ҰЛЫ ДАЛА ЖАСТАРЫНЫҢ ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ

Білім
1 001 Views

Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Шымкент көлік колледжі, Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы және Түркістан облысындағы №17 колледжі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны мекемелерінің ұйымдастыруымен Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Шымкент көлік колледжінде «Ұлы дала жастарының жаңғыру жолы» тақырыбында студенттердің республикалық ғылыми-теориялық конференциясы өтті.

Шараның негізгі мақсаты – Құрметті теміржолшы, Социалистік Еңбек Ері Әуесхан Салықбаевтың 90 жылдық мерейтойын атап өту негізінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында және 2018 жылдың 20 қарашасында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қарастырылған мәселелерді насихаттау және жүзеге асыру болып табылды.

Ғылыми шара консерватория шәкірттерінің концерттік бағдарламасымен ашылды. Талантты жастардың көрсеткен өнерлері көпшілікті сүйсінтіп, қасиетті домбыраның әуезімен бойларын ерекше сезіммен елтіп, қазақтың иен даласында отырғандай күйге бөледі. Шәкірттерге өз алғысын білдіріп, шараға қатысушы қонақтарды таныстырып, жиынның негізгі мәніне тоқталып өткен конференцияның модераторы – Шымкент көлік колледжінің басшысы, филология ғылымының кандидаты, доцент Абдыжалил Абуталипұлы Аккузов болды. Ол өз сөзінде теміржол саласының қалыптасуы, осы жолда еңбек етіп, дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлердің есімімен тығыз байланысты.

Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен бағдарламалық құжат іспеттес. Бұл халқымызға рухани жол көрсететін нақты бағдар екеніне күмәніміз жоқ. Нағыз ұлттық жаңғыру тек Тәуелсіздікке қол жеткізгенде ғана, Елбасының ұзақ мерзімді жоспарының негізінде басталды деп айтуымызға болады. Сананы рухани жаңғыртуға бәсекеге қабілетті, білімді елдің ғана шамасы жетеді. Сол себептен Елбасы ұлттық санаға баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Аталған мақаладан жаңаша бастау алатын «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын.

Әрбір азаматты өзінің туған жерінің гүлденуі үшін нақты үлесін қосуға үндегенін айта келе Шымкент, Арыс теміржол саласына еңбек сіңірген тұлғаның бірі – Әуесхан Салықбаев. Социалистік Еңбек Ері Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, екі рет «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. 1976 жылы ол кісінің есімі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің қаулысымен бесжылдық жоспарды орындауда қол жеткізген зор табыстары үшін Қазақ КСР-ның «Алтын құрмет» кітабына енгізілген. Теміржолдағы басшылық қызметін қоғамдық жұмыстармен ұштастырып, 1957 жылдан бастап Еңбекшілер депутаттары Арыс аудандық кеңесіне қатарынан үш рет депутат болып сайланған. Арыс қаласының, Оңтүстік өңірінің Құрметті азаматы атанған. 2005 жылы «Отан» орденімен марапатталған. 1993 жылы Әуесхан Салықбаев құрметті зейнеткерлік демалысқа шығып, еткен еңбегінің, төккен маңдай терінің зейнетін көріп отырған ақсақал, елінің қазыналы қариясы, ақылгөй дариясы болып, мағыналы да мәнді ғұмыр кешуде», – деп теміржол саласын дамыту арқылы ел экономикасын көтеруге мол үлесін қосқан, жүрегі туған жерім деп соғар зор тұлғалы азаматтың өмір жолынан сыр шертіп, конференцияның күн тәртібімен таныстырып өтті.

Арнайы жинаққа ұсынылып отырған ғылыми мақалалар саны шамамен 160-ты құрайтынын, 530 беттен тұратын сиясы кеппеген 33 жинақтың дайын болып, жарыққа шыққанын, оны өңдеп қайта баспаға жіберіп, толық нұсқасын колледж қызметкерлері мен студенттерге үлестіретінін тілге тиек етті. «Еліміздің ғылыми әлеуетін көтеру бағытында табысты жиындардың бірі болады деген сеніммен жиынға келген барша қонақтарға, студент жастар мен шәкірттерге шығармашылық табыс тілеп, қаламдарыңыз ұшталып, білімдеріңіз жетіле берсін. Осы жиған тәжірибелеріңізді елдің, жердің өркендеуіне жұмсай беріңіздер!», – деп қатысушы барша қонақтарға алғысын білдірді.

Шымкент көлік колледжі ұстаздары мен студент жастарына ғылыми конференцияның ашылуына орай Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы, Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы, Арыс локомотив депосы, Арыс қаласының әкімдігі және Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеттің атынан келіп түскен құттықтау хаттар легіне кезек берді. Сондай-ақ сөз алған Арыс қаласының №17 колледжі мемлекеттік қазыналық кәсіпорны мекемесінің басшысы Бақтығали Дилдабеков құрметті мерейтой иесін құттықтай келе осындай ғылыми тың дүниелер қуантады. Біз мұндай игі бастамаларды әрдайым қолдаймыз, қуаттаймыз! Елдің өркендеп өсуіне үлесін қосар азаматтарды, мамандық иелерін дайындап шығыңыздар. Еңбек жолында биік белестерді бағындыра беріңіздер!» – деп тілек ниетін білдірді.

Пленарлық мәжіліс «Қазақстан теміржолы жүк тасымалы» «ЖТ Шымкент бөлімшесі» филиалы директорының қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Арман Сабденбековтің «Қазақстан экономикасындағы теміржол саласының орны» баяндамасымен жалғасын тапты. Ол Қазақстанның теміржол саласының тарихына шолу жасап, колледждің мамандықтары мен жеткен жетістіктерін де атап өтті. Жастарға іс жүзінде бағыт-бағдар беру мақсатында алдағы уақытта бірлесе отырып «Жастар форумы» өткізілетінін қуанышпен жеткізді.

Келесі кезек Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің доценті, тарих ғылымының кандидаты Ш.Нартбаевтың «Төлеген Ағыбайұлынан қалған жәдігер» атты баяндамасына берілді. Баяндаманы тарқата келе Төлеген Ағыбайұлы ақсақалдың көпшілікке таңсық, беймәлім екенін айтты. Себебі қазақ әдебиетінде, қазақ тарихында ашылмаған, зерттелмеген тақырыптар жетерлік. Бұл жәдігерді сол кісінің немересінің үйінен таптым. Табылған құнды тарихи жәдігерлерді араб, шағатай, парсы тілдеріне аударма жұмыстарын жүргізудеміз. Бес айлық осы тақырып бойынша жүргізілген жұмыс барысында «Төлеген Ағыбайұлының шығармалары» деген тақырыпта жинақ кітапшасын шығардық. Бұл таза қолжазбадан аударылған еңбек деп зор ілтипатпен Сіздерге ұсынғалы тұрмын, – деп Абдыжалил Аккузовке табыстады. Сонымен қатар Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ҚазККА Шымкент көлік колледжінің арнайы пән оқытушысы Хамза Ишангалиев «Цифрландырылған теміржол» тақырыбында баяндама жасады. Шара екі сағаттық секциялық мәжілістермен жалғасып, конференция қорытындыланды.

Осы ретте айта кетеріміз, ақылы кемел, қиялы ұшқыр тәрбиелі, саналы ұрпақты, қоғамға оң пайдасы тиер азамат өкілдерін көрсек, қызығып жатамыз. Ал, өзіміз және болашақ ұрпағымыз солардың қатарынан табылып жатсақ, іштей қуанамыз. Ақыл-ой дамуына жол салып, санамыздың рухани кемелденіп, жаңғыруына осындай шаралардың тигізер үлесі зор екені анық. Жастардың ғылым бағытындағы конференциядан алған тәжірибелері өмірімен тікелей сабақтасуын тілейміз! Ел әлеуетін көтерер Әуесхан Салықбаевтай абыройлы азаматтар, еңбекқор тұлғалар көбейе берсін дейміз.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА,

арнаулы тілшіміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *