АЯСЫНДА ЕҰУ-ДА ТАЛАНТТЫ ӘНШІ, АКТЕР, АҚЫН, ДРАМАТУРГ ҚАНАТ ЖҮНІСТІҢ «СӘКЕН» ФИЛЬМ-КОНЦЕРТІ КӨРСЕТІЛДІ
Ұлттық сөз өнерін азаматтық беделімен биік белеске көтерген Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин ғұмырлары қысқа, тағдырлары ауыр болғанымен, шығармашылығы ғибратты да мәнді болды. Биыл Үш бәйтерегіміздің туғанына 130 жыл. Осыған орай, Еуразия ұлттық университетінде «Үш бәйтерек» атты апталық басталды. Оған университетіміздің белсенді студенттері қатысты. Жаратылыстану ғылымдары факультетінің «Жастар рухы» төрағасы Әбунасыр Алчын іс-шараның маңызына тоқталып, үш бәйтеректің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегін атап өтті.
«Халқымыздың ұлттық әдебиетінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан үш бәйтерек – Сәкен, Ілияс, Бейімбет өздерінің жазған туындыларымен адамдардың жаңа заманға сай сауатты болуына, ой-өрісінің өсуіне зор ықпал етті. 1894-1938 жылдар аралығында қатар өмір сүрген халқының асыл перзенттері еліміздің өндіріс орындары мен еңбек адамдарының игі істерін шығармаларына арқау етті. Ұлтының азаттығын аңсаған қазақ зиялылары Кеңес үкіметі тұсында Алашордашыл – ұлтшылдар атанып, ХХ ғасырдың отызыншы жылдар ойранында қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жазаланды», — деді жастар жетекшісі Әбунасыр Алчын.
Жиын барысында үш қаламгердің тағдыры мен шығармашылығы жайлы, сол замандағы әдеби үдеріс жөнінде қызықты да танымды деректер айтылды. Сонымен қатар, тарих факультетінің 2 курс студенті Мәди Мырзабаев үш бәйтеректің көне суреттерін жаңадан өңдеп, көрерменнің қошеметіне бөленді.
«Бәйтерек деген тек биіктен көрінетін, қай жерде тұрса да, сол жердің символы болатын құнды зат. Олар салт пен дәстүрді дәріптеп, ұлтты сүйреген Ұлы тұлғалар. Үшеуінің де мақсат-мұраты, арманы бір болды. Сол заманның қатыгездігіне қасқая қарсы тұрып, адамгершіліктің үнін асқақтата білді. Олардың қаламынан Қазақстанның дарқан даласы, өндіріс орындары мен еңбек адамдарының іс-әрекеттері, өмірге деген құштарлықтары, болашаққа үміт-сенімдері кеңінен көрінеді. Ұлт тұлғаларының есімі мен бейнесі бүгінгі ұрпақ жадынан орын алуға әбден лайық», -деп атап өтті Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ЕҰУ Ақпараттық орталығының жетекші журналисі Базарбек Түкібай.
Іс-шара соңында Жаратылыстану ғылымдары факультетінің «Жастар рухы» ұйымының төрағасы ұлы тұлғалар мұрасын құрметтеуге қосқан үлесі үшін ғалымдарға ризашылығын білдірді. «Халқымыздың егемендікке жету жолындағы басты белестерді еске ала отырып, әдебиетіміздің қалыптасуы мен дамуында елеулі роль атқарған үш бәйтеректі кейінгі ұрпаққа насихаттау бүгінгі біздің борышымыз», -деді жастар жетекшісі.
Жиын барысында үш қаламгердің тағдыры мен шығармашылығы жайлы, сол замандағы әдеби үдеріс жөнінде қызықты да танымды деректер айтылды және түс қайта бас ғимараттағы Президент залында «Сәкен» атты фильм көрсетілді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қазір Астанада шығармашылығының «Қолтаңба» атты онкүндігі өтті. Мәселен, 19 қазан күні Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында автордың «Алаш жолы» атты драмасы қойылды.
ЕҰУ-да «Үш бәйтерек» апталығы аяында әнші, актер, ақын, драматург Қанат Жүністің «Сәкен» фильм-концерті көрсетілді. ЕҰУ-дың Прездидент залында өткен Қ.Жүністің бұл туындысы өнер шаңырақтары әртістерінің қатысуымен, ел азамат¬тарының демеушілігінің арқасында түсіріліпті.
Автордың айтуынша, тұңғыш фильм-концерт тізбегі Сәкен әндерімен көмкеріліп, қайраткер өміріне қатысты маңызды ақпараттармен әдіптелген.
«Фильм-концертте деректі және көркем киноның элементтері бар. С.Сейфуллиннің «Тау ішінде», «Біздің жақта», «Көкшетау», «Ақсақ киік» әндерімен қоса, бұған дейін тек ақын түлеп-ұшқан топырақта ғана шырқалып келген әндер шырқалады. Сонымен қатар Сәкеннің жас кезіндегі ролін менің балам Біржан Жүніс ойнады», — деді автор.
Фильм-концертте жалғыз Сәкен емес, мұнда Ілияс пен Бейімбеттің образдары сомдалып, үш арыстың тұлғасы жарасымды көрініс тапқан.
Фильм-концерт аяқталған соң филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов сөз алып, өз әсерімен былайша бөлісті: «Мына Қанат мырзаның Сәкен туралы фильм – концертін көргеннен кейін жаңағы, сөйлеудің өзі оңай емес. Фильм – концерт сөйледі. Білгірлікпен, тапқырлықпен, даналықпен, көсемдікпен, суретпен, сезіммен, біліммен, ұшқырлықпен сөйледі. Ғажап сөйледі, өте шынайы, өте табиғи. Ең басында «Тау ішінде» өлеңінің айтылуының өзі анау керемет табиғат, анау керемет жаңағы Сәкеннің өзі ғашық бойжеткен үріп ауызға салғандай, ай мен күндей, он төртінде туған айдай, жүзіктің көзінен өткендей, бір қасық сумен жұтып жіберліктей. Анау өзі ақбоз ат. Біз ақбоз атты көрмегелі қай заман. Ақбозаттың өзі керемет Тайбурылдың шабысы сияқты. Л. Толстойдың айтқан сөзі бар, «сезімнің заманы туады» дейді. Біз қазір өзі сезімнен айрылған заманда тұрмыз, тілден айырылған заманда тұрмыз, газет – журнал оқымайтын заманда, құрдымға кетіп бара жатқан заманда, жаһандану заманында. Содан құтқаратын не? Осындай фильм, концерт. Бұл рухани болмысыңды, адамшылық, көркемдік сезіміңді байытатын керемет шығарма. Шынында да қаһармандық, еңбек жасалынған. Бұның әрбір секундының өзі қайым. Сондықтан мен өмірімде соңғы 54 жылдың ішінде екінші рет тебіреніп, әсерленіп тұрмын. Бірінші тебіренгенім 1972 жылдың маусым айында мен С.Сейфуллиннің шаңырағында Гүлбаһрам апайдың шаңырағында болған екем.
Сондай-ақ рухани кеш соңында ЕҰУ-нің Басқарма төрағасы — ректоры Ерлан Сыдықов кеш қонақтары Қанат Жүніс пен Біржан Жүніске алғысын білдіріп, университет жастары атынан естелік — сый табыс етті. Студенттер тамаша кештен зор әсер алып, рухани қанаттанып қайтты.
Зере Әлібекқызы,
ЕҰУ-нің студенті