ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫ БАҚ МӘСЕЛЕСІН ОРТАҒА САЛДЫ

Саясат Қоғам
681 Views

Медиасфера – тек ақпарат тарату құралы ғана емес, қоғамдағы ұлттық сананы қалыптастырушы күш екені қай заманда, қай мемлекет болсын дәлелденген дүние.

Мынандай қызық мәлімет бар: осыдан отыз бес жыл бұрын Ұлыбританияның Оксфорд Университеті жанындағы Орталық Азияны зерттеу ғылыми орталығы қазақ баспасөзінің тарихын зерттей бастаған. Сонда ХХ ғасыр басындағы мерзімді қазақ баспасөзі туралы сараптай келіп, Алаш зиялылары мен «Қазақ» газеті қазақ қоғамында мәдени төңкеріс-мәдени ренессанс жасады деп баға берген екен. Яғни, Алаш ұландары Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Мұхамеджан Тынышбайұлы және Бейімбет Майлин, Сұлтанмахмұт Торайғыр, Сәбит Дөнентайұлы, Халел Досмұхамедұлы сынды көптеген қазақ зиялылары осы басылым арқылы ұлт рухын көтеретін сөз сөйледі. Олар қазақ баспасөзінің культі болып ғана қоймай, ұлттық журналистиканың іргесін қалаған тұлғаларға айналды.

Одан бері тарих доңғалағы тұтас бір ғасырды артқа тастады. Арада жүз жыл уақыт парқы бар. Бұл күнде қазақ журналистикасында нендей өзгеріс, даму, бетбұрыс жасалды? Өзгеріс те, бетбұрыс та көп, тіпті әлемдік журналистиканың өзі көз ілеспес жылдамдықпен ілгерілеп барады. Кешегі азаттықты қалаған Алаш ардагерлерінің ізін жалғаған бүгінгі азат еліміздің озат ойлы журналистері жоқ емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері республикамыздың түкпір-түкпірінде қаншама жаңа газеттер, телеарналар мен радиолар жарыққа шықты. Бүгінгі журналистиканың есімі елге белгілі, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек, Жұмабай Шаштайұлы, Жанарбек Әшімхан, қазақ телевизиясының тарландары Нұртілеу Иманғалиұлы, Қайнар Олжай, Серік Жанболат, Махат Садық, Бейсен Құранбек, Ләззат Танысбай… тізе берсеңіз, өте көп. Өзіндік қолтаңбасы бар редакторлар мен журналистер қай заманда да ұлт үнін жеткізетін азаматтық позицияда қала бермек.

Журналистика – жанкешті мамандық. Тіпті, бір мақаланы ізденіп жазу үшін кейде күн мен түн, апталар жалғасуы мүмкін. Танымал журналист В.Познер былай деген екен: «Кез-келген кісіні журналистикаға үйрету мүмкін емес. Бұл мамандық адамның ішкі жан-дүниесінің айнасы». Демек, ол қоғамның адамы, қоғамда болып жатқан шындықты қалтқысыз көрсете білуге тиіс тұлға. Ол медиа нарықтағы құрылтайшы қожайындардың сөзіне еріп кетпеуі де керек. Кейде журналистің жеке басына қауіп-қатер төніп жатады, қоғамның қара нары атанып, әлеуметтік мәселелерді шыр-пыры шығып көтеріп жүрсе де, оның өз тұрмыстық жағдайы тасада ысырылып қалып та жатады. Міне, өз мүддесінен халық мүддесін жоғары қоятын осындай жандардың еңбегі еленбей жататын тұстары да аз емес.

Сондықтан республикамыздағы журналистердің басын қосатын, БАҚ саласындағы түйткілді мәселелерді ортаға салатын белгілі бір медиақауымдастық пен бірлестіктердің жұмыла жұмыс істегені артықтық етпейді.

Біздің Түркістан облысы мен Шымкент қаласында осы күні 200-ге тарта бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді. Мәселен, Шымкент қаласының өзінде 106 газет, 17 журнал, 4 телеарна, 2 радио және 47 ақпараттық портал тіркелген. Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында 2 телеарнасы бар, 15-ке тарта аудандық газеттерді қосыңыз. Оңтүстік өңірдегі журналистиканың өзі тұтас медиаиндустрия деуге болады.

Осы жергілікті медиа кеңістіктің алаңын дамыту, журналист үніне құлақ түру мақсатында осыдан екі жыл бұрын Шымкент қаласында «Түркістан облыстық Журналистер одағы» қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Төрағасы көзқарақты журналист, ANYQ.KZ ақпарат агенттігінің директор-бас редакторы Тұтқабай Фазылбек. Тұқаң талай белгілі басылымдарда, телеарналарда тілші ретінде шыңдалған, қаламы қарымды кәсіби маман. Қазіргі таңда Т.Фазылбек бастамашыл болған одақтың елу шақты мүшесі бар.

Одақтың кешегі басқосуында өңірдің редакторлары мен журналистері дөңгелек үстел басында кездесіп, көкейдегі сауалдары мен мәселелерін ортаға салды. Кездесу жиыны Шымкент қаласы Әл-Фараби атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының залында өтті. Төменде пікір білдіруші БАҚ өкілдерінің бірқатар тұшымды ойларын назарларыңызға ұсынамыз.

Бақтияр ТАЙЖАН, «Шымкент келбеті» қалалық газетінің бас редакторы:

«САЛАЛЫҚ ЖУРНАЛИСТИКАҒА БЕЙІМДЕЛУІМІЗ КЕРЕК»

— Журналист ретінде жан-жақты болуға тырысамыз. Алайда, әр журналист өзінің жүрегіне көкейінде айтқысы келетін тақырыбы болады. Біз соған терең бойлауымыз керек. Журналист бір салаға терең бойлап, сол тақырып төңірегінде көп ізденсе, онда оның ақпараты мәнді әрі құнды болмақ. Бүгінде бізге жетіспейтін осы – салалық журналистика. Сондықтан журналистикаға бет бұрған әрбір маман өзін осы бағытқа бейімдегені жөн. Мәселен, ауылшаруашылығын, экономиканы қаузап жазатын журналистер жетпей жатыр. Осы салалық журналистикаға бейімделетін уақыт жетті. Халық жалпыламадан гөрі нақтылықты жақсы көреді.

Әр істі сол істе пісіп-жетілген, әбден машықтанған адам ғана жоғарғы деңгейде орындайды. Бүгінгі күні жаһандану дәуірінде бір салада білімді болудың өзі оңай емес. Бір салалық тақырыпты дұрыстап меңгеру үшін көп уақыт пен қажырлы еңбек қажет. Ал көп уақыт бойы бір сфераны зерттеген, сол саланы түбіне дейін қазған адамның ойы орынды, сөздің тоқетерін айтады. Салалық журналистиканың ең үлкен артықшылығы — нақтылық. Яғни, маманның тақырыпты ашу үшін, оны жалпыға ұсыну үшін бір-екі күн, ары кеткенде бір жұма ғана уақыты бар. Әрине, әр журналист шын кіріссе кез-келген тақырыпты шемішкедей шағып тастайды. Десек те, сол саланың жілігін шағып, майын ішкен майталмандары секілді терең бойлай алмайтыны даусыз. Яғни, журналист өзінің құзырындағы аз ғана уақыт ішінде танып үлгерген нәрселерді көрсетеді.

Ал сол салаға машықтанған маман болса, ол осы күнге дейін жинаған сол саладағы білімінің арқасында алынған тақырыпқа байланысты кең ойлай алады. Сәйкесінше, тақырыпты әр қырынан баяндап, өте дәл аналитикалық талдау жасауға қауқарлы болады. Оны салыстыра, өзге құбылыстармен байланыстыра отырып өте сапалы дүние жасап шығаруға мүмкіндігі болады. Баршамызға аян, қазір ақпараттың саны көп, сапалысы аз. Ал қоғам қажет ететін сапалы әрі дәл ақпарат ұсынуда салалық журналистика әмбебап журналистикадан оқ бойы озық тұрары айтпаса да анық нәрсе.

Қуанышбек БОТАБЕК, республикалық «Әділет. Рухани жаңғыру» қоғамдық-саяси газетінің редакторы:

«ҚОҒАМДA ЖУРНАЛИСТ МӘРТЕБЕСІ БИІК ТҰРУЫ ТИІС»

— Бүгінгі баса назар аударатын мәселе – журналист мәртебесі. Қазір жұртшылық журналист пен блогерлерді шатастырып алып жатыр. Біз кәсіби журналистерміз, сондықтан блогерден журналист әрқашан биік тұруымыз керек. Мемлекет басшысынан кейін халыққа сөзі өтімді болатын тұлға осы журналистер қауымы болуы керек десем қателеспеймін. Журналисттің көтерген мәселесі заң шығарушы органдарға дер кезінде жетуі қажет. Сіз бен біз болып, журналистер мәртебесін қолға алғанымыз дұрыс, бүгінде педагогтар мәртебесі аз айтылып жүрген жоқ, есесіне ұстаздарымыздың абыройы көтеріліп қалды. Енді журналистер мәртебесін аса мән беріп, қоғамдағы рөл мен салмағын көтеруіміз керек. Еліміздің, халқымыздың салт-санасының, дәстүрдің қаймағы – оңтүстік. Сол себепті, оңтүстік өңірдегі журналистеріміз осылай журналист мәртебесі туралы бастама көтерсе дейміз…

28 маусым Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні бекітілген датада ғана журналистерге көңіл бөлгенге өз басым келіспеймін. Журналист сөзі жыл он екі ай ескерілуі керек, сонда ғана халықтың жанайқайы атқарушы органға естіледі. Біздегі жергілікті биліктің БАҚ-қа деген көзқарасы әртүрлі, ала-құла, кейбірін іш тартса, кейбірін сыртқа тебеді. Бұлай етуге болмайды. Шымкент қаласы мен Түркістан облысын салыстыруға келмейді. Түркістан облысы көш ілгері. Әңгіме журналистерге сыйлық бергенде емес, бұл жерде мәселе журналистикаға деген құрмет пен сыйластықта жатыр.

Соңғы кезде журналистикада сыбайластық, жікке бөлінушілік пайда болды. Қазір қандай деңгейдеміз біз? Кейінгі буынға не қалдырамыз? Журналистер мәселесін біз ортаға салып, айына бір рет бас қосып тұруымыз керек!

Газет басылым тиражын көбейтуді қолға алуымыз керек. Мемлекеттік тапсырыста сыбайластыққа жол беруге болмайды. Осы мәселенің бәрі әділ шешімін табу үшін Одақ осы алауыздықты назарға алуы керек. Құрметті төраға, алдағы уақытта шиеленіскен мәселелер өз шешімін табады деп сенемін.

Гүлжамал МҰСАЕВА, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газеті бас редакторының орынбасары:

ӘЛЕУМЕТТІК САНАТ БЕРІЛУІ КЕРЕК

— Бүгін БАҚ өкілдерінің түпкі мәселесі көтеріліп жатыр. Мен осы орайда журналистер қауымының әлеуметтік тұрмыстық жағдайын айта кеткім келіп отыр. Мәселен, мемлекеттен берілетін тұрғын үй бағдарламасына келсек, журналистер ешқандай әлеуметтік санатқа ілікпейді. Яғни, кезекке тұра алмайды деген сөз. Мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер, бюджеттік мекеме қызметкері кезекпен баспанаға қол жеткізіп келеді. Алайда, қоғамның нар жүгін көтеріп келе жатқан, үй-күйі жоққа үй алып беруге мұрындық болып жүрген әріптестеріміздің арасында бір баспанаға қол жеткізе алмай келе жатқандары қаншама? Журналистер жеке кәсіпкерлікке де жатпайды, өз қаржысына қиналмай баспана сатып алатындай… Тым болмаса БАҚ өкілдеріне категория беріліп, пәтер кезегіне тұруға мүмкіндік берілсе дейміз. Бұл бірінші мәселе.

Екінші мәселе – ауылдық жерлерден журналистерге тұрғын үй салатын жер бөліп берілсе деген құлаққағысымыз бар. Ардагерлерге, бюджет қызметкерлеріне жылына бір рет санаториялық жолдама беріледі. Денсаулық бәріне қымбат, осындай жолдамаларды медиа өкілдеріне де таратылса құба-құп болар еді.

Дәурен БОЛЫС, Шымкент қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры:

ЖУРНАЛИСТЕРДІ МӘМІЛЕМІЗ БІР БОЛУҒА ШАҚЫРАМЫН

— Кезінде бірнеше басылымдарда қызмет атқардым, журналистиканың қыр-сырын меңгеріп, осы салада тер төгіп еңбек еттік. Қазір де әріптестерімізбен етене араласып тұрамыз. Илегеніміз бір терінің пұшпағы, қазақ руханиятына, ақпарат саласына адал қызмет етсек деп жүрміз. Мені толғандыратын нәрсе, журналистердің ауызбіршілігі. Әлеуметтік желілерде кейбір әріптестеріміз бір-бірін сөзбен қағытып, қырық пышақ болып отырады. Ел алдында жүрген, елдің сөзін сөйлейміз деп сөз саптайтын әріптестеріміздің өзі оқырманның алдында осылай кейіп танытса, басқа қарапайым халық не істемейді? Біз үлгі бола білуіміз керек емес пе, бұқаралық ақпарат құралдары қоғамның айнасы. Алдымен өзіміз бас болып ауызбіршілік танытуымыз керек емес пе? Осы орайда журналистерді мәмілеміз бір болуға, тату болуға шақырамын!

Екінші мәселе – қазіргі жас журналистердің дайын асқа тік қасық болып бара жатқанында. Қандай іс шараға келмесін тілшілер есіктен кіре сала дайын баспасөз релизін сұрайтын болған. Бұрын ешбір баспасөз релизсіз-ақ талай мақала жазылған. Журналистер алдын-ала жазылған бір параққа иек артып, соны көшіріп жаза салмаған. Осы уақытқа дейін өздері ізденіп жазып, сараптамалар жасаған. Жастар ізденімпаз болса екен деймін.

Құралай АХМЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *