Құрметті отандастар!
Көктемнің тынысын ашып, Самарқанның көк тасын ерітіп, жаңару мен жасарудың, жақсылық пен жасампаздық жаршысындай болып келген Әз Наурыз – Жаңа жылдарыңызбен!
Наурыз – жыл басы, Ұлыстың Ұлы күні. Күн мен түннің теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін табиғат мерекесі. Тарихи тамыры тереңге бойлаған Әз Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келеді.
Білім беру мен тәлім-тәрбие жүйесін дамыту, бәсекеге қабілетті, санасы ашық, прагматикалық жастарды қалыптастыру – бүгінде басты міндетке айналған. Өзінің сүйікті Отанына деген махаббат – кіші Отанынан, яғни отбасынан басталады. Жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу, білім алуға деген ұмтылысын, алған білімді қолданысқа түсіру құзыреттілігін, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, әлемдік білім стандартына қол жеткізу, қосымша білім алуды жандандыру, мамандық таңдауға бағыттау жолында біздің Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар Достығы университеті өзінің сүбелі үлесін қосып келеді.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы педагогикалық ұжымда білімді дамыту, рухани жаңғыру, Қазақстан Республикасының жаңа заманға сай өрлеу бағытын дамыта отырып, дүниежүзіндегі дамыған елдер қатарында өз орнын алатындығын дәлелдеп беретін 10 міндетті орындауды басты мақсат ете отырып, ел ертеңі үшін еңбек ету жолында жаңа саяси қадам жасап келеміз.
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты ретінде алға қойған ең басты мақсатым – мемлекетіміздің Ата Заңында көрсетілген азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін, бостандықтарын қамтамасыз ету бағытында облысымыздың және кіндік қаным тамып, туып-өскен жерімнің – Шардара мен Арыс аудандарының өсіп-өркендеу жолында аянбай еңбек ету деп білемін. Әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына барынша үлес қосу – күнделікті жұмысымның бағыт-бағдары болып қала бермек.
Ақ ниет пен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін! Еліміз өркен жайып, Әз Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін. Еліміз тыныш, туған жер аман болып, арайлап атқан әрбір таң бәрімізге шат көңіл, бақыт және береке сыйласын. Ақ мол, жыл ырысты болсын!
Рабиға ҚУАТБЕКОВА,
Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінің ректоры, медицина ғылымының докторы, профессор, облыстық мәслихатының депутаты.