ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ, КЕЛЕР ЖЫЛДАН ҮМІТ КӨП

Қоғам
951 Views

Әне-міне 2021 жыл да тәмам. Қол бұлғап, тарих қойнауына қайрылмастай кетіп барады. Биылғы жыл ел есінде қандай елеулі оқиғалармен есте қалды? Төменде өткен жылдың бел-белестерін қырағы көзбен шолып өтіп, іліп алар ірі оқиғаларын жіпке тізіп көрейік.

ЖЫЛДЫҢ АЙТЫП КЕЛМЕС АПАТЫ: ҚУАҢШЫЛЫҚ БҮЙІРДЕН ҚЫСТЫ

Өтіп бара жатқан жыл еліміздің Батыс өңірі Маңғыстау мен Қызылорда облысында болған қуаңшылық төрт түлік бағып, шаруамен күнелткен халыққа ауыр тиді. Мал қырылып жатыр деген хабар бүкіл елге лезде тарады. Жұттың залалын көрген ағайын жүздеген түлігінен айырылды.

Осындай кезде жауапты мекемелер «жауын жаумады, қуаңшылық болдыдан» басқа ештеңе айтпады. Қайта шынашақтай студент Құрмет Талапқазы сын сәтте қарлығаштың қанатымен су сепкендей жұттан жұтаған халыққа көмектесті. Қуаңшылықта жігіттердің басын қосып, Маңғыстауға шөп жөнелтуге себепші болған Құрмет бауырымыз университетке оқуға тапсырып үлгермей қалды. Алайда патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеткен Құрмет қандай болсын құрметке лайықты. Ол қоғам белсенділерінің бастамасымен Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан университетінде тегін оқитын болды.

Таяуда ғана танымал журналист, қоғам белсендісі Мақсат Толықбайдың инстаграмдағы бастамасымен, Құрмет Талапқазыға үй алып бергені белгілі болды. «Елім деген ерге «Ерім» дейтін сәттің туғаны, көптің жұмылған жұдырықтай жақсы іске себепші болғаны көңілге медеу.

ЖЫЛДЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ: 19 МИЛЛИОН БОЛДЫҚ

2021 жылы пандемияға қарамастан ұлттық санақ өтті. Дәстүрлі түрде онлайн және офлайн форматта өткізілген санақ нәтижесі бойынша қазақстандықтардың жалпы саны 19 169 550 адам деп белгіленді. Оның ішінде, еліміздегі қазақтардың үлесі 70,18 пайызға жеткені айтылды. Бірақ бұл мәлімет төңірегінде халықтың күдігі мен күмәні басым.

Әлеуметтік желілерде «1999 жылдары халық саны 15 миллион еді. 22 жыл ішінде 4 миллион ғана өскені ме? Оның ішінде, елге қайта оралған қандастарымыз да бар. Сонда бұл бізде демографиялық өсім мүлдем жоқ дегенді білдіре ме? Қазақтардың 70 пайыз болуы мүмкін емес», деген секілді пікірлер жиі айтылды. Яғни ұлттық санақтың нәтижесіне сенімсіздік танытқандар көп.

Тіпті, санақтың қалай өткенін білмейтін тұрғындар миллиондап саналады. Болса да, халыққа қызмет көрсету орталығында, емханалар мен салық мекемелерінде азаматтардың мәліметі жеткілікті ғой. Сонда пәленбай миллиард қаржы санаққа емес, біреулердің қалтасына сүңгіді ме?

Шынында, он жылда бір рет келетін ұлттық санақтың төңірегінде мәселе өте көп. Тіпті халық санағына 8,2 миллиард теңге бөлініп, жұмыс жүргізілгеннің өзінде, шикіліктер басым. Себебі әлі күнге елімізде тіркеуде жоқ тұрғындар көп. Егер олар тіркеуде болмаса, онлайн форматта ұлттық санақтан өтпесе, үйлеріне санақшылар бармаса, ол азаматтардың ұлттық санаққа енгізілуі де екіталай.

Тіркеуде бар адамдардың өзіне келсек, олардың кейбірі қисынсыз сұрақтарға жауап беруге жүйкесі шыдамай, сауалнаманы толтырмаған.

Қазақстандықтардың жалпы саны 19 169 550 адамға тең. Отандастарымыздың 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы – әйелдер. Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде алғаш рет өткізген ұлттық санағынан, яғни, 1999 жылдан бері қарай халықтың саны 4,1 млн адамға көбейген.

Бір сөзбен айтқанда, мақтанып айтатын жетістікті де, жаңалықты да көріп тұрған жоқпыз. Керек десеңіз, санақты бірінші аяқтаған Түркістан облысы мен Шымкенттің мәліметтерінде шикілік көп сияқты. Оның үстіне, қазақтардың үлесі төмендетіп көрсетілуі күмән туғызады.

ЖЫЛДЫҢ ҚАЙҒЫСЫ: ОТҚА ОРАНҒАН ОН ҮШ ОҒЛАН

Биыл Жамбыл облысында алапат жарылыс болды. Ел аман, жұрт тынышта жойқын апаттан 13 бірдей азаматымыздан айырылдық.

Қайғыдан көкірегі қарс айрылған қаралы қоғамның көкейіндегі сауал сан алуан. 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы 28 349 әскери бөлімінің қоймасынан шыққан өрттің соңы алапат апатқа әкелді.

Әскери оқ-дәрі баланың ойыншығы емес. Қоймадағы әр оқтың, әр қарудың жарамдылық мерзімі аяқталатыны белгілі. Тіпті оны алып жүру, сақтау және жою кезінде заңда белгіленген белгілі бір ережелерді қатаң сақтау қажет. Кез келген әскери базада қоймада сақталатын оқ-дәрі мен қару-жараққа жауапты адамдар болады.

Олай болса, әскери қойма тікелей кімге бекітілген? Онда сақталып тұрған оқ-дәріге кімдер есеп жүргізеді? Әлі күнге дейін тиісті министрлік, ведомство тарапынан осы сұрақтардың нақты жауабы берілмеді. Сол баяғы жайбарақаттық, жауапсыздық. Өзекті өртейтіні, әскери қызметшілер мен өрт сөндірушілердің қапияда ажал құшқандығы.

Жамбылдағы жарылыс – әскери саладағы жемқорлық пен жауапсыздықтың жарылысы емес пе?

Ол аз болса, биыл терезеден секіріп кеткен алматылық ана мен оның 3 періштесінің қазасы қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Бұл – қоғамдық трагедия. Көпшілікті әрі-сәрі ойға жетеледі. Тығырыққа тіреді. «Өмір сүруден шаршадым» деп қалдырған хатындағы мәтін әйелдің психологиялық жағдайының тым мүшкіл екенін әшкерелегендей. Әйелдің соңынан жазып кеткен хатынан зорлық-зомбылықты байқауға болады. Біз қаракөздеріміз бен батыр аналарымыздың тәрбиесін жоғалтып алғанымызды білмей қалдық. Ана біткеннің бәрі баласын қоқысқа тастап, балконнан құлата берсе, ертеңге күніміз не болады?! Бұл үлкен қасірет. Әйелдердің әлеуметтік тұрмысын да, рухани-моральдық жай-күйімен жұмыс істеуді де, тәрбиелік жұмыстарды қарқынды жүргізуіміз керек. Ешқандай ана баласын өлімге қимауы керек.

Бұдан басқа Алматыдағы атыс салдарынан қаза тапқан бес адамның өлімі де көпшілікті бей-жай қалдырмады. Айдың күннің аманында полицейлер мен жеке сот орындаушысы 54 жастағы борышкердің қолынан оққа ұшты.

Мұнда борышкердің заңсыздыққа жаны төзбей, қылмысқа барғаны мәлім болды. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атышулы оқиғаға берген тапсырмасы аяқсыз қалған сыңайлы. Яғни кредитін төлей алмағандарда амнистия берілмеді. Балаларға берілетін әлеуметтік жәрдемақы да қаралмастан, сол күйі қалды.

ЖЫЛДЫҢ ЖЕҢІЛІСІ: ҚОЛА ДӘУІРІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН

Токио олимпиадасы Қазақстан тарихында ең сәтсіз ойын болды. Сайдың тасындай іріктеліп алынған спортшылар үмітті ақтамады. Алтын алады деп үкілеген үздіктердің көбісі мықтылығын көрсете алмады. Керісінше жарыс жолында тоңқалаң асты. Тіпті, бұған дейінгі олимпиадаларда сәттілікті серік етіп келген боксшыларымыз да олимпиадаға дайын болмады. Қайта тактикалық қателіктерді көп жіберді. Сүреңсіз ойыннан қазақ боксы бұрын-соңды болмаған сәтсіздікке ұшырады. Мұнан бөлек, спорттық ойын түрлерінен де спортшыларымыз жарытып ойын көрсетпеді. Олардың ала-құла нәтижесі көңілді түсірді. Осы соңғы әлемдік дода біздің мемлекеттегі спорт саласын басшысынан бастап қосшысына дейін өзгеріс енгізілуге тиіс екенін айғақтап берді. Әйтпесе, жемқорлық пен санасы дінге уланған Қазақстан спорты келесі жарыстарда қолаға да қол жеткізе алмауы мүмкін…

ЖЫЛДЫҢ ДАУЫ: АЭС-ТІ ЖАРЫП АЛМАЙТЫНЫМЫЗҒА КІМ КЕПІЛ?!

«Қазақстанға атом электр стансасы керек пе, жоқ па?» деп пікір таластырып жүргенімізде, Алматы маңындағы Үлкен ауылы қолайлы орын ретінде көзделіп қойыпты. Бірақ, әлі шешім шыққан жоқ. Дегенмен, билік АЭС салуға бекінген секілді.

Қазір дәл мұндай стансаның елімізге тигізер пайдасы шаш етектен деген ақпараттар айтылып жатыр. Қазақстан алдағы уақытта электр энергиясына мұқтаж, бұл соның алдын алу деген уәж. Ал, залалына келсек, табиғатты ластамай ма деген сауалға «әлемдік стандарттарға сәйкес фильтр қойылады-мыс». Бірақ ойланайықшы, атом электр стансасы өткен ғасырдың жетістігі. Қазір күн мен желден де энергия алатын заман. Біздің күн мен желден энергия аларлықтай жеріміз жеткілікті емес пе, шағын халқы бар Қазақстанды қамтамасыз ете алар! Әлемде жүзден аса мемлекет соңғы кезде АЭС-тен бас тартыпты.

Расында біз кешегі шағын әскери қойманы меңгере алмай Арыс пен Таразда жарылысқа жол беріп алған мемлекет емеспіз бе? Алып АЭС-ті жарып алмайтынымызға кім кепіл?!

ЖЫЛДЫҢ ТАРИХИ ОҚИҒАСЫ: ЕЛБАСЫ БАС ПАРТИЯНЫ ПРЕЗИДЕНТКЕ ТАПСЫРДЫ

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Отан партиясынан кетті. Елбасы партия төрағасының өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді. Табыстай отырып, саяси ұйымның болашақты дамыту стратегиясын сайлап кетті.

Ендігі мәселе «Нұр Отан» өзіне жүктелген істі ойдағыдай орындай ма? Назарбаевтың тұсындағы «Нұр Отан» мемлекет пен қоғамды байланыстыратын тиімді институтқа айнала алды ма? Партия Тоқаевтың тұсында қалай түрленеді? Оны алдағы уақыт көрсетеді.

ЖЫЛДЫҢ БАС АУРУЫ: ҚЫСПАҚҚА АЛҒАН ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

2021-де Қазақстан қымбатшылықтың құрсауында қалды. Сиыр жылы бай мен кедей арасының алшақтығын аңғартқан сыңайлы. Шенеуніктер жалақысынан айына жарты миллион теңгені тамаққа жұмсайтынын айтса, тапқаны қапқанына жетпейтін қарапайым бұқара тиын-тебенін қайда жеткізерін білмей дал. Айлығы шайлығына жетпейтін еңбекақысын азық-түлікке әрең үнемдеуде.

Атап айтқанда, азық-түліктің бағасы қатты көтерілді. Жыл басынан бері сәбіз 68,2 пайызға, пияз 30,2 пайызға, күнбағыс майы 60 пайызға, қырыққабат 27,1 пайызға, картоп 29,7 пайызға, қарақұмық жармасы 22,2 пайызға, тауық еті 15,5 пайызға, қант 12,5 пайызға бір-ақ ытқыды. Сүт өнімдері де бір жылда 7,6 пайызға, мал еті және ет өнімдері 9,5 пайызға қымбаттаған. Нан бағасы да 5,9 пайызға, ұн 11,1 пайызға, макарон өнімдері 11,1 пайызға артып отыр.

– Дизель отынының бағасы бірден 16,6 пайызға көтерілді. Сондай-ақ өңірлерде сұйытылған газ қымбаттады. Бұл тауардың бағасы республика бойынша 6,4 пайызға артып отыр. Мұнан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысында электр энергиясының тарифі көтерілді (8,5 пайыз және 5,3 пайыз). Ал көмір республика бойынша 2,1 пайыз қымбаттады. Әсіресе, Қарағанды облысында баға қатты артты (9,5 пайыз)», – деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Қыл аяғы дәретхана қағазының өзі ырыққа көнбеді. Өйткені биыл қағаз сүлгілер өндірісі 6,6 пайызға (3,5 мың тонна), дәретхана қағазы өндірісі 9,7 пайызға (23,8 мың тонна) қысқарды. Отандық компаниялар болса халықтың дәретхана қағазына, қағаз сүлгілерге, бет­орамалдарға сұранысын 68,7 пайызға қанағаттандырып отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 72,2 пайыз болған-ды.

Қалай болғанда да, ырықсыз кеткен қымбатшылық қарашаға оңай соқпай тұрғаны аян.

Сонымен бұл жылдың басты оқиғаларына аз ғана тоқталып өткендей болдық. Қымбатшылық пен қуаңшылықты өткерерміз, бастысы еліміз тыныш, басымыз аман болсын! Келер жылдан күтер үкілі үміт көп. Барыс жылы базаралы бақ-құтымен келгей!

Бетті әзірлеген: Қаракөз БЕКТЕМІР

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *