Биылғы қазан айында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталатын өзінің кезекті Жолдауын арнағанын бәріңіз жақсы білесіздер. Егемен еліміздің бас құжатында тәуелсіздік жылдары атқарылған жемісті жұмыстарға жан-жақты талдау жасалып, алдағы асқаралы міндеттер көкжиегі белгіленген. Еуразияның жүрегіне айналған Астананы салып қана қоймастан, онда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Орталық Азия елдері арасынан бірінші болып ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізгеніміз баяндалған. Халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетіп отыр. Ел экономикасы қарқынды даму үстінде. Соңғы 20 жылда 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылған. Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу жөніндегі рейтингінде Қазақстан 190 елдің арасында 36-орынға көтерілген. 2050 жылға қарай төрткүл әлемдегі дамыған отыз озық елдің қатарына қосылу сынды аса маңызды стратегиялық міндет тұр. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары жүйелі жүзеге асырылуда.
Елбасы айтып отырғандай, қазақстандықтардың әл-ауқаты олардың табысының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екені екінің біріне белгілі нәрсе. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 28 мың теңгеден 42мың теңгеге өскелі отыр. Соның арқасында еліміз бойынша 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысы көбейеді екен. Өз кезегінде бюджеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысын 35 пайызға өсіру көзделген.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қолданылу мерзімі 2025 жылға дейін ұзарту жоспарлануда. Сөйтіп, 22 мың жаңа жұмыс орнын ашып, үш триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік жасалады.
Елбасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленген тарифтер саласында қатаң тәртіп орнату жөнінде арнайы тапсырма берген. Мұндай маңызды мәселе оның төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінде де талқыланған. Расында да соңғы жылдары бұл салада бей-берекетсіздіктің орын алғаны жасырын емес. Осыған орай кейінгі кездері Қазақстанның көптеген өңірлерінде су, жарық, газ, жылу, тағы басқа қызметтер үшін төлемақы мөлшерін едеуір қысқарту шаралары қолға алынып отыр.
Көлеңкелі экономикамен күрес қашанда негізгі міндетке айналған. Осы орайда Елбасы Экономикалық тергеу қызметін қайта құру қажеттігі туындап отырғанын тілге тиек етеді. Жаңа жылдан бастап салық заңнамасын бұзғандар үшін төленетін айыппұл мөлшерін 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру межеленген. Осындай жазалау шараларымен қоса-қабат бірқатар ынталандыру шаралары қолға алынбақ көрінеді.
Халық тұтынатын тауар өндірушілер ішкі нарықпен бірге экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыруға белсене атсалысқандары мақұл.Ұзақ мерзімге арнап қолжетімді несие беру жолдары қарастырылуда.
Агроөнеркәсіп кешенінің алдында да ауқымды міндеттер тұр. Бұл салада да экспорт көлемін ұлғайту жоспарланған. Осы орайда Елбасы Жолдауында шетелдік озық тәжірибені үйрену, ауыл кәсіпкерлерін жаппай оқыту жүйесін қалыптастыру қажеттігі айтылған. Жеміс-жидегі мен көкөнісі көп күншуақты Оңтүстік өңірінің диқандары мен бағбандары үшін оның пайдасы ұшан-теңіз екені түсінікті.
Жолдауда инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Осы орайда Назарбаев университетінің базасында жасанды интеллект технологиясын әзірлеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институты құрылатыны айтылған.
Қаржы секторының рөлін күшейтіп, экономиканы, әсіресе өңдеу секторы мен шағын және орта бизнесті несиелендіруді ұлғайту маңызды екені белгілі. Жалақының өсуі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы есебінен тұрғындардың табысын арттыру міндеті тұр.
Халықтың тұрмыс сапасын арттыру да басты назарда ұсталуда. Білім алу, денсаулық сақтау, тұрғын үйдің қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру – әрбір отбасы үшін өткір де өзекті мәселе екені белгілі. Білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражатты бес жыл ішінде ішкі жалпы өнімнің он пайызына дейін жеткізу жоспарланған. Мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсарту мақсатында олардың да жалақысын көтеру көзделген. Келешекте Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандартқа айналатын болады. Барлық мектептер мен бала-бақшалар бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіліп, психологтардың жұмысы күшейтіледі. Үш ауысымда оқитын және апат жағдайындағы мектептердің проблемаларын шешу үшін алдағы үш жылға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастырылған.
Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданады. Сөйтіп, мұғалімдер, психологтар мен тәрбиешілердің артық жүктемесін азайту, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арылатыны айтылған. Расында да біздегі ұстаздар қауымының сайлаулар, сенбіліктер мен сан түрлі жиындарға орынды-орынсыз жегіле беретіні – жалпақ жұртқа мәлім жайт.
Жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру – кезек күттірмес маңызды міндеттердің бірі екені даусыз. Бұл – қай институт пен университеттің бітірушілері жұмысқа көбірек орналасса, солардың білім мен тәлім-тәрбие жұмыстары жүйелі жүргізіледі деген сөз. Елбасының білім мен тәлім-тәрбие жұмыстарының деңгейін осылайша бағалауы көңілге қонады.
Жаңа жылдан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшіру көзделген. Бұл тұрғындардың электронды денсаулық паспортын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретіні айқын.
Салауатты өмір салтын орнықтыру мақсатында 100 сауықтыру кешенін салу жоспарлануда. Мектептердегі бос тұрған спорт залдарын тиімді пайдалану жолдарын қарастыру қажеттігі, саябақтарда порт алаңшаларын салу да өскелең заман талабымен үндесіп тұр.
Келесі жылы құрылатын Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, ауыз суға, балалар тауарына, медициналық қызмет көрсетуге сараптама жұмыстарын жүргізбек. Әрине, мұндай жаңа құрылымның халық денсаулығын сақтау мен салауатты өмір салтын орнықтыруға себі тиетіні анық.
Бүгінде тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Жастар үшін жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынып отыр. Мемлекет тарапынан бес жылда 650 мың отбасыға немесе екі миллионнан астам азаматқа қолдау көрсету көзделгені де мерейімізді өсіреді.
Астана мен Алматы еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 30 пайыздан астамын қамтамасыз етіп отыр. Осы орайда егемен еліміздің үшінші ірі мегаполисі атанған, республикалық маңызы бар қалаға айналған Шымкент шаһарының, жаңа облыс орталығы болып отырған – Түркістан қаласының алдында да асқаралы міндеттер тұрғаны айтпаса да түсінікті шығар.
Елбасы құқық қорғау органдарының жұмысына да терең және сапалы өзгерістер қажеттігі сөз етті. Осы орайда полиция жұмысын реформалау мәселесі алға тартылып отыр. Біздің бұл реформалардан күтеріміз көп.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің штатын оңтайландыру көзделген. Кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесі өзгертілмек. Полиция жұмысы сервистік модельге көшірілмек. Олар жазалаушылар емес, қиын-қыстау жағдайда азаматтарға көмек көрсетушілер болуы керек.
Жолдауда сот жүйесін одан әрі жаңғырту қажеттігі алға тартылды. Өйткені, халық арасында соттарға деген сенім деңгейі біршама төмендеп кеткені жасырын жайт емес. Сол себепті Елбасы сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгізуді жалғастыру керектігін сөз етеді. Жыл сайын төрт миллион адам сотта қаралатын іске қатысады екен. Судьялар қарайтын істер жөніндегі жүктеме мөлшері артқан. Бұған қаншама күш пен қаражат жұмсалатыны айтпаса да түсінікті. Осылайша уақыт пен орынсыз шығынды талап ететін артық сот рәсімдерін қысқарту керектігі сөз етілген. Біздіңше, медиацияны, бітімгершілік, бәтуаласу шараларын тиімді жүргізгеніміз мақұл. Үздік заңгерлерді судья болуға дайындау – аса маңызды шара. Сонымен қатар судьяларға заңсыз ықпал ету тетіктері мен мүмкіндіктерін де жойғанымыз жөн. Әрине, мұның бәрі сот жүйесі жұмысының алға қарай жылжуына оң әсер ететіні белгілі… Осылайша құқық үстемдігі – маңызды факторға айналғалы отыр. Қат-қарбалас жұмыс барысында біз Елбасы айтқан осындай қағидаларды қатаң ескеретін боламыз.
Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру көзделген. Елбасының пікірінше, мемлекеттік қызметшілер мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартулары қажет. Бүгінде жастар арасында мемлекеттік қызметші болуға деген талпыныс күшейіп отырғаны сүйсінтеді.
Қоғамдағы жегі құртқа айналған сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасын табатын болады. Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер қалың жұртшылықты мазалай түсуде. Бұл салада ашықтықтың жоқтығы баршаға мәлім. Қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту керектігі айтылады. «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында елорданың тәжірибесін тарату ұсынылады.
Елбасының Жолдауынан бөлек «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары да көпшілікті егемен еліміздің өткенін екшеп, келешегіне нық сеніммен қарауға жетелейді. Өскелең жас ұрпақты елін, жерін сүюге, ұлтжанды азамат болып өсуге тәрбиелей түседі.
Қорыта айтқанда, көреген, кемеңгер, көшбасшымыздың алға қойып отырған мақсат-мұраттары бәрімізді жүйелі жұмыс істеуге үндейді. Біз қашанда Елбасының Жолдауларына қызу қолдау көрсете отырып, өз жұмысымызды барынша адал әрі сапалы атқаруға талпына беретін боламыз. Өткен жылға өкпеміз жоқ. Жаңа жылдан жағымды жаңалықтар күтеміз. Сөз орайы келгенде өзіміздің сүйікті газетіміз арқылы барша қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, еңбектеріне табыс, отбасыларына шаттық тілейміз!
Нұрлан СЕРІК,
Шымкент қаласы Еңбекші ауданының аумақтық сот орындаушылар бөлімі филиалының аға сот орындаушысы, ҚР заңгерлер одағының мүшесі.