ОЙЛАРЫМ МЕНІҢ

Әдебиет
865 Views

Құмар емен қулықпенен айлаға,

Адал жүріп ақ сөйледім қайда да.

Адамдықтың кір шалмаған ақ туын,

Айырбастап көргенім жоқ пайдаға.

* * *

Ел-халқыңа жексұрын боп көрінбе,

Естілмесін қарғыс, таба төріңде.

Адамзатқа қастық қылма өмірде,

Тыныш жатқың келсе егерде көріңде

* * *

Көз алартпа бақытына басқаның,

Ашық болсын азаматтық аспаның.

Жауласуға, дауласуға уақыт жоқ,

Мынау өмір бар болғаны қас-қағым.

* * *

Шөлдегенде су бермейтін ұрттарға,

Айтқаныңа сенетұғын жұрт бар ма?

Ақ сөзіңді каперге алмай кейде жұрт,

Шұлғи қалар қушыкеш пен қырттарға.

* * *

Күн санап саусақ бүктік жабыла кеп,

Айлықтың түсетұғын шағы ма,– деп.

Ал шалдар күн батқанды жылайды екен,

Бір күнім өтім кетті-ау тағыда деп.

* * *

Әзірің көп, қазынаға түсісі аз,

Мәзірің көп, шикісі көп, пісісі аз.

Біздің мынау күйтшіл тәйтік қоғамның,

Адамы көп, кісісі аз.

* * *

Өмір – ағыс, ағады бұлақ күліп,

Толқынында келесің құлап, тұрып.

Ағасың тағдыр деген асау толқын

Кеткенше жағалауға лақтырып.

* * *

Бағаңыз бақыт емес алған бүгін,

Не сыйлар күнтізбеде қалған күнің.

Өтесің өкінішпен ақырында,

Мойындап бұл өмірдің жалғандығын.

* * *

Деуменен бар тірлікті оңдырамын,

Шырқайсың өміріңнің қоңыр әнін.

Ақыры үзіледі қайран өмір,

Үзілген ішегіндей домбыраның

* * *

Саясат кімді қашан оңдырады,

Кім қалай көкейіне қондырады.

Ол шіркін жақындасаң өртейді де,

Ал бірақ алыстасаң тоңдырады.

* * *

Демегін «Мен онымен тең өстім ғой»,

Шырағым әл бермеспен егестің ғой.

Аттыдан жаяу жүріп кек алатын,

Сен деген Жаяу Мұса емессің ғой.

* * *

Әркімнің деңгейлері әр қыратта,

Сонда да қам қылады қарғымаққа.

Жоғары білімі жоқ кейбіреудің,

Жоғары түсінігі бар бірақта.

* * *

Туған жер деп бөлінеді ой мыңға,

Қадіріңді түсіне алмай қойдым ба.

Бәрінен де сен қымбатсың мен үшін,

Анам менен әкем жатыр қойныңда.

* * *

Отан сенен қиелі ұғым өтер ме!

Олигарх ауызға алар бекерге.

Отан оның тек тілінің ұшында,

Бар байлығы шет елде.

* * *

Адам бір доп домалаған, айналған,

Мына бізді апармады қайда арман?

Туған елге ораласың бәрібір,

Перзентісің кіндігінен байланған.

* * *

Жарқырайық тірлікте шамша көкем,

Бірақ-бірақ болсаңда қанша бекем,

Еске түссе достарың ерте кеткен,

Жүрек шіркін сыздайды, шаншады екен.

* * *

Қанша адалдық бар сенің бұл ісіңде,

Әулие емес көп жанның бірісің де.

Өлгеннен соң досыңды мақтайсың кеп,

Өлтіруге құмар ең тірісінде.

* * *

Үрдіс пе ақылдылар бір нұсқаған,

Құмар-ақ бақуатты тұрмысқа адам.

Ініне өмір бойы жем тасыған,

Аумайды адам деген құмырсқадан.

* * *

Таусылып тірліктегі татар дәмі,

Азамат сұлап түсті қатардағы.

Зауал сәт бір күн жетпек өзіңе де,

Мәңгілік қаңтаратын ат арбаны.

* * *

Жалбарынып десек те күдер үзбең,

Тау тұрғызса болғандай күнәмізден.

Қандай шалы қазақтың шығар екен,

Тас молаға тығылған мына бізден.

* * *

Бос жырқылға көңіл бекер тасиды,

Ар-ұятым намысымды қасиды.

Сол азапқы шыдап жүрген жарылмай,

Қайран жүрек саған жаным ашиды.

* * *

Бұл өмірде білікті бар, надан бар

Оны түзер менің қандай шамам бар.

Сендерменен қызық өмір расында,

Аман болың айналайын адамдар.

* * *

Санаспай, мүмкіндікпен, шамаңменен,

Құбылып отыратын заманменен,

Шешуі таптырмайтын бұл өмірде,

Бір жұмбақ екен ғой бұл адам деген.

* * *

Болсын дейсің таусылмас төзім нұсқа,

Жалған өмір жәдігөй көзің қыспа.

Шыдар едім бәріне төзер едім,

Бірақ ұзақ төзуге өмір қысқа.

* * *

Құдай-ай ақын қайда анық текті,

Айтатын ақиқат сөз шолып көкті.

Ақынның патшасы жоқ бұл күндерде,

Патшаның ақындары толып кетті.

* * *

Ақша деген дауыл болып борасын,

Талайлардың тақырлады қорасын.

Жат жандарды жақындатып туыстай,

Туыстардың ажыратты арасын.

* * *

Жүрегім болса-дағы жарқын, нұрлы,

Жеткізбей асау арман алқындырды.

Қалжырап қалғып кетсем қара жолда,

Түсіме алтын кірмей, халқым кірді.

* * *

Пайдақор түгенделер табысты ойлап,

Тұлпар ат күдерленер шабысты ойлап.

Елім,-деп еңку-еңку жер шолғанда,

Ер жігіт жігерленер намысты ойлап.

* * *

Күндерім көштің, кеттің қол алмай шын,

Жылдарым жүйтки соққан борандайсың.

Армандай қызыл-жасыл қайран жастық,

Сен енді жалынсам да оралмайсың.

* * *

Жиып ап дос-жаранды маңайыма,

Тағдырдың төтеп бердім талайына.

Белгісі ақ борандай сол жылдардың,

Қоныпты ақ қырау боп самайыма.

* * *

Алтын құрсақ арулар таптырмайды,

Көп туғанды келіндер жақтырмайды.

Біздер азбыз, жаным-ау, азбыз ғой біз,

Маңдайына аздардың бақ тұрмайды.

* * *

Басынан тайғандай-ақ маржан бағы,

Суынып көңілдері жардан тағы,

Сапасы кеткен тауар сияқтанып,

Бұл күнде махаббат та арзандады

* * *

Басында тұрар болса дәурен егер,

Әр адам жақсыны іздеп әуреленер.

Жаманмен қара түнек бірге келіп,

Жақсымен жан жүрегің сәулеленер.

* * *

Құлшынып жар таңдаймыз,

жыр таңдаймыз,

Өмірдің қызығына бір қанбаймыз.

Ойласаң бәрі бекер, шындығында,

Ажалдың кезегінде тұрғандаймыз.

* * *

Махаббатпен ұрпақ сүйіп үлгерген,

Біз пендеміз бұл пәниге бір келген.

Мәңгіліктің қақпасына жеткізбей,

Атып жығар ажал дейтін сұр мерген.

* * *

Қасқырларды қойға шапқан ойрандап,

Қырып салдық, тұрмыз соған қайран қап.

Бірақ елді ала тайдай бүлдірен,

Адам қасқыр ауылда жүр тайраңдап.

* * *

Тап болдым залымдарға, надандарға,

Сонда да сеніп келем адамдарға.

Аласы ішінде екен адамдардың,

Ішіне кіріп шығар шамам бар ма?!

* * *

Ғашық жан сәмбі талдай бүрленеді

Ақиық ақындардай түрге енеді.

Бірақ та ғашығымен кездескенде,

Айтарға бір сөз таппай күрмеледі.

* * *

Көңілі кейбіреудің озбыр әлі,

Қаралай жыныңызды қоздырады.

Селкілдеп, сексенінде пайда көздеп,

Есігін әкімдердің тоздырады.

* * *

Айтпаймын жағдайыңды ойлама деп,

Жағымпаз шал-шауқандар қайда да көп.

Тұқымы құрып кеткен шоң шалдардың,

Әкімге ақыратын «әй бала», – деп.

* * *

Әуелі «Құлқуалла Алхам кірді,

Иманын біздің шалдар қалқан қылды.

Сақалы бар, мұрты жоқ қырттар келіп,

Қайран дінін халқымның талқан қылды.

(Жалғасы бар).

Рза ОҢҒАРБАЙ,

ақын, Маңғыстау облысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *