Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жастарды жұмыспен қамту мәселесін көтерді. Сондай-ақ жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова хабарлады.
Министрдің айтуынша, Әлеуметтік кодексте жастарды жұмыспен қамту мемлекет, жұмыс беруші, яғни жұмыспен қамтылатын азаматтың жауапкершілігі қағидатымен жүргізу қарастырылмақ.
«2000 жылдан кейін туған жастар бүгінде еңбек жасына жетіп жатыр. Сондықтан жалпы жұмыс күшінің 56%-ы 1987 жылдан кейін туған жастар болса, 2030 жылға қарай жалпы жұмыс күшінің дені осы жастардың есебінен болады. Әлеуметтік кодексте біріншіден жастарды жұмысқа тарту бойынша шаралар қарастырылған. Мысалы, жыл сайын 100 мыңнан астам жастар мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына тарту. Сондай-ақ, кәсіпкерлікке ынтасы бар жастарға 2,5%-дық жеңілдетілген қайтарылатын несие беру», — деді Т.Дүйсенова.
Министр бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі, бірақ кәсіпкерлікке ынтасы бар жастарға берілетін гранттар одан әрі жалғасып отырғанын айтып өтті.
– Бұл ретте, оларға берілетін қаржының сомасы биыл 1,2 млн-нан асты. 2023-2025 жж. арналған бюджетте осы мәселелер бойынша 300 млрд. теңге жуық қаражат көзделген. Құжат Мәжілісте қаралып жатқан бюджет жобасының аясында қаралады, — деді Т. Дүйсенова.
Министр баспасөз брифингінде журналистердің сұрақтарына жауап береді. Еске сала кетсек, 12-13 қазан күндері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы мобильді тобы Түркістан облысының Қазығұрт, Шардара, Келес, Созақ аудандарында және Кентау қаласында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.