ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ: ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРҒА МІНДЕТТІ ТҮРДЕ КӨШУІМІЗ КЕРЕК

Экономика Қоғам
603 Views

Түркістан облысының диқандары тікелей себу әдісімен 168 мың га алқапқа күздік астық егуді бастады. No-till технологиясы – нөлдік өңдеу жүйесі, не сүр танапсыз тікелей себу бойынша алғашқы сынағы өңірде осыдан 3 жыл бұрын басталған. Бразилиядан алынған дән сепкіш құрылғының көмегімен, масақты дақылдардың түсімділігі 2 есе артқан. Ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологиялардың пайдаланылуы жайында Қазығұрт ауданы, «Шарбұлақ» ауылдық округінде өткен семинар-кеңесте кеңінен айтылды. Ашық аспан астында өткен басқосуға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, агробизнес өкілдері, аудан, қала әкімдері мен шаруалар қатысты.

Сүр танапта қалдырмай тікелей себу әдістерін әлемнің дамыған елдері, атап айтқанда АҚШ, Канада, Бразилия, Аргентина елдерінің шаруалары кеңінен пайдаланады. Соңғы жылдары көп елдерде нольдік технологияны пайдалану арқылы өсірілетін егістіктің көлемі артып келеді. Айдалмаған жерге дақылдарды тікелей себу Қазақстанның солтүстік аймақтарында да, әсіресе шөлейтті, су және жел эрозиясына ұшыраған жерлерде, дәнді дақылдарды нольдік технологиямен өсірудің тиімділігі дәлелденді.

«Жаңа технологияларға міндетті түрде көшуіміз керек. Өйткені мына бәсекелестік заманда дәстүрлі технология алысқа апармайды бізді. Біз кірісейік енді осыған. Нольдік технологияны өте белсенді қолға алып жатқан шаруа қожалықтары бар. Бұл жерде батылдық керек. Бізде бір жақсы жері 5 мың гектарлық алқаптар, ол үлкен емес. Елімізде алды миллион гектарға дейін егетін облыстар бар», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов Қазақстандағы мақтаны сатып алу бағасының бекітілуін жариялады. Өңірдегі 18 мақта өңдейтін кәсіпорын шитті мақтаның тоннасын 130 мың теңгеден қабылдауды бастады. Іріленген агроқұрылымдар үшін шитті мақта бағасы әлі де өседі деп күтілуде.

КҮЗГІ ЕГІН ЖИНАУ ЖҰМЫСТАРЫ ТАБЫСТЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Биылғы карантиндік шараларға қарамастан, Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенінде тұрақты өсім сақталып, көктемгі және күзгі дала жұмыстары өз мерзімінде атқарылды. Егіс көлемі 17 мың га артып, 846 мың га-ға жетті. Масақты дақылдардан 513 мың тн дән жиналып, 64 мың тоннаға артқан. Көкөніс, картоп, бақша өнімдерінен 3 млн.тн. өнім жиналып, 400 мың тоннаға артты. Мал азықтық дақылдардан 3,9 млн.тн. өнім жиналып, 1,5 жылдық мал азығы қоры жинақталды. Мақта дақылы 126 мың га алқапқа егіліп, 331 мың тонна шитті мақта жинау күтіліп отыр. Бүгінгі күнде 30 пайызы жиналды.

Түркістан облысындағы күзгі егін жинау науқаны табысты қорытындыланды. Қазығұрт ауданы, «Шарбұлақ» ауылдық округінде өткен далалық семинарға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, агробизнес өкілдері, аудан, қала әкімдері мен шаруалар қатысты. Барлық аудандардың ірі агроқұрылымдары арнайы шақырылып, тәжірибе алмасты. Семинарға қатысушылар облыста жаңадан қолға алынған нөлдік өңдеу жүйесі, яғни, айдалмаған жерге дақылдарды тікелей себу технологиясымен күздік астық егудің куәсі болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өтіп, осы орайда, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыруды нақты міндеттеді. Тапсырманы орындау мақсатында, Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 3 негізгі бағытын айқындап жұмысқа кірісті.

Тәлімі жерді парға қалдырмай, тікелей себу технологиясын ендіру Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың төртінші бағыты болып айқындалды. Тікелей егу технологиясы топырақты эрозияға ұшыраудан сақтайды, топырақтың құнарлығын арттырмақ. Сүр танапқа қалдырылған жерлердің әр гектарынан орташа 90 мың теңге табыс алынады. Бұл дегеніңіз, облыста жыл сайын сүр танапқа қалдырылатын 57 мың га алқаптан қосымша жыл сайын 5,1 млрд теңгенің өнімі өндіріледі деген сөз. Сондай-ақ, тікелей егудің нәтижесінде шаруалар әр гектардан 24 мың теңге қаржысын үнемдейді.

12 МЫҢНАН АСТАМ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысында биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 24 925 жаңа жұмыс орнын құрып, 12 462 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бүгінге дейін 12 111 жаңа жұмыс орны ашылып, 10 739 азамат уақытша жұмыс орындарына жолданды.

Аталған бағдарлама шеңберінде өңірде 473 жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталып, оның 261-нің құрылыс-жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Орындалған жобалардың басым бөлігіне әлеуметтік және мәдениет саласындағы нысандар жатады.

Мәселен, Келес ауданында 25 жыл жөнделмеген жалғыз аурухана жөнделіп, бүгінгі таңда 143 мың ауданның тұрғындарына сапалы медициналық қызмет алуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, 15 әлеуметтік нысандар жөндеуден өтіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орындардың саны артты. Одан бөлек, 167 мектептің жөндеу жұмыстары аяқталып, 60 167 оқушының қауіпсіз жағдайда білім алуына мүмкіндік туды. Сонымен қатар 270,4 мың тұрғынды ауыз су, көгілдір отын, жылу жүйесі және электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үйлердің жай-күйі жақсарды. Инженерлік-көлік инфрақұрылым саласы бойынша 44 жоба іске асырылып, ауыл тұрғындарының кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасалды. Ал, елдімекендерді абаттандыру бойынша 25 жоба жүзеге асты.

Айта кетейік, өңірде іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларға өзгеріс енгізуге қажеттілік туындауына байланысты «Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комисияның хаттамалық шешімдеріне сәйкес «Жол картасына» өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде 12,1 млрд. теңгеге Түркістан қаласындағы 1– Президент паркінің құрылысы және 1,5 млрд. теңгеге «Қазақ хандарының мемориалдық кешені» жобасы қолға алынған.

ҚАЛАДА ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 16 ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛАДЫ

«Түркістан» ӘКК» АҚ мен Өңірлік коммуникациялар қызметі бірлесіп Түркістан қаласында пресс-тур ұйымдастырды. Шара барысында журналистер агроөнеркәсіптік, туризм, құрылыс салаларына қатысты бірқатар нысандарда болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Алдымен БАҚ өкілдері ауыл шаруашылығы саласындағы жаңбырлатып суару жүйесінің жобаларымен танысты. Қазіргі таңда, мың гектардан астам алқапта жаңбырлатып суару жүйесін құру қолға алынуда. Мұндағы мақсат жаңаша жобаның көмегімен дәнді-дақылдардың өнім көлемін арттыру. Бүгінде жоспарды жүзеге асыру үшін 100 фермерлік шаруашылық жер телімдері біріктірілген. Сондай-ақ, жаңбырлатып суару жүйесіне қолданылатын Американдық «T-L» фирмасының 18 жаңбырлатып суару машинасы орнатылып, 26 ауыл шаруашылығы техникасы бар машина-трактор стансасы құрылған.

Сондай-ақ, тілшілер әлеуметтік дүкендердің жай-күйіне де қанықты. Жалпы Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мақсатында 13 дүкен жұмыс істесе, 5 супермаркетте әлеуметтік тауарлар жиынтығының қатары бар. Онда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер тізіміне кіретін 19 түрлі тауарлар базар нарқынан 10 пайызға дейін төмен бағада саудаланады. Сауда орындарын үздіксіз тиісті азық-түлікпен қамтып отыру үшін арнайы қор құрылған. Қазіргі таңда, онда жалпы құны 533,5 млн. теңге болатын 6 581,8 тонна тауар сақталған.

Сонымен қатар, журналистер қауымы «Turkistan Jana-qala» жаңа тұрғын үй алқабында да болып, жаңадан бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлерді аралап көрді. Бұдан бөлек, Түркістан қаласында «Арман» және «Сырдария» тұрғын үй кешендері жобалары да жүзеге асырылған. Нәтижесінде 1 418 пәтерлік 44 көпқабатты тұрғын салынып, өткен жылы 165 пәтер сатылды. Ал, үстіміздегі жылдың соңына дейін жалпы ауданы 32 864,02 шаршы метр болатын 488 пәтерлік 16 үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

БАҚ өкілдері аялдаған соңғы нысан Н.Назарбаев даңғылындағы ақпараттық-мультимедиялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жоба болды. Онда қаланың туризм саласындағы жаңалықтар және туристерге қажетті ақпараттарды насихаттауға арналған LED экран қойылған.

Айта кетейік, 2021 жылдың соңына дейін тағы 215 жарнамалық құрылым орнату жоспарлануда. Бүгінгі күні серіктес-инвестордың есебінен жалпы сомасы 400 млн. теңгеден астам 34 жарнамалық құрылым орнатылып, жобаның бірінші кезеңі аяқталды.

Сондай-ақ, мұнда «Turkistan Bike» автоматтандырылған велопрокат жобасы жүзеге асырылған. Бұл жоба аясында қала бойынша 40 велосипеді бар 5 велобекет орнатылған. Жобаның пилоттық іске қосылуы сәтті өтті және қазіргі уақытта жергілікті тұрғындар арасында, сонымен қатар, қала қонақтары арасында да үлкен сұранысқа ие.

Пресс-турдан соң облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов және «Түркістан» ӘКК» АҚ Басқарма төрайымы Айгүл Ахмеджанованың қатысуымен брифинг ұйымдастырылды. Жиын барысында А.Ахмеджанова баяндама жасап, журналистердің сауалдарына жауап берді.

«ТҮРКІСТАН ҚҰПИЯЛАРЫ» ФИЛЬМНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Түркістан қаласында облыстық мәдениет басқармасы «Оңтүстікфильм» мекемесінің ұйымдастыруымен «САҚ» киностудиясы түсірген «Түркістан құпиялары» сюжетті-деректі фильмінің тұсауы кесілді. Салтанатты шараға «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев, Түркістан облыстық мәдениет басқармасы Мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Г.Советханқызы, «Оңтүстікфильм» мекемесінің басшысы Р.Нарикова, «САҚ» киностудиясының директоры Н.Паттеев, «Түркістан құпиялары» сюжетті-деректі фильмінің режиссері Б.Дәуренбеков, Түркістан қаласының зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Тұсаукесердің ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облыстық мәдениет басқармасы Мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Гүлнұр Советханқызы тарихи тылсымға толы киелі мекеннің құпиялары деректі фильмге арқау болғанын айтты. Сонымен қатар түсіру тобына ерекше алғысын білдірді.

Келесі сөз кезегін алған «САҚ» киностудиясының директоры Нуриддин Паттеев «Түркістан өңірінің сіз бен біз білмейтін тарихи тылсымға толы құпиялары өте көп. Сондықтан «Түркістан құпиялары» фильмінің түсіріліміне тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев арнайы қатысып, кеңесші болды. Фильмнің әр сюжеті құпия. Бәрі белгілі болса онда қызық болмас еді», – деді.

Фильмде бояулар құпиясы, «Тайқазан» құпиясы, Ясауи туралы, бала Ахметтің Арыстанбабтан алған аманат құрмасының сыры секілді тың ақпараттар қамтылған. Түсіру тобы фильмнің әлі де жалғасы бар екенін айтты.

Көрсетілімнен соң «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев пен фильм режиссері Батырхан Дәуренбеков, дінтанушы, ғалым Досай Кенжетайұлы сөз сөйледі.

Жаңа туынды рухани астананың көпшілікке беймәлім құпияларын қамтып қана қоймай, көрерменнің Түркістанға деген жаңа көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Үш тілде жарық көретін аталмыш фильмнің ұзақтығы – 24 минут. Сценарий авторы – Бақытжан Құлжабаев. Продюссері – Нуриддин Паттеев. Режиссері – Батырхан Дәуренбеков.

ОҚУШЫЛАРҒА ПЛАНШЕТТЕР ТАРАТЫЛДЫ

Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты мектеп​ оқушыларының басым бөлігі онлайн форматта білім алуда. Бүгінде Түркістан облысында 912 жалпы білім беретін мектеп бар, бұл мектептерде​ 502 737 бала білім алады. Оның ішінде 446 109 (89%) оқушы қашықтан оқыту форматына көшкен.

Оқушылардың қашықтан білім алуын қамтамасыз ету үшін алдын ала жүргізілген мониторингке сәйкес облысымызда 79 214 оқушыға компьютерлік техника мен планшеттер қажеттігі анықталды. Бұл мақсатта​ ҚР Үкіметі резервінің қаражатынан 57190 (7711 планшет, 5952 компьютер, 43527 ноутбук) компьютерлік құрылғы сатып алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, оның 4000 данасы оқу жылының алғашқы айында оқушыларға үлестірілді. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 6 қазан күні қалған 3711 планшет қабылдап алынып, 2 айға арналған «Білім» тарифі қосылған сим-карталар (теле-2, билайн, актив, алтел) қоса берілді. Айта кетейік, Үкімет резервінің қаражатынан алынатын 49 479 құрылғы (5952 компьютер, 43527 ноутбук) ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін алынып, оқушыларға берілетін болады.

Қашықтан оқытуды тиімді ұйымдастыру мақсатында алынатын​ компьютерлер мен ноутбуктер негізінен аз қамтамассыз етілген және көп балалы отбасыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім алуды қажет ететін балаларға үлестіріледі. Техникалардың әр оқушыға жеткізілуін Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы жанынан құрылған жетекші топ мүшелері​ қадағалауда.

3700-ДЕН АСТАМ АДАМ ЖЕКЕ КӘСІБІН АШТЫ

Түркістан облысында үстіміздегі жылы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 95 721 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланса, қазіргі таңда 44 677 адам қатысқан. Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін 24,8 млрд. теңге қаралып, 1 қыркүйекке дейін оның 11,8 млрд. теңгесі немесе 47,7 пайызы игерілген.

Айталық, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2186 адамды оқуға жолдау, оның ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 1211 адам жоспарланған. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыстары қазан айынан бастап жүргізіле бастады. Негізінен азаматтар шаштараз, тамақ өндірісі, электр және газ саласындағы мамандықтар, фермер шаруашылығы, тігін өндірісі және басқа да салалары бойынша оқытылуда.

Ал, бағдарламаның екінші бағыты бойынша 5791 адамды қамту жоспарланған. Бүгінге дейін оның 482-сі шағын несие алса, 3254-і грантқа қол жеткізген. Шағын несие мен грантқа бөлінген қаржының басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға және халыққа қызмет көрсету бойынша жобаларды іске асыруға жұмсалды.

Мәселен, Келес ауданының тұрғыны Ақжол Абдазұлы «Бастау-Бизнес» жобасы кәсіпкерлік негіздеріне оқып, 6 жыл мерзімге төмен пайыздық мөлшерлемесімен 4 млн. теңге шағын несие алды. Аталған қаржыға 16 ірі қара мал алып, мал шаруашылығын дамыту бойынша өз ісін ашып, кәсіпкер ретінде тіркелді. Бүгінгі таңда мал басын 30 данаға дейін көбейтіп, қосымша табыс табуда.

Сондай-ақ, жетісайлық Эльмира Жалкиева «Еңбек» бағдарламасы арқылы жаңа бизнес идеясын іске асыру үшін грант иеленіп, оған кір сабын өндіретін құрылғы сатып алды. Аталған кәсіпті отбасымен атқарып, айына орта есеппен 1 тонна, яғни 5 мың дана кір сабын өндіреді. Өнімнің әр данасы 70-80 теңгеден саудалап, айына шамамен 350 мың теңге табыс тауып отыр.

Үшінші бағыт аясында 89 930 адамға жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланса, бүгінге дейін 40 941 адам қамтылған. Бүгінде оның 15363-і жұмысқа орналасқан.

Қорыта айтқанда облыс аумағында биыл жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 40941 адамға жетіп отыр. Оның 14114-і тұрақты, 25578-і уақытша жұмысқа орналасқан. Олар құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау салаларында қызмет етуде.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың ІI тоқсанындағы статистикалық мәліметіне бойынша жұмыссыздық деңгейі жалпы 5,1 пайыз болса, жастар жұмыссыздығы 3,9 ал әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 6,7 пайызды құрады.

НЕГІЗГІ БАҒЫТ – ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫН ДАМЫТУ

Өнеркәсіп саласын дамыту – Түркістан облысы әкімдігі жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Пандемия салдарынан туындаған мәселелер бойынша облыс экономикасының дамуына үлес қосып жүрген кәсіпорындарға әкімдік тарапынан қолдау көрсетілуде.

Облыс әкімінің орынбасары Мейржан Мырзалиев «Қазатомпром» ҰКП» АҚ-на қарасты еншілес кәсіпорындардың басшыларымен кездесті. Басқосуда өндіріс көлемін ұлғайту, жұмыс орындарын сақтау, экспорт көлемін ұлғайту, жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша өзекті мәселелер талқыланды.

«Қазатомпром» ҰКП» АҚ-на қарасты еншілес кәсіпорындардың өндірген өнім көлемі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда. Облыстың өнеркәсіп өнімнің 55%, кен өндіру мен карьерлерді қазу саласында 97,6%-ы және металлургия өнеркәсібінің өңдеу өнеркәсібіндегі 28% үлесі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты кәсіпорындарына тиесілі.

Компания ұсынған мәліметке сәйкес, пандемиялық жағдайға байланысты жыл соңына дейін уран өндіру көлемі Түркістан облысында 88 %-ға дейін төмендеуі күтілуде. Кездесу барысында аталған жағдайдың алдын алу шаралары ортаға салынып, алдағы жұмыс жоспарлары таныстырылды.

Алдағы уақытта инвестиция тарту, экспорт, жергілікті қамту, өнім көлемдерін ұлғайту және жұмыс орындарын кеңейту бойынша өзара меморандумға қол қою жоспарлануда. Басты мақсат – ұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алуларында отандық тауарларды қолдануын қамтамасыз ету. Компанияның биылғы жылғы мемлекеттік сатып алу жоспары 75 млрд. теңгені құрайды.

Бетті дайындаған Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *