Рухани жаңғыру – Ұлттың ұлы мұраты! Ұлы мұрат жолында тізе қосып, еңбек ету – біздің перзенттік һәм азаматтық ұлы борышымыз. Ал бұл сапарда жолымызға қақпан құрып, аяқтан шалушылар – Қазақстанның қас жауы.
Шыңға биік Ел көз тіксе асқарлы,
Шайыр жазбай, кім жазады дастанды?!
Сүйінші, Алаш!
Тарихыңда толғаулы
Рух жаңғырар жаңа дәуір басталды!
Серік СЕЙІТМАН.
Иә, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – дер кезінде ұсынылған жоба. Біздің дамуымыздың кезеңінде тарихымыз, дәстүріміз өте маңызды. Бұл әсіресе жастарға қатысты. «Цифрлы Қазақстан», жаңа технологияларды дамыту және басқа да көптеген бағдарламалар бар. Соның ішінде «Рухани жаңғыру» жоғары басымдықта. Ол жан-жақты қамтылған, қазіргі заманның «Тарих толқынындағы біздің орынымыз қайда және болашағымыз қандай болады?» деген басты сауалына жауап береді. Бұл бағдарламаның ең оңтайлы тұсы – әрбір адам өзінің ұлы іске қатысатынын сезінеді, тіпті шағын және бір қарағанда байқала бермейтін кішігірім істерден бастап өз үлесін қоса алады. Бұл басқаларға көмек, әлеуметтік бағдарламаларға, қайырымдылыққа, қандай да бір акцияларға, шағын және ел ауқымындағы үлкен шараларға қатысу сынды істер болуы мүмкін. Адамдар қандай да бір игі бастамаларды өзі жеке іске асыруға ықпал етеді. Бұл біздің жастарымыздың рухани жаңғыруын көрсетеді.
Бүгінде жер бетінде 5000-ға тарта ұлттар мен ұлыстар болса, ал мемлекеттер саны 215 екен. Сол елдердің біршамасы ұлттық мемлекет ретінде құрылмағанын ескерсек, мемлекеттігі жоқ халықтардың саны жетіп артылады деген сөз. Яғни, әлемдегі барша халықтың тек 10 пайызға жуығының ғана өз елі, өз мемлекеті бар. Соның бірі – қазақ. «Мен қазақпын – мың өліп, мың тірілген» деп Жұбан Молдағалиев жырлағандай, бір-ақ күнде қазақ болып қалыптаспағанымыз тарихи шындық.
Біздің бүгінгі рухани жұтаңдығымыздың бір себебі – ұлттық құндылықтарымыздан алыстап қалуымызда. Ендеше, ұлттық рухты қайта ояту үшін не істеуіміз керек деген сұрақтың туатыны заңды. Оның түп негізі мен кілті ұлттық кодта жатыр. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет», – деп бұл мәселеге баса мән берген. Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демеуші ме еді?! Бүгінгі күні біздің түзер бесігіміз – ұлттық код.
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының өзі жастарға арналған. Сондықтан да Рухани жаңғыруды жүзеге асыруда негізгі рөл жас ұрпаққа беріледі. Өйткені, бұл біздің болашақты дамытуға бағытталған. Президент бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін үш тілді дамыту қажет дейді. Мақалада баяндалған еліміздің негізгі мақсаты – тарихымызды, дәстүрлерімізді, ұлттық құндылықтарымызды ескере отырып, төрткүл әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру болып табылады.
ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ – ҚОҒАМНЫҢ МӘДЕНИЕТКЕ, ӘДЕБИЕТКЕ ДЕГЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРАДЫ
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын ел ішінде талқыға салып, еңкейген қарттан бастап өскелең жастарға, қоғам қайраткерлері мен әдебиетшілерге дейін өз ойларын білдірді. Қазіргі таңда елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде сан түрлі ауқымды шаралар ұйымдастырылып, оң нәтижесін беруде. Бұл жаңғыру – өткенді зерделеп, өшкенді жандандыруға айрықша сеп болары хақ. Саңлақ бабалардан дарыған асыл қасиеттерге жан бітіп, жаһанға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік туды. Ұлттық код – ұлттың қуаты. Ұлттық құндылықтар дегенде атадан балаға мирас болып келе жатқан, ана сүтімен бойға дарыған рухани құндылықтарды, имандылық пен инабаттылықты, қазақшылықты айтпақ һәм үйретпек керек. Қазақ мұны атадан балаға мирас етіп қалдырып отырған.
Осыған орай жақында Шымкент қаласында көшелерге ұлағатты сөздер бейнеленген 70-тен астам билбордтар орнатылды.
«Аталар сөзі – ақылдың көзі», «Аталы сөз сүйек балқытады» деп қастерлі сөздің киесін ұғынған халықпыз. Ата-ананы сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, даналарды дәріптеу, дарақылықтан қашу, ұлтты ынтымақ пен берекеге шақыру, бір тудың астына бірігу, қиындыққа тайсалып қалмау, керісінше «бұлт болып айды ашып, мұнар болып күнді ашып», кедергілерден сескенбей, алға ұмтылу сынды қасиеттер жан-жақты дәріптелген бабалар даналығы ерекше құрметке лайық.
Аталған билбордтар қатарында қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың:
«Жастықта бір күлгенің – бір қаралық.
Күлкі баққан – бір көрер бейшаралық.
Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,
Ең болмаса еңбекпен мал табалық», –
деген арзан ойын-күлкіден аулақ болып, өнер-білім, еңбекке үндейтін өлеңі де орын алған. Сондай-ақ, Махамбет Өтемісұлы, Әбу Насыр әл-Фараби, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырза Әлі, Жұмекен Нәжімеденов, Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Шаханов, тағы басқа қазақ әдебиеті мен мәдениетінде өзіндік орны бар ұлт зиялылары, ақын, жазушы, ғұламалардың шығармалары, ұлағатты сөздері бейнеленген «Қазақтың ұлы тұлғалары» тақырыбындағы билбордтар енді Шымкенттің шырайын айшықтап, мерейі мен сәнін келтіреді.
Осы тұста «ғажап» демеске болмас. Себебі, мегаполисте халқымыздың көрнекті ақын-жазушыларының, дана бабаларымыздың өлеңдері, қанатты сөздері жазылған билбордтар көптеп ілінуде. Бұған көпшіліктің көзқарасы да ерек.
«Қала көшелеріне орнатылған билбордардағы даналық сөздерді көзіміз шалып, оқыдық. Соның ішінде өзіміз кезіктірмеген, оқымаған дүниелеріміз бар екенін байқадық. Ғибратты дүниелерді өз достарымыздың ортасында бір-бірімізбен бөлісіп, жариялап жүрміз. Осындай игілікті бастамалар оң нәтижесін береді деп ойлаймыз. Біз секілді жастарға таным деңгейін арттыруға ықпалын тигізеді деген сенімдеміз», – дейді Шымқаланың жас тұрғыны Жұлдыз Жасұзақ.
Әрине, «Сөз – әуелден қазынасы Алланың» демекші, дүниенің бар мәнін ойға сәуле, ақылға нұр құятын асыл сөздің астарынан іздеген халық емес пе едік?! Тау тұлғалардың мәнді сөздері, жақұт ойлары санаға жарық құйып, оқыған жанды ойландыратыны хақ. Сонымен қатар өзге елден туристік сапармен келген азаматтардың қазақ әдебиетіне, тіліне деген қызығушылығын оятуға да өзіндік септігі тиері анық.
Қазіргі таңда 70-тен астам даналық сөздер тұнған билбордтар қаланың көрнекті жерлерінде жарқырап, көпшілікті ізгілікке үндеп, алыстан менмұндалап тұр.
Бұл жобаның бастамашысы – қала әкімі Ерлан Қуанышұлы Айтаханов. Өнегелі, ғибратқа толы аталы сөздер жазылған билбордтарды жол бойына орнату арқылы ұрпақ тәрбиесіне әсер етіп қана қоймай, халық даналығын баршаға үлгі етеміз. Бабалар сөзін қадірлеп, санамызда жаңғыртуымыз – өскелең ұрпақ үшін үлкен жетістік. Менің ойымша, осылайша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға әркім өз үлесін қоса алады.
«Жалпы біздің қазақ мәдениетін, әдебиетін Рухани жаңғыру аясында ұлттық кодымызды жаңғыртып, дамытуымыз, жарыққа шығаруымыз, әсіресе жастарға үлгі етуіміз қажет. Қазақты ұлт ретінде, оның руханияты ғана сақтап қала алады. Сондықтан ақылға, даналыққа толы сөздер жүйелі түрде насихатталуы керек », – деді Шымкент қаласының әкімі Ерлан Қуанышұлы Айтаханов.
Отандастарымыздың санасы мен ойлау қабілетін сілкінтпесек, ғасырлар бойы қалыптасқан елдің біртұтастығын ескермесек, алға қадам баса алмаймыз. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы осыны үнемі алға тартады. Ұлттық кодын сақтаған бәсекеге қабілетті халық қана биік белесті бағындыра алады. Әлемнің озық жетістіктерін үлгі ете отырып, қоғамдық сананы жаңғыртуды қолға алмасақ, осыған дейін атқарылған әлеуметтік-экономикалық серпіліс нәтижесі де құрдымға кетеді. Сондықтан, таразы-тарихтан сабақ алып, қажетсіз іс пен әрекеттен арылып, осындай өнегелі істерді көптеп атқару қажет. Әр қазақстандықтың бағыты – бір, ойы – ұштасқан болса, еліміз бағындырмайтын белес болмайды. Ал, оның алғы шарты – осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыру.
«Құлдыраған экономиканы жөндеуге болады, ал Руханият саласы бір шатқаяқтаса, оны қалпына келтіру қиын».
«Жат мәдениеттерді әкімшілік әрекеттермен емес, өзіміздің бай мәдениетімізді қарсы қойып қана жеңе аламыз. Ендеше, біздің руханият саласының қызметкерлері елгезектік танытулары керек».
Бұл қала әкімі Ерлан Қуанышұлы Айтахановтың зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесулерде айтылған сөздері.
Иә, қазіргі әлемдік өркениетке ұмтылған тұста жас ұрпаққа осындай ұлт қасиетін, ұлт сөзін ұқтыра білгеніміз жөн. Өзіміздің ұлттық болмысымыз бен төлтума мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды танып, бойға сіңіру – басты міндет. Егер елдің келешегі үшін қам жеп, жаһандану үдерісінде бет-бейнемізді жоғалтпай сақтап, жастарымыз космополит болмасын, рухани құндылықтардан ажырап қалмасын, адамгершіліктен мақұрым тұрмасын десек, онда жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды сабақтастықпен жеткізу біздің борышымыз. Мұнсыз маңдайы жарқыраған, төрт аяғын тең басқан бет-бейнесі сақталған Қазақ елі бола білу мүмкін емес.
Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев рухани жаңғыру идеясында, «…Ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға…» үндеген еді. «Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп соқырға таяқ ұстатқандай қадап айтқаны да жадымызда. Бабалар сөзі әр қазақтың, әсіресе ұлттың тізгін шылбырын ұстаған азаматтардың көңілінде жүрсе, тіпті ондай құндылықтарымыз қала көшелерінде ғана емес, Қазақстанның әрбір азаматының қызмет үстінде тұрса, қанекей! Ендеше, ұлттық код ұлттың негізі екенін ұмытпауымыз – ұрпақ алдындағы басты парызымыз болмақ.
Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.