Газеттің 2021.01.22 күнгі №2 (117) санында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың, Бас прокуроры Ғ.Д.Нұрдәулетовтің және Мәжілісі төрағасы Н.З.Нығматулиннің назарына бағытталған А.Күмісбектің«Архивтік ақиқат» мақаласы жарияланған болатын.
Онда автор өзінің саяси сенімдері бойынша Бразилияға кетуге рұқсат сұрап жазған заңды арызы үшін, КСРО мен оның құрамындағы Қазақ КСР үкіметінің құрылымдық бөлімдері ол арызын қарамау әрі жауап қайтармау үшін медицинаның психиатриялық қызметін қарсы қолданғаны, оның салдары мен зардаптары туралы деректемелік мағлұматтар келтірген.
Оған тікелей және жанама түрде қатыстары болған мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың лауазымды қызметкерлерінің аты-жөндерін нақты көрсеткен.
Сондай солақай саясаттың салдарынан КСРО, Қазақ КСР-ы мен Оңтүстік Қазақстан облысында 1988-1989 жылдары психоневрологиялық диспансерлер (әрі қарай мәтін бойынша «ПНД») есебінде тұратын, емделетін, әлеуметтік-қоғамдық қауіпті адамдар ретінде динамикалық бақылауға алынған, солардың қатарында негізсіз психикалық диагноз(дар) қойылған, «өзгеше ойлайтындар» мен «диссидент» атанғандар болуы мүмкін дегендердің сандық және пайыздық мөлшерін есептеп шығарған.
ҚР «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының 1,3-баптарына толықтыру енгізуді ұсынған.
Автордың аталған мақаласында көтерген саяси-құқықтық және психиатриялық қуғын-сүргінге қатысты пікірлері мен ұсыныстары республикалық «Әділет.Рухани жаңғыру» қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газетінің 2010.05.27 күнгі №2 (02) санында «Идея үшін – біреулер өлді, біреулер өлтірді, біреулер…»,– атты және одан бергі кезеңдерде де бірнеше мақалалары жарияланған болатын. Бірақ, оларға мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан саяси-құқықтық қолдау көрсеткен немесе қарсы «реакция» (С.И.Ожеговтың, Ғ.Ғ.Мұсабаевтың сөздіктерін және Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен шығарылған «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» жинағын қараңыз) болмаған.
Сондықтан, тағы да солай болуы мүмкіндігін ескеріп, автордың «Архивтік ақиқат» атты мақаласын мемлекеттің республикалық басшыларына жолдап, қосымша ҚР Жауапты хатшылығы – осы мәселе бойынша құрылған «Мемлекеттік комиссиясына», Түркістан облысы мен Шымкент қаласының әкімдіктеріне нақты «ұсыныстар» жасаған едік.
Солардың негізінде көп ұзамай редакцияға қасиетті Түркістан облысы әкімдігінен жақсы, қуанышты хабар келіп жетті.
Нақтылап айтар болсақ, 2021 жылғы 01 ақпандағы №7 және 11 наурыздағы №023 Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев мырзаның атына жолданған ұсыныс хатымызға сәйкес, Түркістан облысы әкімінің орынбасары С.А.Қалқамановтың атынан жауап хат келіп түсті. Аталған хатта Түркістан облыстық мәслихатының 2021 жылғы 04 ақпандағы №2/15-VII шешімімен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның дербес құрамы бекітілгені туралы баяндалған. Сонымен қатар, комиссияның дербес құрамы бекітілуіне байланысты «Әділет.Рухани жаңғыру» газетінің ақпараттық қамсыздандыру және қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі Күмісбек Аманқұл Күмісбекұлының «Жұмысшы топ» құрамына енгізілетіндігі хабарланған.
Қасиетті Түркістан облысы «Әділетті» қолдады десек қателеспейміз. Мұнымен түрленіп, түлеген киелі Түркістан облысы әкімдігінің қолдағанын қуанышты хабар, артқан зор сенім деп есептейміз.
Түркістандықтардың мұндай мемлекеттік, саяси-құқықтық және тарихи-танымдық істе әділеттіліктің қалыптасуына батыл бағытталған ісі Мемлекеттік комиссия мен Шымкент қаласының әкімдігіне үлгі ретінде ықпал етіп, біздің ұсынысымыз бойынша оң шешім қабылдайды деген ойдамыз.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі редакцияға 09.02.2021 жылы жіберген №03-18/3Т-Д-3д хатында: «Сіздердің Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде айтқан құнды пікіріңіз бен ел ертеңіне деген азаматтық белсенділігіңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз», – деген болатын.
Иә, осы орайда айта кетеріміз, елімізде прогресс бар, өсу бар. Қоғам өзгереді, бірақ өзгерістер ең бастысы жақсы, әділетті және адамгершілікке қарай бет алуы тиіс. Біз ел ертеңіне қызмет етуден жалықпаймыз, әділдікті ту етіп көтеруден таймаймыз дегіміз келеді. Алда оң өзгерістер, жағымды жаңалықтар көп болғай.
«Әділет – ақпарат».