Шымкент қаласындағы Д. И. Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейде химия пәні бойынша оқушылар арасында қалалық Менделеев олимпиадасы басталды. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің және қалалық білім басқармасының бастамасымен бұл олимпиада 14 жылдан бері дәстүрлі түрде осы мектепте өткізіліп келеді. Олимпиаданың мақсаты – болашақ ғалымдар өз білімін дәлелдеп, таңдаған саласы жолында алғашқы қадамын нықтайтын алаң құру. Биылғы қатысушылар саны – 219 оқушы.
Сайыс екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы – аталмыш мектеп қабырғасында өтеді. Ал, осы айналымнан іріктеліп, үздік деп танылғандар екінші кезеңді Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қабырғасында жалғастырады.
– Қазір химия пәнін таңдап, болашағын онымен байланыстыратын шәкірттер саны тым көп емес. Дегенмен де біздің олимпиадаға осы пән бойынша қала мектептерінің жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлары қатысады. Қатысушылар арасында әсіресе болашағын ғылым саласымен байланыстыратын шәкірттер болады. Себебі бұл олар үшін өздерін көрсетуге деген жақсы мүмкіндік. Сонымен қатар біздің жүлде қорында жоғары оқу орындарына арналған гранттар да бар. Бұл да олар үшін ынталандырушы болады, – деді мектеп директоры Жанар Ержановна Саржанова.
Ал биылғы олимпиаданың факелін жағу мәртебесі бұйырған 11сынып оқушысы Владислав:
– Осыдан екі жыл бұрын бұл олимпиадаға қатысып екінші айналымға жолдама алған болатынмын. Дегенмен, әрі қарай бағым шаппады. Себебі бәсекелестік өте жоғары. Көңілім түскен жоқ, сертификат алдым. Мұның өзін жетістік деп білемін. Жалпы, осы олимпиаданың химия пәніне қызыққан жас ғалымға берері көп. Іс-шараға жоғары оқу орындарынан оқытушы мамандар, докторанттар мен профессор ғалымдар келіп, химия саласы бойынша мамандықтар, жоғары оқу орындары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл шәкіртке өз саласын тереңірек түсінуге, өзінің ғылымдағы жолын табуға сөзсіз көмектеседі, – деді.
Сайыстың жүлде қорына Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ білім алуға 100 пайыздық, 75 және 50 пайыздық гранттар қарастырған.
Мектеп қабырғасында қалалық олимпиаданың өткізілуіне орай сол мектеп оқушыларының робототехника, бағдарламалау сынды бағытта жеткен жетістіктеріне арналған көрме де ұйымдастырылыпты. Мысалы, Тастан Сапарғали Сумо атты, шеңберден кедергілерді шығаратын робот жасаған. Ол және оның тобы мен жетекшісі осыған дейін қалалық, республикалық жарыстардың жеңімпазы атанған. Алдағы уақытта Халықаралық сайыстарда бақ сынап көру жоспарда екенін айтты жетекшісі Айжан Бейтұрсынқызы Баймырзаева.
Ал жас бағдарламалаушы Байдәулет Сабасов жетекшісі Айжан Бағжанова екеуі бір айдың ішінде ең соңғы үлгідегі қаланың моделін жасап шыққан. Сонымен қатар тағы басқа да балалар дауыспен басқарылатын ақылды үй моделін және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бас киім жасақтаған.
Айта кетейік, қазіргі таңда химик мамандар ел экономикасы үшін маңызды рөлге ие. Ал, осы сынды олимпиадалар химия саласы бойынша білім сапасының жақсарып, білікті мамандарды арттыратынына сеніміміз мол.
Гүлнұр БАЙДУЛЛА.