Биыл – 2021 жылы желтоқсан айының 16 күні, әрісі Шумер, берісі Арий, Сақ, Ғұн, Түркіш және тағы да басқа атаулармен ЕуроАзия кеңістігіне мәдениеттің, елдіктің, ерліктің үлгісін көрсеткен ата-бабаларымыз бен ана-әжелеріміздің ұрпағы, Ұлы Даланың Иесі һәм Киесі, «Қара шаңырақтың» қожайыны – Қазақ халқы өзінің қасиетті, құнжетпес Ұлттық мерекесі – Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жыл толу мерекесін және оның тездетілуінің алғы шарттарын қалаған – 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығын атап өтуге дайындалуда.
Біздердің дәл осы күндерге жетуімізге, өз халқының елдігі мен қаһармандығын мұра тұтқан, кіндік қаны тамған жерінің біртұтастығын сақтап, оның бір мысқал да кемімеуі үшін күрескен, ықылым заманнан бері шекаралас Қытай мен Ресейдей алып империялардың тегеуріндеріне тойтарыс беріп, Қалмақ пен Қоқан хандықтарының қысымдарына қарсы тұрып, Жоңғар мен басқа да жаулармен сұрапыл соғыстарды өткерген асыл текті Арыстары мен Жаужүрек – Батыр Перзенттеріне қарыздармыз…
Ондай қанқұйлы құбылыстардың ең соңғылары деуге болатын – патшалық Ресейдің ықпалында болған жылдар мен Компартиялық – Кеңестік үкіметтің мәскеулік бір орталыққа бағындырылған тоталитарлық сұрқия саясаты мен «ұлы орыс шовинизмі» психологиясының үстемдігіне қарсы 372 көтерілістер мен қарсылықтарды (тіркеуге түспегендерінің қанша екенін кім біледі?) ұйымдастырғандарға, жетекшілік еткендерге, қатысқандарға, қанды майдандарда қайтыс болғандар мен жеңістерін тойлаған, аты-жөндері беймәлім болып қалған қаһармандарға, тарихқа есімдері еніп, ерліктің үлгісін қалдырған қандастарымызға борыштармыз…
Әсіресе, «Одақ» деген алпауыттың асқынғандықтан «ішінен іріп» ыдырауына, керенау компартияның «қызыл террорынан» кінәсіз қырылғандар мен қасірет шеккендердің Киесіне тап болып, таратылуына шешуші «старт» берілген – КСРО-да төңкеріс ұйымдастыру мақсатындағы топтың («Путчистер») «Төтенше жағдай жөнінде мемлекеттік комиссия» құрған – 1991 жылы тамыз айының 19 күніне дейін және одан кейін де Республика мен біздің облыста, мүшелері ондап, жүздеп, … саналатын «Желтоқсан», «Азат», «Азамат», «Қазақ тәуелсіз жастар одағы (ҚТЖО)», «Қазақ тілі», «Бетбұрыс» және «Адам құқығын қорғау жөніндегі «Алматы – Хельсинки — Париж» Шымкент облыстық демократиялық комитеті» сияқты қоғамдар, «Алаш», «Халық Конгресі», «Республикалық партия» деген партиялар құрылып, өздеріне әлемнің назарын аударған әртүрлі қоғамдық-саяси іс-шаралар жүргізгені тарихи факт.
Оларды ұйымдастырушыларының, белсенділерінің, мүшелерінің және қатысушыларының (негізінен ҚТЖО-ның) аты-жөндерін тізбелеп айтып, қайталап жаза бергеннен гөрі, сол 1985-1991 жылдары тәуелсіздік күресінің тұғырын тұрғызу күресі майданында болған және олар туралы тәуелсіз мерзімдік басылымдарда жарияланған көптеген мақалаларға, орын алған елеулі оқиғаларға жүгінуді жөн көрдім.
Солардың қатарындағы, республика Үкіметі, Орал облысы мен қаласының әкімшіліктері бейтараптық көрсеткендіктен немесе дәрменсіздік танытқандықтан, сол 1991 жылы орал қазақтарының 400 жылдығын атап өтуге дайындалған әскерлен-дірілген шеруін өткізулеріне өре көтерілген «Азат» қозғалысының басшылығы мен белсенділері тегеу-рінді, бетпе-бет қарсы тұрып, тоқтатып, қайталанбайтындай етіп таратқанын ерекше атауға болады. Онда ерліктің ерен үлгілерін көрсеткен Оңтүстік Қазақстандық бауырларымыздың нақты іс-әрекеттері Үкіметтік, тарихи, қоғамдық және журналистикалық тұрғыдан зерттелетін, нағыз патриоттықтың мысалы, үлгісі әрі ондай сезімді қалыптастыруда маңызы болған құбылыс екені анық.
Олардың барлығын тізбелеп айтып, жаза бергеннен гөрі, сол 1991 жылы мамыр айында «Қазақ» газетінде «Әріптестер әрекеті» деген атаумен жарияланған мақаладан, Қазақ Тәуелсіз Жастар Одағының (ҚТЖО) үнпарағынан үзінділер келтіруді орынды деп таптым.
«Қазақ» газеті, 1991 жыл, мамыр айы
ӘРІПТЕСТЕР ӘРЕКЕТІ
Шымкентте. 17 желтоқсан, 1990 жыл. Қазақстан жастарының «Азамат» ұйымының Шымкенттегі бөлімі, «Қазақ тәуелсіз жастар одағының» ұйымдастыруымен Қазақ химия-технология институты алдындағы алаңда желтоқсан құрбандарын еске алуға арналған қала жастарының рұқсат етілмеген митингісі болып өтті. Митингі ұйымдастырушылар қолдарына: «Біз желтоқсанның жалғасымыз», «Жастар! Ел тағдыры – біздің қолда!», «Жасасын тәуелсіз Қазақ республикасы!», «Комсомол – отаршыл совет империясының төбеті!» — деген сияқты ұрандар алып шықты. Митингіге қатысқан бес жүзге жуық адам, алдымен желтоқсан құрбандарын бір минут үнсіз тұрып еске алды.
…Бірінші болып сөзге шыққан Қазақ химия – технология институты комсомол ұйымының хатшысы, Қазақ тәуелсіз жастар одағы ұйымының төрағасы М.Мұхамеджанов өз сөзінде 30 жылдардағы ашаршылық, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде республикалық, облыстық комсомол ұйымдары бейтарап бағыт ұстанды деп білетінін айтты.
Митингіде Шымкент педагогика институтының студенті Д.Күмісбекова, Алғабас ауданы «Шалдар» совхозының аға шопаны Г.Пердебаева, «Айқап» өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы Д.Ілиясов, Қазақ химия-технология институтының студенті Т.Әлімқұлұлы, осы институттың түлегі Г.Күмісбекова, қалалық «Қазақ тілі» қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары А.Алсейітов, жұмысшы Ж.Сейтінбетұлы, мұнай өндеу заводының инженері І.Байжанов, қалалық спорт комитетінің қызметкері М.Әбдірайымов сөзге шығып, олардың бірқатары өз сөздерінде желтоқсан оқиғасының қасіретін еске түсіріп, жастарды татулыққа, бірлікке және ұлт араздығына жол бермеуге шақырған пікірлер айтса, ал бірқатары партия, совет, комсомол ұйымдары жетекшілерінің атына түрлі сындар айтты.
Қаралы митингі кезінде Қазақ химия-технология институтының студенті Ө.Есенбеков желтоқсан оқиғасынан кейін көптеген жастар комсомол ұйымы тарапынан жазалауға ұшырағанын айта келіп: «Комсомолдың бізге қажеті жоқ. Комсомол неге өлмейді?» — деді де, комсомол билетін лақтырып тастады. Мұның артынан бірнеше жас сөйлеп, комсомолдан, Компартия қатарынан шығатындықтарын мәлімдеп, билеттерін лақтырды.
Осынау қаралы митингіде қалалық, аудандық комсомол комитетінің хатшылары, басқа да жауапты қызметкерлері қатысуы қатысқанымен, оларға сөз тимеді.
… Қаралы митингіге қатысушылар Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне жолдайтын ұсыныстары бойынша қарар қабылдады.
Сонымен бірге митингіге қатысушы жастар қалалық атқару комитетіне Вишневский көшесін Алматыдағы желтоқсан оқиғасының құрбаны Қайрат Рысқұлбеков атымен атау жөнінде және Шымкент қаласындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы коммунист-чекистерге тұрғызылған обелискі (қазір ол «Бауырластар зираты» деп аталғаны түсініксіз?) орнына Созақ қасіретінің құрбандарына арналған мәрмәр тақта орнату туралы талаптар қойды, Тәуелсіздік күресіне, ұлттық бірлік пен этносаралық татулыққа шақырған үнпарақтар таратты.
Қаралы митингі соңында желтоқсан құрбандарының аруағына бағышталып құран оқылды.
ҚАСИЕТТІ КҮРЕСТЕ АТА-БАБА ӘРУАҒЫ ЖАР БОЛСЫН!
ЖАСАСЫН ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ!
ҚАЗАҚ ТӘУЕЛСІЗ ЖАСТАР ОДАҒЫ
06.09.1991 жыл
Жоғарыда аты-жөндері көрсетілген, негізінен студенттер мен жас жұмысшылар өз елі мен жерінің, олардың Иесі – Қазақ ұлтының болашағын ойлаған және олар үшін батыл күрескен Перзенттері – нағыз патриоттар, тәуелсіздіктің тездетілуіне, алдағы уақытта оның нығаюына өзіндік үлестерін қосқан ұлдары мен қыздары, қанша мерзімнің өткеніне қарамай үкіметтік марапаттың қандай түріне болса да лайықты деп есептеймін.
Осы мақаланың жазылуына негіз болған мағлұматтар мен қолда бар ресми дереккөздік құжаттарды зерделеп, 1985-1991 жылдары және одан бергі кезеңдерде де республикадағы елеулі орын алған қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық, ұлттық теңдік пен тәуелсіздік, салт пен дәстүр, ел мен жердің біртұтастығы мен болашағы үшін күрес майданының қызу шебінде жүрген, додасының бел ортасындағы белсенділіктерін әлі де бәсеңдетпеген: Абдраманов Ұ.Ж., Әбдрайымов М.А., Әбдірайымов Б., Әлсейіт А.Б., Байжанов І.С., Есенбаев А.Т., Күмісбекова Г.А., Күмісбекова Д.А. (1971-2013 ж.ж.), Махан Қ.А., Ниязбаев К.А., Сахова М.Ж., Сейтінбет Ж., Шаруа П. (1943-2021 ж.ж.), Эсенбеков У.У., Орынбек Ш. бауырларымызды қазақ ұлтының патриоттары, парасатты перзенттері ретінде, Түркістан облысының әкімі Ө.Е.Шөкеевтің алдағы Желтоқсан-86 көтерілісінің 35 жылдығы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай сый-құрмет көрсетуіне ұсынған болатынмын.
Ол ұсынысымды қабылдаған облыс әкімі Өмірзақ Естайұлына, Қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Жаңабайұлына, бөлім маманы Фарида Амантұрқызына және жалпы әкімдік аппараты қызметкерлеріне, жоғарыда аты-жөндері көрсетілген, сонымен қатар тізбелей беру мүмкін болмаған басқа да Ұлт патриоттарының атынан ризашылығымды білдіремін.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгі болсын!
А. КҮМІСБЕК,
Республикалық «Ұлт тағдыры» ҚБ
облыстық филиалының төрағасы,
«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті редакциясының
бөлім меңгерушісі