ТЕБЕГЕНОВ ТАҒЫЛЫМЫ

Әдебиет
386 Views

Темірхан Тебегенов!..

Темке!..

Қайран асыл біртуар көрнекті оқымысты, ғұлама ұстаз жайлы тереңнен толғап әліталай-талай жазармыз, төгіле, егіле еске алармыз.

Қазақ елінің дарынды әдебиетші ғалымы ХХI ғасырдың басында осыдан бір ғасыр бұрынғыАлаш арыстары секілді дүрілдетіп, дәуірлетіп қандай ғаламат жұмыстар атқардыдесеңізші!..

Шәкірттер жүрегіне білім шамшырағын жаққан білімпаз ұстаз еді. Ауыл мұғалімінен Қызылордадағы университетке оқытушы болып ауысты. Оқу-ғылым орталығы Алматыға арман арқалап, бала-шағасын жетелеп, Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық университетінде дәріс бере бастады. Осында байтақ еліміздің бай кітапханасы мен архивтерінен шықпай тынбай ізденіп, филология ғылымдарының докторы атағын қорғады.

Жарты ғасыр ұстаз болып қаншама шәкірттер тәрбиеледі. Еліміздің қай түкпіріне барсақ та, қай мектеп, университетке бас сұқсақ алдымыздан Тебегеновтің шәкірттері қарсы алады. Олар «Біз Тебегеновтен тәлім-тәрбие алған шәкіртіміз» деп ардақ тұта ол кісі жайлы мақтанышпен тебірене әңгімелейді.

Бойында дарыны бар талантты жастарға үнемі ақыл-кеңес беріп, көбісін ертіп жүріп ақын-жазушыларға таныстырып, жазғандарын газет-журналдарға жариялататын.

Ізденімпаз ұстаз қаламы жүйрік, ойы ұшқыр әдебиетші, сыншы еді. Моңғолия, Қытай тағы басқа шетелдегі қазақ әдебиетін жан-жақты зерттеп, жеке жинақ әзірледі. Энциклопедиялық шалқар білімін танытып,

Сан-салалы әдебиет, тарих, шежіре жөнінде көптеген туындылар жазды.

Мен өзім оның ғылыми зерттеудегі ізденісіне таңқалатынмын. Жамбыл облысында Сыпатай батыр Әлібекұлы жайлы, Оңтүстік Қазақстан облысында ақ тулы сіргелі Жабай батыр туралы конференция өткізетін болып, соған баяндама жасауға өтініш айтқан едім. Әр дәуірдің әр өңірдің тарихи тұлғалары жайлы Темекең айтқан уақытында 10-12 бет компьютерге басылған баяндамасын тап-тұйнақтай етіп әзірлеп берді. Бұл зерттеуі – тарихшы, қаламгерлердің тісі бата бермейтін, көп ел білмейтін құнды жәдігер, дәлелдер 2 2 тауып, ойлы пікірлер айтқандығымен айырықша құнды болып, арнайы жинаққа енгізілді. Журналға жарияланды.

Тебегенов ірі жамбылтанушы болатын. Ұлы ақынның 160, 165, 170 жылдықтарында мақала жазды. Ал, 175 жылдық мерейтойында үкіметтік комиссия мүшесі болып, өзі істейтін университетте Жамбыл жайлы жинақты құрастырып, жылдың басында кітап етіп шығарды. «Жамбыл Жабаев» және «Жамбыл әлемі» атты 40 том жинақты құрастырып шығарғанымда Темкең көп көмектесті.

Ал, оның қызы Алтынарай Тебегенова Жамбылға жаңаша көзқараспен ғылыми кандидаттығы атағын қорғады. Осы іргелі еңбегін тұтастай көптомдыққа енгізген едік.

Жыл сайын Жамбыл ата туған күнінде ұлы ақын еліне бірге баратынбыз. Әр жыл сайын ХХ ғасырдың Гомері жайлы бір-бірін қайталамайтын мақала жариялайтын. Осындай ұлан-асыр еңбегі үшін халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Жамбыл атасының бейнесі бар лауреаттық төсбелгіні омырауынан ешуақ тастамайтын. Жамбыл жиынында Нұрдәулет Ақыш, Бауыржан Жақып, Алмасбек Мәуленов секілді оқымыстылармен бірге Жамбыл жүрген ізбенен атты экспедицияға қатысып, Тараз, Шымкент, Түркістанға дейін барып, Қырғызстанға дейін сапарлап қайтты. Барған жерлердің бәрінде әсерлі баяндама жасап отырды.

Ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесінде алып ақын жайлы бір том жинақ әзірлеп қойған еді.

Тебегенов – танымал түркітанушы ғалым. Ол Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия мемлекеттерінде бірнеше мәрте болып, ғылыми баяндамалар жасады. Түркі әлеміндегі үлкен еңбегі үшін Түрксойдың арнайы сыйлығымен марапатталды.

Сүбелі де терең ғылыми еңбектерін бағалаған ол әлем елдеріне аты мәшһүр бола бастады. Қытайдың астанасы Бейжің (Пекин) қаласындағы ұлттар университеті арнайы шақыртып, студенттер мен оқытушы-оқымыстылар алдында айлап дәріс оқытатын.

Темірхан Тебегеновтің жетпіс жасқа толған мерейтойы өте мазмұнды өтті. Сол кездегі университет ректоры Тахир Балықбаев арнайы ғылыми конференция ұйымдастырып, онда ірі-ірі ғалымдар, ақын-жазушылар тағылымды баяндамалар жасады. Темкеңнің ұстаздығы, ғылыми зерттеушілігі, қаламгер-жазушылығы жан-жақты зерттелген баяндамалар жасалды.

Ал, Алматыдағы ұлттық кітапханада өткен мәжілісте Т.Тебегеновтің 14 том шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Оның он томын өзі қызмет істейтін университет шығарып берді. Бұл ұлан-асыр мол қазынаның бір данасын ұлттық кітапханаға сыйға тартты. Мерейтой иесін құттықтаған құттықтаулар Қытай, Турция, Моңғолиядан, еліміздің түкпір-түкпірінен көптеп түсті.

Кейін жетпіс жылдығы Қызылордадағы университетте кеңінен аталып өтті. Өзі оқыған мектепте арнайы музей-сынып бөлмесі ашылды.

Темкең мерейленіп, қуаныштан қауынша жарылып, еңбегінің еленгеніне шынайы риза болып жүрді.

Ұстаз ретінде танымдық, тағылымдық сапалы оқулықтар жазды. Талай-талай ақын-жазушы, тарихи тұлғалар жайлы естелік эссе, ғылыми мақалалар жариялады. Қазақстан Жазушылар Одағының және әдебиет пен өнер жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі болып әдеби ортада үлкен қайраткерлік танытты.

Адам арманы таусыла ма?! Күнара дерлік бір-бірімізге телефон шалып, әйтпесе жай кездесіп, сырласып, әңгімелесетін қайран күндер-ай!..

— Енді бірер жылда 75 жасқа келемін ғой. Соған 20 томдық шығармалар жинағын әзірлеп жатырмын, — деуші еді.

Мен оның бұл арманын сөзсіз орындайтынына кәміл сенетінмін. Рухы күшті, жан-жағына мейірім-шуақ шашып тұратын оның іздемпаздығы, еңбекқорлығы, білімі, парасат-пайым мен адамгершілігі шіркін-ай, қандай еді?!

Жарым түнде Алтынарай қызы «Папам кетіп қалды» деп қан жылап хабар айтқанда сенер-сенбесімді білмей, сенделіп, ойым онға, түсім-жүзге бөлінгені-ай!..

Темкең жайлы әлі талай-талай естеліктер, ғылыми мақалалар жазылар.

Тебегенов тағылымы әлі зерделеніп, зерттеле бермек.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *