ТЕҢГЕ ТҰРАҚТАНУ ҮШІН ЭКОНОМИКАМЫЗ МЫҚТЫ БОЛУ КЕРЕК

Экономика
419 Views

Теңге – еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы. Қысқа уақыт ішінде төл валютамыз дамудың жаңа деңгейіне жол ашып, жаңа нарықтық эконо­­ми­­каның құрылымдарын қалыптас­тыруды қамтамасыз ете алды. Еліміз тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде жүргізілген негізгі қаржы-экономикалық реформалар сәтті жүзеге асырылып келді, соның ішінде Ұлттық валютамыз туралы көптеген мәліметтер бар.

Әлемді жайлаған пандемия Қазақстан экономикасына да едәуір әсерін тигізді. Осындай жағдайда туындап отырған мәселелердің бірі – ұлттық валюталардың тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Осыған орай теңгенің тұрақтылығы, оны қалыптасқан жағдайда әрі қарай қамтамасыз ету мүмкіндігі тұрғындар арасында жиі қозғалатын орынды сұрақ. Оған қосымша Қазақстанмен сауда-саттық жүргізіп отырған кейбір елдерде ұлттық ақша құнының төмендеуі орын алуда.

COVID-19 пандемиясы жағдайында әлемдік және аймақтық экономикалардың көптеген салаларының өсіп-дамуы толық дерлік тоқтатылды. Көптеген салалар рекордты құлдырауды бастан кешуде. Энергетика нарығындағы бағаның құлдырауы ірі шикізат өндірушілеріне жаңа ауқымды қысым жасады. Валюталардың әлсіреуі экономиканың өсуі мен дамуы үшін жаңа кедергілерді қалыптастырды. Бұдан әрі жағдай әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы үрдістердің, Қазақстанның негізгі сауда әріптестері елдеріндегі ахуалдың әсерімен қалыптасуы мүмкін. Ұлттық валютаның тұрақтылығына ықпал етуі мүмкін басқа да факторлар бар. Бұл — төлем балансының жай-күйі, халықаралық резервтердің деңгейі, өзін-өзі қамтамасыз ететін нарықтың қызмет етуі, қаржы нарығына қатысушылардың сенімінің деңгейі сияқты факторлар. Әрине, сыртқы нарықтардағы жағдайдың нашарлау ықтималдылығын толығымен жоюға болмайды және біз кез келген жағдайларға дайын болуымыз керек.

Ұлттық валютаның ішкі және сыртқы тұрақтылығына жету, инфляциялық процестерді тежеу, қалыпты қолма-қол ақша айналымын ұйымдастыру, елдің банк жүйесінің қызметін жақсарту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету әрқашанда валюта саясатындағы басым бағыттар болды.

Қазақстанда соңғы төрт жылда инфляция рекордтық деңгейге жеткені туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеген болатын. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда ағымдағы жылдың қазан айында жылдық инфляция 8,9%-ды құрады. Инфляцияға энергия тасымалдаушылары мен азық-түлік тауарларының бағасы үлкен әсер етті. Өткен жылдың қазан айымен салыстырғанда азық-түлік тауарлары 11,3%-ға, азық-түлік емес тауарлар 7,8% және ақылы қызметтер 6,9%-ға қымбаттады.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда инфляцияның орташа деңгейі 6,8%, (2016 жылы – 8,5%, 2017 жылы – 7,1%, 2018 жылы – 5,3%, 2019 жылы – 5,4%, 2020 жылы – 7,5%).

Инфляцияның өсуіне әсер етудің негізгі арнасы азық-түлік тауарлары бағасының өсу. Әлемде азық-түлік бағасының өсуі соңғы 10 жылда ең жоғары болды, металдар бір жылда 1,5 есе қымбаттады.

Қазіргі инфляциялық процестер халықтың сатып алу қабілетіне ауыр тиюде. Инфляцияның құрылымын ескере отырып, оның халықтың әл-ауқатына әсер етуінің негізгі арнасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы болып табылады. Ағымдағы жылы бағаның ең көп өсімі күнбағыс майы (65,6%-ға), сәбіз (40,9%), ақ қырыққабат (33,4%), түйіршіктелген қант (33,0%), картоп (31,2%), қарақұмық (22,9%) бойынша белгіленді.

Инфляцияны мақсатты дәлізге жеткізу мақсатында Үкімет бағалардың өсуін тежеуге бағытталған 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешенін іске асыру нәтижесінде азық-түлік инфляциясы 5-7%-ға, азық-түлікке жатпайтын инфляция 5%-ға, ақылы қызметтерге тарифтер 4%-ға дейін төмендейді деп күтілуде — деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.

Жалпы әлемдегі белсенді инфляциялық процестерді ескере отырып, 2022 жылға инфляциялық жағдайды болжау қазіргі уақытта елеулі белгісіздікпен байланысты. Азық-түлік тауарлары, жанар-жағармай материалдары бағасының айтарлықтай серпінін, электр энергиясы бағасының өсуін, фискалдық ынталандырудың күшеюін және инфляциялық күтулердің күшеюін ескере отырып, Ұлттық Банктің алдын ала бағалауы бойынша инфляция 2021 жылдың соңына инфляция деңгейі 6-7 пайыз болады деп күтілуде. Қазіргі уақытта энергия бағасының өсуі ЕО көптеген елдерінде инфляцияның өсуіне әкеледі. АҚШ-та инфляция 30 жылдық ең жоғары көрсеткіштерге жетіп (1990 жылдан бастап), 6,2% болды, ол Еуроодақта да рекордтық белгі 4,1%-ке жетті.

Қазақстан үшін негізгі маңызды факторлар теңдес­ті­ріл­ген тауар айналымы мен сауда балансына, тұрақты төлем балансы мен орнықты айырбастау бағамына әсер етеді. Осындай жағдайларда импортталатын инфляция төмен деңгейде болады, бұл елдің ішіндегі инфляцияға қысым жасамайды және тұтыну нарығында бағалардың тұ­рақтылығын сақтауға әсер етеді. Инфляциялық қысымды төмендету үшін макроэкономикалық

саясатты үйлестіру өте маңызды.

Мұнайдың әлемдік нарықтарындағы тұрақсыз баға жағдайы, ұлттық валютаның құнсыздануы, экономиканың даму қарқынының төмендеуі, жұмыссыздықтың өсуі, қарыз алушылардың, оның ішінде валютамен қарыз алушылардың жағдайының одан әрі ушығуына, олардың қарыздарға қызмет көрсету және өтеу мүмкіндігінің төмендеуіне алып келуі мүмкін.

Осыған байланысты мемлекеттің валюталық реттеу саласындағы негізгі басымдығы ұлттық валютаның бағамын қайта бағалауға жол бермейтін және үнемі өзгеріп отыратын әлемдік конъюнктура жағдайында отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етпейтін бағам саясатын таңдау болуға тиіс. Сонымен қатар Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтерінің көлемін арттыру шараларын жасау, валюталық құндылықтар айналымының тәртібін реттеуді жетілдіру, сауда айналымын жеделдету, Еуропа және азиялық қаржы нарықтарының жағдайын қадағалау және бағалау, инновацияны қолдана отырып, ішкі өнімдердің бәсеке қабілеттілігін арттыру, ұлттық валюта бағамының ішкі және сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ету, шетел валютасына деген сұраныс пен ұсыныстың ара қатынасын реттеу, ұлттық валютаны сатып алу және сату тұрақтылығының қорғалуын қамтамасыз ету, бағалардың тұрақтылығын және жылдық инфляцияның төмен деңгейін қамтамасыз ету. Сондай-ақ қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жұмыстар жүргізу қажет.

Қазіргі кезде теңгені айналысқа енгізудің өзі бізге ұлттық нарықтық инфрақұрылымды құрудағы алғашқы және маңызды қадам жасауға мүмкіндік бергенін толықтай түйсінуге болады. Дербес ақша — несиелік және бюджеттік-салықтық саясатты және тиісінше неғұрлым тиімді макроэкономикалық тұрақтылық саясатын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Сонымен экономикалық дамыған елдерде ұлттық валюта тұрақты болса, сәйкесінше әлсіз елдерде ұлттық валюта көбінесе тұрақсыз болады. Демек, валюта тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін күшті экономиканың қалыптасуына ықпал ету қажет.

Нұрсұлу ҚАЛБАЕВА,

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Басқару және бизнес» ЖМ, «Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы, магистр

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *