ШЫМКЕНТ: АҚЫЛДЫ, ЗАМАНАУИ, КРЕАТИВТІ

Қоғам
1 054 Views

«Цифрландыру – Қазақстанның озық ел атану жолындағы мақсат емес, құрал.

Бәсекеге қабілетті болу, өсімді, өнім өндіруді арттыру, міне, осы – мақсат».

Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы инфрақұрылымды дамытуға, адам капиталын жақсартуға, экономика саласын цифрландыруға және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталады.

Бағдарламаның төрт негізгі бағыты бар. Бірінші – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына цифрлы технологияны енгізу. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру. Төртінші – IT мамандарды даярлау.

Тұтастай алғанда, бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру.

Сонымен, Астана, Алматы, Орал, Ақтөбе, Қостанай және Қазақстанның басқа да қалалары «ақылды» трансформация жолына қадам басып қана қоймай, жаңа перспективалар ашты. Мысалы, Шымкентте әртүрлі даму салаларына сандық технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл күнделікті процестер мен рәсімдерді оңтайландыруға себеп болды.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкент қаласында «Ақылды қала» жобасы 5 негізгі бағыт бойынша іске асырылып келеді. Олар: денсаулық сақтау, білім беру, көлік, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және қауіпсіздік салалары. Атап айтылған әрбір саланы қарастырып өтсек:

БІЛІМ

«Білім – жарқын болашақтың кепілі»

Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман,–деп Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай басты назарды білім саласына аударуымыз адами тұрғыда да, рухани тұрғыда да заңды екені аңдап қараған адамға ақиқат.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың айтуынша, бүгінде білім саласы аясында цифрландыру жеті бағытта жүргізілді. Оның үшеуі материалдық базаны нығайтуға негізделген. Барлық 476 балабақшаға электронды кезек және жолдама беру, 130 білім ошақтарында 1-ші сыныпқа қабылдау, цифрлы оқыту ресурстары, электронды журнал жүйелері енгізілді. Мұғалімдерді қабылдаудың электронды жүйесі қолға алынды. Сонымен қатар, заманауи тәсілдер мен технологияларды енгізу мақсатында жоғары оқу орындары жанынан интеллектуалды жүйелер, компьютерлік модельдеу, робототехника лабораторияларын қамтитын алты IT сыныптар ашылды. Нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдарды цифрландыру мен жолдаманы «адамның қатысуынсыз беру» арқылы 68 233 бала қабылданып, азаматтардан түскен арыздардың саны 40 пайыз төмендеген. 3–6 жасқа дейінгі балалар арасындағы кезек 2,5 есеге азайып отыр.

Мобильді технологиялар ата-аналар бақылауын күшейтіп, себепсіз сабақтан қалу, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге оң әсерін тигізеді.

«Осы және басқа да шаралар балалар қылмысын төмендетуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ғабидолла Әбдірахымов.

Мәселен, адам кез келген уақытта нақты уақыт режимінде бірнеше рет басу арқылы оны қызықтыратын мекемелер туралы ресми ақпарат ала алады.

«Айтпақшы, біз осы жүйе аясында ақпаратты қорғау үшін блокчейн технологиясын қолданған Қазақстандағы алғашқы компаниялардың бірі болдық», – деп түсіндірген болатын қала басшысы.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

«Денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние»

Қазіргі уақытта денсаулықты сақтауды цифрландыру – басым міндеттердің бірі. Ал сапалы медициналық қызмет көрсету кез келген қазақстандықтың ажырамас құқығы болып табылады.

Осыған байланысты Шымкент қаласында да денсаулық шаралары қарастырылып, сала бойынша бес бағытта жұмыстар жүргізілді. Барлық 36 медициналық мекемелер кешенді ақпараттық жүйемен қамтамасыз етілді. Ең көп сұранысқа ие дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру және медициналық ұйымға тіркелу сынды қызмет түрлері автоматтандырылды. Мобильді қосымша арқылы тұрғындарға арналған кезекті скринингтен өту туралы хабарлама жолдау мүмкіндігі іске қосылды. 97,4 пайыз қала тұрғынының электрондық денсаулық төлқұжаттары қалыптастырылды. Барлық 36 медициналық ұйымдар «қағазсыз аурухана» жүйесіне көшті. Нәтижесінде, медициналық көмек көрсетуде қағазбастылықтан арылу, ауруханаға келу және кезекте тұру екі есеге қысқарып, дәрігердің уақыты 50 пайызға үнемделген. Мерзімді тексеруден өткен тұрғындар арасында онкологиялық аурулардың жеңіл түрін анықтау 57 пайызға жетіп отыр.

ТҰРҒЫН ҮЙ – КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

«Ақылды жарықтандыру» көбеюде

Бұл сала бойынша үш жоба іске асырылды. Атап айтқанда, 2049 көпқабатты тұрғын үйлердің 997-не цифрлы төлқұжат әзірленсе, IоT технологиясын қолдайтын есептеу құрылғыларын орнату бойынша бес көпқабатты тұрғын үйде пилоттық жоба аяқталды. Монополия субъектілерінің ақпараттық жүйелері «Е-Shanyrak» жүйесімен ықпалдастырылып көпшілікті қуанышқа бөледі.

Бұдан басқа, Ғабидолла Әбдірахымов атап өткендей, «ақылды» қаланың инфрақұрылымын қалыптастыру мақсатында көше шамдарын жарық диодты энергия тиімді жарықтандыру шамдарына кезең-кезеңмен ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Шымкент әкімшілігі жоспарлаған тағы бір жоба – «Ақылды жарықтандыру». Ол қалалық жарықтандыруды басқару мен мониторингілеу арқылы электр энергиясын тұтынуды және қызмет көрсету шығындарын қысқартуды көздейді. Мысалы, датчиктерден келіп түсетін деректер әкімдіктің ахуалдық орталығының электрондық картасында көрсетіледі. Аталған жоба аясында Шымкент қаласының 214 көшесінде жарықтандыру жүйесін автоматтандыру және ақылды технологияларды енгізу көзделіп отыр. Бұл күнде жоба мемлекеттік жеке меншік әріптестік шеңберінде іске асырылуда.

КӨЛІК САЛАСЫ

Мегаполис көліктерінде GPS құрылғылары орнатылды

Көлік бағыты бойынша екі жоба іске асырылуда.

Оның бірі – электрондық билеттеу жүйесін енгізу. Бұл жобаны іске асыра отырып, тұрақ орындарының қол жетімділік деңгейін арттыруға, кептелістерді болдырмауға және көлік құралдарының өтімділігін молайтуға, экологиялық жағдайды жақсартуға және жүргізушілердің тәртіптілік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Екінші – Smart-көлік тұрағы жобасын енгізу. Жобаны іске асыру нәтижесінде 20 бөлімшеге арналған тұрақ төлқұжаттары әзірленді, оның ішінде алты бөлімшелер тестілік режимде жұмыс істейді. Коммуналдық тұрақтарда ақы алуды ұйымдастырудың құқықтық негізін қамтамасыз ету және ақы төлеуді бақылау мақсатында ақылы тұрақтардың қызметін ұйымдастыру ережелері әзірленуде.

Сонымен қатар, көлік саласы бойынша 2018-2019 жылдарға арналған жоспарға сәйкес қаладағы барлық 1102 қоғамдық көліктерге GPS құрылғылары орнатылып, диспетчерлік бақылау жүйесі енгізілді. Қазіргі таңда «Ақылды тұрақ» жобасы іске асырылуда. Пилоттық режимде жолақ төлеудің электронды жүйесі 30 қоғамдық көлікте іске қосылды. Сонымен қатар жолаушыларды ақпараттандырудың кіші жүйесі енгізіледі. Ол қозғалыс кестесі және көлік құралдарының аялдамаға келу уақыты туралы ақпарат беруге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта әлеуметті жеткізу-шілермен келіссөздер жүргізілуде.

ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫ

Бақылау барда – тәртіп те болады

Сала бойынша екі бағытта жоба іске асырылды. Қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін интеллектуалды жол қиылысының санын 21-ге, бейнебақылау камераларының санын 479-ға арттыру жұмыстары жүргізілді.

Пилоттық негізде «Сергек» жобасы іске қосылып, 104 камера орнатылды. Меморандум аясында қазіргі уақытта жоспарланған 35 желілік бөлімшелердің 30-на «әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірыңғай тізімі» деректер базасымен біріктірілген камералар орнатылды. Қазіргі уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын қабылдау жүргізілуде.

АШЫҚ ӘКІМДІК

Жұмыс стилі: ашықтық пен қолжетімділік

Қазіргі таңда қаламызда «Ашық әкімдік» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді.

Сондай-ақ, «тұрғын үй қатынастары» кезегіне сәйкес пәтерлерді бөлуді автоматтандыру жүйесі сынақтан өтуде, бұл заңсыз шешімдер қабылдау мүмкіндігін болдырмауға көмектеседі.

Көріп отырғаныңыздай, қаламызда шын мәнінде ауыз толтырып айтарлықтай көптеген нәтижелі жұмыстар атқарылуда.

Сонымен қатар, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде келесі жобалар іске асырылады:

Қала тұрғындарын қолжетімді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында жаңа пошта индекстері бар QR-кодтар орнату және құрылыс сайтын біріктіру. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында орналасқан 2 074 көпқабатты тұрғын үйдің 1125-і QR-коды бар 2 тақтайшадан, жалпы 2 250 тақтайша орнатылды. Қазіргі уақытта басқа көпқабатты үйлерде QR-коды бар тақтайшаларды орнату бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу процедурасы жүргізілуде.

Жер қатынастары саласындағы қызметтер автоматтандырылады деп күтілуде. Яғни өңірлік геоақпараттық жүйені басқа ақпараттық жүйелермен интеграциялау нәтижесінде бос жер учаскелері туралы ақпаратқа қол жеткізу, электрондық аукцион өткізу, жердің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі пайда болады.

«Электрондық мұрағат» бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеуді Министрлік жүзеге асырады және одан әрі республика аумағында орналасқан мемлекеттік мұрағаттарға таралады. Бағдарламаны қамтамасыз етуді Министрлік тегін негізде жүзеге асырады. Шымкент қаласының мемлекеттік мұрағатын жоғарыда көрсетілген жүйеге қосу 2019 жылдың 3 тоқсанында «ҰАТ» АҚ техникалық қолдауымен жоспарлануда. Құжаттарды сандық форматқа аудару үшін қажетті техникалық құрал-жабдықтарды сатып алуға облыстық бюджеттен 85,9 миллион теңге бөлініп отыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.

ЕРАП жобасы аясында бюджеттен 394 420 мың теңге бөлініп, 1 402 планшет пен мобильді принтер және 100 портативті бейнетіркеуіштер сатып алынған.

Осы және басқа да бастамалар ірі мегаполис статусын иеленген Шымкенттің дамуына қуатты «сандық» серпін берді, сондай-ақ қала тұрғындары алдында «Smart city» тұжырымдамасы аясында жаңа мүмкіндіктер ашты.

Ең бастысы – дамудың оң динамикасы орын алып, оның негізінде Шымкент «ақылды» қалаға айналуда.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *