отырысында, өзіне қойылған бар сұраққа түгел жауап беріп, ерекше жобасын сәтті қорғап шығыпты.
Мемлекеттен алған қаржысына көптен көздеп жүрген инкубатор мен 3 брудер, екі аккумулятор және бір генератор құрылғыларын сатып алған. Себебі, жарық сөніп қалса генератор көмегімен тоқ береді. Құстар өте нәзік келеді. Сондықтан да инкубаторға жұмыртқа салған соң белгілі бір температурада үздіксіз жұмыс істеуі керек. Кәсіпкер келіншек құрылғының ылғалдығы мен уақытын да бақылауда ұстап, күнкөрісіне жарап тұрған құстарына ерекше баппен қарайды.
Бір инкубаторға 300-ге дейін жұмыртқа салуға болады екен. Балапандар 20 күнде жұмыртқа жарып шығады. Сосын оларды арнайы будерге қояды. Бір ай бақылаудан кейін далаға ашық аспан астындағы қораға шығарады. Құстарды бір жерде ұстау өте қиын шаруа. Бір-біріне тиісіп, шұқып тастауы да мүмкін. Сондықтан оларға арналған арнайы көзілдірік сатылады. Келіншек құстардың қауіпсіздігі үшін әрбіріне осы көзілдіріктен тағып қойған. Алайда, қырғауыл өте өсімтал екен. Ерте көктемнен күзге дейін жұмыртқалайтыны кеткен шығынды екі еселеп өтейді. Бастапқыда отыз шақты қырғауыл сатып алып, кәсібін бастаған келіншектің қазір олардың саны 300-ден асып кеткенін қуанышпен айтады. Былай бір қарағандағ оп-оңай көбейе салғандай көрінгенмен, олардың көбею жолы өте нәзік, кірпияз. Әр сағат, әр күн сайын мұқият бақылауды, көзден таса қылмауды талап етеді.
Осынау қиындығы мол кірпияз шаруаны келіншегі қолға алатынын айтқанда күйеуі көп ойланыпты. Әрине, күдік басым болған. Алайда, іскер келіншегіне сенім білдіріп, кәсіптің ерекшелігі мен жаңа бастама болған соң келісіп, қолдай кеткен. Жұмысбасты болса да қолы қалт етсе, жолдасы да құстарға қарап, қолғабыс етеді. Өнімді арттырып, пайданы еселеу үшін ізденеді. Қырғауылды күтіп-баптауды үйрету үшін ютуб каналдарын ашыпты. Қазір сұраныс өте көп тіпті солтүстік өңірлерден келіп алып кетіп жатыр,- дейді.
Айта кетейік, Ордабасы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы былтыр 250 жоба мақұлданып оның 21 грант алған. Биыл 173 жоба іріктеліп соның қазір 33 тиісті қаржысын алып үлгеріпті. Бизнес бастағысы келген әрбір жан алдымен тегін білім алып, сосын бизнес жоспар жасаудан бастап оны дамыту жолдарын толық үйреніп шығады екен. Оған қоса әрбір жоба ерекшелігіне қарай арнайы електен өтеді.
Жалпы жеке кәсіп ашып пайда тапқысы келетін жандарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау көп. Тағы бір қуаныштысы биылдан бастап берілетін қайтарымсыз несиенің қаржы көлемі де артқан. Соның арқасында ауданда шағын және орта бизнес саны артып келеді. Әсіресе, бұл бастама ауыл келіншектерін қызықтырып отыр. Түрлі жобалар ұсынып, өздерінің сүйікті істерінің арқасында отбасын асырап жүр.
Жаннұр ҚҰРМАНҒАЗЫ