ХАЛЫҚ – ҚАЙРАҚ, ҮКІМЕТ –ҮЛКЕН ПЫШАҚ

Руханият Қоғам
317 Views

Алатаудың әуежайынан көтерiлiп, ақша бұлттың арасына сiңген күмiс қанат ұшағымыз Бетбақдаланы бетке алып самғағасын Жүрсiн Ерман қойқаптағыны қозғап, әңгiменiң тиегiн ағытты.

– Қазақстан Жазушылар одағының әдебиеттi насихаттау бюросы бар едi ғой. Соның арнайы жолдамасымен ақын Тоқтарбек Қызықбаев, Асқар Егеубаев үшеумiз Ұлытау ауданына бардық. Ол кезде Брежнев марқұм тiрi едi. “Шеңбер” кеңшарының директоры бiздi баласынды ма, әлде бәлесiндi ме, “командировочный” қағазымызға бармағын басып, қол да қоймастан, төбесiн көрсетпей жоғалды. Қашанғы күтемiз, қолма-қол суырып салып бiр-екi шумақ өлең жазып кеткен едiм.

Шайтандай түске кiрер кей түндерi,

Үрейден шошып едiк кейпiңдегi.

Ауылдан түн iшiнде тұра қаштың,

Қонақтар қуырдақ қып жейтiн бе едi?

Үн-түнсiз аттанып-ақ кетер едiк,

Мөрiң де жоқ боп шықты сейфiңдегi.

Бұл өлең ескерткiшiм болсын саған

Дәбейдiң жазуындай бейiтiндегi.

Содан берi ширек ғасырдай уақыт өтiптi. О, заман-ай! Қазiр Тоқтарбек аға да жоқ, Асқар досым да жоқ, Брежнев те жоқ. Бiрақ, ел-жұрт орнында. Пейiлi кең. Баяғыдай емес, ақын көрсе астындағы атын түсiп беруге даяр. Жезқазған қаласының әкiмi Мұса Танабаев “Ана тiлiң – арың бұл” деген тақырыпта республикалық ақындар айтысын ұйымдастырып, маңызды iске мұрындық болып отыр. Бiр-екi ақынды ауырсынатын баяғының бас­шылары емес, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен 16 ақын шақырдық. Бас бәйге – “Жигули” автокөлiгi. Демеушi – “Қазақмыс” корпорациясы.

“Қазақтың мысын қалқып алып, шекесi жiпсiп отырған кәрiс ағайындардың мына жоралғысы жетiм қыздың жасауындай емес пе?” де­гендей емеурiн танытқан ер мiнездi меценат Өмiрзақ Сәрсенов “Барғасын басшыларымен байланысайықшы” деп қалды. Онысы “Олқы тұстардың орнын толтырайық” дегендей сезiлдi.

Айтыстың жанашыры, зейнеткер ағамыз Сламхан Ибраимов ұшақ iшiнде газет оқып отырып, өз-өзiнен күлдi. Анекдот па? Жоқ! Тарихи оқиғаға күлiптi.

… Өткен ғасырдың сексенiншi жылдары өз ұлтының ұлағатты екi жа­зушысы Лениндiк сыйлыққа қатар ұсынылады. Оның бiрi – грузин Нодар Думбадзе, екiншiсi – қазақ қаламгерi Iлияс Есенберлин. “Көшпендiлермен” көп оқырманды баурап алған Iлияс ағаға комиссия мүшелерiнiң басым көпшiлiгi дауыс бередi. Ой, қызық-ай! Бiрақ өтпей қалады. Неге?

Думбадзенi айға шығарған грузиндер Тбилисиден ұшақ жалдап, құшақ-құшақ гүл жiбередi. Бiздiң Есенберлинге де Алматыдан арнайы бiр ұшақты ұшырып жiбередi. Бiрақ ұшақтың iшi гүл емес… толған арыз-шағым едi. Грузиннiң бағы жанды, қазақтың сағы сынды. Бiттi! Думбадзенiң жалауы желбiредi.

– “Қазақтың жауы – қазақ”. Абай атамыз қалай дөп басып айтқан, ә? – деп, Ислам аға соған күлсе керек. Күлетiн нәрсе ме? Жылайтын жәйт қой. Ойландым. Әр елдiң салты әр басқа, менталитетi де әрқилы. Мысалы, Францияда болатын нәрсе – бола­ды. Англияда болмайтын нәрсенi болдырады. Германияда – болмайтын нәрсе болмайды. Ал, бiзде ше? Болайын деп тұрған нәрсенi болдырмауға тырысамыз ғой.

Өткен жылы “Күллi әлемнiң күлкiсi” атты Халықаралық сықақшылар фестивалiнiң алғашқы тұсауы Ақтау қаласында кесiлдi. Маңғыстау облысының әкiмi Қырымбек Көшербаевтың Халықаралық сықақшылар байқауын жыл сайын жеке-дара өткiзiп тұратындығы туралы байыпты сөзiн бар оқырманға қуана хабарлағанбыз. Елуге жуық қатпарлы думанның қатарында ақындар мүшәйрасының да өткенiн “Қазақ әдебиетi” газетiнiң ғ 36 санында жазғанбыз. Алайда С.Адайбаев деген автор iле-шала осы газетке “Интеллектуал өлең шетке қағылмасын” деген қыжылы бар қысқа мақала жариялады. Онда “Жазба ақындар мүшәйрасы туралы жұмған аузын ашпады” дей келiп, “Мүшәйра тарихында тұңғыш рет жас ақын жақсы жыры үшiн жеңiл көлiкпен марапатталғанын Көпен көре тұра көрмедi” деп ғайбаттайды. Байдың асын байғұс қана қызғанады. Несiне тарынамыз? Мүшәйра тарихында Иран Ғайып, Ғалым Жайлыбай, Есенбай Дүйсенбайұлы, Ерiк Асқаров, Ғұсман Жандыбаев секiлдi боталы түйедей боздаған ақындар бұған дейiн де темiр тұлпар мiнгенiн бiлемiз. Оған кезiн­де қуанғанбыз. Тiптi, Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық тойында жыр оқып, “Волга” автокөлiгiн алған Иран-Ғайыпқа әзiлдеп пародия жазғанмын. Соңғы шумағы былай:

Жыр үшiн туған бiр балаң едiм,

Маған жаның аши ма, Құдай?

Жамбыл бабаны жырлаған едiм,

Бердiң-ау бiр машина, Құдай!

Жарылқағаның сол-ақ па?!

Жазба ақындарына жаным ашиды. Айқайы көп, шай-пайы жоқ. Шетiнен мырза. Көкiректерi аяққаптай. Өздерiн “интеллектуал өлеңнiң” иесiмiз деп есептейдi де, қалған жанрға қара күйе жаға салатынына таң қалам. С.Адайбаев та өз мақаласында сондай ойды аңғартады. “Интел­лектуалды поэзия айтыс, сын-сықақ секiлдi жеңiл-желпi” емес дейдi. Мәссаған, безгелдек! Әдебиет зерттеушiсi Дм.Молдовскийдiң “Сатира орыс фольклорының барлық жанрын бiрдей аралап өтедi” деген пiкiрiн бiле ме екен? Айтыс – жазба ақындарының атасы екенiн аңғара ма? Қазақ халқының қанына сiңген қасиеттi айтыс өнерiн жеңiл-желпi деп есептеу – атасының сақалынан ұстап сүйрегенмен бiрдей. Екi ғасырдай бұрын тарихта таңбаланып қалған Сүйiнбай мен Қатағанның айтысын интеллек­туалды поэзия емес деп айтуға қай ақынның дәтi шыдайды?

Жаңсақ пiкiр жарға жығады. Михаил Шолоховтың 1959 жылы жас жазушылармен кездескенде сөйлеген сөзi кiм-кiмге де үлгi. “Егер ин­женер есебiнен жаңылып қателiк жiберсе, оны жөндеуге болады. Ал, адам жанының инженерi – ақын-жазушылардың қателiгi миллиондаған халықтың қасiретi. Жазушының жаңсақ сөзi адамның жанын шығарып, жаназасын оқығанмен парапар”.

Ендеше, айтыс өнерiн “шоу бизнеспен ел қыдырып, нан тауып, нәпақа айырып жүргендер” деудiң өзi қасиеттi өлең- ге – қара күйе жаққанмен бiрдей. Рас, “жүрген аяққа жөргем iлiнедi”. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өзi қастерлi хадисiнде “Сапарға шығыңдар, несiбелерiң артады” демеп пе едi? Өз өнерiн насихаттап ел аралағанның ешқандай сөкеттiгi жоқ. “Интеллектуалды ақынбыз” деп үйде бұғып отырмай, өз оқырмандарының алдында Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов секiлдi жел тұрғызып, желпiнген поэзиясын оқыса, оларға кiм қой деп жатыр? Солай болған күннiң өзiнде ол “шоу-бизнес” пе? Жоқ! Iскерлiк. Жiгерлiлiк. Махаббат! Поэзияға деген нағыз махаббат. Өз өлеңiмен өзгелердi баурай алмаса оның несi ақын? Өнерпаз Асқар Наймантаев “Бүгiн менiң туған күнiм!” деген тақырыпта Мұқағали Мақатаевтың поэзия кешiн жыл сайын Республика сарайында өткiзудi үрдiске айналдырса, оны да “шоу-бизнес” деймiз бе? Қазiргi жазба ақындардың көпшiлiгi өз кешiне өз оқырмандарын құлағынан сүйреп әкеле алмайтынын ара-кiдiк аңғарамыз. Әбiш Кекiлбаев, Фариза Оңғарсынова секiлдi аузы дуалы аға-апаларының назарына iлiккен Сабыр Адай, Серiк Елiкбай, Игiлiк Әймен секiлдi “қартаға сыймай қалған қазыналы арал” ақындарымыз бiз “интеллектуалмыз” деп өз буына өздерi пiсiп, өздерiне өздерi риза болғаннан оқырманға не пайда? Жазып алып жата бергеннен поэзияның парқын оқырмандар тани қоя ма?

Баяғыда бiр бай “Алты қырдың аржағындағы сенiң айғырың кiсi­неп, соның кесiрiнен бiздiң биелерiмiз құлын тастады” деп жала жапқан екен. Сол сияқты көрпенiң астында көрiнбей жатқан “интеллектуалды поэзияның” иелерi айдаладағы айтыстың айғыры кiсiнегеннен қазақ по­эзиясы қараң қалатын түрi бар деп күстәналаудың өзi күлкiлi нәрсе. Ой, қызық-ай!

Қызықтың көкесi, мiне! Алпыстан асып, ақылы толған Құрал Тоқмұрзаұлы ағамыздың “Қазақ әдебиетi” газетiнiң өткен жылғы ғ 45 санындағы салақұлаш мақаласын оқыдыңыз ба? Оқымасаңыз, жағаңызды ұстай берiңiз. Бiрдi-екiлi үзiндi келтiрейiн. “Поэзияны ауыр апатқа апаратын тiрлiктiң бiрi – айтыс дейтiн ауыз қайшылау екенiн ұқпай қойдық” дейдi.

“… Айтыс – қазақ поэзиясының алдына қойылған ақыртас” дейдi. “Айтысты қолпаштап, қоздата беру – тәуелсiздiк тұғырына қонақтайтын бұлбұлымызды жетiмсiретiп, қара қарғаны әлпештеп, жемдеу” дейдi. “Бүгiнгi таңда қазақтың жазба поэзиясының сапасы төмендеп кеткен… себебi – айтысты айбарақ етiп жалаулатуымыз ба деп түйемiн. Мен өз басым бұл даурықпаны өнер деп есептемеймiн” дейдi.

Дейдi, дейдi, дейдi… Қырғи тiлдi Асқар Тоқмағамбетов айтқандай “Дейдi екендер дейдi екен!..”

Сол Құрал ағамыз “Қазақ әдебиетi” газетiнiң биылғы ғ 6 санында айтыс жөнiнде тағы да “дейдi”. Мысал келтiрейiк. “… айтыстың қазақ әдебиетiне тигiзген кесiрi шаш-етектен. Сол жөнiнде бiрер ауыз лебiз бiлдiрсең, бәрiмiз тез үн қосар едiк” деген бiрнеше ақынның өтiнiшiн орындап мақала жазғанда, мен оларға берген уәдемдi орындаған едiм. Алайда, әлгi тiлемсек ақындар үнсiз қалды” дейдi бармағын тiстеп. Әлгi айтысты жабылып жамандаймыз деген ақындардың бiрi туралы “… газет бетiн толтырып, қыздарға арналған өлең жазыпты. Немере қыздары бой­жетiп отырған кiсiнiң арманы. Құмар-құштары, бөсiр дертi сияқты iшiнде кететiнiне жаным ашыса да, өлеңдi оқығанда едәуiр ұялдым” дейдi. Әлгi айтыстың “диверсант” шалының шала-пұла поэзиясы “Тегiнде, тақырып тапшылығына, мағынасыздыққа, нәрсiздiкке ұрынудың” себебiн айтыс ақындарынан көредi. Қисынды ма? Қисынсыз. Қып-қызыл жала!

Орман iшi. Көз тұнады жарыса өскен ағаштан,

Бiрi қисық, бiрi түзу, бәрi көкке таласқан.

Оқтай түзу кей қарағай көзiн жазбай тұрса айдан,

Емен, шiлiк орта жолда омақаса қисайған.

Мен ойланам: егер түзу өспесе кей бәйтерек,

Қисықты да бiз тура деп қабылдар ма, қайтер ек?

Егерде сен түзулiктер жеңсiн десең әлемде

Өзгелердiң қисықтығын тура тұрып дәлелде!

Бұл – Төлеген Айбергеновтiң өлеңi. Сөз зергерi Ғабең, Ғабит Мүсiрепов осы шумақтарды жанындай жақсы көрiп, жатқа айтып отырады екен. Қазақ әдебиетiн қара орманға теңесек, әр қаламгердiң стилi – әртүрлi ағаш секiлдi. Талант, шама-шарқы да сондай. Кейбiр “интеллектуалды” ақындарымыздың өлеңдерi шiлiк секiлдi “орта жолда омақаса қисайса”, оған қарағайдың қанша қатысы бар? Айтыс – қарағайдай өнер.

Өз басым Өтежан Нұрғалиевтiң “нөсерлi” поэзиясын құрмет тұтам. Интеллектуалды ақын. Қайталанбас қаламгер. Көп дүниесi көненiң мұрасындай. Ескiлiгiмен ерекше. “Жазым болса, быламыққа да тiс сынады” деген рас екен. Соқталы деген сол ағамыздың өткен жылы “50 де 50” деген газеттiң 6 қазан күнгi санына сұхбаты шықты. Жаңсақ пiкiрi жанымызды жаралайды. “Ақын деген Пушкин құсап, 37 жасында өлуi керек. Одан асқанның бәрi мусор. Елдi былғайды…” дейдi.

Адамның өмiрi мен ажалы – Алланың iсi. Пешенеңе жазғанды көресiң. Әйтпесе, Пушкин “Айтарымды айтып болдым. Ендi бiттi!” деп 37 жасында өлгiсi кеп өлдi дейсiң бе? Жазмыш солай. Мұхаммедке пайғамбарлық 40 жасында қонған. Абай атамыз да 40 жасынан бастап поэзияға ден қойған. Ал, 37 жастан кейiнгi ақынның бәрi мусор болатын болса, анау Ақтаудағы Адайбаев “интеллектуалды өлең” үшiн шыбын жанын шырқыратып несi бар?

Әрi қарай кеттiк. Сол Өтежан ағамыз сұхбатының басында “Бiз Пуш­киннен басқа ақынды бiлмеймiз. Пушкин – Еуразиядағы жалғыз ақын. Абай – соның көшiрмесi. Бiз бiлетiндердiң iшiнде “идеальный” ақын осы – Пушкин” дейдi.

Не болса соны сөйлеу – осындай-ақ болар. Басқасы – басқа, ұлы Абай­ды – компьютер заманындағы “ксерокопияға” теңеу әдебиеттiң әруағынан аттағанмен бiрдей. Әруақты жерден ат үрiксе де, Өтежан ағамның үрiкпеуi жазба ақындарының “интеллектiсi” ме?

Алматы қаласы әкiмi Иманғали Тасмағамбетов Дiнмұхамед Қонаевтың

95 жылдық мерейтойына арналған айтысқа қатысушы ақындармен бiрге. Әрi қарай кеттiк. Сол Өтежан ағамыз өз пiкiрiн өршiтiп, “Пушкиннiң жындылығы да бiзге үлгi, ақылы да үлгi, ең ақыры, өлiмi де – үлгi. Ол сол өлiмнiң өзiмен аңыз боп қалды. Ит құсатып атып тастады ғой оны Дантес дейтiн француз. Мiне, ақын осылай өлсе керек. Ал қалғанының бәрiнiкi – бос әурешiлiк” дейдi.

Сонда ақын атаулының бәрi қас-дұшпанның қаңғыбас оғынан қаза болса ғана ақын, әйтпесе – әурешiлiк пе?

Хош, сонымен “интеллект” деген не? Одан-бұдан оқыған теорияны келтiрiп қайтейiн, “интеллект” дегеннiң қазақшасы мынау: Егер ел-жұртың сенi iздесе – интеллектуалды ақынсың. Халық төбесiне көтерiп, төрге шығарады. Iздемесе ше? Босағадан сығалап бос қайтатын бөстекi сөздiң иесi ғанасың.

Былтыр “Жас Алаштың” 18 мамыр күнгi санында жарияланған Жәркен Бөдешұлының Абайға арнаған өлеңiне үңiлiңiзшi.

Жалғыз Абайдың ақылы –

Көтердi Пушкин салмағын.

Күллi орыстың ақыны

Абайды аудара алмады.

Аударылмаған күйiнде

Мәскеуге жеттi сұлбасы.

Орыстың үлкен үйiне

Қазақтың сыйды бiр басы.

Мiне, интеллект! Әдемi. Әдептi. Астарында ақиқат бар. Парасат­ты, пайымды ой түйген. Орыс түшкiрсе, баяғыдай “Жәрекемалла!” деп жарбаңдап тұрған жоқ. Иық теңестiре сөйлеген ибалы поэзия. Сол Жәркендi де жабылып жүрiп аяғынан шалып, Мемлекеттiк сыйлықтан сүрiндiрдiк. Немiс Герольд Бельгердiң жүрегiнде жүз қазақтың патриоттық сезiмi бар. Оны да сөйттiк.

(Жалғасы бар).

 Көпен ӘМІРБЕК

«Сөйле десең, сөйлейін» естелік кітабынан

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *