Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» сериясымен шыққан ҚР ҰҒАакадемигі Е.Б.Сыдықовтың «Құнанбай» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Оны ҚР Ұлттық ғылым академиясы, Халықаралық Түркі академиясы, Қазақстан Жазушылар одағы және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырды. Шара Нұр-Сұлтан қаласының Ұлттық академиялық кітапханасының «Конституция» залында өтті.
Мәдени-танымдық шараны ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Н.О. Дулатбеков жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде былай деп атап көрсетті:
– Бүгін бәріміз тамаша бір еңбектің тұсаукесеріне жиналып отырмыз. ҚР Ұлттық ғылым академиясы, Халықаралық Түркі Академиясы, Қазақстан Жазушылар одағы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бірігіп аталған ақжолтайлап жеткен жаңа кітаптың алғашқы таныстырылымын осы елорда төрінде бастауды жөн көрді. Тұсаукесерге ҚР Парламенті қос палатасының депутаттары, ғылыми қауым, білім және мәдениет саласының өкілдері, қаламгерлер, жастар шақырылып отыр.
Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» сериясымен ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» атты елеулі кітабы басылып шықты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ақын Семей өңіріне жасаған іссапарында: «Ұлы Абайды ұлықтағанда оның әкесі – Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет» деп айтқаны есімізде. Осы арқылы Мемлекет басшысы өте маңызды ғылыми бағытты айқындап берді.
Ұлт және әлемдік руханият тарихында үлкен орны бар қазақ тұлғасы туралы толымды еңбек жайлы автордың өзі былай дейді: «Құнанбай Өскенбайұлының өмірі мен қызметіне үлкен аудитория – Ресей оқырманының қызығушылығы және сұранымы бар екенін бұрыннан байқайтынмын. Енді нарық талабына сай бұл таралым саны арта түсіп, әлем оқырманына жол тартады деп ойлаймын.
Құнанбай – Ресей империясы тұсында би және болыс бола жүріп елі үшін талай маңызды істерді атқарған адам. Сондықтан зерттеушілер мен жұртшылық тарапынан оның тұлғасына қатысты қарама-қайшы пікірлердің болуы әбден мүмкін.
Жасыратыны жоқ, кешегі Кеңестік цензура дала билеушісі, «қарадан шығып хан болған» Құнанбай туралы теріс пікір қалыптастырды. Көркем әдебиетте жағымсыз кейіпкер ретінде танылды. Айдауда болған әйгілі поляк зиялысы Адольф Янушкевич өзінің саяхат күнделігінде: «Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан біраз үлкен. Бұл да дала өңірінде аты кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі. Қазақтарға қатысты ресейлік уставтарды бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады… Ал, бірақ барлық байлар Құнанбайдың кебісін кигізуге жарамайды», – деп таңғалады.
Құнекеңнің айрықша тұлғасы ғылым мен өнер қайраткерлері еңбектерінде біршама зерделенген. Асылы, ақылды да рухты тұлға ғана ойшыл, дана, көреген болмақ. Әлемге ұлы Абайдай данышпан, дара ақынды сыйлаған әке арманы ұлт арманымен ұштасқан».
Ерлан Бәтташұлы Сыдықов – тарих ғылымында орны бар ғалым. Қазақстан Ұлттық тарихшылар қауымдастығының төрағасы. Тарихқа қатысты бірнеше ұлттық комиссияның мүшесі. Оның Абайдың айналасы мен Семей қаласының арғы-бергі тарихы, Абылай хан мен Жамбыл туралы таңдаулы еңбектері ғылыми қауымға жақсы таныс. Ғалым бас редакторы болып шығарған «Шәкәрім», «Лев Гумилев» энциклопедиялары да оқырман қауымның көңілінен шықты. Осы «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» сериясымен шыққан «Шәкәрім» атты танымдық-ғұмырбаяндық еңбегі әлемнің алты тіліне аударылып, ұлт руханияты тұғырын одан әрі биіктете түсті.
Құрметті зиялы қауым!
Міне, бірер аптаның жүзі болды, «Құнанбай» кітабын автордың қолтаңбасымен алып, біразыңыз танысып шықтыңыздар. Әлеуметтік желі де, мәдени орта да бұл еңбек туралы сүйіншілесіп хабар таратып жатыр. Сондықтан осы жаңа кітапты бояуы кеппей оқығандарға сөз беріп, лайықты тұсауын кессек деген ұсыныс бар!
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– «Құнанбай» кітабы қазақ руханиятындағы бір құбылыс, тамаша туынды деп сеніммен айта аламын. Ерлан Бәтташұлы бауырым Абай айналасын жіті зерттеп жүр. Осы атақты «ЖЗЛ» сериясымен «Шәкәрім» кітабын, «Шәкәрім» энциклопедиясын шығарды. Автордың осы еңбектері оқырманнан жоғары бағасын алады деген ойдамын.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЙ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– Өскенбай мен Зереден қасиетті Құнанбай туған. Ол Құнанбай туралы мына кино түсірушілер алдыменен үлкен идея бастады. Соның жалғасы ретінде Абай туралы кітап шықты. Сондықтан мына жарық көрген «Құнанбай» атты кітапқа құтты болсын айтамыз. Бұл – үлкен танымдық жүк арқалайтын кітап. Менің ойым, Шәкәрім туралы энциклопедияны қарап шықтым. Бұлар үлкен туынды. Осы туындыларға қуанып жатырмыз. Енді, мына «асыл асылға, нәсіл нәсілге» тартатын халықпыз ғой. Батташ ақсақалмен де кездесіп едім, Хафиз ағамызбен де сөйлесіп едім, мына Шәкір Әбенов атамыздың да берген батасын тыңдап едім. Ол өзі ұлылардың ұрпағы шыққан қасиетті топырақ өзінің құнарын жоғалтпайды екен-ау деген ойға қалдым. Осы ойды мына Ерлан Батташұлы және бір жағынан көрсетіп отыр. Әлі де оқырмандар танысатын болады, пікірлерін айтатын болады. Оны оқып, барлық тұсына мән бердім. Азаматтардың кейбір жеріне ойы болушы еді… Кенесары батырдың көтерілісіне Құнанбай қатыспаған, қарсы жұмыс жасаған деген. Осындай мәселелер кітапта көрсетілген. Кенесарының көшіп бара жатып, артынан қуып келген қуғыншылар намаз оқып тұрған кезінде келген. От қаруын шошаңдатып орыс әскерлері атып тастауға келген кезде Құнанбай тоқтатқан екен бәрін. «Намаз оқып тұрған адамды атуға болмайды» деп. Содан кейін сол топта жүрген қазақ азаматтарына сөзі өтімді адам айтып, сол көшті аман-есен алып қалған екен. Құнанбайдың сондай беделді сөзі болған. Сол осы мәселелердің бәрі мына кітапта өз көрінісін тапқан. Сонымен қорытып айтарым, кітап жақсы кітап болып шыққан. «Шәкәріммен» бірге «Шәкәрім» энциклопедиясын алған кезде Абай туған, Абай шыққан, Абай қалыптасқан ортаның «Абай» энциклопедия типтес. Сондықтан енді уақыт көрсетер. Мүмкіндік болып жатса, бұл кітап ел көлемінде, елдің атақты-атақты сыйлықтарыменен де атап өтуге әбден лайық кітап екеніне көзім жетті. Сондықтан кітап құтты болсын! Біздің рухани мұрамызға үлкен дерек, үлкен бір сыйлық болды. Қаламың ұшталып, шығармашылығың жалғаса берсін!
Сауытбек ӘБДРАХМАНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– Басқа халықтарда біздей тұлғалар аз емес әрине, бірақ олар түрлі себептермен Мәскеудің осы атақты сериясына онша іліккен жоқ. Осы тұрғыдан қарағанда Ерлан Бәтташұлына бір емес, осымен екінші кітапты шығарғаны үшін алғыс айтуға болады. Одан кейін айтатын дүние осы кітаптың биыл әсіресе 2020 жылы шығуы. Абай қайдан шыққан еді, Абай қандай ортадан өсіп-өнген еді деген әңгіме. Ақын, ойшыл, Абайдың әкесі деген әңгіменің өзі біз өзіміз бағалай білмейтін Мәскеуде және басқа жақта «ол мынандай кісі екен ғой, әкесінің өзі осындай кісі екен ғой» дегізеді. Біз үшін ол қалыпты жағдай сияқты. Үлкен кітап шықпағаны не керек, дін туралы кітап шықпақ керек еді деп қараймыз. Ал шын мәнінде өз-өзімізді алдап керегі жоқ. Құнанбайды бүкіл кешегі Кеңес Одағындағы халық біледі ғой деп ойлайды кейбіреу. Шынында оны қалың оқырман білмейді. Аша білу керек, олар үшін бұл тың жаңалық. Абайдың әкесінің осындай болғанын, осындай үлкен рухани кеңістіктегі рөлін жеткізу қиын, Сізге рахмет бұл жағынан. Өзінің қырына қарай мысалы, аудармашылыққа, Абайдың келуі дегенде осы қағидалар осы тұста тамаша көрсетілген. Әлем әдебиетінде Құнанбайдай шебер жасалған образ сирек. Образ жасау шеберлігі жағынан Әуезов Құнанбайды суреттегенде Абайдан да асырып жібергенін байқауға болады. Өйткені бұндай шеберлік адамның ішкі күрделі жақтарын ашудағы мысалы, «орысшылсың» демейді, «тым орысшылсың» дейді. Тым орысшылсың деген сөзі XXI ғасырда да XXII ғасырда да XXIII ғасырда да көкейкесті болады.
Ерлан Бәтташұлы Абайдың әкесіне ас бермеуін былай ақтаған сияқты болады, оның есесіне жылқыларды сатып, мектепте оқып жүрген балаға таратты ғой деп. Бірақ сол заман үшін Абайдай адамның әкесіне ас бермеуі өте үлкен мін болатын. Кітапта керемет шешім болмағанын бір бөлімінде көрсетеді. Ол заман үшін Абайдай адамның әкеге ас бермеуі үлкен мін болған. Осы кітапта сол акцент бар. Онда үлкен себеп заманмен, ортамен, дәстүрмен өте нәзік санасуы бұл деген. Бұл да бір үлкен шеберлік. Құнанбайдың бойындағы қарама-қайшылықтар, Бөжейге жасағаны, оның бәрінің өзінің алдынан шығуы. Ерлан «Абай жолына» қайта-қайта оралып отырып, өмірде бұлай болмаған, оны Әуезов былай жазған деп көркемдік шындық ретінде, тартыстың моделі ретінде, ескі мен жаңаның қайшыласуы ретінде Әуезовке сол линия керек болды, ол линияны классик ретінде алып шықты.
«Құнанбай» фильмінің өзі көркемдік шындық. Құнанбай еш уақытта итжеккенге айдалған емес. Құнанбайды соттауға жала жаба салған шекаралық соттың өзі. Негізінде, Абайдың қандай жерден шыққанын, қандай ортада өскенін ТМД-ның зиялы қауымына Абай жылында шегелеп көрсеткені Ерлан Бәтташұлының халыққа жасаған үлкен еңбегі. Рахмет!
Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Ерлан Батташұлының «Құнанбай» атты кітабын оқып шықтым, таныстым. Деректі туынды, энциклопедиялық еңбек деп айтуға болады. Құнанбай бейнесі жанағы айтылғандай өзі қазақ қоғамындағы алпауыт феодал. Осы уақытқа дейін Құнанбайдың бейнесіне бір жақсы тоқтам жасалмаған еді. Осыған өте үлкен еңбек жасалғанын айту керек.
Жалпы, біздің осы деректі публицистикада Құнанбай бейнесі өте жақсы көрсетілген, жақсы бейнеленген. Оның шешендігіне, оның тіпті сөйлеген танымына, ішкі дүниесіне, сөйлеген кездегі сөз саптауына ежелгі гректің шешендері секілді үлкен баға берген болатын. Замандасымыз Бейбіт Сапаралы да Құнанбай туралы жазған. «Құнанбай» фильмін шығаруда, соның бейнесін ашып көрсетуде өте үлкен үлес қосқан болатын.
Кенесары Қасымұлы дүниеден өтті, сол кезде Абай өмірге келді. Қазақтың соңғы ханы дүниеден өткен кезде, қазақтың ұлы ойшылының шыр етіп дүниеге келуі кездейсоқ емес. Үлкен бір рухани сабақтастық. Абай атаны қаншама қазақтың ұрпағы оқыған. Соның ішінде мына еңбектің жылнамалық, хронологиялық жағы өте жақсы берілген. Қазақстанды мекен етіп отырған өзге ұлт өкілдері үшін бұл өте керек деп ойлаймын. Соның ішінде Құнанбайдың шыққан ордасы, аталары, бабалары, олардың әрқайсысының бабалар баяны жақсы көрсетілген. Отбасылық жағдайдағы, ел билеп жүрген Құнанбайдың іс-әрекеттерінің көбісі Шәкәрім қажының еңбектерінде, Янушкевичтің, тағы басқа да тарихи дерекнама арқылы небір үлгілер қалыптастырылған екен. Осы еңбектің маңызы өте зор. Кітаптың жарыққа шығуы – өте қуанышты оқиға. Сонымен қатар ұсынысым – Қазақстанның, осы жергілікті мектептерде, қала мектептерінде оқу бағдарламасына ұсынылса нұр үстіне нұр болар еді. Рақмет!
Тұсаукесерде басқа да шетелдік, отандық ғалымдар пікірлерін жақсы білдірді. Шара барысында еліміздің атақты тұлғалары «Құнанбай» кітабының лентасын салтанатты жағдайда кесті.
М. БАЛҚЫБЕКҰЛЫ,
ҚР Гуманитарлық ғылым академиясының академигі