2022 жылдың қаңтарынан бастап әйелдердің зейнетке шығужасы 60 жас 6 ай болып белгіленді. Осылай әр жыл сайын 6 айдан қосыла отырып, 2027 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы 63-ке жеткізілмек. Өйткені Қазақстандаәйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен ұлғайту қолға алынған.
Жалпы, елдегі ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру жұмысы 2018 жылы басталған. Бірақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұл бастамасын қазақстандық әйелдер құптаған емес және бұған әлі де жан-тәнімен қарсы. Неге?
Болсынай Мондирова: «Менің жасым 55-те. Ұзақ жылдардан бері аспаз болып жұмыс істеймін. Үнемі қысы-жазы ыстық оттың жанында, қайнаған астың буымен тыныстау оңай нәрсе емес, қан қысымды көтереді. Сыз жерден сүйекке суық өтіп, буын-буынды сырқыратады. Оның үстіне, тыным таппай, таңнан кешке дейін дамылсыз тік жүру жас ұлғайған сайын ағзаға салмақ.
Мысалы, менің қазір көзім бұлдырайды. Құдай сақтасын, дегенмен тамаққа түскен қылды (шаш) көрмей қалсам қатты ұятты боламын. Жазда шыбын-шіркей көбейсе, оны «приправа» екен деп қалсам масқара емес пе? Қайнап жатқан астың қасында көзілдірік тақпайсың, буланып кетеді.
Оны қоя беріңіз, күнімен тік жүріп, қос аяқ талып үйге қайтқанда баспалдақпен көтерілу де қиын. Аяқ шаршайды, буын қақсайды дегендей. Жоғары көтерілген сайын жүрек алқынып, өзің ентігіп қаласың. Қалай десек те, 45 жастан кейін әйел ағзасы қатты шаршады, тоза бастайды. 50-ге дейін әлде де болса қуат болса болатын шығар. Бірақ ары қарай – 55-те әйелдерді зейнетке шығару керек».
Жаңыл Қалмақова: «Мен 20 жылдан астам қала тазалығында жұмыс жасаймын. Қыста аяғымнан өткен суық буын-буындарымды ауыртып, жазғы ыстықтан қан қысымым көтеріліп ауырам. Қазірдің өзінде аяғымызды сүйретіп әзер жүрміз. Сонда да жұмысымды адал атқаруға барымды салып жүрмін.
Үкімет басындағы заңымызды кабылдауды сеніп тапсырып, депутаттыққа сайлап қойған азаматтар мен азаматшалар! Зейнет жасын қайта қарап, әйелдерді 58 жастан зейнетке шығатын етіп қабылдауларыңызды өтініп сұраймыз. Біздің жанайқайымызды естіп, дұрыс шешім қабылдаса екен. Үкіметтен әйелдердің зейнет жасын 58 жастан етіп қайта карауын өтінеміз».
Нұрша Байсейітова: «Мен ұзақ жылдан бері балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Байқайтыным, әйелдер 55 түгілі, 50 жаста жүйкесі жұқарып, миы шаршап қалады. Сондықтан әйелдердің зейнет жасын 55 жас еткен дұрыс. Мысалы, топта 30 баламен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Қазіргі өсіп келе жатқан балалар бұрынғыдан мүлде басқаша, олар алғыр, зерек, бәрін білгісі келіп тұрады. Тез қағып алады. Соған сай оқыту бағдарламасы да бұрынғыдан күрделі. Мұның бәрі миға салмақ, жүйкеге күш. Салдарынан есте сақтау қабілеті нашарлайды. Кешке үйге жеткенде өзге түгілі, өз баламыздың атын ұмытып қаламыз. Әйел қауымы жұмыстан үйге жеткенде де демалмайды ғой, ас пісіру, кір жуу, баланың сабағын қадағалау сынды түн жарымына дейін тынымсыз тыпырлап жүретін жұмысы жетеді. Оның бәрі шаршатып әрі қажытып жібереді. Сондықтан әйелдерді еркекпен тең қойып, 63 жаста зейнетке шығару деген қате деп санаймын».
Біз сауал қойған әйелдер осылай деп жауап берді. Тап осындай пікірді өзге отандастарымыз да қолдайды. «Әйелдердің зейнет жасын 55-58 жасқа дейін төмендетуді талап етеміз!» Әйелдер қауымы осылай деп өткен жылдың соңында Мемлекет басшысына петиция жариялаған. Одан басқа амалдары да қалмағандай: «еститін үкімет» бұған дейінгі жанайқайды құлаққа ілмеді. Елемеді де. Сондықтан Үкімет үнімізді ести ме деген үмітпен әйелдер:
«Біз барлық әйелдердің атынан Қазақстан Республикасының Президентінен біздің зейнетке шығу жасымызды 58 жасқа дейін, ал ерекше балалары бар аналарға 55 жасқа дейін төмендетуіңізді сұраймыз! Әйел адамда 45 жастан кейін денсаулығы нашарлай бастайды. Қалған өмірімізді денсаулығымызды күтіп, әрі бала-шағамыздың қасында өткізгіміз келеді және біз бұған әбден лайықпыз! Әрқайсымызда АНА бар екенін ұмытпайық!» — делінген петицияда. Оған 320 мыңнан астам адам қол қойған. Бірақ іс жүзінде зейнет жасын төмендетуді қалайтын, сұрайтын, тіпті талап ететіндер бұдан бірнеше есе көп екеніне күмән келтірмейміз. Бұған жас ұлғая келе мазалайтын денсаулық ахуалы ғана емес, басқа жағдайлар да себеп. Мысалы, «40 жастан кейін жұмысқа тұру қиын. Жұмыс берушілер жас та жылдам жастарды мақұл көреді. Сонда орта жастан асқан әйелдер зейнет жасына дейін қалай күн көрмек? Көше сыпырып немесе қайыр сұрап кеткеннен басқа не амал қалады?!» — дейді петицияға қол қоюшылардың бірі.
Әйелдердің зейнет жасын төмендетуді сұраушылар арасында мұғалімдер де көп. Олар әр күні таң атқаннан кеш түскенше у-шудың ортасында жүріп бала оқытқаннан бөлек, түн ортасына дейін толтыратын қағаздары бар, орта жасқа жеткенде ми ашып, 50-ден асқанда жүйкесі жұқа мұғалімдерде тіпті психикалық бұзылыстар байқала бастайтынын айтады. Сондықтан әйелдердің зейнет жасын 55 деп бекіткенді жөн санайды.
Басқа кезде пікірі сан түрлі, көзқарасы қарама-қайшы болып жатса да, тап осы зейнетақы жасын төмендетуге келгенде әйелдердің айтары бір: 55 жас! Бұлай дегенде әр сала мамандарының айтатын өз уәжі бар. Мәселен, рентгенооперацилық, ангиографиялық немесе флюорография кабинетінде жұмыс істейтін дәрігерлер жылдар бойы өте зиянды сәулені бойға сіңіре келе, 40-тан асқанда-ақ қинала бастайтынын алға тартады. Тіпті жай дәрігерлердің өзі де үнемі науқас жандармен жұмыс істейтіндіктен өзгенің қамын ойлап, өз жайын ұмытып, денсаулықтарын түзетуге еш мүмкіндік болмайтынын айтады. Сондықтан ақ халаттылар зиянды сәулемен жұмыс істейтіндер 45-50 жастан, ал басқалай жағдайда жалпы әйелдер қауымы зейнеткерлікке 55 жаста шыққаны дұрыс. Бұл биологиялық-анатомиялық тұрғыдан алғанда да дұрыс шешім болады деп санайды.
Десек те біздің билік әзірге мұны құлаққа іліп, назарға алатын емес. Үнсіз! Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Испания сынды жаратылыс табиғаты да, экономикасы да, әлеуметтік жағдайы да біздікінен мүлде басқаша елдермен салыстырып, еңбек етіп, өз күнін өзі көретін, оған қоса мемлекетке салық төлейтін әйелдер санын жыл сайын көбейткелі отыр.
Қазақстанда зейнетке ерте шыға алатын белгілі санат өкілдері бар: 5 және одан көп баланы 8 жасқа дейін тәрбиелеп өсірген аналар 53 жаста зейнетке шыға алады. Ал Семей ядролық полигонының жоғары радиациялық қаупі бар аймақтарда 5 жылдан артық тұрған әйелдерге 45 жаста, ерлерге 50 жаста зейнетке шығуға рұқсат бар. Қалғандары… күніңді көргің келсе көзің бұлдырап, миың ашып, жүйкең жұқарса да немереңмен жасты балалармен жарысып және тең дәрежеде жұмыс істе! Онсыз қартайғанда мемлекеттен алатын азын-аулақ ақшадан қағылдым дей бер!
…Ал сіз қалай ойлайсыз, әйелдер қанша жаста зейнетке шыққаны дұрыс: 55 пе, 58 бе? Әлде 63-ке дейін еңбек етуге жарамды деп ойлайсыз ба?
Меруерт МАҚАЖАН