ҰЛТ БОЛАШАҒЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН ЖУРНАЛ

Қоғам
1 644 Views

Ұлтымыздың ұрпақ тәрбиесі мен білімі туралы мәселелерді кейбір салиқалы қазақ баспасөзі жазып та, айтып та жүр. Алайда, қазақ білім саласының, мектебінің, ұстаздарының мәселелерін мақсатты тұрғыда көтеріп, «үні, құлағы һәм көзі» болып жүрген басылымдар некен-саяқ. Бұл – қазақ баспасөзінің кемшін тұсы. Осынау олқылықты қорынан толтыру үшін қазақ баспасөзіне жаңа, тың, салиқалы басылым – «Ұлт мектебі» журналы дүниеге келіп, өткен жылдың желтоқсан айында өз жұмысын бастады. Қырық беттен асатын журналдың көтеретін тақырыптары да ауқымды. Білім саласы мамандарының мың ғасырға азық боларлық идеяларын бір арнаға тоғыстырып, кейбір ұлт ұстаздарының бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі істерін жариялап қана қоймай, оларды тәжірибелік тұрғыда жүзеге асыруға күш салады. Бұған тек журнал ұжымы ғана емес, бізге қолдау білдіріп отырған елге белгілі ғалымдар, білікті педагог-мамандар, көптеген білім саласының басшылары да білек сыбанып дайын отыр. Көпшілікке белгілі «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің оқырмандарын білікті мамандар топтасқан басылымға өз идеяларыңыз бен еңбектеріңізді ұсынып, бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз!

«Ұлт мектебі» журналы тарих, техника, әдебиет, оқу мен оқыту, тәрбие, тұрмыс, қазақтың қалпы мен салты, ғұрпы, әдеті, мінезі жайында және жаһандағы білім мен ғылым саласына қатысты қызықты мағлұматтарды жариялап отырады. Негізі журналдың ең басты көтеретін мәселесі әдістемеге арналады. Ұстаздардың әдістемелік мақалаларын журналға жариялай отырып, оларды басылымның редакциялық кеңесінде қарап, бағалап, қалалық, облыстық, республикалық әдістемелік орталықтарға ұсынып отырамыз. Үздік мақала жазған ұстаздар, жекелеген авторлар, белсенділік жасаған мектеп ұжымы «Ұлт мектебі» журналының, мемлекеттік білім мекемелерінің арнайы Алғыс хаттарына, жүлделеріне және бағалы сыйлықтарына ие бола алады. Сонымен бірге «Түркістан облысы Білім саласы ардагерлер кеңесі» бірлестігінің, қалалық, облыстық, республикалық оқу-әдістемелік орталықтарының арнайы Алғыс хаттары мен дипломдары беріледі.

«Ұлт мектебі» журналы ұлттық білім берумен қатар ұрпақ тәрбиесіне де заманға лайықты идеялар ұсынған ұстаздарымыздың еңбектерін журналға жариялап, оларды жинақтап, арнайы кітап етіп шығаруды мақсат етіп отыр. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – білімнің негізі. Адамға ең бірінші керегі – тәрбие. «Тәрбиесіз берілген білім адамның қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі», – деп ұлы Әл-Фараби бабамыз бізге өсиет қалдырғанын жақсы білесіздер.

Ұрпақ тәрбиесі мен білімі үшін қызмет ететін ұстазға мүлік жолдас емес, істеген игілікті ісі мен игерген білімі жолдас. Қазақта: «Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді» деген нақыл сөз бар. Ұстаздың әрбір жазған дүниесінен мың адам білім мен тәрбие нәрін алып жатса, онда оның ісі өміршең. Ондай ұстаз қашан да елдің алғысын арқалайтыны сөзсіз. Әсіресе, өмірге ұрпақ әкеліп, отбасында оған үлгілі өнеге көрсетіп отырған әрбір ата-ананың пікірі біз үшін құнды дүние. Сондықтан да біз ұрпақ тәрбиесімен айналысатын әрбір азаматпен тығыз байланыста болуға әрекет жасаймыз.

Әзірше журналдың жеті нөмірі жарық көрді. Өзінің басты бағытын анықтап, қалыптасу кезеңінен өтті. Әрбір санында өзінің басты нысаны етіп алған, дүниежүзінде «Екінші ұстаз» атанған арғы бабамыз Әл-Фарабидің баға жетпес еңбектерінен үзінділер беріліп келеді. Журналды қолына алған әрбір азамат өзіне пайдалы мағлұматтарды тауып, ризашылықтарын білдіріп, журналдың сапасын жетілдіруге бағытталған пікірлерін білдіруде. Кез келген басылымның бағасын оқырмандар береді. Бұл – анық. Сондықтан журнал редакциясы, ақылдастар алқасы, меншікті штаттан тыс тілшілер жұмыла жұмыс істеуде.

Жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен білім саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясына қатысқан республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт болашағы – өскелең жастарға білім мен тәрбие берудің өзекті мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар қызметке жаңадан кіріскен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларында ұстаздар мәртебесі, оқулықтар, үштілділік, білім сапасы, маман мұғалімдер сияқты елдің көкейінде жүрген тақырыптарды қозғады.

Олай болса «Ұлт мектебі» журналының алдында қоғам өмірінде болатын өзгерістер туралы мақалалар үзбей жариялап, ұстаздар мен ата-аналарға, жалпы ұрпақ тәрбиесімен айналысатын жандарға қолғабыс тигізу міндеттері тұр.

Өміріміз мәнді, көңіліміз сәнді болсын, ағайын!

Шаруа ПІРМАТ,

«Ұлт мектебі» журналының редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, физика-математика ғылымдарының кандидаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *